Олжабай Сабырбек

Шығармашылығы



«Іштарлықтан құштарлық басым болсын!»


         Қаламы қарымды журналист Сабырбек Олжабай облыстық қоғамдық-саяси «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Қазақ әдебиетінің сүрлеуі қиын жолы - сатира саласында да жемісті еңбек етіп, «Мүсәтір», «Ашутас», «Емеурін», «Жалдамалы Құда», «Ұрланған тауық туралы хикая» және «Ақырзаманның ауруы» атты дербес кітаптары жарық көрді.
        Журналистік зерттеулері жоғары бағаланып, облыстық мәслихаттың грамотасымен, облыс Әкімінің «Алтын қауырсын» номинациясы бойынша арнайы жүлдемесімен, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалы тағайындаған С.Адамбеков атындағы сыйлықпен марапатталды. 2005 жылдың қорытындысы бойынша оған «Ең үздік жазушы» атағы берілді. 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан Журналистер одағының Юрий Кунгурцев атындағы «Үздік публицистика» бәйгесінің лауреаты болды. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Найзагер» қауымдастығының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болған қаламы жүйрік қаламгер 24 наурыз күні ердің жасы - елуге толмақ. Осыған орай біз онымен сұхбаттасқан едік.
- Сәке, ердің жасы - елуіңіз құтты болсын! Әңгімені журналистикаға қалай келгеніңіз жайлы бастасаңыз.
- «Менің атым - Қожа» атты кітаптың «Оллаһи-біллаһи, ақын болсам деген арман, маған бастауыш кластарда-ақ ұялады» деп басталатын жері есіңізде ме? «Ақын болсам-ау» деп бесінші кластан армандадым. Қарап отырсам, Қожабергеннің тағдырымен тағдырым сабақтас сияқтанады. Оның әкесі соғыстан оралмаса, өзімнің әкем қан кешіп келіп, бертініректе дүние салды. Онда небәрі үшінші класта оқушы едім. Одан кейінгі «тентектігім» де, «тұзы жеңіл бала» атануым да, бір нәрсеге ұрынбасам жүре алмайтыным да Қожабергеннен аумайды. Тіпті, мына ұқсастыққа қараңыз, ол секілді Сұлтан деген досым болды. Бірақ, ол мектепті тастап кеткен жоқ. Сол екеуміз өрістен қайтқан сиырдың алдынан ылғи бірге шығушы едік. Жол-жөнекей мұғалім боп ойнайтынбыз.
        Бесінші класта жүргенімізде ауылымызда жаңа балалар бақшасы ашылды. Сол хабарды аудандық «Молшылық үшін» газетіне оқушы дәптерінің екі бетіне толтырыпжазып жібергем. Бірер күннен соң газетті ашсам «Жаңа бала бақша» деген он жолдық хабар басылыпты. Соңында аты жөнім тұр. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз ғой. Осы он жол хабар журналитикаға алп келді. Сол хабардан бастап мұғалімдердің маған деген көзқарастары да өзгерді. Ауылда «ақын бала» атандым. 11 класты бітіргенше қабырға газеттерінің редакторы болдым.
    - Сатираға да қалам тартып жүрсіз. Қазақ сатириктерінен кімдерді өзіңізге ұстаз санайсыз?
    - Алғаш ұстаз тұтқаным Оспанхан Әубәкіров болды. Содан соң Садықбек Адамбековтың «Атылған қыз туралы аңыз» аты сатиралық романын жата-жастана оқыдым. Садықбек ата соңғы жылдары денсаулығы болыңқырамай Арыста тұрды ғой. Сол тұста классик сатирикпен етене араластым. Ол кісі «Ашутас» деген шағын кітабыма алғысөз жазды. Демек, сатирадағы ұлы ұстазым сол кісі. Айтпақшы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалынан тағайындалған С.Адамбеков атындағы сыйлықтың иегерімін. Олай болса сатираның сары шалы - Сәкеңнен биік ұстаз бар ма маған. Университетте Темірбек Қожакеев сатираға сүйкеніп жүретінім үшін іш тартты. Дипломдық жұмысымды «беске» қорғатты.
    - Мұхтар Шеріммен өзара айтыстарыңыз не болды?
