Олжабай Сабырбек

Туындылары


«Қызғалдақ ғұмыр»


Көзім енді ілініп барады екен. Сәтжан түртіп оятты. - Естідің бе? Тырналар келіпті, тыңдашы, - деді ол даусы дірілдеп. Мен қанша құлақ түргеніммен ешнәрсе ести алғаным жоқ. Сонда да оның жарым көңілін жабырқатпайын деп «естідім» дей салдым. - Иә, көктем де келді, - деді ол күрсініп. Мен оның жүзіне барлай қарадым. Әбден ауру меңдеп алған жүзі соп-солғын. Бір кездері нұр шашып тұратын көздеріне мұң ұялаған. Жүдеу түріне шүңірейген көзі қосылып, тым қорқынышты көрінеді. Оның осылай төсек тартып жатқанына биыл екінші жыл. Соңғы кездері қасына үнемі мені шақырады. Анасы да менің Сәтжанның қасында жиі болуымды қалайды. «Сен келсең Сәтжан көңілденіп қалады» дейді ол кісі. Мен де қолым қалт етсе, Сәтжанның қасында болғым келеді. Кейде сол үйге қона кетемін. Сәл де болса көңіліне медеу болсам деймін. Оған барған сайын ұзақ отырамын. Әңгіме айтамыз, шахмат, дойбы ойнаймыз. Кітап оқимыз, пікір таластырамыз. Мен келсем шындығында да Сәтжан қатты қуанып қалады. Әр келген сайын оның ауру жүдеткен түрін көріп күйзелсем де, оның өмірге, білімге деген құштарлығын сезініп әрі оның салиқалы да ұтымды ойларын естіп, бір серпініп қаламын. Әттең, екі жыл болды, мектепке бара алған жоқ. Сабақтан да қалып барады. Өзімен бірге оқитындар әне-міне мектепті бітірмек. Денсаулық түзелсе бәрі де оңалар-ау... - Біздің сыныпта не болып жатыр? - деп сұрайды ол мен әр келген сайын. Мен сыныптағы оқиғаларды қаз-қалпында түп-түгел жеткіземін. Ол өзімен парталас отырған Назираны сұрайды. Мен оны Нұртас жиі ренжітіп жүргенін жақсы білсем де Сәтжанға ол туралы ауыз ашпаймын. Бірде Нұртастың Назираға орынсыз тиіскенін айтамын деп Сәтжанды ашуландырып алғанмын. - Мен осыдан тұрсам, Нұртастың мұрнын бет қыламын, - деді Сәтжан қалш-қалш етіп. Жұдырығын түйіп алыпты. Көздері от шашады. Жүдеу өңі тым сұсты. Ол көпке дейін денесіндегі дірілін баса алмады. Осыдан кейін мен Назира туралы тек қуанышты жайларды ғана айтатын болдым. Биыл мектеп бітіреміз. Сыныптастарым арман қуып әр тарапқа кетпекші. Назира да оқуға дайындалып жүр. ҚазМУ-ге бармақшы. Журналист болмақ. Осыны ойлаған сайын Сәтжанның дегбірі кетеді. Арманының ақ құсына балап жүрген Назирасы ауылдан ұшып кетіп, бұл үйде қалмақ. Үйде де болғанда төсекте. Сәтжанды алаңдатып, жүрегін қинайтын жай осы. «Оқуға түсе алмасам да, Назира оқитын қалада жұмыс істесем» деп армандайды ол. Мен Назираға арнап Сәтжанның жазған бірнеше хатын тасығанмын. Әуелгіде Назира бірер хатқа жауап берді де келе-келе, әсіресе, оныншы класқа өткелі онысын сап тыйды. Арагідік кластастар болып Сәтжанның көңілін сұрай барғанда көздері жаудырап кластастарына білдірмей жанарындағы жасты сүйріктей саусақтарымен сылып тастаушы еді. Кейде кластастардан сытылып қалып Сәтжанның қасында ұзақ отырып қайтатын. Емтихан тақағалы дайындықтан қолы тимей ме әлде басқа бір ойы бар ма, хат та жазбайды, келуді де қойды. Кластастар болып келгенде баяғыдай кідіріп қалмайды. Әлдебір сылтауды айтып, қайтқысы келіп тұрады. Сәтжан қанша өтінсе де соңғы кезде бірде-бір рет құрбыларынан қалғанын көргенім жоқ. - Кейін келемін ғой тағы, - дейді ол асыға түсіп, - үйде апам күтіп қалады. Назира кетісімен Сәтжан сұлық түседі. Әңгіме де айтпайды. - Сәтжан, сен түсін оны. Баяғыдай емес, қазір ол есейе түсті. Оның үстіне қасындағы қыздар сөз етуі мүмкін. Ол да сені жақсы көреді. Бірақ айтуға ұялады, - деймін Сәтжанды жұбатып. - Ұялса, тым болмаса хат