Олжабай Сабырбек

Лебіз


Келген бала екенсің сағындырып,
Енді сықақ жаза бер қағындырып.
Қандай асау болса да жонында ойна,
Қаламыңның ұшына бағындырып.


С. Адамбеков



«Меніңше Сабырбектің қазақ сатирасына қосатын үлесінің тұсауы енді кесілді. Сондықтан Сәкеңнің отты әзілі қоғамдағы қисықты көздеп атар садақтың оғындай шабыты шалқи берсін.»


Ү. Айтөреева



«Ел іші талантты, өнерлі де өрелі азаматтарға толы. Олар халық қазынасын толықтырады, келешекке бүгінгі ұрпақтың ой-арманын, мақсат-мүддесін, замана сырын, толғауын, с аналуан перне-күйін жеткізеді. Сабырбек інімді осындай талантты, жаны сергек, тіршілік-тынысы ояу азаматтардың біріне қосамын. Ол өзінің шымшыма шумақтарымен, найзадай түйрейтін сын-сықақ, әзіл-оспақтарымен өмірдің өзінде кездесіп, аяққа оралғы болып, шалғыдай шалатын көлеңке құбылыстарды түзетуге үлкен үлес қосып келеді.»


А. Орман



«Ел іші талантты, өнерлі де өрелі азаматтарға толы. Олар халық қазынасын толықтырады, келешекке бүгінгі ұрпақтың ой-арманын, мақсат-мүддесін, замана сырын, толғауын, с аналуан перне-күйін жеткізеді. Сабырбек інімді осындай талантты, жаны сергек, тіршілік-тынысы ояу азаматтардың біріне қосамын. Ол өзінің шымшыма шумақтарымен, найзадай түйрейтін сын-сықақ, әзіл-оспақтарымен өмірдің өзінде кездесіп, аяққа оралғы болып, шалғыдай шалатын көлеңке құбылыстарды түзетуге үлкен үлес қосып келеді.»


А. Орман



Сатира сардарларының бірі Садықбек Адамбеков ағамыз өмірінің соңғы жылдарында Алматыда мазасы болыңқырамай,туып-өскен өңірінде, атап айтқанда,Арыс қаласында тұрды ғой.Бірнеше жыл бойы Сабырбек салып-ұрып Арысқа тартып кете барар еді.Садықбек ағасы сатирик інісін жақсы көретін.Сықақтарын тыңдап, мәз-мейрам күй кешетін, жай адамдарды, жайдақ әңгімелелерді жақтырмайтын Адамбеков тілінің қотыры бар,сықылықтай күліп, сықақтай сүйкенетін жас бауырларын жанына жақын тартып жібермей, бұлар біраз күн бармаса, жас балаша өкпелеп жүруші еді.Күндердің күнінде қазақ сатирасының классигі Садықбек ағамыз інісі Сабырбекке:

Келген бала екенсің сағындырып,
Енді сықақ жаза бер қағындырып.
Қандай асау болса да жалында ойна,
Қаламыңның ұшына бағындырып,-
деп өлең арнады.

Бауырының газеттердегі мақалалары мен фельетондарын да оқып жүретін қамқор ұстаз сықақ әңгіме мәселесінің де Олжабайдың оң жамбасына келетінін аңғартып, намысын қамшылап, шабытын оята түскен.


Мархабат БАЙҒҰТ



Кейбір сықақшылардың ең үлкен кемшілігі болып келе жатқан ауру көпсөзділік,шұбалаңқылық .Сабырбектің сықақ әңгімелерінің ерекшелігі,бәлкім,басты артықшылығы сол,созбұйдалығы жоқ.Сондықтан шығар, прозалық дүниелерін де оқырман жұртшылық ықыласпен қабылдайды.Бұл сықақшының және бір айырмашылығы тақырыпты тап бүгінгі, осы заманғы күйіп тұрған кемшіліктерден кертіп алып,олқылықтардан ойып алып ұсына білуінде.


Мархабат БАЙҒҰТ



Мынадай аласапыран,алмағайып кезеңде не болмай жатыр дейсіз?! Адам қоғамды кінәлап,қоғам адамды айыптап, қым-қуыт.Обырлар мен жебірлер, қайырымсыздар мен қанағатсыздар, тойымсыз тоғышарлар қаптап барады.Сықақшы Сабырбек сын садағын, сықақ семсерін, астарлы әзіл-күлкісін сол кесепаттар мен кеселдерге, кісәпірлерге бағыттайды.


Мархабат БАЙҒҰТ



«Базбіреудің бойында құштарлық бар,біреуде жауыз тектес іштарлық бар»,-деп сатираның сардары Оспанхан Әубәкіров жазғандай, бүгінде құштарлық кеміп,іштарлық індетке айналатын кезенейлі кезеңдер кездесіп тұрады ғой.Сықақ әңгіме оң жаңбасына келетін Сабырбек Олжабай інімізде сол іштарлық деген бәлеңіз жоқ сияқты.Біреудің сәтті шығармасына құштарлана тамсанып, тәтті қуанатыны ұнайды.Сықақ әңгімені созбақтамай,шұбалаңдатпай,шақтап, шағындап,қысқарақ қайыратыны одан да бетер ұнайды.Бұған қоса өз дүнелерінде дәл осы заманғы, дәл бүгінгі тақырыптарды қозғаса, қалайша ұнатпайсыз?


Мархабат БАЙҒҰТ



Сабырбектің шығармаларынан есебін тауып өмір сүру, қазақи тіршілік, ауылдың аңғал, кеңпейіл, көңілі таза адамдарын көргендей боласың.Бұл кейде ауыл адамдарының қазақи психологиясын шығармаларында мөлдірете көрсететін Б.Майлин әңгімелерін еске түсіреді.С.Олжабайдың сатиралық әңгімелері аңғал, табиғаты алдауға емес, алдануға бейім ауыл адамдарына деген сағынышыңды да оятып жібереді. Сондай-ақ, адам болмысындағы жағдайға қарай құбылуларын, жағымсыз міндерін сатираның садақ жебесіне іліп, өткір түйрейді.Сол арқылы өзіңді тануға шақырады. М.Бахтин: «Күлкі формасы арқылы байсалды түрде айтуға болмайтын көп нәрсенің кілті табылмақ» деп жазады.Олай болса, С.Олжабайдың сюжеті қысқа дүниелері осы талаптан табылатындығымен ерекшеленеді.


Жазира ОРАЗАЛИЕВА



Журналистиканың қым-қуыт тіршілігімен жүру бір басқа да оған қоса әдеби дүниелер жазу бір бөлек.Табыс дегеніміз түптеп келгенде үлгеру.Бәріне үлгеру қиынның қиыны.Ал Сабырбек ағамыздың еңбекқорлығына,табандылығына, жазудан жалықпайтынына өзіміз де таң қаламыз.Ең бастысы ол нені жазу керектігін біледі,өз обьектісін жазбай таниды.Оның әңгімелері кәдімгі былайғы жұрт байқай бермейтін өмір.Кейіпкерлерінің іс-әрекеті де ұлттық тұрмыстың белгілерімен үндесіп жатады.Әдебиеттің жауынгер жанры сатираға батыл барып жүрген қаламгерлер көп те емес.Сабырбек Олжабай сол әлемге өзіндік бояуымен, салмақпен кірді.


Айгүл ҚАППАРОВА



Негізі Сабырбек сақтияндап жинап,қаламының ұшымен кірпіштей қалап шыққан дүниелерінің бәрі дерлік кез келгеннің басында жүрген нәрселер.Қайсысына барып айтсаңыз да:

-Дәл өзі. Тура сондай!—дері сөзсіз.

Бірақ, мәселе—дәл соны жеріне жеткізе айтып, мойындата білуде.Сабырбектің жазбаларына көз жүгіртіп отырып соған көзіңіз жетеді.


Атанбек НАУРЫЗ





 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу