Зылиха Жантасова

Туындылары


ЖАЛҒЫЗ ТАУ


       Бұл өскен өңірде жалғыз ғана тау алыстан қарауытып көрінетін. Жақындай қалсаң, тәкаппар әрі тұлдырлау кейпіне куә боласың.
       Жалғыздығына бұл кейіпі себепші ме, ол жағын ешкім айта бермейтін.
       Нәзіктікті іздесең, бауырында жылап аққан бұлақтардан табасың.
       Бұл тауды елге көтеріп жеткізі алмай, Толағайдай бір батыр қалжырап тоқтады ма екен? Әлде жауға қор болғанша, тас болайын деп, Тәңірден тас болуын тілеген ертегінің бір кейіпкеріндей бейне ме екен?– деген көп ой маза бермейтін,
       Кейде бала жүрегі жарылып кетердей күрсіне жалғыз тауға қарайтын. Жалғыздығынан шошынған болар. Таудан «жалғыздығыңа налитын кезің бола ма?»– деп сұрағысы келетін. Ондай сәттерде жалғыз тау мелшие қалатын. Тіл біте қалса, ақтарыла айтар ма екен? Әй, қайдам, адамға тән тіл бітсе, қайғы-мұңы азая қоярына сене алмайтын.
       Бірақ, таудың жалғызсырап түнде күрсінетінін естігендер бұл өңірде баршылық. Өтірік айтып қайтсін, өзі естіген емес. Адам тілін ұға алмай жүргенде, тау мен тасты қайдан ұғайын деп өзін ақтап алса да, тау тілін ұққысы келетін.
       Таудың жалғызсырайтынына мына бір оқиғадан кейін анық көзі жеткен. Көрші шал түнде үйінен шығып, тауды құшақтап өліпті. Бәлкім жалғыз таудың жабырқап, жалғызсырағанын сол қарт естіген болар. Жаназасына жиылған дүйім жұрт: «Тау шақырған екен»,– десті.
       Тау да жалғызсырап құлазығанда, адам баласын бауырына шақырып, дауыстайды екен-ау,– деп шошынған.
       Содан кейін тауды жалғызсыратпауды ойлағандай, көз жұмғандарды мылқау таудың бауырына жерлей бастады. Таудың бауырында қабірлер көбейе түсті.
       Жалғыз тау сазара түсті. Сазарды да аяулы адамдарымды еш жатсынбастан бауырына баса берді. Жалғыз таудан алыстай бергем. Алыстасам, азабым сейілер деген. Қайдағы..Тас тағдырлы тірлігіне көндіге алмай жүргенде, әлгі тасбауыр тау түсіне жиі кіретін.
       Кішкене кезінде желмен жетектесіп, адасып кеткен. Анасы марқұм іздеп жүріп тауып алған. Тағдыры да дәл сондай. Бұл желмен сырласып жүріп адасып кеткендей. Өзі де, өзгелер де мұны іздеп жүргендей.
       Көрші өзбек жерінде «Бауырстан» тауын көрді. Бұл туралы аңызды естіген. Таң құланиеттеніп атып келе жатқанда, тау дүр сілкініп жыджыпты. Жылжып келіп, бауырындағы елді түгел басып қалыпты. Тау көшкен деседі. Ертеңіне алыс-жақыннан бауырымдап келген ел сауыры суық тауды құшақтап көрісіп, оны Бауырстан деп атап кетіпті.
       Бауырстанға тобылжарған желі соққанда барған. Енді тобылғы бүршік жарып, алғашқы көк шыға бастайды. Ал етегіндегі елді бауырына басқан қаралы тау сазарады. Қаралы тау қараңытып қалып барады. Мен тағы да шошына жалғыз тауды ойладым. Жалғыз тау, сені сағындым.