Шығармашылығы
ТАЛАНТ ЖӘНЕ ТАҒДЫР
«Ешқашан ескірмейтін жалғыз жаңалық – талант, себебі ол барлық уақытта дa жап-жаңа», – дейді күллі адамзатқа ортақ кемеңгер Лев Толстой. Зылиханың өзін танымай, көрмей-білмей тұрып, шағын ғана бір новелласын оқып, таңырқағаным есімде. Әлгі туындысында тосын әуен тұнып тұр еді. Бос кеңістікке әлдебір ағыстар құйылып, айнала төңірегіңді мұнарлы мұң орай жөнеліп, өзге бір әлемге ауысып алатындай күй кешесің. Бұл неткен жұмбақ, нендей сиқыр? Дегеніңмен, ештеңені де тап басып, дөп танып бағамдай алмай, тағы әуреленесің. Кенет, күтпеген (бәлкім күткен) жерден ешкімнен де, еш уақытта да кездестіре қоймаған, оқымаған ғажайып сөйлемді көріп, сезініп, одан әрмен қайран қаласың.
Талант дегеніміз осы шығар. Зылиха Жантасова – сөзсіз талантты туындыгер. Талантты туындының қашан да қалам иесінің өз болмысын шым-шымдап шынайы жеткізетінін талайлар айтып та, жазып та кеткен ғой. Зылиханың әңгімелерінен, басқа да жазу-сызуларынан тосын әуендерді, тосын характерлерді, тосын сөйлемдерді таба отырып, таңданбауыңыз мүмкін емес. Зылиха сөздің дәмін, дыбыстың нәрін, сөйлемнің құдіретін кереметтей сезінеді. Сезіндіреді. Оның адамдарды, адамдардың жан-жүрегін, әрекет-харекетін, тағдыр-талабын, күллі психологиясын көркем-сөздің құдіретімен кестелеудегі өзгешелігі әрі қуантады, әрі таңырқатады, тіпті қорқытады да. Иә-иә, кейбір кейіпкерлерінің мінез-құлқы, іс-әрекеті хақында ой өрбітіп, пікір қоздатып, түйін түйетін сәттерінде жүрегіңді суыл кернеп, қорқатының да рас. Небір паралельдері жүйке жүлгелеріңнің парша-паршасын шығара жаздайды. Мәселен, «Ана, ана-шым! Мен сені бейкүнә, пәк жүрегіммен ақтап аламын. Тоғыз ай көтеріп, мына дүниеге әкелгенің үшін өзге күнәларыңнан ақтаймын. Бауырыңа басып, ақ сүт бердің. Бір күн болса да еміздің.
«Емізсең – кейін ет-жүрегің езіліп қиналасың» деген сөзге қарамастан, «дүниеден ананың мейірімін сезінбей өтетін жетімегің, ең болмаса, ананың ақ сүтін емсін» – деп ойладың. Сол ақ сүт үшін кештім. Әй, анашым-ай, мені тастамай алып жүргеніңде, көз қуанышың болар едім ғой.
Қарлығаштың қанатымен су сепкендей, қорғансыз жаныңа дәру болар едім ғой» немесе «Есімім-Жүрсін». «Осы дүниеде көптің бірі болып жүрсін», әлде «өкінішімнің айғағы болып жүре берсін» деді ме екен», «Сол жұмбақ сен емессің бе, ана?! Ойнақтап жүріп от басқан аяғыңды өмір кесіп, қорғансыз жаның адамдарға емес, таяққа сүйенді ме?» дегендейін ой түйіндер осыны дәлелдесе керек.
Зылиха – адам жанының, адамгершіліктің экологиясына арашашы болмаққа туылған талант сияқты. «Жүрегі жар¬ты адамдар, қайсысың менің анамсың?» – дегеніне қалайша қалтырамайсың... Осы қаламгердің өз тағдыры һәм күрделі де күрмеулі секілді сезіледі бізге... Жолың болсын, Зылиха!
«Сағыныш» атты бұл кітапты тағы да біздің нарқасқамыз Нармахан Бегалыұлы жарыққа шығарып отыр. Бұрын шығарғандары Қажымұқан, Әдіһам, Елтай, Ханбибі, т.т. еді. Енді олардың қатарына Зылиха қосылды. Біздің Оңтүстік бұл жағынан да өнеге танытып, біріншілікті иеленіп тұр. Сан қырлы сырбаз Нармаханымыздың бір қыры – мецанаттық. Нұр жаусын сізге, Нараға! Жаратқан алдыңнан жарылқасын, тағдырлы талант иесі!
Мархабат БАЙҒҰТ
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
БІР ӘҢГІМЕНІҢ ӘРІ МЕН НӘРІ
Перзентханада өмір қайнап жатады. «Ана көкірегі», өз басым бұл әңгімені тап осылай атар едім. Өте әдемі де әсерлі. Жайшылықта «әдемі дүние – әңгіме» деп айтып жүргеніміздің тағы бір мысалы. Марғасқа М. Байғұт «өзі жастар арасында проза жазатындар аз ғой. Зылиха соның бірі» дегенді айтады. Алып тастары жоқ. Жөн сөз, бір қосарым, бұрын да жазушы қыз-келіншектер арасында некен-саяқ болатын. Содан болар Бексұлтан Нұржекеев ағамыздың қыздардың сұлу да сезімтал жан дүниесіне тереңдеп бойлай беретіні. Марғасқа ағамыздың өзі де қалыспай бір иығын беріп жүреді. Несі бар, бұл да бір жарасымды ізденіс тақырып таңдаудағы стилистік машық. Қашан-ғы жатқа, аустриялық Стефан Цвейгке жаутаңдап, соны ғана мақтай береміз. Сұлтанмахмұт айтпақшы «бізде де анандай бар, мынандай бар». Ең бастысы, бұл тақырыпты ел қызығып, қыздардың өзі қыры-лып оқиды. Белгілі бір дәрежеде рейтингіңді көтеріп тастайды. Ә. Нұршайықов, Ө. Қанахин сынды аға буын өкілдері бар емес пе. «Махаббат, қызық мол жылдар» әліге дейін ел аузында.
Зылиқа Жантасованы әйел жазушы, жас жазушы дей салуға өз басым қосылмаймын. Қыздың жасын айтпайды, бұл бір, екіншіден, Зылиқа өзінің кәсіби де нәсіби жазушы екенін баяғыда дәлелдеп қой-ған. Әмбебаптағы тағы бар, ғылыми атақтан да жұрдай емес. Өзім оны, Ж. Оразалиева екеуін баста әдебиет сыншысы деп қабылдаған һәм сүйсінген ем. Жүре келе Зылиқа қарасөзде де орны барын дәлел-деген жорғасын ашты. Ойы да тастемірдей нақты-бақты. Тағы бір мысал әдебиеттің ғылымға дендеп бара жатқанына. Текті Тәкен аға-сының жолын қуған. Ғылымнан бастаған М. Мағауин, аспирантура бітірсе де атақ қорғамайтын Ас Сүлейдің жолын жалғаған. Көзімізді әдебиетке құр қызығушылықпен келмегеніне әбден жеткергендей.
Зылиқаны үкілеп баптап бәйгеге қосқан, дер кезінде таныған нарғасқа лирик Нармахан Бегалыұлы. Демек, Зылиқа тәрбие көрген жазушы-әдебиетші. Оның бір бауырмалдығы – қарақан басым демей өз қатарындағы ақын, жазушы, оқымысты қыздарға бәйек боп жүре-тіні, қолынан келгенше жәрдем беретіні. Көпшілік қолдау, жәрдем де-генді тек қана ақша беру, қаражаттан қарасу, меценат болу деп қабыл-даса керек. Жоқ, сірә олай емес. Дұрыс бағытқа жол сілтеу, кеңесші дос болу, көңілге бай кісілікті мәдениет.
Әңгіме перзентхана түнінен басталады һәм оқиға да сол түні өрбіп шарықтау шегіне жетіп аяқталады. Перзенті әлсіз туылғанына жаны шыдамаған келіншектің басындағы шаршаңқы ахуал. Әңгіме психологиялық желіге, көңіл-күйге құрылған. Тұмса перзенті ғой ұзақ күттірген қанша дегенмен. Жанын қоярға жер таппай мазасыз күй кешкені содан. Өкпесі жетілмей туылған бала ваккумде тыныстап жат-қандықтан өзін тар перзентханаға сыйғыза алмауда.
Қилы тағдыр. Біреу палаталас серігі Шолпан сынды шаранасын оқыс жоғалтып жатыр. Әлдебір жас қыз атасынан қорқып өз еркімін тастап қашып жатыр. Алақұйын өмір дерсің. Аякөз тастанды қыз бала-ға жаны ашып бауырына баспақ ойға да бекінеді. Осыны телефонмен жеткергенде, ер-азаматы бұған келіспегесін іштен тынып қоя салған. Өйткені, анасы тастап кеткен қыз бала да шала туылған екен. Ері сондықтан, екеуі де шала туылған болса қалай асырап-өсірмексің деп бір-ақ кесті. Сосын амалы құрып үндемей қоя салған.
Мұндайда ой шіркін де құрық бермей кетеді. Жадына ауылда-ғы бір баласын қайнағасына берген Сұлу кейуананың әңгімесі жадына орала берген. Өзі тоғыз құрсақ көтерген. Қалғандары құрақ ұшып тұрғанымен әлгі бала – үшінші перзенті басқа отбасында өскендіктен бұған тым салқын.
