Есенқара Ханбибі

Асыл сөз


Ақын-жазушылардың рухы жығылуы – халықтың рухының жығылуы.



Ақындық – Алла тағаланың тартқан сыйы, табиғаттың берген ерекшелігі.



Ақындық қасиет – бір Алладан. Оны дамыту-дамытпау адамына байланысты. Шын ақын бойына дарыған қасиетін халқына қайтып беруге міндетті.



Қазақта жалғыз шаңырақ бар, ол – Қазақстан! Оңтүстік - өз үйіміз.



Халық барда поэзия жасай береді. Ақындар – халықтың барометрі. Поэзия халық үшін жазылады. Ал, халық оқымаса, ол – поэзия – жетім поэзия.



Әйел – қашан да нәзіктік пен әдемілік символы ғой. Олар қазақ әйеліне тән иба мен нәзіктікті жоғалтпаса екен.



Әйел қызметкер де, қайраткер де болуға міндетті шығар. Алайда, ең алдымен ана болуы тиіс.



Ақын адамдардың шаттығы - өлеңі.



Ақындық – адамның бойына табиғат сыйлаған қасиет. Ақындық – менің туа біткен талантым деп ойлаймын.



Ақынның жазушыдан айырмашылығы сол, ол шабыты келген сәтте төгіп-төгіп жазады да, прозашылар сияқты ұзақ сарылып отырмайды.



Өлең көңіл-күйден туады. Көңіл-күйің шарықтап, не төмендеген кезде, дәл сондай жыр келеді дүниеге. Жақсы өлең жазсам – жадыраймын.



Талант деп өнері мен ақылын қоса іске асыра алатындарды айтамыз.



Қаламгерлер мен өнер адамдары – халық айнасы.



Көңіл тазалығы мен адалдық – нағыз мәдениетті жанға тән қасиет.



Мен біздің қазақ халқын – Ұлы халық деймін. Ұлылық адам санының көптігі үшін берілмесе керек. Оның қажыр-қайратына, төзімділігіне, ілім-біліміне тән болуға тиіс. Қазақ қазақ болғалы қаншалық қанқұйлы соғысты, қуғын-сүргінді, ашаршылықты басынан кешірді. Өспесе өшкен жоқ. Сүрінсе де жығылған жоқ. Талай-талай зілмауыр табандарда тапталса да, өлдім деген жоқ.



Мәдениеті жоқ ел - әскері жоқ патшамен тең. Мәдениеті жоқ елдің қазынасы азайып, қайыршысы көбейері менсіз де мәлім.



Ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін - әдебиет, өнер, адамдары.



Өмір – күрес. Мен сол өмірдегі «майданның белгісіз сардарымын, жеңуге де, жеңілуге де дайынмын». Адамзат сезім патшалығын сол қалпында сақтап қалу үшін күреседі. Мен туралы «күрес үшін жаралған жан» дегенді жиі естимін.



Өнер – киелі нәрсе. Оның құлы болған кісі ешкімге бағынбайды.



Атақ та, награда да талантыңа талант қоспайды.



1  2  3  4