Олжабай Сабырбек

Туындылары


АҚЫН МЕН ҚЫЗ
Әңгіме


       Олар қаланың бір қалтарысындағы мейрамханаға келіп отырды. Келгендердің бірі – облыстық газетте қызмет істейтін журналист еді. Екіншісі ақын болатын. Ол облыстық департаментте қызмет істейтін. Ақын қырықты алқымдап қалған, бойдақтықтың ауылынан әлдеқашан ұзаған адам. Алайда, сымбатты киініп, сырбаз жүретіндіктен өз мөлшерінен әлдеқайда жас көрінеді. Оның үстіне жұқалап қана қоятын сақал-мұрты өзіне соншалықты жарасып тұратын.
       Ақынның аты – Еркебұлан еді. Еркебұлан десе еркебұланның нақ өзі. Оның моншақтай мөлдіреген, бойжеткен жүрегін оқыс бүлк еткізер сезімге толы, серпінді,тұнық та өршіл өлеңдері қаладағы барлық жоғары оқу орындары студенттерінің ауызында жүреді. Халықаралық, республикалық мүшәйраларда талай рет бас бәйгені қанжығасына бөктерген Еркебұлан жергілікті теледидар арқылы да танымал.
       Олар даяшы қызды шақырды. Еліктей елеңдеген бір бойжеткен қалам-қағазын алып келіп те қалды. Ақын ойланып отыр еді. Сұлуды көріп селк етті. Қыз да ақынға аңтарыла қарап қалды. Соны сезген журналист:
       – Қарағым,бұл Еркебұлан деген ақын ағаң. Поэзияның пырағы. Есімі елге белгілі, – деп ақынды таныстырып өтті.
       – Ақынның жырларын оқығанмын, – деді қыз.
       – Мен ағаның «Махаббат маусымы» атты өлеңін білемін, – деді даяшы қыз тағы да.
       Содан соң екеуінің «қане, айта қойшы» дегенін күтпей-ақ өлеңді жатқа оқи жөнелді.
       Ақын енді қызға басқаша назар аудара бастады. Сұңғақ бойлы. Көздері мөлдіреп тұр. Пісте мұрын, еріндері шиедей. Даяшы қыз да қазіргі модамен киінген: тар джинсы шалбар, үстінде лямка. Қос анары сыртқа теуіп тұр. «Осындай сұлудың мынадай мейрамханада қор болып жүрісін-ай! Талайлар бұған назарын тіктеген шығар. Қанша қалталының құшағын жылытқанын кім білсін?» деп ойлады ақын. Сол-ақ екен қаны басына тепті. “Сайтан! Сырт көрінісімен қалай-қалай арбайды, құрып кетсін”.
       – Екі саптыаяқ сыра!
       – Басқа ешнәрсе керек емес пе?
       – Керек болса айтармыз. Әзірше сыраны әкеле бер. Даяшы бұрылып асхана жаққа кетті.
       – Әдемі екен-ә, – деді журналист.
       – Мұндайлар сұлу бола береді. Көз арбайды.
       Ақын мен журналист сыраны асықпай ішіп, темекі тартып отырды. Ара-арасында әңгіме өрбіткен болды. Бірақ.әңгіме ширатылмай-ақ қойды. Есеп айырысуға келгенде даяшы қыз:
       – Мен де өлең жазамын, – деді.
       Ақынға даяшы қыз енді басқаша қырынан көрінді. Мана асығыс шешім қабылдағанына іштей өкінді.
       – Бір қолың босағанда өлеңдеріңді редакцияға әкеліп көрсет. Жақсы дүниелерің болса газетке жариялауға көмектесейін. Мен бас редакторды танимын. Мүмкін, алғысөз жазып берермін – деді Еркебұлан.
       – Жүдә жақсы болар еді. Бұл менің арманым ғой,-деп қыз қуанып қалды.
