Есқара Тоқтасынұлы

Шығармашылығы


Ізгілік пен зұлымдықтың мәңгі бітпес майданың өз туындыларына арқау еткен небір өнер иелерінің тындырған еңбегі аз емес. Біреу мойындап, екеу мойындамағанымен, адамды адам күйінде сақтауға септігін тигізіп келе жатқан сол сірә. «Баурымай» романы шынайы шығармашылығын қаны мен жанынан қайнап шыққан, жүрегінен жаратылған, көркемдік қуаты кемел деуге әбден лайық, татымды туынды. Жазушы Есқара Тоқтасынұлы қиын да қызықты өмірдің бел ортасында жүрген талай-талай тартыстар додасын, қайшылықтар қақтығысын тікелей бастан кешіп, тайсалмай күресіп, суреткеліктің азабын сезініп келе жатқан жазбагер.
Қазақ прозасында өзіндік орны бар жазушы, үлкен әріппен жауға лайық ұстаз – Нәсіреддин Сералиевтің айналасында, оның шығармашылығына ынтыққан бір топ жас прозашылар – Жәлел Кеттебек, Ерсінбек Қойбағарұлы, Есқара Тотасынұлы және біз қатар жүрген едік. Ол жетпісінші жылдардың бастапқы тұсы болатын... Мейірбан ағамыз, әсіресе облыс орталығынан алыстау тұратындықтан, Есқара мен былтыр дүниеден өткен Ерсінді айрықша іш тартатын. Есқараның әрбір мөлтек әңгімесіне ризашылық білдіріп, мінез машықтарын риясыз көңілмен күлімсірей айтып отыратын. Нәсір аға сәт сапрар айтып, алғысөз арнап, алғашқы кітабынан («Екі жүз отыз жетінші шақырым») тұсауын кескен.
Кейін Есқара Тоқтасынұлының «Екі жүз отыз жетінші шақырым», «Сахара мұңы», «Елім-ай елім», «Асуда жел үзілмес», «Мыңжылқының үстіндегі түн», «Сахара үні», атты прозалық алты жинағы жарық көрді.
Ал «Бауырым-ай» романының жарыққа шығу жолы ауыр болды. Роман жеті жыл жазылды, 1990-91 жылдары «Жазушы» баспасында жатып, одан өтпелі кезең килігіп, амалсыздан жергілікті баспаханада мардымсыз данамен 1992 жылы басылған. Сонымен бұл шығарма республика оқырмандарына жиырма бес жылдан кейін, енді ғана жол тартып отыр десек, шындық болмақ. Мен роман жайлы айтпай-ақ қойсам деймін. Қолжазба кезінде оқып, пікірімді білдіріп, сүйінші сұрағанбыз. Алғашқы баслуында осы айдармен алғысөз жаздық. Ардақты оқырман, өзіңіз оқып та байқарсыз, бұл туынды өзгелерге онша ұқсамайды. Кешегі және бүгінгі адамның тағдыр-талайы, махаббат-ғашықтығы жазушыға тән көркемдік қуатпен нақышталғаны анық.
Кезінде Оңтүстіктей ғажайып өлкені үлкен сүйіспеншілікпен аралаған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Келешек кітаптарда жас ғашықтарды Кентауда кездестіруді» армандап еді. «Қаратау тәжі-Кентау» деп, аса тәнті болған-ды. Маған, Есқара Тоқтасынұлы осы романы арқылы кемеңгер қаламгер Мұхтар Әуезовтің аманатын орындағандай болып көрінеді. Бетіннен жарылқасын «Бауырым-ай!».

Мархабат БАЙҒҰТ