    - М.Шеріммен айтысқым келіп айтысқам жоқ. «Барыс» деген газетіне «Идеямды ұрлап алыпты» деген сияқты бірнәрселерді бықсытты. Сосын қарап жатам ба, жауап жаздым. Танымал жазушы Мархабат Байғұттың 60 жылдық мерейтойында ол өзінің артық кеткенін мойындады. Екеуміз төс түйістіріп татуластық.
    - Әдеби туындылардың ән-мазмұны, ондағы кейіпкерлер, идея мен сюжет ұйқасып, үйлесіп жатады. Сонда жазушылар бір-бірінің шығармасын ұрлаған боп санала ма?
- Жоқ саналмайды. Мәселен, кезінде ұлы Абай бір топ шәкірттеріне (соның ішінде Көпбай ақын да бар) «Жаз» деген тақырыпқа өлең жазыңдар» деп олардың ақындық қабілеттеерін сынамақ болған. Бәрі жарыса жазып келгенде ешқайсысы көңіліне қонбай, өзі «Жазғытұрым, шілде болғанда» деп басталатын өлеңін жазған екен. Мұндағы бір тақырыпты бірнеше ақын болып жырлауды «нәзриа» дейді. Бұл мына өзбек ағайындарда бар.
     Ал енді мәңгілік тақырып - махаббат мәселесіне қалам тербемеген қаламгер жоқ шығар. Әуелі кездеседі, сосын ұнатып қалады. Кездесуді армандайды. Ішкі сезімін жеткізе алмай жүреді. Осылай ғой. Дәл осыны әр жазушы өзінше, өз райына қарай түрлендіреді. Сонда олар бір-бірінен ұрлаған болып шыға ма? Ал енді соғыс, сол жылдардағы ауыл өмірі туралы талай жазушы қалам тербеді.
     Айталық, Дулат Исабековтың «Біз соғысты көрген жоқпыз» деген повесін оқыңыз. Балалығын, ең шырын сәттерін соғыс жалмаған тағдырлар туралы том-том кітаптар бар. Мәселен, Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» повесін қатар қойыңыз. Мұнда да сол. Сонда бұл екеуі бір-бірінен идея ұрлаған болып шыға ма? Жоқ, әрине. Мәселе, кімнің қалай жаза білгенінде. Тағы да Оспанхан ақынымызға жүгінейік. «Бәз біреудің бойында құштарлық бар, біреуде жауыз тектес іштарлық бар» дейді ұлы сатирик. Іштарлықты қояйық, бір-бірімізге деген құштарлық басым болсын дегім келеді. Іштарлық індеті ірітеді. Сондықтан, одан аулақ жүрейік.
- Ақын мен өлеңші, жазушы мен жазғыш жайлы ойыңыз қалай?
- Енді нағыз ақын мен өлеңшіні, жазушы мен жазғышты көзіқарақты оқырмандардың өздері-ақ екшеп алады. Түбінде нағыз жазушы мен ақын електің бетінде қалары түсінікті жәйт қой.
- Қалтасы қалың көкелер біреуді жалдап том-том кітап шығарып жатады. Ондай кітаптарды тұшына оқи алмайтының анық. Әдебиет пен мәдениеттің мерей, мәртебесін түсііретін осындай келеңсіз жәйттен құтылуға бола ма?
- Бұл үшін баспалар (баспаханалар емес) адал жұмыс істеуі тиіс. Бұрынғыдай әр кітапқа екі-үш редактор тағайындап, олар жинақтың үтір, нүктесіне дейін шұқшия оқып, түзетіп отырса, әдебиеттің көш-керуені бойын түзеп кетеді. Содан соң жарық көргелі жатқан жинақ жан-жақты сын талқысынан өтіп отыруы тиіс. Осы талқылаудан қаламгер қорытынды шығарып, «түзету крек» деген тұстарын жөндеп әкелсе, бәлкім, шығармасы одан да өткірлене түсер.
     Ал енді қалтасы қалың көкелер біреулерді жалдап том-том кітап шығарса, бұл олардың тек әулетіне ғана қажет дүние боп қалмақ. Атасы мен әкесін даңққа бөлеу үшін кітап шығарып жүргендерді көріп жүрміз. Әрине, кітап шығару үшін жазушы не ақын, тым құрығанда журналист жалдайды. Қалтасы тесік журналист жалданып, қосымша қаражат таппағанда қайтеді? Оның да үйінде бала-шағасы бар дегендей.
     Ал енді біреу үшін повесть, роман жазып беріпті дегенді естімеппін. Кейбір күлдібадам дүниелерін кітап етіп бастырып, көкіп жүрген көкелердің атына сын. «Ары білсін» дейміз де қоямыз.
     - Жазушылар, Журналистер, Суретшілер одағы деген бар ма өзі? Аты бар да заты жоқ мұндай шығармашылық ұйымдар бізге қажет пе?
     - Одақтар бар. Олар қажет те. Өйткені, облыстағы жазушының , журналистің, суретшінің мұңын кім мұңдап, жырын кім жырламақ? Қазір мына Суретшілер одағының жұмысын алып қарасаңыз, қазандары бұрқ-бұрқ қайнауда. Суретшілердің көрмелерін ұйымдастырып, мерейтойларын өткізеді. Салған суреттерін сатады. Шеберханалары, сурет көрмесі бар. Шағын өндіріс сияқты өз әрекеттері өздерінде.
     «Ар-Дақ», «Шымкент келбеті» газеттері мен «Ұлт тағдыры» қозғалысының ²әселе көтеруінен кейін облыс әкімдігінің араағайындығы арқасында облыс журналистерінің қос одағы бірігіп отыр. Баспасөз өкілдерінің дауысы енді Астана мен Алматыға, өзге де шетелдерге жететін шығар. Олардың жұмысына тек сәттілік тілеймін!
     Жазушылар одағының бөлімшесі де өз әлдерінше әрекеттенуде. Қазір олардың не баспанасы, не айлығы жоқ. Бір Әбілдә Аймақ қай жаққа жетеді? Жазушының шығармашылық кешін өткізудің өзі қаржыға кеп тіреледі. Бұл жерде мерейтойын айтпай-ақ қоялық. Жүгіріп әкімдікке барады. Олар қолдаса өткізеді, қолдамаса еленбей қала береді. Меніңше, шығармашылық одақтар керек. Оларға тек жанашырлық жәрдем жетіспей тұр.
     - Атақты ақын-жазушыларды айтпағанда кейде тамыр-таныстықпен дүрілдетіп той өткізіп, шығармашылық кеш ұйымдастырып жүргендер де табылады. Осы дұрыс па?
    - Мерейтойды ²өлтілдетіп тойлау үшін қазір қалтаңда қаржы, қасыңда қолдаушы, құттықтаушы болуы тиіс. Әйтпесе далада қаласыз. Енді қаламгер болған соң кейбір түк бітірмейтін, тағайындалғанына он немесе жүз күн толған әкімдер құрлы ел алдында есеп беруі керек-ақ. Жазушы оқырмандарымен жүздеспесе, пікірлерін тыңдамаса несі қаламгер? «Баяғыда осындай үрдіс бар еді, ұмытылып кетті» деп неге облысымызда «Ұлысымның ұйытқысы - Оңтүстік» деген акция өтіп жатыр?
     Әрине, мерейтой өткізу-өткізбеу әркімнің жеке шаруасы. Ал өмірде талантты қаламгерлердің мерейтойын ұмытып кетсек, бұл жәйт азаматтығымызға сын.
     Рас, тамыр-таныстықпен дүркіретіп той өткізіп, шығармашылық кештерін ұйымдастырып шапан киетіндер арамызда әлі де бар, бола да береді. Мәселен, бір ақынды білемін, барлық жерді бітіріп болып, түрмеге дейін кіріп кетіп тебіріне «терме» орындаған ғой сабазың. Түрмедегілердің де түйсігі бар. «Мынау жын ба, шайтан ба?» деп кейбіреулері талып түсіпті. Осындай оспадарсыздықтан, ойсыздықтан сақтасын.
     - Журналист әмбебап маман болуы керек деген қағиданы қалай түсінесіз?
     - Енді журналистке әмбебап маман болу керек-ақ. Мәселен, ол жазар тақырыбын өзі толық түсінбесе, толымды дүниені өмірге әкеле алар ма еді? Керек кезінде ол аздап мұғалім де, дәрігер де, ғалым да, малшы да боп көруі тиіс. Кезінде «Лениншіл жас» газетінде бір мамандық не тағдыр иесінің толыққанды бейнесін сомдауы үшін журналистің бір ай немесе бір апта кейіпкерінің жанында «рөль ойнап» жүруі дәстүрге айналған еді. Мұндай мақалалар өте тартымды оқылатын. Қазір тәжірибеде кездеспейді. Өкінішті.
     - Сықақ пен өлеңдеріңіздегі кейіпкерлер өмірде бар ма? Жоқ әлде ойдан, қиялдан алынған ба?
     - Кейіпкерлерімді ешқашан ойымнан шығармаймын. Қиялыма да қанат байлап әуре болмаймын. Айналамнан нені көремін, нені сеземін? Соны қаз-қалпында әңгіме өзегі етемін. Мәселен, Қитық деген кейіпкерім бар. Ол өмірде бар адам. Бірақ, қашан көрсең қитығып, дұрыс нәрсені бұрысқа шығарып жүреді. Өзінікінен басқасы дұрыс емес. Енді бұған сатираның сойдақ тілімен Қитық деген кейіптеу бермей қалай тұра аласыз? Жалпы, кейіпкерлерімнің барлығының да өмірде «егіздері» бар.
     Әйтсе де мына қоғам бізге қажет қоғам. Одан қашып құтыла алмайсыз. Сондықтан, ра-арасындағы осындай қоқыстарын қаламымызбен сыпырып отыру қажет.
    - «Ақын - елдің еркесі» деп жатады. Еңбегіңізді елеп, абырой-атаққа бөлеп, әки болмаса кітабыңызды шығарып беріп жатқан азаматтар бар ма?
    - «Ақын - елдің еркесі» деп сонау өткен ғасырда айтқан-ау шамасы. Қазір ақыныңыз да, жазушыңыз да - елдің еркесі емес. Оларды іздеп жатқан жан табу қиын заман. Жастар керегін теледидардан табады. Таусылып, түгесілмейтін телесериал бар. Кітап оқып тебіреніп кейіпкерлермен бірге күйіп-жанып жүрген жан айтыңызшы, қазір бар ма? Онда дискотекаға, түнгі барға, сыраханаға, мейрамханаға, казиноға кім барады?
     Еңбегім еленбеді деп ешкімге кінә артқым жоқ. Құдайға шүкір, облыс деңгейіндегі бірнеше атаққа ие болдым. Бірақ, данышпан Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп айтпақшы, адам ес тоқтатқан сайын уайымшыл болады екен. Әлі жарыққа шықпаған еңбектерім бар, солар халықтың қолына қашан тиер екен деп ойлаймын. Кеңес Үкіметі кезінде кітап шығарудың орайы келмеді. Ол тұста жасырақ еді. Қазір өзіміз демеуші боп шығарып жүрген кітабымыздың таралымы 1000-2000 данадан аспайды. Әуелі ағайын-туысқа таратасың, қалғанын кітапханаға берген боласың, сонда сенің шығармаларыңды кім оқиды? Осыларды ойлағанда өзегің өртенеді. Құдайға шүкір, әдеби ортада атымыз жаманды-жақсылы аталыңқырап тұрады. Республикалық әдеби-мәдени басылымдар түртінектегендерімізді жариялап тұр. Сатиралық сара басылым - «Ара kz» журналында сарашылар алқасына аты-жөніміз жазылды. «Жалын», «Ара» журналдары елу жылдығыма орай топтамалар беруде. Республикалық басқа да басылымдар үн қоспаққа уәдесі бар.
     Осыларға қарап өзімді қаражаяу емеспін-ау деп шамалаймын. Қазақ сатирасының қабырғасын қатайтып, өзімше соқпақ салу - арманым. Сондықтан, шимайларымызды тек Оңтүстік жұрты ғана емес, бар. Бірақ, оларға енді жоғарыдағы базынамды білдірмекпін.
     - Келіншегіңіз кітаптарыңызды оқи ма? Қызғанған, ренжіген сәттері кезікті ме?
- Енді ерінің ерінбей не жазып жүргенін оқимайтын келіншек болмайды ғой. Алайда, «Адамдар осылай адасып қалады» деген әңгімемді оқығанда келіншегім азырақ қызарақтанады. Өйткені, онда бау ішінде орыс қызымен танысып, табысып, ұзағырақ отырып қалатын тұсымыз бар еді. Бірақ тым ренжіген жоқ.
- Сыншы қауымына не айтасыз? Жалпы өзіңіздің атыңызға айтылған сынды қалай қабылдайсыз?
- Қазір сын жанры мүлде жоқ. Кешегі Төлеген Тоқбергенов, бүгінгі Бақыт Сарбалаев, тағы басқалардың сындарындай құнды дүниені ешкім жазбайды. Тек әдеби жыл қорытындысында баяндама жасалған болады. Онда да үзіп-жұлқып дегендей. Кезінде Темірбек Қожакеев ағамыз сатираға терең шолу жасайтын. Бүгінде сатира саласына сын жазатындар. Бүгінде сатира саласына сын жазатындар көрінбейді. Ал атыңа сын айтылса атылып кетіп жатқан жоқпыз ғой, дұрыс қабылдау керек. Мойындай білмесең, мойыныңа сыздауық шығады.
- Ердің жасына келгендегі елге айтар қандай ізгі тілегіңіз бар?
- Елге айтар тілек көп. Ең бірінші - бар қазақтың баласын бауырым деп құшағымызға сыйдырайық. Іштарлықты қойып, бірімізге біріміздің құштарлығымыз артсын. Жаһандану деген жаналғышқа жұтылып кетпей, өр бабаларымыздың сара жолын сақтап қалайық. Қазақ екенімізді ұмытпайық. Әр шаңырақта ұлтжанды, өнерсүйер ұландар тәрбиеленсін. Еліміз аман, жұрт тыныш болсын! Барлық шаңыраққа шалқыған шаттық тілеймін!
    - Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
    - Сіздерге де рахмет!

Сұхбаттасқандар:
Баян Дарғожина,
Әбдісаттар Әліп.





«10 жолдық мақаладан өскен журналист.»


         Біздің «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қаламы қарымды журналисті, әріптесіміз Сабырбек Олжабайдың есімі оқырмандарымызға әбден таныс екеніне шүбә келтірмейміз. Журналист дейтін қауым үнемі өзгелердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жетістігін мақтап, кемшілігін айтып, жаңалық іздеп шарқ ұрып жүріп, жеке өз басының ²әселесін ұмытып та кетеді. Сол сияқты қасымызда жүрген әріптесіміздің өмірі туралы да мардымды ештеңе біле бермейді екенбіз. Сөйтсек... Сабыр көкемнің балалық шағы өскен ортасы, журналистикаға келуі, әдебиеттегі сүрлеуі жүдә қиын жанр - сатираға сат етуі бәрі-бәрі де ерекше бір дүние екен.
     - Менің балалық шағым туп-тура «Менің атым Қожа» дейді Сабырбек ағам. Ойпыр-ай, осындайда сәйкестік болады екен-ау. Әкесі Дәніқұл соғыстың зардабынан ерте қайтыс болып, жастайынан жетімдіктің тауқыметін татқан жас бала тас-түйін, әрі зерек болып өседі. «Менің атым Қожадағыдай» мұның да Сұлтан деген қиқар досы болыпты. Күнде екеуі сиырдың алдынан шығып, мал қайырады екен. Екі дос қосылып алып балық аулауға кетіп, сабақ жайында қалып қойғаны, сондағы анасынан алған «Ш» витамині есіне түссе, әлі күнге дейін құлақ шекесі қызара түскендей болады. Оның үстіне әдейілеп емес, байқамай «бұзықтық» жасап қоятыны мен ұрыншақтығын қосыңыз. Сонда «бүгіннен бастап, өзімді-өзім тәрбиелеймін, анамды ренжітпеймін» деп өзіне-өзі хат жазып, уәде беретін бала көңілі болашақтағы үлкен сезім иесінің болмысын біртіндепқалап жатты.
         Біздің Сабырбек Олжабай бұрынғы Шаян ауданының, Желтимес дейтін ауылдың тумасы. Осы Желтимеске кезінде М.Әуезовтың табаны тиген деседі. Кішкентай күнінде үлкендердің аузынан ұлы Мұхтар Әуезов осы ауылға келіп, шопан Керімбек Маманов жөнінде «Шаяндағы шешең Керекең» атты очерк жазғанын талай есіткені бар. Кейіннен Сабырбектің отбасы Шаяннан Құмкентке көшіп барыпты. Ол жазу-сызу әлеміне бесінші класта келіпті. Қанша дегенмен өзіне-өзі хат жазатын тәжірибесі бар емес пе, ауылдың қызға сөз айта алмай жүрген жігіттеріне хат жазып береді екен. Айналадағы өзгеріске тез ²ән беретін, журналистерге тән қағылездік мінез бала күнінен беріліпті. Сол кездегі кішкентай ғана ауыл жаңадан салынған бала-бақша зәулім сарайдай көрінген ғой. Бесінші класта оқитын сабырбек ауылының қуанышын жасыра алмай аудандық газетке оқушы дәптерінің екі парағын толтырып «Жаңа бала бақша» деген мақала жазып жібереді. Саусақтарын сиялап, шиырлап жазған көлдей еңбегі бар болғаны 10-ақ жолмен жарық көреді. Бала бақшаны қойшы, мақаланың көлемімен бірдей боп тұрған фамилиясын айтпайсыз ба? Осы 10 жолдық мақала оны журналистикаға жетектеп әкелді. Ол ол ма, 6 класта оқып жүргенде ауылының жарығы өшіп қала беретіні оқушыға маза бермейді. Сөйтіп «Бағана басы жарқ етті, жарық жалп етті» деген мақала жазады ғой, газетке. Сөйтсе ол фельетон жанры екен. Газетке тек тақырыбы ғана шығыпты да, ішіндегі сөздерінің біреуі өзіне таныс емес. Редакциядағылар «ауылдың басшысы не қарап отыр» деген сөзді қосып жазыпты. Ауылдың басшысы өзінің немере ағасы. Сөйтіп өз ағасы туралы сын мақала жазған Сабырбек бала бүкіл ауылға таныла бастайды. Тек ағасы кейіп, «ондайларға /журналистерді айтады/ енді жолама» деп кетіпті. Осыдан кейін «Мәніқұл қайнағаның» тілші баласы атанып кеткен Сабырбекке сұраныс та көбейе бастайды. «Қазақстан әйелдері» журналына іздеу жариялау арқылы ауылындағы екі кемпірдің туысқандарын тауып беріпті. Сөйтіп періште бала атанған Сабырбек ҚАЗМУ-дың журналистика факультетін аяқтап, ауылдағы баяғы он жол мақаласы жарияланған «Молшылық үшін» газетінде бірнеше жыл жұмыс істеп, редактордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Облыстағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» дарынды журналисті жұмысқа шақырды. Содан бері Сабырбек Олжабай облыстық газетте жемісті еңбек етіп келеді. Қоғамдық маңызы бар кез-келген тақырыпты дер кезінде көтеріп, сүбелі ой айта алатын біздің Сабырбек Олжабай осындай. Журналистиканың қым-қуат тіршілігімен жүру бір басқа да оған қоса әдеби дүниелер жазу бір бөлек. Табыс дегеніміз түптеп келгенде үлгеру. Бәріне үлгеру қиынның қиыны. Ал сабырбек ағамыздың еңбекқорлығына, табандылығына, жазудан жалықпайтынына өзіміз де таң қаламыз. Байдулла Қонысбеков ағамыз кезінде «Ешқайсысың Сабырбектей өндіріп жазбайсыңдар» деп бізді бекерге ұрыспайтынын енді түсініп келеміз. Ең бастысы, ол нені жазу керектігін біледі, өз объектісін жазбай таниды. Оның әңгімелері кәдімгі былайғы жұрт байқай бермейтін өмір. Кейіпкерлерінің іс әрекеті де ұлттық тұрмыстың белгілерімен үндесіп жатады. Әдебиеттің жауынгері сатира жанрына барып жүрген қаламгерлер көп те емес. Сабырбек Олжабай сол әлемге өзіндік бояуымен, салмақпен кірді. Оның «Мүсәтір», «Ашутас», «Емеурін», «Жалдамалы құда», «Ұрланған тауық туралы хикая» және «Ақырзаманның ауруы» атты дербес кітаптарын қалың оқырман жылы қаабылдады. С.Олжабай облысымыздың мәдени-рухани өміріне белсене атсалысып отырады. Жұмыста да сондай. Біздің «құқығымызды» қорғайтын профком. Ақындар айтытарында да Сабырбек ағамыз көрнекті ақындармен бірге қазылық жасап отырады.
