Зылиха Жантасова

Өмірдерек


Жантасова Зылиха Тұрарқызы 1973 жылы 28 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласының Ащысай кенішінде туған.
1981 жылы Ащысай кенішіндегі № 7 Ж.Жабаев атындағы орта мектепке барып, 1991 жылы Төрткүл ауылы, Қызылжар орта мектебін күміс медальмен бітірді.
1992-1996 жылдары Түркістан қаласындағы Қ.А. Иасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетінде оқып, үздік дипломмен тәмәмдады.
Еңбек жолын 2000 жылы Қайнар аймақаралық университетінің Шымкент филиалында оқытушы болып бастады. 2006 жылы Халықаралық гуманитарлы-техникалық университетінде филология кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарды.
2007 жылы 31 мамырда «Қазақ дастандарындағы Шығыс әдебиеті дәстүрінің ықпалы» атты тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. 2007 жылы шығармашылығы үшін облыс әкімінің стипендиясын иеленді.
2009 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет атқарды.
2010 жылы Қазақстан Білім және Ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен әдебиеттану мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді.
2014 жылы осы университеттің Абайтану ғылыми орталығында доцент қызметін атқарды.
2015 жылы «Қызмет» қоғамдық газетінің бас редакторы қызметін атқарды.
2016-2019 жылдары Отырар облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ғылыми хатшы қызметін атқарды. Көптеген әдеби іс-шараның ұйымдастырушы-модераторы болды. «Фараби оқулары», «Баян оқулары» т.б. республикалық және облыстық байқаулардың ұйымдастырушысы.
Қасымхан Бегманов, Баян Тіленшина, Кендебай Ахат, Сәрсен Бек Сахабат, Құрал Көмек, Әмзе Қалмырза, Күлия Айдарбекова сынды ақын-жазушылардың әдеби-шығармашылық кештерін ұйымдастырды және кешті жүргізді.
Көптеген республикалық, облыстық байқауға қазылық етті.
2004 жылы «Сағыныш» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көрді.
2010 жылы көркем прозасы мен ғылымдағы ізденісі үшін облыс әкімінің стипендианты атанды Облыстың мәдениет және өнер саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін «2012 жылдың үздік жазушысы» номинациясының иегері атанды.
2011 жылы «Жанымның жаз ғұмыры» атты прозалық туындыларының жинағы «Ордабасы» баспасынан жарық көрді.
2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері аясында өткізілген мәдени іс-шараларға белсене атсалысқаны үшін облыс әкімі Ж. Түймебаевтың алғыс хатымен марапатталды.
2018 жылы «Айбыны елдің – Алпамыс» республикалық байқауға қатысып «Ең үздік мақала» номинациясы бойынша «Алпамыс батыр» төсбелгісі мен алғыс хатын иеленді.
2018 жылы ақын, сыншы Сәрсенбек Сахабат шығармаларын құрастырып, өз қаржысына «Әшекейсіз әңгімелер» кітабын баспадан шығарды.
2019 жылы «Тағдыр биі» кітабы баспадан шықты.
2020 жылы жазушы Есіркеп Өмірбековтың 100 жылдығына арналған «Абыздың алып бейнесі» атты облыстық шығармашылық байқауында 2-орын иеленді.
2021 жылы Қазақстан жазушылар одағының мүшесі атанды.
2021 жылы Түркі әлемі жазушылар одағының мүшесі атанды Қазіргі таңда Шымкент университетінің «Филология» кафедрасының меңгерушісі.
50 ғылыми мақала мен 3 оқу құралының шығармагері.
Отбасылы, екі баланың анасы.