Оқиғаға өз тарапынан ештеңе қосып айтпаған. Естелік ретінде сөз арасында айтады да қояды. Жайдан-жай емес, әрине. Жақсыға-жа-манға әсте жіліктемейді. Кейіпкерінің көңіл-күйіне қарай өрілген. Дегенмен автордың да, жаңа босанып жатқан кейіпкерінің де жүрегі тым жұмсақ. Ауыспалы көңілдің бірде ысып, бірде суынғаны. Психологизм деп қайыра салдық біз де. Бұл күрмеуі қиын тақырып. Бәрі де нанымды; ерке балаға да, оның перзенттік мейірімін аңсаған ананы да кінәлай алмайсың. Өмірде жиі ұшырасып жататын жағдаят. Пендеміз бәріміз де. Оқиға желісі шиыршық ата шамырқанып барып шешімін тауып аяқталады. Дәрігері Аякөзге баласына жақындап оны емізуіне рұқсат береді. Бұған жүрегі жарыла қуанған ана ұлын кеудесіне құ-шырлана басты. Лирикалық қарасөз жанрының қағидатына сай қысқа қайырылғанмен есте қала қоятын ой салған жазушының шеберлігіне сөйлемді құры сылдыратпай, тақырыбын тым қаузамай аяқтағанына сүйсініс білдірдік. Діті ақталды – оқырманды ойландырды. Көкіректің көрігіне ой тамызып кетті. Әсері де осында. Көз қыдыртып оқый сал-майсың, бір қараған соң ұмытып кетпейсің. Жазушының әңгіме құ-рауға теориялық дайындығы да, өмірді танып біліммен ұштастырғаны да осынау қалтқысыз білігінде. «Оқып шығыңызшы» деп флежкама жүктеп берген. Оқып шықтым.
Шынында ой саларлық!
Маған ұнаған бір қасиеті – өзін әйдік сыншы санамайтыны. Осы жері өзіме ұқсайды. Әдебиетте сыншының түрі баршылық. Бірі – сын-ды кәсіп еткен, ондайлар ақын-жазушыны менсіне бермейтін, өзіне міндетдар-кіріптар қойғысы келетін өркөкіректеу. Өзін ғана бәрін де білетін ақылды санайды. Жазғышбектер менен қаймығып тұрса деген астам ойды малданғандар. Бірі сынды кәсіп етпесе де әдебиетті өзіне нәсіп еткен ақындар мен жазушылар. Әдебиеттануды бір сыншыдай, бір ғалымдай білмегеннен шебер ақын, жампоз жазушы шығады де-генге әсте сене қоймаспын. Ұнаған авторының кітабына пікірін, көкі-регі танығанын айтуға әбден һақылы. Басқаның қалай жазғанын да, өзінің не айтарын да жетік біледі. Сондықтан да біреуден «сені мақта-дым» деп қолпашсөз де, дәнеңе де дәметпейді, яки «жақпай қалсаң жер жастандыра жамандаймын» деп қыр танытпайды. Үшіншісі – мен де кітап оқыймын дегендей сөзге киліге кететіндер. Мұндайлар өзі оқымаса да біреуден естігенін езбелей бермек. Бет бақтырмай, жөн сөзге қонақ бермейтін сөзшең. Солайы солай.
Сәрсен Бек САХАБАТ
Ақын, Қ. Қазиев атындағы әдеби сыйлықтың, халықаралық «Нәзір қоры»
сыйлығының, әл-Фараби атындағы сыйлықтың лауреаты
ҚҰПИЯ БОЛМЫСТЫ ҚАЛАМГЕР
Өнер – таңдап қонатын бақ. Жаратушы қалаулы пенделеріне ерекше өнер дарытқан. Сол өнерді паш ететіндей, өмірді терең түйсінетіндей оларға қатал тағдыр сыйлауы да мүмкін. Біз әңгіме еткелі отырған өнер иесі қаламгер. Замандас Зылиха қызбен қарым-қатынасымыз – таза адами сыйластық. Күнделікті өмірде сырты күлген, ішкі тысы қырық қатпарлы түлкі бұлаң мінездерді де көріп жүрміз ғой. Зылиханың ең алдымен қарапайым адами қалпы ұнайды бізге. Жазушының «Жанымның жаз ғұмыры» кітабы өзіне есеп берген дүниесі сынды көрінеді бізге.
Зылиханың бойындағы сабырлылықты аңдап, тау қозғалса да қозғалмайтын болмысына туған жерінің табиғатының әсері бар ма деп ойлаймыз кейде. Шығармашылық – адамның жеке болмысымен үндесетін құбылыс. Адамның өмірдегі сағынышты мекені – туған жері. Қаратау баурайының қызы ғой, тауға қарап болмысын қалыптастырып, биік арманға ұмтылған болар бала шақтан. Биік мұңға қарап өскен қыз болғандықтан ба, мұңға жақын табиғаты. Тау баласы табиғаттың төлтумасы. Жарық дүниені тани бастағаннан-ақ тау мен табиғатты танып өседі. Жарық дүниеге «Арыз айтып кеткен», мұңлы ойдың жетегінде ғұмыр кешкен Мұқағали ақынның да түсіне тау кіретіні «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді» өлеңінде баяндалатыны белгілі. Тау да адамның түсіне бекер кірмейді. «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді, тау жайлап, тау қыстаған шал жүреді. Басында ақ қалпағы, жүннен шекпен, астында балпаң басқан сал күреңі. Сөйлесуге, менімен мұңдасуға, шақырады, кім білсін, сырласуға. Енді жете бергенде ғайып болып, отырады басқа бір қыр басында». Зылиханың да мұңы ақиық ақын Мұқағалимен үндескендей. Тау табиғаты – тылсым. Сырын көрінгенге аша бермесе де керек. Жазушының «Жалғыз тау» әңгімесінің табиғатынан туындап отыр бұл ойларымыз. Әңгімеде жалғыздықтан «жүрегі жарылып кетердей» күрсінген баланың жалғыз таумен сырласқысы келетіні әсерлі суреттелген. Қатал кейпі мелшиген таудан нәзіктік іздесең, «бауырында жылап аққан бұлақтардан ғана табасын» дейді қаламгер.
Қаламгер қаламынан өмірдің өзінен туындаған шығармалары оқырман қауымға таныс, лайықты бағасын да алып жүр. Қаламгер ақиқат өмірді жете зерделеп, нанымды өмір штрихтарын ұсынады. Жазушының әңгімелерінің ерекшелігі, өмірдің өзіндей қарапайым әрі терең. Уақыт жылдам өтіп жатқан зымыран заманда оқырманды толғандырар осы ширақ та жұмыр жанрға іш тарту да дұрыс сияқты.Қазіргі прозаның басты шарты қысқалық болса,қаламгер осы мүддеден шыққан. Автор ең бастысы әңгіме шартын меңгерген. Ізденіс үстіндегі ізгі қадамдары қуантады. «Ақын – сәби, сәби әсте шындықты айтар» деп ардақты ағамыз Қадыр ағамыз айтқандай, жазушы да бала сынды шындықты да айтады, бала сынды қиялдың да жетегінде жүреді, дана сынды қоғамдағы сан алуан адамның жан дүниесін зерттеп, («жазушы – адам жанының инженері деген сөз де есте), өмір құбылысын пайымдап, қыр-сырына үңіліп, елеп-екшеп ой түйеді.
«Қалай жұбатар екем?» әңгімесінде психологиялық параллелизмді шебер пайдаланады. Әңгіме кейіпкері жастайынан анасынан айырылған Жәудірді (анасынан жастай айырылған қамкөңіл қыздың жанары жәудіреп мұңлы болатындықтан да осы есімді таңдаған болар автор) «талай рет тамақ істеймін деп, қолын ғана емес, жанын да күйдіріп алған болар» деп суреттеуінің өзі өмір ерте есейткен қыздың кейпін ашып көрсетіп тұр. Өксігін баса алмаған, кеудесі қорғасын басқандай ауыр тақсыретке булыққан қыздың жан дүниесі – психологиясы оқырманын бей-жай қалдырмасы анық.
«Қияли» әңгімесі – баяндалуы бөлек, бас-аяғы жұп-жұмыр дүние. Н.В.Гоголь «ақылдан қайғы» тудырды, Зылиха бұл әңгімесінде таланттан қайғы тудырып отыр. Абайша айтсақ, «қайғы шығар ілімнен, ыза шығар білімнен, қайғы мен ыза қысқан соң, зәр шығады тілімнен, қайтіп қызық көремін, әуре-сарсаң күнімнен». Кейіпкер «құмырсқаларда ешқандай формация жоқ, әркім өзінше еңбек етеді» дегені үшін «Қияли» атанған. Шын дарындылардың өмірде бағы жана бермейді. Өкініштісі – сол. Себебі өмірге бейімделу үшін жылпостық, әккілік, сатқындық, қулық, сұмдық, зұлымдық керек дейді Тағы да кемеңгер Абайға жүгінсек, «Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық, кім көңілді көтеріп болады ермек». Жалғыздық – классикалық ұғым. Жалпы, жалғыздық жоғарғы парасатты сана мен төмен пендешілік сана деңгейіндегі мінездердің қайшылығы сияқты. Әңгіменің кейіпкері жалғыздықпен бетпе-бет қалған. «Бүгінгі мыңдаған жалғыздардың ерлігін де, мұңын да қайталап келемін. Сен де сол мыңдардың бірісің ғой. Негізі біз көппіз. Жалғыздарды айтам». Ия, өмірде дарындардың бәрі «бақсының моласындай» жалғыз. Жалғыздық жайлы толғанбаған дана жоқ. Адамның жан дүниесін суреттеудің шебері Мопассанның «Жалғыздық» әңгімесінде жалғыздықтың табиғатын былайша түсіндіретіні бар еді: «Адам болмысындағы жұмбақтардың ішінен мен бір жұмбақтың жауабын таптым: біз өмірде бәрінен бұрын мәңгілік жалғыздықтан жапа шегеміз... Біз не істесек те, қалай аласұрсақ та, жүрегіміздің ұмтылысы қаншалықты жалында болса да – біз қашан да жалғызбыз. Сансыз жұлдыздары самсаған көкте не болып жатқанын жер білмейді емес пе? Адамдар да солай. Басқа адамның әлемінде не болып жатқанын білмейді. Біз бір-бірімізден аспандағы жұлдыздардан да алыспыз». Ия, шын мәнісінде адамдар өмірде бір-бірімен байланыста, қарым-қатынаста болғанымен, бірінің ішінде не барын басқасы білмейді... Өмірден баз кешкендер де – көбіне дарындылар. Талантты ақын Жәркен Бөдешұлының «Жалғыз» атты поэмасында: «Беу, жалғыздық әлемі, беу, жалғыздық әлемі, ғұламаға жарасқаның әдемі... Жалғыздықтан қорқады обыр, жемқор, топшыл, құзғын,күшіген. Жалғыздықты даралық, даналық деп түсінем. Тағдырлар бар сан алуан, ішінде құла, аласы. Жалғыздықтан жаралған адамзаттың баласы» дегені де ойға оралады. Қайтадан «Қияли» әңгімесіне оралсақ. Зылиха детальға шебер.Өмір шындығын, кейіпкер табиғатын шағын детальмен бере білудің шебері. Жазушы шеберлікпен кейіпкердің тағдыр жолын алдыңа жайып салады: «дүрбелең дүние дүбірінен қалыс қалмайтын, жүргені жүгіргені сияқты шапқыласа да, ойлағаны алдырмағаны мүжілген жүзінен хабар береді», «оның әрекеті ешкімнің назары түспейтін менің кішкене ауылыма ұқсайды. Тасада қалған тіршілігінің туы жығылмай келе жатқаны да үмітсіз қайсарлығы еді». Жазушының кейіпкер тағдырын шындық өмірмен тұтастыра отырып, оқиғадан гөрі өмір сүру мәселесіне ден қоюы әңгіменің мазмұнына, ішкі құрылымына әсер етіп, мүлдем жаңаша сипат берген. Мына үзіндіге назар аударсақ: «Есікті қаққанымда, көрші әйел есігін ашып, маған барлай қарап алды да:
– Ол шатырда ғой деймін, – деп дауыстады.
– Онда не бар? – дедім таңырқап.
– Қияли ғой, – деп бұрылып кетті.
Шатырда жалғыздан жалғыз терең ойға шомып отырсың. Келгеніме қуанып қалғаныңды жұқа өңің жасырып үлгермеді. Таңырқағанымды жүзімнен оқып алдың да:
– Бұл менің шыққан биігім ғой. Жеткен ұшпағым.
Содан соң, ұлы ойлар биікте туылады ғой. Аллаға жақындағым келеді. Ал адамдардан алыстап бара жатқан сияқтымын...». Әңгімеде юмордың қауқары қайғының пердесін жасыруға дәрменсіз. Қияли – жүрегі кең, жаны таза, адами толғанысы бар кейіпкер. Көркем шығарманың бір қыры – өмір шындығын көркем шындыққа айналдырып, оқырманына ой салуында. Зылиханың әрбір әңгімесі шығармашылық ізденістерінің бедеріндей. Прозадағы лиризм әңгімелерінің тінімен өріліп отырады, көлемдері шағын болғанымен, идеясы айқын көркем дүниелер.
Орыстың қабырғалы қаламгері А.П.Чехов: «Адам баласы сағыныш пен мұңнан айырылған жерде бәрінен айырылады» деген екен. Өмір тек шаттықтан тұрмайды ғой. Ал мұң мен сағыныш адамды толғандырады, ойға жетелейді. Зылиханың прозасында осы қатал мұң мен сағымға толы сағыныш бар. Балалығы әр маяның түбінде қалған ақын ағаларымыздың тағдыры таныс еді бізге. Зылиханың «Мейірім» әңгімесіндегі кейіпкер тағдырынан осындай ызғарлы тасмаңдайлықты сезінеміз. «Мейірім» - еріксіз көңіліңе мұң ұялататын, «екі көзден мөлтілдетіп жас келтіретін», сезімге толы көркем дүние. «Беріктің көңілі шырылдап, балалық шағы үскірік аязға тоңып қалған». Қатқыл сипаттау. Тас тағдырлы тіршіліктің болмысы бедерленеді. «Көкіректі жарар күрсіністі» сезінеді оқырман. «Қыз деген мейірім ғой» - әңгіменің лейтмотиві десек жарасады. Сәби кезінде анасынан айырылған қыз баланың әжесіне деген, бауыры – ағасына деген мейірімі, қызық та думанды жастық шақ салтанатын ағасының амандығына құрбан еткен қыздың мейірімі паш етіледі бұл әңгімеде.
«Сағым арман» – көз алдыңда бір тағдырды бейнелейтін туынды. Кейіпкердің бүкіл ғұмырлық сағым арманын шағын көлемге сыйдырған әңгімеде қазіргі таңдағы ең көкейкесті мәселелердің бірі – тұл тағдырлы қыздардың жан дүниесі керемет ашылады. «Қара түннің қара шашын жұлмалай жылағысы келеген-ді. Жылай алмады. Жұбататын адамың болмаса, жылаудың өзі далбаса. Сыйықсыз түн. Жоқ, адам көргісіз түн екен ғой». «Сағым арман» әңгімесі осылайша басталып, алдыңнан өмір драмасы ашылады. Қараңғы түн – психологиялық параллелизмнің белгілі көркемдік құралы, адамның жан дүниесінің қалтарыс-бұлтарысын тұспалдайтын тәсіл. Қараңғы түн – символ. «Жалғыздығына куә Айға қарап күрсінген», өмірден күйзелген Сағи қыздың «жалғыз тыңдарманы Ай да мұңлы сияқты. Жоқ, ақылманы екен ғой. Үнсіз тәрбиелейді. Тәрбиелеу үшін тек сөйлеу керек пе екен?». Тым жақсы қыздардың тағдыры осылай өріледі. Өмірдің ащы шындығы бар мұнда. Метаморфоза бар мұнда. «Сағым арманда» Сағи қыздың (есімін де текке Сағи деп алмаған) ешкім елемейтін, ескермейтін тағдыры бар. Кейіпкердің «Бұл – Балпанақтын анасы» деген аңсарлы сағым арманы өзегіңді дызылдатады. Қамкөңіл қарапайым пенденің өмірі.Ал мұндай тағдыр иелері қазіргі қоғамда аз емес.Олар өз мұңымен тұйықталған жандар.Зылиханың көлемі шағын әңгімелерінде адамдардың бүкіл тағдырын,оның арғы жағындағы қоғамның бейнесін көрсететін шеберлік бар. Депрессивті көңіл-күй әңгіменің өне бойын алып жатыр. Өткен өмірді шарлаған қыздың көңіл көзі баянды, медет тұтар ештеңе таппайды. Бір ғажабы автор өзі бейнелеген ауыр тағдыр иелерін жылытпайды. Өмірдің өзі қандай қатал да суық болса, жазушы да сондай салқын.Ақыл айтпайды. Қалай қабылдасаң, солай түсін. Өмірдің қатал шындығы да солай емес пе?
«Әбдіразақ аға» әңгімесінде ет жүрегіңді елжіретер нәзік сезім бар. Бірінші жақтан баяндалатын бұл әңгімеде кейіпкер мейірім тұнған қарапайым отбасынан көрген жақсылығын паш етеді. Әбдіразақ ағаның бойындағы кісілік пен кішілікті шендестіре отырып көрсетеді.
Прозаның көркемдік межесі – тіл. Тіл туралы әңгіме көркемдікке тіреледі. Осы тұста танымал жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың пікірін келтіре кетсек: «Зылиха Жантасова – сөзсіз талантты туындыгер... Зылиханың әңгімелерінен, басқа да жазу-сызуларынан тосын әуендерді, тосын характерлерді, тосын сөйлемдерді таба отырып таңданбауыңыз мүмкін емес. Зылиха сөздің дәмін, дыбыстың нәрін, сөйлемнің құдіретін кереметтей сезінеді. Сезіндіреді». Қаламы жүйрік журналист, әрі қаламгер жас талантты орынды бағалаған. Зылиханың әңгімелерінде адам тағдыры табиғат құбылысымен де асатасып жатады. Оның көркемдік әлемінен «Етегіндегі елді бауырына басқан сазарған қаралы тауды»(«Жалғыз тау»), «Қоңырқай көңілінің көктемін аңсап, мұңның құшағынан бұлқынып шығып, қала кезген қызды» («Аяныш»), «Қара жер тербетіп, жел сыңси әлди жырын айтқан жетімді» («Жүрегі жарты адамдар»), «Иесі жоқ сезімдердің киесі бардай көрінген, жетімсіреген желмен бе, ағысы тұнық баяу өзенмен бе, тұлдырлау жадау таумен туыстығы бардай сезінген қызды» («Қалай жұбатар екем?»), міне, осындай бейнелерді танисың, сезесің, көресің, тұла бойыңды шымырлатар тағдырына куә боласың. Зылиханың жанына жасандылық жат. Оның прозасы таусылмайтын өмір мұңындай көрінуі мүмкін. Адам өмірде де кейде тығырыққа тірелген, дәрменсіз, шарасыз күйді бастан өткереді емес пе?! Жазушы әр адам өмірінде кездесуі мүмкін құбылыстың өзгеше күйін көре біледі және жан дүниеңді елжірете жазады. Мүмкін сондықтан да Зылиха өмірде де қашанда ойлы, сезімтал, әсершіл. Зылиханың прозасында шұрайлы, сазды тіл бар, сөзге жан бітіріп, сөзді сөйлетудің құпиясына енген қаламгер болып қалыптасқаны байқалады. Баяндау тәсілінде, тілінде өзіндік мінез, өзіндік стилін танытар тіл бар.
Жылы ғана жымиып Зылиханың «кішкентай қыз» деп әзілдейтіні бар бізге. Бірақ жымиысының өзінде бір қатал да құпия мұң бар. Зылиха сол құпия мұңымен, таза адами болмысымен қымбат бізге. Зылиханың күлкісі әрі ауыр, әрі терең күлкі. Есті күлкі (есеппен көңіліңді аулау үшін де күлетіндер бар). Өмірде біртоға, өзгелерден өзгеше болғандықтан, Зылихамен кейде сақтана сөйлесесің. Табиғаты сыншыл ғой. Өзіміз үшін кісілік келбеті қымбат қаламгердің көркемдік әлеміне әлі де талай оралармыз деген ойдамыз.
Раушан Кажиакбарова
Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының
«Қазақ тілі мен әдебиет»і кафедрасының доценті
ЖАЗУШЫ ЗЫЛИХА ТҰРАРҚЫЗЫ ӘҢГІМЕЛЕРІНІҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
(«Тағдыр биі» жинағы)
Тәуелсіз еліміздің тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегін кеңейтетін, рухани мәдениеттің ең елеулі саласы - әдебиет екендігі белгілі. Әдебиет өнерінде халықтың қаншама ғасырлар бойы жинақталған рухани ұлы мұраттарын мазмұндайтын көркемдік құндылықтар бар. Алайда, әдебиеттің әрбір кезең тұсында сол заманның сипатына қарай түрлене, жаңғыра, жаңара түсетінін ескерсек, тәуелсіздік кезеңіндегі қаламгерлердің қазақ әдебиетінің жаңа дәуірін бастан кешіруде. Соның ішінде қазіргі қазақ әңгімелері де өзіндік ерекшелігімен түрлене түсті.
Ақпараттар дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан болар қазіргі уақытта телеарнасыз-ақ ғаламтор желілерінен жаңалықтан хабардар болып отыратынымыз ақиқат. Әдебиеттегі жылы лептерді де осы әлеуметтік желіден байқап отырамыз. Аудармалары мен әңгімелерін аракідік фейсбук (Facebook) парақшасынан оқып жүрген қаламгердің бірі - Зылиха Тұрарқызы. Оқырман қауымға «Сағыныш», «Жанымның жаз ғұмыры», «Тағдыр биі» т.б. прозалық кітаптарымен танымал болған жазушының жаныма жақын кітабы «Тағдыр биі» деп аталады. Әңгімелер циклінен тұратын шағын жинақта қысқа туындылар жинақталған. Алайда, сөз кітаптың тұрқында емес, көтерген жүгінің салмағы жайында болмақ. Қолыма қалам алуыма да автор әңгімелерін оқу барысында алған әсерлерім болды.
Әр әңгіме өзінде бір әлем секілді. Құдды бір шебер суретші секілді, бояулары қанық, оқыған адам әсерсіз қалмайтыны анық. Жазушы кейіпкерлерді өзі көрген адамдардың тынысын негізгі тақырып еткен. «Тағдыр биі» деп кітапты атауынан-ақ жазушының қоғамдағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, әрбір әңгімеде жекелей бір тағдырды ашып көрсеткен.
Өмірдегі қысқа тірлікте отбасы, ұрпағы үшін барлық ауыртпалықты көтеріп кейін қартайып бойынан әл кеткенде қазыналы қарттарымыз шаңырағының басында ақылы мен кеңесін айтып, немере мен шөбересіне өсиетін жыр етіп, ақ батасын беріп отыруы керек кейбір ата-әжелер болмысын «Тағдыр биі» әңгімесінде суреттеген. Қарттар үйі… Аты да заты құлаққа түрпідей естілетінімен, мұнда ата-әжелердің аялы алақаны мен ақ батасы, салиқалы өсиеті бар. Бұл үйде үкілі үміттер, мұңды көздер, сарғайған сағыныштар, ұқсас тағдырлар, өзекті өртер өкініштер көп. Жазушы «Тағдыр биі» әңгімесінде қарттар үйі қазақтарға жат ұғым деп санауы мына бір диалогтан анық көрініп тұрғандай:
Жол бойына белгі қойып, «Қарттар үйі» деп жазып қойса қайтеді? - деген шопырдың сұрағына;- Айқайлап жазып қоятындай мақтанатын жер ме «Қарттар үйі?».Ата-анасын тастаған безбүйрек адамдарды яғни «кінәлі адамдарды» қамсыз, түсінсе де елемей жүре беруі жазушыны ойландырады. Асыл дінімізде де әке-шешені қадірлеу, құрметтеу әрбір мұсылманның баласына парыз етілгені бәрімізге аян. Қоғамда етек алған «балалар үйі», «қарттар үйі» секілді бірталай кемшіліктерді қынжылған кітапхана қызметкерінің айналаға деген көзқарасы арқылы ашады.Жазушы негізгі кейіпкердің маңайындағы қарама-қарсы характерлер жасауда мекеме қызметкері Раушанның мінезін сөз ете отырып, оқушыға ой салады. Раушан тәрізді басшының айналасына деген қаталдық сезімдерін оның бет-бейнесі мен өзі сөйлеген сөздерімен қатар суреттейді . Тас жүректі жібітетін, ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын осы бір әңгіменің жалғасы «Жүрегі жарты адамдар» әңгімесі. Қазіргі кездегі ең өзекті мәселелердің бірі жетімдер екенін жазушы Зылиха өз еңбегінде тілге тиек етеді. Қай мемлекетте қай қоғамда болсын ең әлжуас жандар – жетімдер. «Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» - деп ақындарымыз жырлап, әншілеріміз бейнебаяндарында айтып жүргеніндей ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар сол бақытты сезініп жүрген жоқ. Елімізде балалығында қуанып күле алмаған, ата-анасына еркелей алмаған сәбилер көбейген сәтті жазушы бүгінгі оқырман қауымға көркем сөзбен баяндап береді.
«Жүрегі жарты адамдар» әңгімесінің осылай атаудың негізгі мағынасын түсіндіруден бастайды. Жазушы бұл әңгімесінде мейірімділікке деген жетімнің жанашыр көзқарасын Жүрсіннің мінез-құлқындағы ерекшеліктер арқылы білдіреді. Жүрегі мейірімге толы Жүрсін: «Жүрегі жарты адамдар, қайсысың менің анамсың?!» - деп іздеуі, әлі де анасын қиянатқа қимауы, ана мен бала махаббатының бағасын білуге, оны көпшіліктің көкейіне жеткізу әңгіменің салмағын арттыра түседі. Тасбауыр ананың кесірінен жетім атанған Жүрсіннің тағдыры оқырманын немқұрайлы қалдырмайды. Қазақ – ежелден жетімін қаңғыртпаған, жесірін тентіретпеген халықпыз, дегенмен елімізде жетімдер үйі, қарттар үйінің саны артып кетті. Әрине, бұл тек жеке бастың емес, қоғамның қасіреті екенін жазушы шағын әңгімеге сыйғызған.Құрсағын жарып шыққан сәбиін жетімдер үйіне өткізіп, белінен бөлінген шарананың тағдырына көзін тарс жұмып қараған безбүйрек ананың бейнесін жазушы рет-ретімен орынды суреттейді. Балаға қастандық жасаған анасы «қылмыскер» болмай кім болды? Осы сұраққа Жүрсін өзін жазықсыз кінәлайды да анасын барынша ақтап алуға тырысады: «Анашым-ау, албырттықпен қыз ғұмырыңда адастың ба?» - деуі жазушының оқырманға ой салу арқылы шығарманы жазғандағы мақсатын орындап шыққан.Осы орайда менің де қаламгердің жазарына қосарым,балалар мен қарттар үйін паналап жүрген ата-әжелердің ұрпағын, көкек аналарды азаматтық не қылмыстық жауапқа тартса, «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз» деген өмір философиясын болашағымыз ұғына түсер еді деген ниет.