       – Өлеңді былай ермек үшін жазасың ба, әлде поэзияға ғашық болғаннан соң шығарасың ба? – деп сұрады журналист.
       – Арманым ақын болу еді. Оған қол жететін емес. Жазғандарымды ешқайда жариялата қойғаным жоқ. Бірақ, газет қызметкері болғым келеді. Осы мақсатпен Қазақтың ұлттық университетінің журналисткика факультетіне оқуға түсіп едім. Үшінші курстан бастап сырттай оқуға ауыстым,-деді даяшы қыз.
       – Есімің кім,айналайын?-деп сұрады осы кезде ақын.
       – Бота.
       – Мүмкін Ботакөз шығар?
       – Жоқ, Бота ғана. Әке-шешем маған «көзді» қимапты ,-деп күлді қыз.
       – Оқуды неге сырттайына ауыстырдың?-деп сұрады журналист.
       – Ол ұзақ әңгіме, аға.
       – Жарайды,айтпай-ақ қой. Қане, есеп қанша болды?
       – Айтпақшы, – деді ақын іркіліп, – енді бірер күннен соң менің туған күнім еді. Сол мерекемді осы мейрамханада өткізсем деймін. Және осы отырысқа сенің қызмет етуіңді қалар едім.
       – Сіздей ұлы адамға қызмет етуге қашанда қуанамыз. Алайда, сол күні мен жұмысқа түседі ме екенмін.
       – Сонда сен қашан түсесің жұмысқа?
       – Бүгін шықсам арғы күні келіп қаламын, аға!
       – Онда сол арғы күні кешкі сағат сегізге отыз адамға дастархан жаямын. Тапсырысты бүгіннен беріп қоямын. Сеңдерде 30 адамдық шағын зал бар ма?
       – Табылады, аға! Міне, мына бөлмеге 30-40 адам еркін сияды.
       – О, бөлме өте жақсы екен. Ендеше, менің туған күнім осы мейрамханада, мына шағын залда өтеді.
       Ақынның туылған күніне 50-60 адам жиналды. Бота зыр жүгіріп қызмет етті. Әдемі бөлме, сұлу қыз, дәмді тамақ, неше түрлі шарап тойға келушілерді еріксіз мас етті.
       Бұдан соң ақын үнемі осы мейрамханадан келіп сыра ішетін болды. Ол Ботаның қай күні жұмысқа түсетінін жатқа біледі.
       – Мына сақалды неге сені айналшықтай береді?-деді бір күні бармен даяшы қыз Ботаға.
       – Ол республикаға танымал ақын. Оған осы жердің сырасы ұнаған болар.
       – Ақын болса өзіне. Қазір сыра қаланың қай жерінде болса да бар. Сірә, осы сендер серт байласып қалдыңдар-ау!
       Бармен сылқ-сылқ күлді. Артынша:
       – Келушілермен осылайша ыржыңдаса берсең, жұмыстан босатамын. Бізге жеңілтек қыздар керек емес,-деп зіркілдеді.
       Бота жылап қалды.
       Арада тағы бірнеше күн өткенде Еркебұлан мен Бота орталық саябақта сырласып отырды. Қыз еркелеп жігіттің иығына басын қойды. Еркебұлан қыздың жұпар аңқыған шашынан иіскеді. Ол енді Ботасыз күнінің не боларын болжай алмады. Ақын жүрегінің жібек жіптері қыз махаббатымен жалғанғанын сезді.
       Оның да өмірінде соқтықпалы-соқпақты кезеңдері көп-ті. Тіршілік атаулыдан түңілген күндері мейрамхананың бір түкпірінде қою түтінге тұншығып ұзақ отыратын. Бота оған бота көздері жаудырап қарайды. Қыз жүрегі атқақтай соғады. Бота өз жүрегінің өзіне билетпей бара жатқанына қайран қалады. Еркебұланның қасына барып бұйра шаштарын саусақтарымен тарағысы келеді. Бірақ,суық жанарлы барменнен сұмдық қорқады. Ал,ол болса Ботаның жүрген-тұрғанына мысқылдап қарап отырады.
       Ақын мейрамханаға бүгін де келді.
       – Бота, мен сені мынадай ібілістер ұя салған ортада қалдырмаймын. Басқа жұмыс тауып беремін,-деді Еркебұлан
       – Аға,мұнда амалсыздан жүрмін ғой...
       – Редакцияға жұмысқа алдыртсам, істеп кете алар ма едің?
       – Білмеймін. Қорқамын. Онда жазуға әбден машықтанған журналистер қызмет істейді. Ал,мен өзім ұрлап оқитын өлеңдер ғана жазамын. Оның өзі кейде өзіме де ұнамайды.
       – Жоқ.Бота. Сен әлі жассың. Талпынсаң, ізденсең сенен жақсы журналист шығады.
       – Қайдам,аға!
       – Қайдамды қой. Айтқанды істе.
       Осы кезде Еркебұланның қасындағы столға үш жігіт келіп отырды. Үшеуі де екпіндеп алған. Олар даяшы қыз Ботаны қастарына шақырды.
       – Неткен сұлу қыз!-деді біріншісі.
       – Қарыңдас, қашан қолыңыз босайды?-деді екіншісі.
       Ал үшіншісі сөзден гөрі бірден іске көшті. Ботаны қапсыра құшақтап алды да ерінінен сүймек болды.
       Манадан бері осы көріністі бақылап отырған Еркебұлан орнынан қалай атып тұрғанын білмейді.
       – Жібер қызды!-деді ол жігіттер отырған столға жетіп барып.
       – Мұны қорғайтын сен соншалықты кімсің?
       – Мына шалға не керек өзі?
       – Сірә, мұнымен жөндеп сөйлесу керек шығар.
       Осы кезде бармен де келіп қалды.
       – Бұл не қылған шу-жанжал?
       – Мына бір мыжырайғанның джентелмендігі ұстап отыр. Бармен Еркебұланға зәрлі көзімен қарады.
       – Сыраңызды ішіп болсаңыз, тез шығып кетіңіз. Келген сайын осылай бірдеңені бүлдіресіз де жүресіз.
       Ақын не деп ақталарын білмеді. Ашудан қолдары қалтырап, қалтасынан әмиянын зорға суырды. Ботаға «кеттік!» деп еді ол жұмысынан шыға алмады.
       Осы оқиғадан соң көп уақыт өтті. Бота ақынның жұмыс орнына телефон соқты.
       – Аға, мен жұмыстан шығып қалдым. Ауылға кетіп барамын.
       – Сірә,менің кесірім тиген шығар, кешір. Мен бәрібір сені ол жерде жұмыс істетпейтін едім. – Осыңда қалада қалсайшы.
       – Сіз кінәлі емессіз, аға, бірақ мұнда қалай қаламын? Не жұмыс жоқ, не жататын орын жоқ.
       – Әпкемдікінде тұрамын демеуші ме едің?
       – Жұмыстан босап қалған бауырын әпшем де жақсы көрмей отыр.
       – Бота! Сен ешқайда кетпе. Мен қазір саған барамын. Ешқайда кетіп қалма. Өлсем де сені қорлатпаймын. Сені жұмысқа орналастырамын. Жалынамын, кетпеші.
       – Аға,мен жолға жиналып қойдым. Ауылға,әке-шешеме кетіп барамын.
       – Кетпеші,Бота! Кетсең, мені өлтіріп кет!
       – Сезімге қатты берілмеңізші, аға! Сіздің өз отбасыңыз,бала-шағаңыз бар.
       – Мен сені сүйемін, Бота! Осыны саған айта алмай жүр едім.
       – Сүйетініңізді сеземін,аға! Бірақ, біздің жол бір-бірімен түйіспейді. Қош болыңыз.
       Бота телефон тұтқасын тастай салды. Ақын орнында есеңгіреп отырып қалды. Әлден соң Еркебұлан жынданған адамша сыртқа жүгіріп шықты.
       Ол жолдан такси ұстап автовокзалға тартты.
       Алайда, Ботаның ауылына баратын бағыттағы бірде-бір автобуста, маршрутты таксилерде қыз болмай шықты. Қызмет орнынан оқыс шығып кетіп удай мас болып келген ақын жанын бұл күні ешкім түсіне алған жоқ.
       Содан кейін де ақын екі-үш ай үзбей ішіп жүрді. Тек бауыры сыр бере бастаған соң арақты амалсыз үзе тұруына тура келді.
       Арада екі жылдай уақыт өткенде Еркебұлан көшеде Ботаны ойда-жоқта жолықтырып қалды. Оған Бота бұрынғысынан да толысып сұлулана түскен тәрізденді. Бұрын қолынан ұстағанның өзіне қымсынатын Бота бұл жолы бетінен сүйіп амандасты. «Қарай гөр өзін. Тіпті, құлпырып кетіпті» деп ойлады ақын.
       Еркебұлан оны баяғыша мейрамханаға шақырды. Қыз тартынған жоқ. Екеуі жақын маңдағы бір мейрамханаға келіп жайғасты.
       – Кездескеніміз үшін!-деп Еркебүлан бір бөтелке коньяк алдыртты. Коньякты ұрттай бергенде Еркебұлан:
       – Мен сені әлі ұмыта алмай жүрмін,-деп қыздың қолынан сүйді. – Жүрегімді жаншып кеттің ғой.
       – Сіздің жүрегіңіз жаншылайтындай жан емеспін мен. Жүрегіңізді бекер жаралағансыз. – Сіз білмейсіз ғой мені...
       – Неге білмеймін? Білемін сені. Сен ақын болатынсың. Оған сұлулығың қосылып, мені өзіңе ынтық ете түстің. Бақыт құсымды енді таптым ба дегенде қолымнан ұшып кеттің.
       – Дұрыс болған.
       – Несі дүрыс?
       – Бақыт құсым дегеніңіз әншейін бір ала қарға болса ше?
       – Бәлкім мен ақындық жағынан сенен биігірек түрған шығармын. Оған бола өз бағаңды кемітпе. Жаны да,тәні де сұлу саған ессіз ғашық болғаным рас. Әлі де ғашықпын.
       – Ай,ақындар-ай! Аңқаусыздар ғой,аңқаусыздар.
       – Сен немене күйеуге шыққанбысың?
       – Жоқ. Шықпайтын да шығармын.
       – Неге?
       – Ол енді басқа тақырып.
       – Жарайды, жолыққанымыз үшін алып қоялықшы.
       Ақын мен қыз бір-бір рюмке коньяк ішті. Еркебұлан қызды биге шақырды. Екеуі сыртқа шыққанда уақыт едәуір болып қалған екен.
       – Мен қазір осы қалада тұрып жатырмын,-деді Бота.
       – Онда телефоныңды тастап кет.
       Бота телефон нөмірін айтты. Жігіт жазып алды.
       Бота мінген такси мейрамхана жанынан ұзай берді.
       Еркебұлан үйіне жақын маңдағы телефон дүңгіршігінен Ботаға телефон соқты.
       – Иә, тыңдап тұрмын сізді.
       – Маған Бота керек еді.
       – Оны жаңа ғана басқа клиентке беріп жібердім. Кеш қалдыңыз. Басқа қыз керек емес пе?
       Ақын «мынау не деп тұр» дегендей телефон тұтқасына шошына қарады. Арғы жақтан «Алло,неге үндемейсің?» деген дауыс естілді.
       Ертесіне достары Еркебұланды аурухананың жансақтау бөлімінен тапты...