жазбай ма? Тіпті, хат жазуды да қойды. Мені ол менсінбейді. Ауру жігітті қайтемін дейтін шығар. Ертең оқуға түссе онда неше түрлі жақсы жігіттер табылады. Осыны айтып Сәтжан жылап жіберді. Оны жұбатуға сөз таппай қатты қиналдым. - Неге олай дейсің, Сәтжан. Біз әлі мектеп бітірген жоқпыз. Ондай сөзді аутуға ерте. Сондықтан сәл шыдай тұр. Қолына аттестат алған күні-ақ Назира өзі жүгіріп келіп сені жақсы көретінін айтады, - деймін мен. Осыдан соң ол шамалы тыншығандай болады. Сәлден кейін тағы күдігін айтады.менің оған да жауабым дайын. Әйтеуір, жұбатып бағамын. - Сен де оқуға кетесің, мен жалғыз қаламын-ау, - деді бірде ол маған. Бұл мен күтпеген сөздер еді. Біртүрлі денем түршігіп кеткендей болды. Расында мен де оқуға барсам деп армандап жүргенмін. Ал, мен кетсем Сәтжан жалғызсырап қалады-ау деп ешқашан ойламаппын. Сонда мен қайтпекпін? Әлде бірер жыл ауылда қалып, жұмыс істей тұрсам ба? Олай етсем күзде бәрібір мені әскер қатарына әкетпей ме? Аудандық әскери комиссариаттағылар бұл жағдайды түсіне қояр ма? Мені әскерге әкеткеннен кейін де Сәтжан жалғызсырап қалмай ма? Мен бәрібір бұл күдігімнің ешқайсысын оған айтпаймын. Әйтеуір, оны жұбататын сөз тауып айтуға тырысамын. Ал, қоштасатын күндер тым тақаған сайын мазасыздана түсем. - Қадыр, тырналар қашан келеді екен? Енді қызғалдақ та шығады. Шіркін, қызғалдақ терер ме еді қырға шығып... - Тересің, әлі-ақ сауығып кетесің. Тырналарды да өзің қарсы алатын боласың әлі... - Қайдам, Қадыр. Екі жыл бойы тұра алмадым. Қорқамын. - Қорықпа. Жассың әлі, тұрып кетесің. Мен үлкендерден естігенімді айтып, өзімше білгішсінемін. - Қой, саған тыныштық бермедім-ау, ұйықтайық. Ұйқы қайдан болсын. Ойыма әрнәрселер келеді. Үй де ысып кеткендей. Көзім тағы ілініп барады екен. Әлденеден шошып ояндым. Шам әлі сөнбепті. Сәтжанның қолында кітап. Бірақ әлі бір бет ашылмаған. Ол кітапты қысып ұстап алып солқылдап жылап жатыр. Мен оны бұл жолы жылы сөз тауып жұбата алмадым. Соңғы қоңырау соғылар уақыт та тақап келеді. Алғашқы емтиханды тапсырған күні сынып болып қызғалдақ теруге тауға бардық. Назира тым көңілді. Өзі сөзшең болып кетіпті. Сегізінші сыныптағыдай емес, қазір сұлу бойжеткен. Сұңғыла бойына ақ көйлегі керемет жарасады. Бір реті келгенде: - Назира, Сәтжан сені сүйеді, - дедім. Қалай батылым жеткеніне өзім де қайранмын. - Білемін. - Ендеше, неге жауап жазбай жүрсің? - Қадыр, түсінсеңші мені. Оқуға түсуім керек. Арманым көп алда. - Ауру жігіт аяғыма оралғы болады демекшісің ғой... Ол жалт қарады. Жанарында жас. Көзіне тура қарай алмадым. Неге олай дедім деп өзімді іштей кінәладым. Амал не айтылған сөз айтылып кетті. Енді оны қайтып ала алмайсың. Содан кейін Назира қайтқанға дейін тұнжырап жүрді. Әркім өз үйіне тарқар шақта ол қолындағы қызғалдақтарды маған беріп: «Мынаны Сәтжанға апарып берші» деді. Басқа ешнәрсе айтқан жоқ. Қолымда қызғалдақ, Сәтжанның үйіне қарай құстай ұштым. Жүрегім дүрс-дүрс етеді. Неге екенін білмеймін, қалтырап барамын. Сәтжанның анасы. Құлағым тас бітеліп қалғандай. Қызғалдақтар неге ерте солады екен деп ойладым өксіп жылап келе жатып, неге ерте солады ол? Махаббат пен жастықтың белгісі іспеттес осы бір ғажайып гүлдің ғұмыры неге қысқа? Сұлулық пен пәктіктің ғұмырын табиғат неге қысқа етіп жаратқан? Неге ғана тағдыр мұнша қатыгеез? Неге, неге?.. Қолымдағы қызғалдақтар далада шашылып қала берді. Артыма бұрылып қарасам, батар күннің алауымен бірге жол үсті де қып-қызыл болып алаулап жатыр екен.