Жазушының «Ана көкірек» әңгімесі «Жүрегі жарты адамдар» әңгімесінің жалғасы тәрізді. Мұңда жазушы киелі мекен, табалдырығы құтты перзентхананың тіршілігі жайлы сөз етеді. Перзентханаға ана болсам, сәбиiмдi аман-есен құшағыма алсам деп перзентхана табалдырығын табына аттаған әйелдердің бейнесін Аякөздің болмысымен береді. Перзентханада да нешеме тағдырлар тоғысын жазушы Аякөзге қарама қарсы характер етіп бойжеткен бейбақтың баласынан бас тартқан оқиғасымен суреттейді. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетер әз аналар арасынан азғындаған сіңлілеріміздің, қыздарымыздың осындай жаза басып, жүкті болып қалуы бір ғана отбасының немесе бір ғана ауылдың, аймақтың қасіреті емес, қазақ деген жаны жайсаң, көңілі дархан ұлтымыздың ұятына таңба болып тұр. Жазушы осындай келеңсіздіктер сәбилер үйін толтырудың ең басты себебі болып тұрғанын кең түрде қамти алған.
Зылиха Тұрарқызы прозаларында өзіндік ерешелігімен, суреткерлік шеберлігімен жаңа толқынның ішіндегі дара жазушы. Бар болмысы мен өмірін қалам ұшымен байланыстырған өнегелі ұстаз, ұлағатты ғалым, қарымы мықты жазушы. Зылиханың әңгімелерінің бір ерекшелігі сөз еткен мәселелері, қозғалған тақырыптарының салмақтылығы мен өзектілігінде. Ендігі кезекте «Жарты жүктеме» әңгімесі жайлы сөз қылмақпыз. ЖОО ұстаздарының тыныс-тіршілігін, ұстаздық ету жолындағы басшылық пен ұстаз арасындағы жағдайды жазушы әңгімеге арқау еткен. Қазіргі кездегі ұстаз мәртебесінің қаншалықты деңгейін осы әңгімеден тапқандай болдық. Қағазбастылық пен қоса жаңа оқу жылында қалып ұстаздық еткің келсе «студент әкелесің!» деген жылпос басшылардың құйтырқы ойларын анықтап береді. Көз майыңды тауысып, табаныңнан тозып жүріп ғылымға аз да болса қосқан үлесің, жаңалығың ескерілмеуін жазушының мына сөздерімен беруді жөн көрдік: «Кандидат болмақ түгілі, доктор болсаң да». Енді осы жақсы басшылық жауабы ма деген сұраққа келер болсақ біраз бас қатыруға тура келеді. «Ұстаздық еткен жалықпастың» кері ма? Аудиториямен оқытушы арасындағы рухани байланыстың мешеуленген тұсы оқырманын неше түрлі ойға жетелейді. Білім ордаларында кездесетін осындай жайларды жазушы қоғамдағы етек алған бірталай кемшіліктерді қиналып тығырыққа тірелген Гүлсезімнің көзқарасы арқылы ашады. Жазушы шеберлігін анықтайтын осы жерде «жамбаспұлдық», «көнтерлі», «шикіөкпе», «құжбандай», т.б. осы сияқты қазақтың көне сөздерін жетік меңгеріп, оны өз шығармаларында кеңінен пайдаланған. Атақты жапон жазушысы Ясунари Кавабатаның: «Жазушы жер сілкінуін күн ілгері болжап білетін ерекше сейсмикалық аппарат сияқты, өз заманының əлеуметтік-психологиялық өзгерістерін қалт жібермеуге тиіс...» деген пікірі бүгінгі сөз етіп отырған Зылиха Тұрарқызының прозалық шығармаларына берген дəл де нақты бағасы болса керек. Суреткер шығармаларынан артық баяндау, кейіпкерлердің өзара сөйлесуіндегі шексіздік, кейіпкердің портретін асыра теңеу сынды оқырманға ұнамсыз жайттарды көрмейміз. Оның қай шығармасын оқысаңыз да кейіпкерлер көз алдыңа келіп, оны бұрыннан танитындай күй кешесің. Содан болар кейіпкерлердің іс-әрекетіне іштей сүйсініп-күйініп, кейіпкер сезінген ситуацияны бірге сезініп отырасың. Яғни оқырманына кітап оқудың ләззатын ұсына алады.
Зылиха Тұрарқызының таланты мен талғамының әсерінен, шеберлігі мен сұңғылалығының күшімен қазіргі кезеңіндегі адам тағдырынан сыр шертер туындылар дүниеге келді. Өз дәуірінің үнін жеткізуге талпынған қаламгер шығармашылығы жөнінде жазушы М.Байғұт таратып айта келе: «Оның адамдарды, адамдардың жан-жүрегін, әрекет-харекетін, тағдыр-талабын, күллі психологиясын көркем-сөздің құдіретімен кестелеудегі өзгешелігі әрі қуантады, әрі таңырқатады, тіпті қорқытады да. Иә-иә, кейбір кейіпкерлерінің мінез-құлқы, іс-әрекеті хақында ой өрбітіп, пікір қоздатып, түйін түйетін сәттерінде жүрегіңді суыл кернеп, қорқатының да рас. Небір паралельдері жүйке жүлгелеріңнің парша-паршасын шығара жаздайды», - дейді. Жазушы Зылиха Тұрарқызының шығармашылығына арқау еткен адам өмірінің тылсым құпиялары, адамгершіліктің асыл құндылықтары, адам психологиясы бәріде әдебиеттің қай тұсынан алып қарастырсаң да, теориялық ой-өріске өзек болар ауқымды шығармашылықтың линиясын көреміз. Қазіргі уақыттың ағымына сай жұртшылықтың көркемдік көзқарасы өзгеріп, ғаламдық өркениеттің әсерінен оқырманды таңқалдырып, кітаптан бас алдырмай қою мүмкін болмай бара жатқанын барлығы да мойындайды. Оның өзі зиялы қауым өкілдерінің тарапынан алаңдаушылық тудырып отырғанын айта кеткен жөн. Осы тұста Зылиха Тұрарқызының шығармалары көкірегі ояу оқырманның сұранысын тудырып, уақыттың қатал сынағына төтеп беруде. Біз атап кеткен жазушының әр жылдары жарық көрген туындылардың қайсысын алып қарасаңыз да, уақыт талабына сай келеді. Жазушы қаламынан туған еңбектерде бейнеленетін өмір құбылыстарының шынайылығы мен кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесінің әр алуандығы, өмір шындығы мен көркемдік шешімнің қатысы, жазушы туындыларының көркемдік әлеміне еніп, шеберлік қырларын тану, уақыт сынында жан-жақты саралау, таланттың даралағын айқындау әлі де уақыт еншісінде қалмақ. Себебі әдебиет дамуымен бірге ғылымның да дамитыны секілді, Зылиха Тұрарқызының еңбектері әлі қанша жастың көкейінде сұрақ тудырып, қаншама ізденушінің зерттеу нысанына айналады деп сенеміз. Себебі қаламгердің қаламынан туған дүниелер соны айғақтайды.
Зылиха Тұрарқызы кейіпкерлері әңгіме оқиғасының ерекшелеу сюжетке құрылғандығы оның стилін айрықшаландырып тұрады. Жазушы шығармаларының дені әңгіме жанрынан тұратындығын жоғарыда атап өттік. Сырт көзге қарағанда жазушы әңгімелерінде тартыс жоқ секілді. Кейіпкерлері де жалғыз. Өз-өзіне ішкі әлемі бар. Тартыс та соған орай құрылғанын байқауға болады. Яғни, бір адамның екіге жарылуы, кейіпкердің ішкі мені бірінші кезекте тұрады. Әңгімелерінің дені адамның қат-қабаттан тұратын терең иірімдеріне тартып, ішкі менін тануға әрі табуға ұмтылысты аңғартады. Өзін-өзі іздеп жүрген кейіпкерлер галереясын түзейді. Бүгінгі күрделенген қоғамда адам жанының тылсым сырларынан адами құндылықтарды іздеу, мынау қатыгездеу уақытқа ізгілікті, нәзіктікті, сұлулықты қарсы қоя білу, оны үндестіре суреттеу суреткерге жеңіл болмасы анық. Алайда, сезімтал жазушы Зылиха Тұрарқызы қаламының құдіреті сол кейіпкер болмысына бойлау арқылы оның жан-дүниесіне сыртқы сұрықсыздау әлем мен ішкі әлемдегі белгілі бір эстетикалық құндылықтарды үйлестіре суреттеуінде. Сол үйлесімділік категориясы Зылиха Тұрарқызы әңгімелерін мөлдірете, жарқырата көрсетеді. Мына пендеуи тынымсыз тіршілігі көп мазасыз өмірде адам жаны тазалықты қалайды, сұлулықты іздейді, бір биіктікті аңсайды. Зылиха Тұрарқызы әңгімелеріндегі кейіпкерлерінің бойында осы ізгі қасиеттер жүретіні байқалады. Кейіпкерлері қияли, мейлі жұмбақтау болсын ең бастысы – олардың жан әлемінің тазалығын аңғаруға болады. Суреткер әңгімелерінің композициялық құрылысы жинақы, кейіпкер бейнесін анықтайтын жеке сюжеттер бір-бірінен ұйқасымсыз алшақтыққа бармайды, үйлесімді бірлікте баяндалады. Жазушының сыртына сыр білдірмейтін, алайда іші түтеп тұрған кейіпкерлер әлемінің болмысын іздеу, түптеп келгенде қазақи ортаның қаймағы қайдан бұзылады, біздің рухымыздың түсіп, адамдығымыздың ұсақталуының сыры неде деген сансыратқан сұрақтарға жауап іздеуден тұратын философиялық тереңдік бар. Қандай да бір мәселені сөз етіп, көркем шығармаға арқау етіп алып, оның соңын сан түрлі сұрақтармен толғандырып, түйінді ойды оқырманның өз талқысына қалдыруы да автордың өзіндік өзгеше ізденісін айқындайды.
Өтен Айгүл Жақсылыққызы
Филология ғылымдарының кандидаты
Зылиха ЖАНТАСОВА: СӨЗ ҚАДІРІН БІЛГЕН, ӨЗ ҚАДІРІН БІЛЕДІ
«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі.
Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады»
Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Ұлы даланың ұлылығын айтып, қазақы жаратылысымызды сақтауға, тариxи сананы жаңғыртуға шақырады. Аталған бағдарламаға сәйкес тарих ғылымын жүйелі түрде, жаңаша көзқараспен жазу, қазақ даласындағы өркениеттердің мәдени даму үдересіне қосқан үлесін айқындау – біздің алдыңғы қатарлы негізгі міндетіміз болып табылады. Осыған орай, Ұлы даламыздың тарихи құндылықтарын насихаттау мақсатында «Отырар» ғылыми – әмбебап кітапханасының ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, жазушы Зылиха Тұрарқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Бүгінде «Отырар» кітапханасы Шымкент қалалық кітапхана болып өзгергені белгілі. «Отырар» кітапханасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде арнайы тоқталып өтсеңіз.
– «Отырар» кітапханасы облыстық кітапхана болып бес жыл оқырмандарға қызмет көрсетіп келеді. Шымкент қаласының мегаполис мәртебесін алуына байланысты «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы болып қызмет атқаруда. Рухани дүниелерімізді дамыту жолында, ұлы тұлғаларымыздың еңбектерін қайта жандандырып, оны оқырман қауымға насихаттап түсіндіру бойынша көптеген дүниелер жасалынып жатыр. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бойынша көптеген оқырмандар конференциясы, талқылаулар, ойтолғаулар, семинарлар өтті. Мақаладағы атқа міну мәдениеті бойынша тарихшылар, әдебиетшілер, этнографтар оқырмандармен кездесіп, көптеген пікір алмасулар өтті.
Тiзгiн тiлеп кемiргенде тiзесiн,
Тұяғында өрт ойнаған.
Тұяқта өрт ойнағанда,
Үстiндегi ғазилердiң
Жүрегiнде серт ойнаған.
Аттарға серт! – деп жазған Асқар Сүлейменов «басқалар маймылдан жаратылған шығар, бірақ қазақ жылқыдан жаралған» дейді. Жалғанның жалғандығын жылқы¬ның жанарынан асырып көрсетер айна қане? – дегенін терең пайымдауға болады. Ауыз әдебиетінде тұлпар бейнесі, қазақ әдебиетінде «Құлагер», «Сәйгүлік» атты шығармалар, Әдіһам Шілтерхановтың «Ақжалдың ақыры»атты хикаяты да өте терең дүние. «Түркі әлемінің бесігі» атты тақырып бойынша бізде Әл-Фарабидің еңбектері, Ясауи еңбектері көбірек насихатталуда. Биыл бізде кітапханада облыстық «Фараби оқулары» байқауы өткізілді. Әл-Фараби, Ясауи ілімі ұлтымыздың рухани тарихының тағылымды тәжірибесі, «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығында «Көңіл айнасы», «Пақырнама» еңбектері де шәкірттері арқылы хатқа түскен ақынның өз шығармалары ретінде енгізілді.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы Ұлы даланың мифологиясы мен фольклорлық материалдарын пайдалану жөнінде ой айтылған. Осы ой негізінде бізде «Қазыналы Оңтүстік» 311 томдық көптеген рухани дүниелер бар. Осы дүниелерді таныстырып, мұның ішінде фольклорлық материалдар, ауыз әдебиетінің үлгілері, жыр, дастандар сондай-ақ бұрын жарияланбаған баспа бетінен шықпаған араб жазуынан аударылып, қолжазба күйінде төте жазылған құнды дүниелер бар. Соның бірі 26-шы том «Жеті Қаған» дастаны бұрын соңды еш жерде басылмаған. Біздің көне тарихымызды, жеті қағанның ерліктері, жасаған іс-әрекеттері туралы осында айтылады.
Тағы бір атқарылып жүрген іс – қалалық мемлекеттік қызметкерлер оқуы тиіс елу кітап атты тақырыпта, ел басқарып жүрген азаматтарға көркем шығарманы оқу, көркем дүниелерді таныстыру мақсатында семинар өткізілуде. «Сөз қадірін білген, өз қадірін біледі» – демекші ел алдында жүрген соң тіл байлықтарын жетілдіріп, шешендік өнерді меңгерулері қажет. Ар ілімі бойынша Абайды, Шәкәрім мұраларын, сонымен қатар тарихи дүниелерді, ауыз әдебиеті үлгілерін толыққанды түсіндіріп келеміз.
– ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жарияланғанына біршама уақыт болды. Шымкент қаласының рухани әлемінде Ұлы даланың жеті қырына қатысты жетістіктері жөнінде айтсаңыз.
– Шымкент қаласы облыс орталығы кезінде Рухани жаңғыру бойынша он томдық арнайы іріктелген кітап шықты Бұл біздің рухани құндылықтарымызға қосылған үлкен дүние. Мәдениетке, әдебиетке руханиятқа қосылған үлкен үлес. М.Байғұттың «Аршакие», Н. Бегалыұлының «Жаз-жалбыз», Х.Есенқараеваның «Жібек», С.Сахабаттың «Қырғауыл қонған жидетал», М.Әбдіәкімнің «Зобалаң», Н.Қадырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі», Иса Омардың «Адамдық қағидасы», Е.Тоқтасыновтың және оныншы том жастар шығармашылығына байланысты жас ақындардың жырлары жарық көрді. Бұл кітаптарға арнайы таныстырылым өтуде.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай барлық кітаптардың электрондық нұсқаларын жасадық. Сонымен бірге QR-код түрінде де жасалынып қойылды. Енді кез келген оқырман өзінің смартфоны арқылы электронды форматта барлық енгізілген кітаптарды оқи алады.
Балаларға арналған «Ақерке» залында балдырғандар ертегі айтып, батырлар жырын жатқа оқиды. Көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орын иеленуде. Тарихтың кино өнерімен телевидениялық көрінісіне байланысты Шымкентте көптеген қазақы нұсқадағы мультфильмдер көрсетіліп, Сақ студиясында жасалуда. Кітапханаға келген балаларды міндетті түрде осындай қазақы дүниелермен таныстырамыз. Себебі ұлттық тарихи құндылықтарымыздан тәлім тәрбие алса екен дейміз.
Кітапханадағы Коворкинг орталығы – жастар жұмысы үшін ыңғайлы орын ғана болып саналмайды, сонымен бірге кітапсүйер қауымға қолжетімділік, осындай алдыңғы қатарлы пікірлестерді табуға мүмкіндік. Сондай-ақ жоғары уәждемелі адамдармен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігіне ие болуда.
Кітапханада өткен барлық іс-шара адамгершілік рухани құндылықтарға негізделеді.
– «Бір ел – бір кітап» акциясы қалай өтуде? Көркем туындыдағы қандай кейіпкерді өзіңізге үлгі тұтасыз?
– Биыл Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Ә. Тәжібаевтың лирикалары таңдалды. «Бір өлке – бір кітап» биыл бірінші рет «Бір қала – бір кітап» бойынша жазушы Қарауылбек Қазиевтің «Иманжапырақ» кітабы, Н.Бегалыұлының «Жаз-жалбыз», Б.Байтуовтың кітабы таңдалды.
Жазушы Қарауылбек Қазиевтің 1968 жылы «Ақ бантик», «Иманжапырақ» (1975), «Үркер» (1979), «Кемпірқосақ» (1984) атты кітаптарын оқып өстік. Жазушы шығармасын оқып отырғанда табиғаттың әсем дірілі сенің жан-дүниеңді сілкіп өтіп, бір кезде ұяң да үлбіреме сезімдермен, бірде аяныш кернеп, бірде әсемдік тербеп, бірде сұлулық сөйлеп, табиғаттың қоңыр тынысы жүрегіңді аймалап тұрғандай күй кешесің. Жазушының «Менің шешем» әңгімесінде қазақ әйелінің бейнесі, сабырлылығы мен имандылығы шынайы суреттелген.
Сол аналардың бойындағы қажырлылық өмірмен біте қайнасқан қасиетті махаббат екенін ұғындырады. Жазушы әкеден ерте айырылып, жесір ана, жетім бала болып ел ішінде күн көреді. Анасы таңның атысы, күннің батысы үйдегі балапанына талшық терумен жүретін. Бала Қарауылбек болса екі көзі төрт болып түндігі түтілген үйдің алдында қара боп қалқиып, қашан анасы келгенше екі көзі жолды торитын…
Анасы қанша қиналса да қабағын шытпайды. Жазушы оны әңгімеде адам жүрегі еріп кетердей жылылықпен суреттейді. Нан жеймін деп қиғылық салған бала орнынан атып тұрып қаша жөнеледі. Содан далада сүрініп кетіп, жылап қалады. Артынан жүгіріп шыққан анасы баласын көтеріп үйге алып келеді. Алақанымен тікірейген баласының шашын сипап жатып, үнсіз егілетін қайран ана. Жүрегіңізді әлсіз бір мұң тербейді.
Ал, жазушы сол сәтті ананың көз жасының астында жатып менің де көзім ілініпті деп суреттейді. Өткен күннің естелігінен ерекше ой қорытады.
«Бұл менің балалығым екен. Мүмкін, менің майданға берген қан мен терім – күңгірт өткен сәбилігім шығар. Жоқ нәрсені тауып бер деп жазықсыз шешемді жәбірлеуім – соғысқа айтқан қарғысым болар».
Қиын күндердің күрсінісі көңілін құлазытқанымен, рухын төмендете алмақ емес. Анасы баласының сәби жүрегіне ақау түсіп, көңілі тарықпасын дегені ме, әйтеуір жоқшылық пен мехнатты күндердің ешқайсысына да қабақ шытып кейістік білдірмеді.
Соғыс бітіп жары соғыстан оралмаған қайғысын да үнсіз көтерген ана бейнесіне қалай тағзым етпейсің. Жазушы «Бірақ менің шешем сыр берген жоқ, жүрегінде жатқан үлкен махаббаты мен үндемес уайымын тысқа шығармай, ішінде сөндірді» — деп жазды. Мен осындай ұлы махаббатын жүрегінде сақтайтын аналарды құрмет тұтамын. «Жақсы кітап – ұяттың антологиясы» деп Асқар Сүлейменов жазғандай жақсы кітаптар әдепке тәрбиелейді ғой.
– Руханиятқа қызмет атқара жүріп өзіңіз де көркем дүниелер жазып жүрсіз. Шығармашылығыңызбен бөліссеңіз.
– Жеке шығармашылығыма келетін болсам, осы жақында «Тағдыр биі» атты кітабым жарыққа шықты. Бұл кітаптың тұсаукесері осы өзім қызмет етіп жүрген Отырар кітапханасында өтті. Оқырмандар өз бағасын береді деп ойлаймын. «Тағдыр биі» деп қойылған себебі, қаладағы қарттар үйіне барған кездегі толғанысымнан туындаған әңгіме еді. Тағдыр биін қалт-құлт етіп билеп жүрген қарттарымыздың тағдыры мені қатты толғандырды.
Оған дейін «Сағыныш», «Жанымның жаз ғұмыры» деген прозалық кітаптарым жарық көрген болатын.
Мен әдебиетші болғандықтан жақсы дүниелерді, жазушы шығармашылығы туралы айтқым келіп тұрады. Ақын С. Сахабат жақында дүниеден озды. Оның көптеген жарияланбаған өлеңдері менде сақтаулы. Сол дүниелер жарыққа шықса деген ниетім бар. Біршамасы жақында «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланды. Редакторы Абай Балажанға алғысым шексіз.
Әдебиет, руханиятқа көп көңіл бөлетін «Әділет» газетінің ұжымына да өз ризашылығымды білдіремін. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін.
– Ашық сұхбатыңызға рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Нұрым АҚТӨРЕ
ОНЫҢ ӘЛЕМІ – ҚОҢЫР МҰҢ...
(Зылиха Жантасованың «Тағдыр биі» кітабы туралы)
Зерделі қаламгер З.Жантасованы әдеби ортаға танытқан «Сағыныш», «Жанымның жаз ғұмыры» атты прозалық кітаптарының жарық көргеніне де біраз жылдың жүзі болыпты. Кезінде белгілі сөз зергерлері М.Байғұт, Н.Бегалыұлы тарапынан жоғары бағаланған бұл әңгімелер жинағы оқырмандардың да жүрегінен жылы орын алды. Араға біршама уақыт салып Зылиханың «Тағдыр биі» деген атпен тағы бір кітабы жарық көрді.
Зылиха әңгімелерінің ерекшелігі неде? Ең бірінші кезекте жазушы сондай бір шеберлікпен оқырманды өз ойымен келістіреді. Әлдебір тылсым сырлардың тұңғиығына тартып, тереңнен ой сүздіреді.
Жинақтың атауының өзінен терең сыр, ғалам жұмбақ пен адам жұмбақтың қатпар-қатпар иірімдерінің сілемдері жатқаны аңғарылады. Ал, оқып болған соң... кез келген пенденің маңдайынан оңайлықпен сипай қоймайтын «тағдыр» атты жазмыштың ауыр тауқыметін арқалаған әрқилы кейіпкерлер әлемімен танысасың. Автордың ол әлемді сізге өрелі ой биігімен, көркем тілмен жеткізе білген муреткерлік шеберлігіне тәнті боласың.
Тағдыр... Жалпы, «адам маңдайына жазғаннан құтыла алмайды» деген бар да, «адам тағдыры өз қолында» деген бастапқы кереғар мағынада айтылатын ұғым да бар. Бұл сөз адамды дұрыс өмір сүре білуге, алға қарай талпынуға жетелейді. Ал, суреткер Зылиханың «Тағдыр биі» жинағы ежелден қазақ болмысындағы осы ойды меңзегендей. Ш.Айтматов тәуелсіздіктің бастапқы жылдарына «Қазақ әдебиеті белгілі жобамен дамымай, сюжетпен жүрмей, адамның ақылына, сезіміне, түсінігіне, рухына әсер етудің басқа жолын таңдап алды. Қазіргі таңдағы әдебиет адамдарды ойландырады. Жазушы бұрынғы таныс сюжеттерден гөрі, күрделі ойларды көбірек келтіреді. Сонымен қатар, оқырмандарды тазартуға жаңа әлемінің сарқылмас мүмкіндіктерін ашуға бағыттайды» деп пікір білдірген. Ұлы суреткер айтып отырған жайт қазіргі қазақ прозасындағы ғалым теоретиктер назар аударып жүрген әдебиеттегі модернистік және постмодернистік ағымдармен тамырласып жатқанын байқаймыз. Айтайық дегеніміз, Зылиха шығармашылығында, әсіресе, постмодернизмнің сілемдері анық аңғарылады. ... Модернизм көз алдында тұрған шындықты місе тұтпаса, постмодернизм өмірдегі құндылықтарды үлкен – кіші деп бөлмейді, кез келген зат, құбылысты дүниеге санауға бейім. Ол техногенді постиндустриалды қоғам негізінде бей-берекет тіршіліктен безер болудың орнына бәріне көнген, бекінген кісі ретінде ішіне түйген қалыпта, ешнәрсеге алаңсыз, жүйкесін сауытпен қоршап дүние кешуді жөн санайды. Тығырықтан шығар жол іздеудің қажеті жоқ. Егер адамзат өркениеттің жарқабағында тұрса, оған амал іздеу мүмкін емес. «Әркім өзінде бар әлем үлесіне тиген тағдыр мен сәттің тұтқынында сол күйіне жасымай, зар төкпей тыныстауы қажет» деп жазады ғалым Б.Майтанов.
Ал, постмодернизм поэтикасына қатысты Ихаб Хассан бұл бағыттағы қаламгерге тұйықтық, бұлдырлық хас, олар ешнәрсені ашып айтпайды, соңғы ақиқат жайлы сөз қозғаудан аулақ десе, Алан Уайд постмодернизм өмір көріністерінің бәріне дерлік өзгеше ирониямен қарайтынын атап өтеді.
Қазақ прозасында модернизм, постмодернизм ағымында суреттеу өнерін М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев секілді белгілі алаш тұлғалары дәстүр ретінде қалыптастырады. Бүгінгі тәуелсіз әдебиетімізде мұның дәстүрлі жалғасы Ж.Қорғасбеков, Г.Шойбек, Д.Амантай, Н.Ораз, М.Омарова, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева тағы басқа да прозашылардың туындыларында көрініс тауып келеді. Бұл суреткерлердегі ең бастапқысы - ой қозғалысы мен психологиялық күйлердің ауысуы болса, ал, ең негізгісі - адамның өз-өзімен, өз менімен қатынасы.
Негізінен З.Жантасова шығармалары бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қамтиды. Сондай фонда постмодернистік кейіпкер трактовкасын жасай отырып, жазушы шығармаларының денін ішкі монологқа құрады. Бүгінде мейірім азайып, адамдардың адамгершіліктен ауытқып бара жатқанын Зылиха Жантасова әңгімелері арқылы тағы бір іштей түйсінгендей боласың. Соның бірі елімізде тастанды балалардың көбейіп («Ана көкірек»), қартайған әке-шешесін қарттар үйіне өткізіп жатқан намысссыз қазақ ұлдарынң көбеюі («Тағдыр биі») , ажырасқандардың саны артып, отбасы шырқының бұзылуы («Оралу»). Өмірдегі түрлі әділетсіздіктердің орын алуы («Жарты жүктеме»), талайлардың көз жасы мен биік арманына айналған баспанасыздар тағдыра («Баспана»), тағы-тағылар автордың суреткерлік қарымымен бүгінгі таңдағы қоғамымыздағы басты проблемалар ретінде көтеріледі.
Сондай-ақ, сағыныш пен мұңға толы «Тамшы жас», «Тау әні», «Кездесу», «Мейірім», «Қара шаңырақ», «Үмітсіз қайсарлық» атты әңгімелері де ойлы оқырманның рухани әлеміне өз өрнегін салады деп ойлаймыз.
Жазушы кейіпкерлері өздерін қоршаған әлемге салғырт қарай алмайды, олар бәрін де өз жан дүниелерінен өткізеді. Сыртқы дүниеде болып жатқан өзгерістер кейіпкер санасына ерекше әсер етеді, соған орай әрбір құбылысқа кейіпкер санасына сезімдік тербелістермен жауап береді. Ал, прозада ең басты қатынас - адамның өз-өзімен, ішкі «менімен» қатынасы десек, бұл тұрғыда Зылиха кейіпкерлері – бәрімен келісетін, бәрін қабылдайтын және ештеңемен, тіпті өз-өзімен де келісімге келе алмайтын жандар. Бір сөзбен айтқанда, қаламгер басты назарды адам болмысының күрделілігіне аударады. Адам жанының қалтарыстарына үңіледі және оның қисынсыз, түсініксіздеу іс-әрекеттерінің себебін сырттан емес, ішкі дүниесінен іздейді. Сондықтан болар, Зылиха әңгімелерін оқығанда мына өмірдегі түрлі пендешіліктерден, қатқылданып кеткен о бастағы нәзік мұңның тоңын ерітіп, жан дүниеңе әдемі бір қоңыр мұңды қондырып, сезімнің нәзік қылын тербеп, сұлулық пен адамгершіліктің нұрлы сәулесі кеудеңе келіп орнығып алғандай күй кешесің...
«Қараңғылық сұйылып, бозала таңның бозғылт мұнарынан түнгі жаңбырдың мөлдір тамшылары жапырақ бетінде мөлдірейді» бұл сюжеттік желісі ерекшелеу «Көз» деп аталатын әңгімесінің бастапқы жолдары. Мұндай образды суреттеулерді жинақта әңгіме ауанына қарай жиі кездестіруге болады. Сонымен қатар ұзын-сонар баяндау жоқ. Керісінде терең пәлсапалық ой-толғамдар әңгімені нәрлі етіп көркемдік бояуын қалыңдата түседі.
Мұны Зылиханың ұлттық прозадағы дара стилінің айқын көрінісі деуге болады. Мақала басы «Тағдыр биі» әңгімесінен басталған еді. Енді сонымен аяқтасақ. Себебі, әр қазақтың баласын ойландырар бұл әңгіменің көтерер әлеуметтік жүгі ауыр. «Қарттар мен кейуаналар қабалақтап ортаға шықты. Билеп жүр. Көңілді әнге. Тағдыр биін билеп жүргендей қалт-құлт етеді. Қозғалыстары әлдебір сырды айтуға ұмтылатындай. Әр қозғалысы мағына, әр әжімде мұң толы. Теңселіп барып құлайтындай».
«... Қашып келеді. Жылап келеді. Көзіне қан толып бара жатқандай әлденеге сүйенбесе құлап қалатындай. Көзіне тек тағдыр биі елестей берді» Бұл әңгіме кейіпкері Айсәуленің көзімен берілген «Қарттар үйіндегі» қалт-құлт тіршілігінен эпизодтық көрініс. Иә, көруге де, оқуға да ауыр жолдар. Бар уақытын, бар үмітін перзентімен байланыстыра қарайтын ата-ана үшін бұдан артық қасірет болмас. Қалт-құлт еткен тіршілік иелерінің қозғалыстары әлдебір сыр айтуға ұмтылса, әрі әр қозғалысына мағына дарыта жазған автормен бірге өзіңнің де жан дүниең бірге егіліп теңселе түсердей. «Қатыгез ұрпақ қайдан келді?» деген сауал көкейімізде тұрары анық. Түйіндей келгенде Зылиханың «Тағдыр биі» кітабында адамгершілік – адамдық мотивация үлкен желі болып тартылып, суреткердің эстетикалық талғамымен безбенделеді.
Жадыра Оразалиева
Әдебиетші-магистр
ЖАНАРДАН СЫРҒЫҒАН КҮМІС ТАМШЫ
Шығармаларында кейіпкер тағдырын шебер суреттей отырып, жазушы адам өмірінің маңыздылығын алға тартады. Адамның күрделі ішкі табиғатын, дүниетанымын, өмірге деген өз көзқарасын көркем әңгімелейді.
Автор адам жанының алуан түрлі сырын ашуға ұмтылады.
Зылиха әңгімелері сағынышқа толы. Әңгімелерін оқи отырып, кейіпкерлерінің сезіміне, көңіл-күйіне барлау жасайсыз. Кейіпкерінің сезімге толық нәзік көңіл- күйін, кейде жазушының қиялынан туған таным айшығын да байқайсыз.
Жазушының сезімге құрылған әңгімелері оқырманды бірде ойға жетелесе, бірде қиялға алып кетеді.
Зылиха әңгімелері өмірдің оқырманмен сырласып, мұндасып жатады. Олар тағдыр тауқыметін көп көрген, бірақ тағдырының тәлкегіне мойынсұнбайтын қасиеттерімен ерекшеленеді. «Мейірім» атты әңгімесіндегі кішкентай Сағыныштың өзі жастайынан анасынан айырылып, тағдырының қиын кезеңдерін басынан кешсе де, оның өмірге деген үлкен үміті өшпейді. Бала көңілімен құдайға хат жазып, анасының сауығып кетуін тілеген Сағыныштың әңгіме бойындағы іс-әрекеті шынайы, көңіл-күйі мен ішкі толқыныстары әсерлі берілген.
Суретші Гүлжанат өмірінің бар мән мағынасын бейнелеу өнерімен байланысты. Көңілінің күңгірт көріністері оның салған суреттерінің бояуларынан, таңдаған түстерінен де , байқалып жатады. Оның суреттері мұңлы, қара бояуы қоюлау. Автор «жарқыраған ашық суреттер мұның табиғатымен үйлеспей, бояулар күреңітіп тұратын» деп баяндайды. Өміріне жарық сәуле түсіргісі келген Гүлжанат «Тіршілік», «Баспана» атты суреттер салады. Бұл екі сурет мағыналық жағынан өзара ұқсас әрі Гүлжанат тағдырының куәгеріндей, кейіпкердің өткен күндерінің елесіндей. Ал «Сағым арман» атты әңгімедегі Сағи болса, үйдің қабырғасына арманға айналған сәби бейнесін салып, оны «Балпанақ» деп атайды. Өзінің көңілін өзі жұбатқандай болып сағым армандарға бой алдырады.
Зылиха өмір шындықтарының шынайы көркем бейнесін жасай алған. Әрқилы тағдырларды әңгімесіне өзек еткен ол бүгінгі күннің негізгі мәселелерін көтереді.
Жазушы әңгімелерінде авторлық идея үнемі адами мораль, имани іс-әрекетгерге бастайды. Адамдарды ізгілікке үйретіп, күйкі тіршіліктен гөрі рухани үндесуге шақырады. Сондай-ақ, Зылиха әңгімелері адам өмірінің құндылықтары туралы ойларға жетелейді. Шығармалары қарапайымдылық пен қатігездіктің бітпес күресінің көркем суретті іспетті әсерде қалдырады.
«Ол әлі іздеп жүр» әңгімесіндегі жарық дүние бұйырмаған баласын іздеген Айжамалдың халі аянышты. Әңгімеден өмір шындығын қабылдағысы келмеген ана бойындағы аналық махаббатының үлкен сезімдерге алып баратынын байқаймыз.
Әңгімелерінде көрініс тапқан тау бейнесі арқылы жазушы айтар ойын түйіндеп, адам өмірінің жалғыздығын жалғыз таудың тағдырымен сабақтастыра суреттейді.
Зылиха әңгімелері әдеби процеске еніп жатқан оқшау құбылыс. Оның алғашқы шығармашылық қаз-қадамы әңгімеден бастау алды. Шы¬ғармашылық жолы жазумен жалғасуда. Әңгіме-күрделі жанр. Көлемі жағынан мүмкіндігі шамалы, қысқа әңгіменің бойына тұтастай автор¬лық идеяны сиғызу, тақырыпты жан-жақты ашу, оқиға желісін өмір шындықтарымен сабақтастыра жазу үлкен шеберлікті қажет етеді.
Зылиха әңгімелеріндегі кейіпкерлер өздерінің бұл өмірдегі жалғыздығын сезінеді. Автор адам жанының күйзелуі, уайымға түсу сияқты мәселелерге терең мән беріп, одан шығу себептерін іздеді. Жазушы сезім тазалығын, адам бойындағы асыл қасиеттерді шыншылдықпен бейнелеуге ұмтылады. Адам жанының сезім-толқындарын шертетін лирикалық нәзіктік психологиялық мөлдірлік, сыршылдық әуен-қаламгер. Зылиха Жантасова қаламына тән қасиет.
Кейіпкер бейнесін жинақтауға ықпал ететін көркемдік әдістер, кейіпкер мінезін жасаудағы бейнелеу құралдарының қолданылуы, шығарманың жалпы көркемдік болмыс-бітімі Зылиха прозасында үлкен жетістіктермен көзге түсуде. Зылиха көркем ойлайды, өрнекті жазады.
«Сұлбасыз ой», «Жалқы мұң», «Мұнарлы мұң», «Күміс тамшылар ботадай жанарынан сырғып барады», «Қара түннің қара шамы», «Ащы мұң аралас күлкі» т.б осындай ой оралымдары Зылиха қаламының қарымды екенін тағы да бір дәлелдей түсетіні анық.
Н.Халикова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ қазақ әдебиеті
кафедрасының аға оқытушысы.