Олжабай Сабырбек

Туындылары


ЖАНДӘСІЛ
Әңгіме


       Байтақыдағы ұшар басы бұлт тіреген қонақжайдың бесінші қабатындағы оңашалау бөлмеге жайғасқан Тұрардың көңіл-күйі мизамда жел шайқаған ағаштай: көкірегінен жан- жапырақтары үзіліп түсіп жатыр еді. Әсем қаланың ерекше түрленген келбеті, денеге үлбіреп жылы тиетін жібек желі де жүзін жадырата қоймаған. Іштегі арыстандай арпалысқан алай-дүлей бұлқыныс қайықты қақпақылдап ойнаған теңіз толқынындай долы. Көкірегіндегі осы дауылды баса алмай жатқанына бес күн, бес түн. Тордағы жолбарыстай жанталасқан өкпек жолаушы жүрек лүпіліне құлақ түрсе, үйге түскен ұрыдай тынысын ішке тартып, терезеден тұңғиық қараңғылыққа ұзақ тілміреді. Ол қайткенде де анасы мен әйелі аманаттаған шаруаны тындырып қайтуы тиіс. Әйткенмен, Қытай қорғанындай берік, ызалы арыстанның көзіндей зәрлі, зынданның қақпағындай зілді темір қақпалар бұл дегенде оң қабақ танытпай-ақ қойған. Жаралы жолбарыстай бөлмені ызғарлана әрі-бері кезіп жүруі содан. Бауыр еті – баласын тосын келген кесапаттан аман алып қала алмаса ғұмыр бойы мүгедектей мұңлы болып өтпей ме? Тұрардың көкірегін тепкілеген түйткіл осы.
       Әрі-бері бос тенселістен мезі болған Тұрар күппаққа түсіп, бірер шыны шәй ішіп, жан жадыратқысы келді. Мұндайда жанын солқылдатқан жарасын жазу үшін жүздетіп те жіберуге болар еді. Бірақ, оған мынау суық та сырт, жұмбақ та қымбат қалада серік қайдан табыла қойсын?!
       Осы оймен шеткерек орындықтардың біріне жайғасқаны сол еді, мойына қыз-келіншектерше орамал байлаған, қанаты қайқы қалпақ киген адамға көзі еріксіз түсе берді. Қайдан көрді? Қай жерде кезікті? Азарлы ауру айналдырған адамдай есіне ештеңе түспеді. Аңғарғаны – алдындағы таныс та бейтаныс жан өзін тым еркін ұстайды екен. Тәкаппар. Паң. Тегі, өзіне-өзі сенімді адамдар ғана осылай маңғаз, марғау келеді. Түсі ойлы кісідей салқын. Даяшылар дымың білдірмей, алдында дамыл таппай жортақтады. Соған қарағанда сұсымен имендірген-ау, шамасы. Әлде теңгенің сиқырлы сыңғыры мысын басты ма екен? Әйтеуір, қас-қабағымен-ақ адамдарды айдауында жүргізетін қасиеті бар.
       Тұрар кісі көрмеген жандай әлгіге қарағыштай беруді жөн санамаған. Тамағын тауысып, енді шайына қол соза бергенде байқады, бейтаныс бақталасы (неге екенін өзі де түсінбейді, Тұрар ә дегенде-ақ онымен іштей қарсыласып қалған-ды) даяшы қолына бүтін көкшұнақты ұстатты да, артық-ауыс қалғанына қарамай сыртқа шыға берді.
       «Е, теңгең асып-тасыған бір шідірендеген шенеунік болдың-ау» деп ойлап үлгергенше қайқы қанат қалпақты қоңсысы қарасын көрсетпей кетті. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді».
       Неге екені белгісіз, жүрегіне у төгілгендей болды. Өң бойы тоңғандай қалш-қалш етті. Тұрар тамағына тас тығылғандай күреңітіп кетті. Жалма-жан қалтасынан дәсорамалын алып, тершіген маңдайын сүртті.
       Мұны даяшы қыз ауырып қалдыға жорыды.
       – Дәрігер шақыртайын ба, ағай?
       – Немене?..
       – «Жедел жәрдем» шақыртайын ба деймін.
       Тұрар даяшыға қасқыр көрген ешкікөзденіп қарады да, есеп айырылысуды өтінді.
       Қарап жүрмей қас тауып алған Тұрар бөлмесіне келгеннен соң да манағы бір екіұдай сезімнен арыла алмады. Сосын өзіне-өзі кейіді. Оу, айдаладағы адамға соқтығысып, жауласып несі бар? Әрі-беріден соң оны танымайды да ғой. Ендеше, ешбір күйіс-түйісі жоқ адамға жауығуы неліктен? Мардымқорды көргендей түгіне дейін тітірейіп, кездейсоқ көршісін ит етінен жек көргені қалай?
       «Айдаладағы адаммен арсыздыққа салынып арпалысуым артық емес пе? Одан да келгендегі шаруамды бітіру жағын ойламаймын ба?» деп өзін-өзі сабырға шақырып көрді. Осылай төсегіне жантайған.
       Келесі күні көршісін жеделсатыда кездестіріп қалды. Жыланкөзденген неме адамның өң бойын тінте қарайды екен. Тұрар тіксініп қалды. Тар жерде ұшырасқаннан соң ба, ернін жыбырлатып сәлемдескен ыңғай байқатты. Емеурінді еркін түсінді. «Сен кімсің-ей, осы!».
       Тұрардың төбе шашы тікірейді. Тиісуге себеп керек. Бірақ тойға барардай тыраштанып киініп алған көрші сыпайылық танытып бақты. Не сылтаумен сүйкенуі керек сонда? Тұрардың дымы құрыды.
       Жеделсатыдан шыққан екеуі жылдам айырылысты.

* * *


       Тоғайлыдағы тосын оқиға талайлардың төбесіне жай түсіргендей болды. Жастар арасындағы түнгі төбелестен төрт бірдей көкөрім жас набат болды. Екі жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр: адам болары белгісіз, күні біткен адамдай көздері ажалкөктеніп кеткен, ештеңені сезбейді. Кеудесінде жаны бар демесеңіз, тірі өліктің өзі.
       Осы оқиғаға орай Тұрардың баласының қолына да кісен салынды. Зарықтырып, тарықтырып барып жолықтырғанда білгені – Әбсаламның бар кінәсі сол топта жүргені ғана. Тергеушілер бұдан қорғаушысыз жауап алған. Талай түн тепкілеп, істемегенін естеді деп құжаттама толтырған. Қанға қолдарын малығандар ішінде облыстың бетке ұстар адамдарының балалары да болған. Неге екенін кім білсін, олар берте-бірте бұл істен алынып тасталды. Естіген жұрт жағаларын ұстады. Прокуратура мен ішкі істер департаментіне кектенбеген кісі қалмады. Сотта куәгерлер, күдіктілер қарулы топтың қылмысын қанша дәлелдеп баққанымен үш бозбала қосақ арасында кетті. «Аса қатыгездікпен адам өлтіргендері үшін». Он бес жылдан. Жиналғандардың және бір түңілгендері басшылардың балалары тым құрығанда куәгер ретінде шақырылмаулары еді. Сот процесі жүріп жатқанда олар қымбат мейрамханада сауық-сайран құрып отырды. Былайша айтқанда «күштінің к... диірмен тартты».
       Тұрардың өмірден түңілген жері осы. Жүрегі құрғыр езіліп кетті. Миы солқ етіп, бүкіл өң бойы өзіне бағынбай қалды. Зухра байғұс жандалбасалап, аузына валидол салған. Одан арғысын білмейді. Есін жиса ауруханада жатыр. Денесінің бірнеше жеріне әлдене жапсырып тастапты. Көздері кілегейленіп әзер ашылған.
       – Әке! Мен кінәлі емеспін. Апа! Мені кешірші, – деп ұлы жанұшыра жылағанда аспан құлап түскендей құлағы бітеліп қалған.
       Аурухана бөлмесінен өлген адамның өксігіндей ауыр күрсініс естілді. Жүрегі жұлым-жұлым болған Тұрар тағы да талықсып кетті.
       Ол ауруханада ұзағырақ жатып қалды. Үйге шыққаннан соң да көңілі тыңшыған жоқ. Қайтіп тыншысын, жазықсыз істі болған баланың жайы анау. «Баласы адам өлтірген» деп сұқ көзін қадаушылардың табалауы мынау. Мүсіркей қарайтындар да жоқ емес. Тұрардың дүниедегі ең жаман көретіні өзің басқалардың мүсіркеуі еді. Сондықтан ол ту сыртынан қадалған шаншу – көздерден әбден зәрезап болды. Қабырға ағайындардан қайран аз. Айтатындары бір әңгіме: «болған іске болаттай берік бол». Тұрар берік болмайын деп жүр ме екен сонда? Ағайын болып жаны ашыса алақандағыдай анық тірліктің түйінін тарқатуға неге қолғабыс бермейді? Ел-жұрт текке арамтер болып шулап жүрген жоқ. Төбелесті ұйымдастырған да, төртеуді қыршынынан қиған да бай-манаптардың еркетотайлары. Бастапқыда әкімқаралар мен заң саласы басшыларының көктегірлері көлгірсімей-ақ істегендерін жайып салған. Мойындаулар теледидарлардан таратылып та үлгерілген еді.
       – Япыр-ай, шіркіндердің шімірікпеулерін қарашы, -деп оқиғаны көргендер ішектерін тартқан.
       – Аналар қылмыстарын мойындарына алып жатыр. Енді сіздің балаңызды босатады, -деп жамағайындар мен таныс-білістер жағалай сүйінші де сұрап қойған-ды.
       Сөйтіп жүргенде оқиға табан астынан мүлдем басқа бағытқа, күтпеген күңгірт кеңістікке қарай ауып жүре берген. Куәлер де ауыздарына су толтырып алғандай үндемейді. Боздақтарынан айырылып аңырап қалған азалы отбасылар да алғашқы жау жыққандай екпіндерінен айырылып, меңіреу болып қалған. Өңшең өксікті жандар ұялас бөрідей бірігіп, ботадай боздап сауулы інгендей аңырап, шабатын бурадай бұрқырап еді. Арада көп уақыт өтпей мұрнын тескен тайлақтай елпендеп, шіренгендердің соңдарынан шұбалшынша шұбырғанына талайлар түсіне алмаған. Сірә, оларды байлыққа байлап, дымдарын шығармай қойса керек. «Тізеге басып, жігерлерін жүндей тұтып жасытты» дегенді де ел гу-гулеп айтып жүр. Ашынғандардың зары шөлде адасқан күшікше қыңсылап барып құмға сіңді. Сол зарымен бірге ащы жас пен запыран, қайғы, өксік те құмға көмілді. Құмның айқұлақ батпасы сияқтанып жолақ-жолақ із қалдырып жоғала бастаған озбырлы оқиға удай өкінішімен бәрібір жүректерден өшпес еді.
       Жергілікті құқық қорғау органдары мен әкімдіктің, партияның есігін тоздырған Тұрар тұрымтайдан қорлық көрген торғайдай бас сауғалап, әділдікке жетемін, шындықты табамын, зұлымдықтың бет-пердесін түремін деп соңғы қотыр тоқтысына дейін сатып, сұлу да суық шаһарға келгенімен оны ешкім құшақ жая қарсы алмады. Мұнда да мұзбеттенген адамдар, емен-жарқын кіре алмайтын емен есіктер, қайда барсаң да қасқайып қарсы алатын қарулы күзеттер үзілгелі тұрған жүйкесін тауық шоқыған жұқпадай шұрқ тесік етті. Енді оның шыдамының шедері шорт үзіліп еді. Басар тау, барар жер қалмаған. Жем дәметкен түлкінің көзіндей жылтылдаған бірер жарылқаушы бастапқыда білек сыбана кірісер түр байқатқанымен, бірте-бірте аяғына жемсау түскен жүйріктей шоқырақтап, айналымнан шығып қалды.
       – Қиын екен!
       – Балаңызға обал болыпты-ау!
       – Менің қолымнан келмейтін тәрізді.
       – Ана кісіге кіріп көрсеңізші.
       – Редакцияға барыңыз.
       Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай барлығының айтары осы сөз. Тұрардың қойқаптағы жыны қозып, диалектологиялық сөздікте кездесе бермейтін балағаттауларды боз-борандай үдеткенімен түйсікті тіреуіш таппады. Зар-запыраны Алланың құлағына шалынбаған соң қуғын көрген аш қасқырдай солықтап, бөлмесінде сұлқ жатып қалған.

* * *


       Сондай сергелдеңді күндердің бірінде ол қайқы қанат қалпақты көршісін жолықтырған. Бірде оны бес-алты «Джип» машинасымен сайдың тасындай іріктелген ығай мен сығай әкеліп салды. Қонақжайдағы қымбат мейрамханадан көзтанысы масайрап қайтты. Сорлап қалған баласының уайымымен кірпігіне тіреу қойылып, дөңбекшіп, жаралы қасқырдай сыртқа мың шығып, ішке мың кіріп жүргенде аңғарды оны. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы».
       Бірде олар қонақүй алдында тоқайласты. Аз ғана мерзімде көзтаныс болып қалған Тұрардың сәлемдеспеске шарасы жоқ-ты. Сөйлесерлік кісі іздеп келе ме, әлде көңіл-хошы көтеріңкі ме, кім білсін, танысы қол беріп амандасты.
       – Сізді бірер күннен бері сыртыңыздан көріп жүрмін. Сірә, құрдас боларсыз. Жүдә болмағанда замандассыз. Енді қатарлас адамдардың бірге жүріп-тұрғаны, сырласқаны қандай ғанибет. Уақытыңыз болса, киім ауыстырып шыққан соң төменге түсіп, мейрамханадан бірге тамақтанайық. Менің атым – Дәурен, -деді кездейсоқ көршісі.
       – Тұрар!
       – Өте жақсы! Сірә, әке-шешеңіздің сізден бұрынғы балалары тұрақтамай, атыңызды ырым етіп қойған-ау.
       – Дөп түстіңіз. Сізге де ата-атаңыз есімді тауып қойыпты. Байқаймын, дәуреніңіз жүріп тұр.
       Дәурен рақаттана күлді. Сосын Тұрардың арқасынан өзімсіне қақты. Екеуі жарты сағаттан соң мейрамхана алдында кездесетін болып тарасты.
       «Жап-жақсы-ақ адам сияқты, -деп ойлады былай шыға Тұрар, -өзімнің де Құдай сүйер қылығым жоқ. Бір көрген адамымды неге сонша жек көрдім?».
       Мейрамханада мейліңше еркін ішіп-жеп отырды. Тапсырыс беруші, әрине, Дәурен еді.
       – Сіз менің қонағымсыз. Ешнәрседен қысылмаңыз. Алып отырыңыз, – деп жаңа танысы бәйек болған сайын Тұрар қарадай қысылып бақты.
       Адам деген осы. Қам сүт емген пенденің жиі сүріншектейтіні-сабырсыздығынан. Мынадай дархан да ақкөңіл адамды бір көргеннен іштей жек көрді-ау. Тегі, «адам аласы – ішінде, мал аласы – сыртында» дегенді әрқашан еске алып жүру керек. Адам жанына тереңірек үңілсеніз, талай-талай қымбат қазынаға кезігесіз. Тағдыр – тәрбиеші. Өз тағдырыңнан да, өзгенің ғұмыр-дерегінінен де сабақ алуға болады. Бұл үшін данышпан болып туылудың қажеті шамалы. Көкірек көзін ояу болсын деңіз. Әйтпесе, қолға қонғалы тұрған бақыт құсын да үркітіп жіберуіңіз мүмкін.
       – Ау, ағасы! Қандай тұңғиық ойға батып кеттіңіз. Қане, мынаны алып қоялық!, -дегенде селк ете түсті.
       «Виски» деген ішімдікті ғұмырында татып көрмеген. Дәмі коньякқа келіңкірегенімен жүдә жұмсақ өтеді екен құрғырың. Қоңырқызғылт түрі де тартымды. Мұз салып ішсеңіз, тісбасарсыз да тыжырынбай тарта бересіз. Таңдайыңызда тәтті де кермек дәм қалады. Қышқылтым дәмінің тәттілігінен тіл үзіліп түсер ме дерсіз.
       Тегі бөтен ішімдіктің тепкісі де тегеуірінді тәрізді. Уайым-қайғысы ұмытылып, алдынан басқа бір әлем ашылғандай. Айналасы адамдарға толып қалған. Гу-гу әңгіме. Тәтті тілектер, қуанышты қауышулар. Әріректе әдемі ән әуелеп тұр. Бір топ қыз ортада билеп жүр. Япырай, мыналардың лыпасы қандай? Билеген сайын бұлғындай бұран бел қыздардың мықындары былқ-сылқ етіп көз арбайды.
       Тұрар өзінің біраз жерге барып қалғанын сезді. Тартынып ішпек еді, Дәуреннің өзек өртер лебіздері алмасына қоймады.
       Сол күні ол азапты ойларын абақтыға зорлап қамап, абдандай алаңсыз айқұлақтанды.
       Дәуренге дария дәулет тілеп қоштасқаны есінде.
       Бұдан соң Дәурен тағы да екі-үш күн зым-зия жоғалып кетті. Тұрардың сот есігіне телміре-телміре тағаты таусылды. Біреуге міндекер болу – бұл жалғанның жаманы екенін бұрын да білетін. Ал, бұл жолғысы өмірден түңілдіріп-ақ тастады.
       Сағы сынып, жағы суалып, көзі шүңірейіп тіптен шөгіп кетті. Өйткені, мұндағы сот та үкімді өзеріссіз қалдыратынын оған жеткізіп те үлгерген еді. Енді міне, көрдемшедей көңілсіз күйге түсіп, өгей өмірге өшпенділікпен қарап келе жатыр.
       Ойда-жоқта Дәуреннің ұшыраса кеткені.
       - Ау, бауырым, тым көңілсізсің ғой бүгін!
       Тұрар өзіндегі қайғыны көрге бірге алып кеткісі келіп жүрген. Бұл жолы буын-буынының бұрандалары еркінен тыс босаған. Ол күрсініп салды. Күрсінісі кісі өлтіргендей еді.
       Дәурен ештеңе айтып жұбатпады. Дәуренді қолтығынан демеп өз бөлмесіне бастады.
       Бөлекше бөлме хан сарайына бергісіз. Жалт-жұлт еткен жиһаздары көздің жауын алады. Тоңазытқыш тамаққа толы. Оның қасында Тұрар тоқтаған бөлме торғайдың ұясындай ғана. Жұпынылығы тағы бар.
       Тамақты қырнап асқазанға қарай асыққан асау су сәлден кейін іштегі дертті бірте-бірте сөңдіре бастағандай. Дәурен үстемелеп құйып, өртті бірге тұңшықтырғысы келгендей тыраштанып бақты.
       Әңгіме ауаны әр қиырға жол салды. Бірте-бірте Дәурен шешілді. Әрі-беріден соң желпініп, қонағына қыр көрсете бастады. Талай тағы топтарға ілескен жырынды екенің танытып, азуын аңғартты. Шынында вискиге бөгіп алған ол шекара шегінен өтіп кеткен еді. Ешкімге тіс жарып айтпайтын құпиясын аңдаусызда ақтарып алды.
       - Менің балам бандыларға қосылып адам өлтірді. Біздің адамдар осы істің бәрін жапты. Ол лауазымды қызметте еді. Осы бір іс бетіне үнемі шіркеу болып алдынан шыға бере ме деп жұмысын ауыстыруыма тура келді. Өзім де долларды дорбасымен төктім. Ұлым бұрынғысынан да биік лауазымды қызметке көтерілетін болды. Қиналғанда қол ұшын беруге тұрарлық таныстар үшін, баламыздың жаңа қызметі үшін!, -деп екіленіп алған Дәурен рюмканы басына көтерді.
       Осы кезге дейін бөгетсіз аңқылдаған есіл әңгіме сабынша бұзылды. Тұрардың тамағына тас тығылғандай, өңешіндегіні әрі өткізе алмады. Бұл ғой жазықсыз ұлына жарық күннің сәулесін түсіре алмай жүр. Өмірді дүние-мүліктің, тамыр-таныстықтың, бармақ басты, көз қыстының өлшемімен таразылайтын алдындағы мына адам жалғанды жалпағынан басып, ойына келгенін істеп бағуда. Сұм жалған не деген әділетсіз? Адамдар неге аш қасқырдай қатігез? Қорқаулар мен қоқыстарды теңеп алған өмір кемесі қай жартасқа соғылып жарылмақ? Қасиетті Құран-кәрімде: «Адам баласы бір ғана үмбет еді» демейтін бе еді? Сол бір үмбеттің баласы жауыздар мен жуастар, бай мен кедей болып неге бөлінеді? Бір үмбеттің баласы бір-біріне туыс, дос, бауыр болып тату-тәтті өмір сүрмес пе?
       Ақылын азғыр су алқымдаған Тұрардың түйсігі тұманданып, ойлары ұясына тас түскен қарақұрттай жан-жаққа бытырай қашып, сансыратқан сауалдарына жауап таба алған жоқ. Көз алды бұлыңғырланып, есірік әлемнің есігінен еніп бара жатқанын сезбей де қалды.
       ...Тозақта жүр екен дейді. Жандәсіл мен мырғазап әлі де соңынан қалмапты. Айналаның бәрі азапты шу. Сайтандар бір-бірінің үстіне от шашып ойнап жүр. Кенет оның қолына қорқынышты құбыжықтардың бірі іліне кеткені. Дереу тамағына жармасты. Қашан да құбыжықтың аты – құбыжық. Мұндай қайратты болар ма? Малғұнды босатып жіберсе момын, адал адамдардың талайын зар еңіретеді-ау. Ендеше, қалайда буындырып өлтіру керек. Малғұнға да жан керек болғаны-ау, бұлқынып, өткір тырнақтарын бұған аямай салып жатыр. От ұшқындаған көздері қандай зәрлі. Мыстан кемпірдікі мәнзелдес тістері сойдақ-сойдақ. Босанып кетіп өлтіріп қояр ма екен?
       Жо-жоқ, бұл қайта күш алады. Құбыжықтың көздері семе бастапты.
       Оқыс та жантүршітерлік үрейлі сезімнен селк етіп оянды. Өн бойы терге малшыныпты. Көзін ашқанда шошып кетті. Екі қолымен Дәуреннің алқымынан сығымдай ұстап, қылқындырып отыр екен.
       Ал, бұл кезде Дәуреннің демі үзіліп те кеткен еді...