        Көңілі көктемдей көкем елуге келіпті ғой. Бірақ елудің қандай болатынын өзі де сезбей жүр. Сезсе де, әзірге «дымын білдірмейді». Сабырбек көкемді елуге тек календарьдың күні әкелген сияқты. Басқа түк те өзгеріс жоқ.

                                                                                                    

Айгүл Қапбарова.





«Өзіміздің сатирик».


        Үлкен залда «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бірер топ журналистерімен кездесу өтіп жатты. Оқиға жарты ортасына жетіп қалған тұста жиынды жүргізуші жігіт «Сұрақтарыңыздың басын бір жинақтап алғандарыңызша бүгінгі белгілі сатирик, қонағымыз «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Сабырбек Олжабайды ортамызға шақырайық. Ағамыз өзінің бір-екі сықақ өлеңін оқып берсін» - деп хабарлады.
         Сол, сол-ақ екен кездесу басталғалы бері екі жамбасына кезек алмасып, кермеде ауыздағымен алысып тұрған жүйріктей өзімен-өзі «шабыттанып» отырған сабырбек орнынан ұшып тұрды. Алдындағы қалам-қағаздарын жинақтап, мінбеге бет алған Сәкең: «Мен өзі алмайтын, әрі бермейтін басшыларды қаламаймын. Осылай-осылай сөз беріп тұрса болады ғой» - деп аузын жаппай сөйлеп барады. Оны естіген көпшілік ду етіп күлкіге көмілді.
        Мінекей, Сабырбек мырза қайда жүрсе де, қағытпа сөзімен айналасын сергітіп отыратын азамат. Онысымен тұрмай көз алдында болып жатқан құбылысты қалт жібермей сықақтың моншағын біртіндеп теріп, оқырманға оны алқа етіп тағатын қаламгер.
        «Оқиғаны теріп» дегеннен еске түседі. Бірде Сәкең қазақтың салт-дәстүрінің ішіндегі ең мәртебелісі болып табылатын кәденің бірі құдалыққа баратын болыпты. Оған екі-үш күн бұрын ананы алып, мынаны алып киініп, айнаға алыстан қарап, жақыннан қарап, өзін-өзі сырттай сынап шала бүлінді. Кабинеттегі айнаның алдында тұрып, «Апа қарасайшы, мына ініңе, ертең томардай болып төрде отырғанымда әлгі асабасы құрғыр елге мені: «Құдамыз белгілі қайраткер, сандаған қалың кітабы жарық көрген, оны оқырманы талап алған сексен жылдық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің білдей бөлім меңгерушісі» десее, соған мына ұсқыным татырлық па, жоқ па? Үлкен болып жанашырлық танытсаңыз толмай тұрған жерім болса, былай өз жаныңыздан қосып толтырып жіберсеңіз қайтеді? - дейді.
         Сонымен, қомпаңдаған бауырым томпаңдап жүріп құдалыққа да барып қайтты. Сол жолғы тапқан үлкен олжасы «Құда жоғалды» деген сықақ әңгімесі болды.
         Меніңше Сабырбектің қазақ сатирасына қосатын үлесінің тұсауы енді кесілді. 50-ге келді. Ес тоқтатты. Бала-шағаны аяқтандырды. Сондықтан Сәкеңнің отты әзілі қоғамдағы қисықты көздеп атар садақтың оғындай шабыты шалқи берсін. 50 жасқа келгенде қаламгерге бұйырар атақтың біразын алса, жүз жасында сатираның сарбазы атанып Нобель сыйлығын алсын деп тілейміз.

«Оңтүстікқазақстандықтар»






 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу