Баян Тіленшина

Шығармашылығы


АЛАШТЫҢ АҚБЕРЕНІ

Қолымдағы Баян Тіленшинаның «Ғибрат» атты тарихи романының соңғы бетін жауып, бала кезімізде тылсым дүниелермен елеңдеткен, есейе келе танылған сайын тамырланып болмасымызда бірге жасап келе жатқан Алаш азаматтарының тұғырлы тұлғасына тағы да тағзым еттім.
Жетпісінші жылдарда тырнақалды жырларымен «Қазақ ертегілеріндегі психология» сияқты ұлттық танымдық ғылыми еңбектерімен үміттендіретін Баян Керімқызының «Қиямет қайым», «Сұрқия» т.б. қазақ өмірінің даму мен ішкі қайшылықтарына құрылған романдарынан соң «Ғибратымен» таңдандырды. Бұл кітап құрғақ баяндай емес, бас кейіпкер ақынжанды, елжанды азамат Керім Майлиннің ішкі рухани батырлығы мен жан азабын нәзік лирикалық сезіммен бірге жылатып, бірге құлатып, шынайы сеніммен жеткізе алған жұп-жұмыр дүние. Отан деген ұлылықтың мән-мағынасын ашып, оған деген махаббат пен адами намыс жігерді ұштастырып, түйіндей алған Отаншылдық пен оған қарама-қарсы «Халық жауы» ұғымы бір тұлғаның бойында өмір мен өлім сияқты арпалысып, түрме зынданынан кім болып айдар тағылып шығатыны сынға түскен уақыт керемет суреттелген. Адам теңдігінің жас мемлекеті –Совет үкіметін орнатуға бар қуатын сарқа арнаған өмірдің «қайраңға» тірелуі, «жанайқайы», «шоғы» оқырманды еріксіз осындай сұмдықты сезінтеді.
Кейіпкер:
Бір көзді бір көз шұқыған,
Көбейді-ау сөйлер нұқыл аң!
Бір орнатқан заманам,
Қайдасың әділ жаңа заң?
Өлуге қазір хұқым жоқ,
Түскенше ашық шұғылаң -деп өтірік пен шынның арасында денесі өмірдің темір добындай тебіліп, сүйектерін бытырлата сындырып, тістері тірідей қағылады. Сол заманда «Черный ворон» атанған қара мәшинеге себепсіз тоғытылған Керімнен түрмеде алғаш сұрақ-жауап алуы былай суреттелген.
– Аты-жөнің кім?
– Керім Майлин.
– Туған жылың?
– 29-октябрь 1906.
– Қызметің?
– Шымкенттегі №26 Жамбыл Жабаев атындағы қазақ орта мектебінің директоры. Тіл маманымын.
– Ә-ә.Тілің ұзын екен ғой! Жартысын кессек, қалған жартысы да жетеді саған! Халық жауы! Хи-хи-хи!
– Мен халық жауы емеспін! Мен халықтың ұлымын!
– Доғар! Жап аузыңды! Халық жауысың!
Осы диалогтардан-ақ биліктің ешқандай дәлелсіз адам құқы мен ар-намысын таптап тұрғаны, имандылық пен әділдіктің иісі де жоқтығы, заңның санасыз аңдықпен бұрмалануы көрінеді. Күш жұмсау мен езгінің түр-түріне қайсарлықпен төтеп берген кейіпкердің «халық жауымын» деп мойындамау жігерінің өзі аңыз, ұрпағына теберік іс.
Ғани Мұратбаевтың үзеңгілесі, 14 жасынан елді сауаттандырумен көшпелі «Қызыл отау» ұйымдастырып, жетімханалар мен мектептер ашқан, аштықпен күрестің белсенді жауынгері. Шымкенттегі «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтын 1935 жылы ұйымдастырған және оның алғашқы директоры-Керімді НКВД түрмесінен босату туралы Кремльден телеграмма келгенін, іс қысқарғанын тергеуші Мәди хабарлайды. Кешірім сұрайды. 1938 жылдың 08 айының 10 жұлдызында Қошқарата өзені бойындағы жертөледе тұратын туыстары маңайына шалажансар Керімді сары тонымен тастап кете салады.
Айтарға сөз жоқ, бұл-малға да обал көрініс! Ақталу анықтамасы кітапта көрсетілген.
Сонымен «Ғибрат» романы-тарихи деректерге негізделген көркем шығарма. Рухы мықты білімділік санаттың білімсіз тобырлық құрсауды бұзып, тас-талқанын шығарған ерліктің символы десек те артық емес. Берері мол, тәлімді шығарма.
Баян Тіленшинаның «Тамыр» жинағы бабалар қасиетіне тағзым, Ғұмар Қараштай баба ісіне, Керімдей әке ісін үлгі етіп, олар жаққан алаудың өшпейтініне, келешекте де жалғасын табарына сенім артады. Тамырдан нәр алған тектілік жалғасын таба берсін. Алаштың асқақ рухы қолдасын!-деп тілек білдіремін.

Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан ғалымдар Одағының Президенті, ҚР ҰҒА Академигі,
э.ғ.д., профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.






«СҰРҚИЯ» ХИКАЯТЫ ХАҚЫНДА

Баян Тіленшинаның ақын екендігін, өлең өрнектеп, бірқатар басылымдар беттерінде, жыр жинақтарында көрініп келе жатқанын көзі қарақты оқырман біліңкірейді деген ойдамыз. Бұдан бірер жыл бұрын «Қиямет-қайым» романы арқылы жұртшылықты елең еткізген еді. Міне, енді Баян және бір хикаяттты ұсынып отыр.
Баянның бұл романы «Сұрқия» деп аталады. Әрине, тым қатқыл да қиын ұғым ғой, бірақ автор осынау атауға айрықша мән беріп, әдейі назар жығып, жүк артатындай. Оған шығарманы бастан-аяқ бажайлап оқып шыққанннан кейін тереңірек ойға түсіп, өзіңіз-ақ көз жеткізерсіз.
Біздің атап айтқымыз келіңкерейтіні сол, бұл хикаят, яки «Сұрқия» сценарилі сүрлеу-соқпақтарға түсіп алып тарта беретін туындыларға онша ұқсамайды. Кейіпкерлерді, характерлерді сомдау жағынан да тосын тәсілдері, табиғи өрімдері жетіп-артылып жатыр. Кейбір шығармаларды оқып отырып, кімнің кім екенін, ненің не екенін, қай қырдан асып, қандай сайдан шаң беретінін болжап, біліп, сезініп қоясыз ғой? Бір қуанғанымыз сол, Баян ондай-ондайға оп-оңай алдыра қоймайды, көбіне күтпеген тұсыңыздан шыға келіп, діттеген деңгейіңізден де биіктеп кетеді.
Әлбетте, бұлар оңайшылықпен алдыратындай асуларға жатпас, авторыңыз азабы батпан жолдарды айналып өтпеген, аса қиналып, аянбай тер төккен. Бұған таныс-бейтаныс, бірақ басқалар көбінесе біраз-біраз барлау жасап қана қайтып жүретін, қосақ арасында ғана көрінетін кейіпкерлер кейпінен мейлінше тереңге кеткен сұрқия әйел Қатипаш; сондай-ақ данагөй Дәулетбақ қария мен мейірбан Хадиша ана, аяулы Жарқынай мен қыршын кеткен Қабыл, апалы-сіңлілі Ұлбалаш пен Алтынай, тағы басқалар дәлел-дәйек бола алады. Осы романда, біздің оймызшы, аз ғана қылаң беретін, бірақ есте ерекше қалып қоятын кейіпкерлер баршылық және олар да автордың ізденісін танытады. Хикаятта өзек өртеп кетердей, тағдырларды тас-талқан етердей өсек, жаныңды күйдіріп, жүрегіңді күлге айналдырардай жала дегендеріңіз жан-жақты ашылып, сұрқиялықтың бет пердесі сыпырылатын тұстар аз емес.
Лингвистиканың тұтас шебері Асқар Сүлейменов айтқандай, бүгінде «калькалар» қай кездегіден де көбейіп кетті. Ұялмай-қызармай, көркем шығарма кестеледім деп, көшірме жасайтындар, сөйлем құрай алмай жүріп, (әңгіме) жазып, әулие жанрға обал келтіретіндер саны тіпті қабындап, қаулап барады. Осындай кезеңде өзіндік өзгешелік танытып, тосыннан жол таба білген Баяндайын қаламгерге қалайша ішің жылымас?!
Бір әулеттің тағдыр-талайы арқылы терең тылсымдарға, сезім иірімдеріне шақыра отырып, өткір әжуаға да барады, кейде үкім айтыңқырап, журналистиканың жіптерін өз өрнегіне көбірек қосыңқырап жіберетін жерлері де жоқ емес. Десек те, зұлымдық заңдарына, аярлық апандарына суреткерлікпен барлау жасауға тырысып, иланымды характерлер бейнеленген Баянның көп бейнет-мехнатты бастан кешкенін қайталап айтқанымыз артық болмас. Өзіңіз шығармашылық шындығын іздеуге шығып, прозада сәтті қадамдар жасап үлгерген қалам иесінің аталмыш шығармасы оқырман жұртшылықтан лайықты бағасын алары айқын.

Мархабат БАЙҒҰТ
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты






КӨМЕШТІҢ КӨРКЕМ ҚЫЗЫНЫҢ АҚЫНДЫҚ ӘЛЕМІ

Өлең өлкесінде жүрген қазақ қыздарының жырларын оқып өстік. Фаризаның отты өлеңі, Ақұштаптың әдемі әлемі, Күләштің нәзік әуені, Гүлнардың сүйріктей сұлу жырларымен сырласушы едік. Қыз дәуреннің нәзік сезімін жеткізе алмастай күйге түскен бойжеткен шағымызда ақын әпкелеріміздің жырларының сезім боп төгілген әдемі сәулесімен жанымыз нұрланатын. Уақыт өте нәзік жанымыз қаталдық көргенде, арманымыз күйрердей, үмітіміз үзілердей кезеңдерде өлең құдіретінен рух тауып, дауылдай буырқанатын жырлардан қуат алып оқыдық. «Өлең менің сырласымдай, Сырлассам да құмарым жүр басылмай» деп ақын Мұқағали жырлағандай, әдемі өлеңмен сырласу жанымызға өзгеше бір күй сыйлайтын.
Баян Тіленшина өлеңдерін басылым беттерінен арагідік оқитынбыз. Кітапханадағы таныстықтан соң бойындағы ақындық жылылық, ақиқатқа ұмтылу мені өзіне тартып кетті десем болады. Өлеңдерін оқи бастадым. Қасымда бейне бір өзі сөйлеп тұрғандай әсер алып, туындысы арқылы нәзік жанын тани түстім. Елге қызмет етуді бала кезінен жадына сіңірген Керімдей құрметті әкенің тағлымынан болса керек, арман қуған Баян Тіленшина Шымкент педагогика институтының физика-математика факультетін үздік дипломмен тәмамдап, туған жерінде ұстаздық етіпті. Ал, жүрегі... өлеңмен тебіренді, тебіренісі әуенмен тербелді, болмысы өлеңге айналғандай байызсыз бебеу қақты. Әкедегі тектілік, Ғұмар Қараш ақынның немересі Зылихадай ананың даналығы, бабадан мирас шешендік жүрегінен өлең болып өрілсе керек.
Баян Тіленшина 1983 жылы «Жігер» фестивалінде ақындық жанрдан бойынша дипломант атанды. 1984 жылы тұңғыш «Қарлығаш» жыр кітабы жарық көрді. Осы бастау «Қанат қақты», «Ғашық-наме», «Шабыт шашуы», «Жыр додасы», «Жұлдыз жүрек» атты өлеңдер жинағы оқырмандарға жол тартты. Баян Тіленшина тек поэзияны ғана жанына серік етіп қоймастан, проза жанрына да қалам тербеді. Мәселен, «Қиямет-қайым», «Ғибрат», «Сұрқия», «Арман-дүние» романдары өз оқырмандарын тапқан дүниелер болды. Ал, бастауыш сынып пен ата-аналарға арналған «Әріп-әліп» атты әдістемелік қосымшасының жеткіншектердің зердесін арттыруға қосар үлесі зор екенін мамандар мойындады.
Иә, ерке болмысы адалдықты, әділдікті серік етті. Қашанда жазғанына жүрексіне қарады. Бәрін парасатпен пайымдайтын әкесінің өлеңші сымақтарға көңілі толмағанда «өлеңді күшеніп жазуға болмайды» деген қағидасын құлағы шалған Баян кейде өзіне күдіктенетін.
Құрмет тұтар жазушы ағасына мұңын шертіп «өлең өлкесіне келу үшін әдебиетті таңдап, журналистикаға қайтадан оқуға түсу керек пе?» деген сауалына жауап күтіпті. Шын талантты болса, өнер – құдірет қай салада да жазбасына қоймайтынын жазушы ағасы әдіптеп жеткізсе керек.
Өршіл көңілі алдамапты. Бүгінде Баян Керімқызының «Тағзым», «Тағылым», «Тілек», «Таным», «Тұғыр», «Түйін» атты жыр жинақтары ақынның жемісті еңбегінің көрінісіндей көңіл марқайтады.
Уа, тағдыр, тәлкегіңе көнбей кілең,
Ұйытқысаң, жалын болып өрлей білем,
Қинасаң, тамған тамшым жыр болады,
Тілімен ізгіліктің сөйлеймін мен! -деп жырлады.
«Тағылым» жыр жинағындағы «Тағдыр» атты өлеңі ақынның өмірлік ұстанымы іспеттес. Оның мақсаты — адамды сүю, Алаштың мұңын жырлау.
Ол өзі туып, өскен киелі Сайрамды жырлады, Көмешбұлақты кәусарым деп құрметтеді, елдің жоғын жоқтап, дертіне дауа іздеді, тек шындықты жазуға серт етті. Махаббат және азаматтық лирикада айтатын ойының бір-бірімен астасып кетуінің себебі, ақынның әйелдік нәзіктігінен гөрі кейде азаматтық болмысы, ел алдындағы жауапкершілігін жоғары сезінуінен деп ой қорыттық. Махаббат лирикасының кейіпкері алып-ұшқан сезімге емес, сағынышқа, тұрақтылыққа, төзімділікке, адалдыққа бекем, сүйгенін көз ілмей күтуге бар. Сүйіспеншілікті пір тұтатын табанды талапшылдығымен тәнті етеді. Сүйгенінің қасында емес, қиялында жүргенінің өзін бақыт санайды, соны алданыш тұтады, сол бейнемен ойша сырласқан сәтіндегі тазалық қуатын айтсаңызшы.
Көңіліме тыным бермеген,
Күн өткен сайын өрлеген.
Бетімде ұят боп дуылдап,
Бусанған бірге терменен.

Нар мінезді алыбым,
Санамда дара қалыбым,
Аспанға ұстын секілді
Тірлікте сенің барлығың.
Өршіл мінезімен лезде қайта қауышып, беріктік болмысына қайта оралады. Бір адамға шексіз адалдығы, сәулелі сезімі мен адамзаттың барлығын сүйе алатын кеңдігі жырларынан аңғарылады.
Адалдықтан жүрегі жаңылмайтын,
Аққу сезімділерге жаным – айдын.
Жаның туыс, сондықтан бауырымсың,
Бауырымсың, болсаң да танымайтын! -деген ақын сөзі азаматтық ұстанымын, бауырмашылдығын, дүниетанымын аша түскендей. Адал жандардың барлығын бауыр санайтын өмірлік кредосы айқын аңғарылады. Туған жерге тағзым, өскен елге қызмет етуді борыш санаған азаматтық ұстанымы, ұстаздығы, адалдық пен парасатқа деген құштарлығы, жалпы адамзатты сүйіп, бауыр тартатын елгезек табиғаты, шындық үшін серттесер өр мінезі, бәрі шынайы сыр шертеді. Тазалыққа деген сүйіспеншілігімен баурайды. Өлеңдерінде ұранға тән кей ұғымдар, диалектілік сөз қолданысы да көзге түседі. Онысы әсіреге бай табиғи мінезінен.
Баян Тіленшинаның «Таным» атты жыр жинағына енген «Парасат», «Өмір міні», «Дүние жалған», «Егіз қайшылық», «Жақсы адамдар», «Тіршілік теориясы» өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкерлер өмірдің сан қилы қайшылықтарымен күресіп, таным таразысы қалыптаса жүріп, болмыс биігінен табылады. Өлеңдерінде ерекше жаңалық ашуға, жаңа түр іздеуге ұмтылмайтыны аңғарылады. Өмірдің тайталасында арды биік қойған, ұятты үстем еткен, өзгеге қамқоршы болғысы келіп, мейірімге жұтаң қоғамда өзгеге көмектескісі келіп тұратын ақ адал пейілі сезіледі. Басқаға қояр талабы біреу ғана, ол – адалдық. Ақын еркіндікті қалайды, бүгежектемей тіке айтқанды ұнатады. Сізден де соны талап етеді. Қоғамдағы ардың арашашысы сияқты.
Бойыңда барда алауың,
Қолыңда болсын қалауың,
Адамдық өмір деген сол –
жығылмай өтсе жалауың!

Ішіңде тұрған «ақылшың»,
Ішіңнен айтар батыл сын.
Өзіңді жеңу – ұлылық,
Жаһанды жеңер батырсың!

Ақын жетпіс жасқа толды.
Мерейлі жастағы Баян ақынды өз өлеңімен құттықтаймыз.
Көсемдік емес көп жасау,
Ұлылық жазсын жасыңа! – Көмештің көркем қызының ұлылық жазған тағдырына Алла көп жасауды нәсіп еткей.

Зылиха ЖАНТАСОВА
Жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент






ІЗІ БАРДА-ҚҰРМЕТ, ҚҰРМЕТ БАРДА...

«Әріп-әліп» деп аталатын мектепке дейінгі және бастауыш класс балаларына арнап жазған әдістемелік құралымен танысып, Баянның қазақ методикасына өзіндік талғамымен келіп қосылған талантты педагог-әдіскер екеніне шүбә келтірмедім.
Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Білім беру ісіндегі креативтілікті, коммуникативтілікті. Сын тұрғысынан ойлауды және командада жұмыс істей білуге назар аудару қажет» -деді.
Білім беру ісіндегі бұл модель креативтілікті қазақшалағаныңызда жасампаздық деген мағына. Яғни, шығармашылық жолмен белгілі бір нәрсеге қол жеткізу. Ал, коммуникативтілік-баланың өз құрдастары және үлкендермен қарым-қатынас жасау деңгейін көтеруді көздейді.
Бұдан шықты, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тілін дамыту, жетілдіру мәселесі қойылып отыр.
Тіл дамыту жұмысы-аса күрделі процесс. Бала тілін дамытуда басты назар аударылатыны-олардың орындаған жаттығуларының мазмұндылығы, жүйелілігі, анықтығы, мәнерлілігі, түрлене алушылығы және грамматикалық қатесіздігі. Тіл дамыту- ойдың жұмысына негізделіп, ойлауды іске асырады.
Әдіскер-педагог Баян Керімқызы «Әріп-Әліп» атты әдістемелік құралында жоғарыда келтірілген мәселелер жөнінде кеңінен толғанады. Әсіресе тіліміздің шұбарланбауын, өз мағынасында қолдануын талап етеді. «Тіл сұлу нақ күйінде» өлеңінде:
«Челек» емес, шелек де.
Сөзді салма әлекке...
Ұна мейлі, ұнама,
Қазақ тілін бұрама!
Сен жыраға құлама!
...Сүйінбесең, сүйінбе!
Өмір сүрмес арыстан,
Түлкілердің үйінде,
Тіл сұлу нақ күйінде -дейді.
Егер бала сөйлеуге мұқтажданса, оны сөйлеуге итермелейтін түрткі (мотив) туса, тіл дамыту жұмысында ойдағыдай нәтижеге жеткеніміз.
Ұсынылып отырған әдістемелік құралдан мысал келтірер болсақ:
Алма, анар, ананас,
Алмағаным жарамас.
Қауын, қарбыз, әңгелек,
Келші маған...
Көп нүктенің орнына қажетті, мағынаға сай сөзді (дөңгелеп) табуы тиіс. Кітапшада балалардың сөздік қорын байытуға, логикалық ойлау процесін дамытуға арналған мұндай жаттығулар көптеп табылады.
Әдіскер-педагогтің бала тілінің көркемденіп, байланыстыра сөйлеуін қалыптастыру, олардың сөз тіркестерін құру, сөйлем құрау шеберліктерін қалыптастыруда ұсынып отырған әдіс-тәсілдері де көңілге қонымды.
Мысалы, «Әріптермен ойын сұрақтары» бөлімінде:
– Егер сенің есімің кім болса?
– Сені қандай кәсіппен айналысар едің?
– Нені армандар едің?
– Қандай жануармен, аң-құспен дос болар едің?
– Сонда сен не істер едің?
– Одан қандай нәтиже шығарар едің?
Әуелі не жөнінде, одан кейін нені айтатынын толық синтездеп, ойдың күрт үзіліп, байланыссыз қалуынан сақтандырылады. Ойын дұрыс жеткізуге жаттығады.
Автор өз еңбегінде мынадай мақсаттарды көздейді.
  1. Оқушының ойлау қабілеті мен тілін, дүниетанымын дамыту, әр нәрсені салыстыру нәтижеде өз беттерінше қорытынды шығара білуге үйрету.
  2. Оқушыларға қазақ әдеби тіл нормасына сай, өз сезімін, ойын дұрыс жеткізе алатындай дағдылар қалыптастыру.
  3. Оқушыларды ана тілін сүюге, оның алтын қорын, көркем де нәзік сөз байлығын құрметтей білуге тәрбиелеу.
Мысалы, «Д әрпімен ойын» әдісін келтірейік. Мұғалім оқушыларға мынадай сұрақтар қояды:
– Сенің есімің кім?
– Домбыра не үшін қажет?
– Өскенде кім боласың?
– Өскенде Президент болсаң қандай мемлекет құрар ең?
– Туған елің неге айналар еді?
Берілген сұрақтарға оқушы тек «д» әріпті сөздермен жауап беруі тиіс. Оқушы Д-ның жауабы:
– Менің атым Даяна.
– Домбырамен ду-дулатып ән саламын.
– Дұрыс-қатеге үкім айтатын датқа боламын.
– «Динозаврларды» бағындырып, елімді дәулеттендіріп, дарынды да дана «Достық» мемлекетін құрар едім.
– Тіршілік дүниесі жұмаққа айналар еді.
Көріп отырғандай оқушы берілген сұрақтарға тұщымды жауап берген. Ең бастысы, дедуктивті ой-қорытындысын (... дарынды да дана «Достық» мемлекетін құрар едім. Тіршілік дүниесі жұмаққа айналар еді) дұрыс жасаған.
Әдіскер-педагог Баян Тіленшинаның «Әріп-әліп» атты еңбегі арқылы жеткіншек ұрпаққа ұсынар басты тәлімі осы болатын.
Халық ауыз әдебиетінің інжу-маржанының бірі-мақал-мәтелдер. Қиыннан қиыстырылған көркем сөз туындыларымен балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері балаларды ұлттық рухта тәрбиелеу құралы.
Тәрбие тетігін терең түсінген Баян Керімқызының талданып отырған кітабында балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты қабылдауына жеңіл, тілге жатық, көркемдігі жоғары мақал-мәтелдер көптеп кездеседі.
Мысалы, «Табалдырықтан биік тау жоқ, таудан биік тұлға жоқ», «Тәртіпті қайшы ою ояр», «Тәртіпсіз қайшы ою жояр», т.б.
Жұмбақ – халық ауыз әдебиетінде шешушінің тапқырлығын сынайтын жанр. «Жұмбақ-жақсы жымдасқан метафора» деген заманында Аристотель. Жұмбақтың жас жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беру, көркемдік ойды ұштау, дүниені тану жағынан теңдесі жоқ тәрбие құралы. Жас баланың тілі мен ойын дамыту мақсатында әр сабақ сайын өтілетін материалға байланысты жұмбақ жасырып не жұмбақ түзгізіп отырудың маңызы зор: қиыннан қиыстырған жұмбақтар жүйелі ойлауға, ойын дұрыс құруға, құбылыстарды терең танып-білуге жаттықтырады.
(Әріп-әліп» жұмбақтарды шебер пайдаланған. Мысалы, «Тасты тескен төрт аяқ, бір басы бар, Жай жүргенмен үш ғасыр құрдасы бар» (Тасбақа). «Көзі тостақ, қанаты бар. Үй соғатын санаты бар», «Гүл нәрін сорады, Ұясы балға толады». (Ара).
Баян Керімқызының аталмыш әдістемелік құралында жаңылтпаштарға көп орын бөлген. Жаңылтпаштар баланың тілін ұштай түсіп, оның кекештенбей, тұтықпай, еркін де жатық, қысылмай сөйлеуіне көмектеседі. Әсіресе, сөз мағынасын түсінуіне, ес процесінің қалыптасуына игі әсер ететіні белгілі. Мысалы, «Жандар, Қамбар, Заңғар тыңда, сөзді аңғар», «Екі екі төрт екен, Елік, ешкі бөрте екен», «Бір бала, бір бала, орындықты ырғама. Ұстаз тәлім беріп тұр. Сол қазына. Құр қалма».
Әдіскер педагог Баян Тіленшинаның «Әріп-әліп» еңбегін зерделей отырып тұжырымдағанда балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш класс оқушыларының тілін, ақыл-ойын дамыту барысында мынадай педагогикалық дағдылар мен шеберліктерге үйренулері тиіс екендігін сөз етеді.
Атап айтқанда:
  1. Қабылдаған таныс заттары мен құбылыстарды бір-бірімен байланыстырып, бір жүйеге келтіре алу дағдысы. Мысалы, «Ысқылаймыз алақан, Ыстықтаймыз балақан. Ыстық күнде шөлдейді, Адам, ағаш балапан» дейді де: «Адам, ағаш балапаннның ортақ несі бар? деп сұрақ қояды. Балалар күллі тіршілікке ортақ су екендігін түсінеді.
  2. Құбылыстар мен заттардың суреттерін көрсетіп, бір сөзбен қалай атауға болатынын сұрау. Мысалы, «Сиыр, қой, жылқы, түйе. Алма, алмұрт, өрік, шабдалыны балалар бұл заттардың арасындағы мәнді ұқсастықтар. «Неге бұар жемістерге жатады? деген сұраққа ойлана отырып, дәлелдер келтіреді. Ал дәлелдеу-танудың төте жолы.
  3. Көрсетілген белгілері арқылы заттарды тану, атау. Мысалы, «сырты жасыл қатты. Іші қызыл, тәтті, Дәндері бар мың сан, Жесең сусын-нақты». Бұл не? «Қарбыз».
  4. «Көрсетілген заттардың артығын шығарып таста» әдісі де ойлау процесін дамытуға арналған. Мысалы, алма, алмұрт, доп, банан, жүзімнің артығы-«доп». Бұл ойлау процесінің бала ақыл-ойын дамытудың ең құнды әдіс-тәсілі екенін психолог ғалымдар дәледеген.
  5. Балалардың байқағыштық, ойлау қасиеттері заттар мен құбылыстарды бір-бірімен салыстыра талдап, оның негізінде өз бетінше ой қорытындысын (индукция, дедукция және анология) жасауға жаттықтыру. Мысалы, инеліктің суретін көрсетіп, тікұшаққа ұқсайтынын таптырады.
  6. Бүгінгі таңдағы балабақша мен мектеп алдында тұрған ең маңызды міндет-балалардың жас шағынан бастап өз бетінше ойлау, қиялдау қабілетін қалыптастыру,творчестволық белсенділігін арттыру болып табылады.
  7. Біз талдап отырған әдістемелік құралда бұл мәселеге де баса көңіл бөлінген. Мысалы, «Не болады?» деген тақырыпта келтірілген жаттығу соның дәлелі.
  8. Найзағайдан соң (не болады?)....................
– «Қайырлы түн» хабарынан соң
...............
– Жапырақтар сарғайған соң
......................
– Тұзды теңіз суын ішкен соң.....................
– Сабаққа дайындалмаған соң
....................
– Білімсіз бала болған соң...........................
Міне, осындай жаттығулар жас жеткіншектердің ойлау мен сөйлеу, қиялдау мен армандау сияқты дағдыларына төселіп, істі шығармашылықпен ұтымды орындауға үйретері сөзсіз.
Біздің бұл келтіргеніміз, санамызға түйгеніміз, зерделі де зерек, айтары мол, тәжірибелі әдіскер-педагогтың осынау әдстемелік құралының бір бөлігі ғана. Кітаптағы жас жеткіншектердің өресіне сай жазылған ертегілер мен балалардың эстетикалық сезімін дамытатын, патриоттық рухын көтеретін, көркемдік танымын арттыратын, автордың өзіндік әсем әндері қаншама! Көлемі шағын мақала мақалаға мұның бәрін сыйдыру мүмкін емес.
«Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп жидебайлық данышпан айтқандай, бұл білім беру ісінің қазақстандық моделі.
Соңында қалдырған ізің кейінгілердің кәдесіне асса, ең ұлы парызыңды өтей білгенің. Ал, із-түссіз өту – өмірге келмегенмен бірдей. Өйткені, із барда-құрмет, құрмет барда-ризашылық, ризашылық барда – мейірім мен махаббат бар.
Ұлт көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқай: «Ұлт зиялыларының қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деген болатын.
Сіз, Баян Керімқызы, сан-салалы шығармашылығыңыз жайлы айтпағанда, дәл осы «Әріп-әліп» атты еңбегіңізбен-ақ ұлтымыздың зиялылары қатарынан ойып тұрып орын алатыныңызға күмән келтірмеймін. Ұрпағымыздың рухын шыңдайтын, таным процестерін көтеретін, ұлтымыздың тілін, ділін, дінін құрметтеуге тәрбиелейтін тағы осындай соны туындылар жаза беруіңізге тілектеспін.

Бегман ЫСҚАҚ
Халықаралық гуманитарлы-техникалық университеттің профессоры






«МӘРТЕБЕЛІ ПОЭЗИЯ МІНБЕРІНІҢ» КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУІ АҚЫН, ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ БАЯН ТІЛЕНШИНАНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛДЫ.

Шымқалалықтар «Отырар» кітапханасында ақын қызын ыстық ықыласпен қарсы алды. Әдеттегідей жыр кешін ақын Нармахан Бегалы жүргізді. Ол Баян Керімқызының шығармашылығы жайында толғана сөз сөйледі. Болмысына шынайы бағасын берді.
– Баян Керімқызы кім? Прозашы ма, ақын ба, педагог па? Әлде композитор ма? Поэзия мінберінің қай қонағы да осал болған емес. Олар тек өлең ғана жазбайды. Әрқайсысының қайталанбайтын әндері, салмақты, пайымды сол сияқты дүниелері бар. Баян Керімқызы поэзияға ғана қалам тартпайды. Әңгіме, хикаяттар да жазады. Яғни ақылын, білімін, қайратын тең ұстаған ақын, – деді Нармахан Бегалы. Мұнан соң «Отырар» кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова ақынға ізгі тілегін жеткізді.
– Сіздің поэзияда да, прозада да қолтаңбаңыз бар. Педагогикалық әдістемелік «Қазақ ертегілеріндегі психология», «Таным мен тағылым», «Ұстаз беделі неде?» сынды еңбектеріңіздің өзі бір төбе. Бірін-бірі толықтырып тұрады. Шығармаларыңыз арқылы қазақ руханиятына еңбек сіңіріп келесіз. Мәртебелі поэзия мінберінде ақындар ғана емес, Ұлы Абайдың өлеңдері мен әндерінің де қамтылуы байыпты бастама, – деді ол.
Кездесуде ақынның әрбір жыры, әрбір сөзі шынайы шығып жатты. Мінберге көтерілген Баян Тіленшина оқырманды өзіне бірден тартып әкетті. Тіпті, кеш иесі мен көрермен арасында шектеулі шекара болмады. Стилі ерекше ақын қыздың әдебиетке адалдығы оқырманды еріксіз сүйсінтті.
– «Сұрқия» повесін шығару маған оңай болмады. Қолымда қаражатым жоқ. Төрт бөлмелі пәтерімді кепілдікке қойып, банктен несие алдым,-деген ақын ағынан жарылды. Көпшілік білмейтін сырларын жайып салды. «Ана толғанысы», «Қыз махаббаты» сынды өлеңдерін тебірене оқыды.
Поэзия кешіне арнайы шақырылған өнерпаздар әннен шашу шашты. Сондай-ақ Ұлы Абайдың өлеңдеріне кезек берілді. Ақынды құттықтауға келген достары Баян Керімқызына ізгі ниеттерін білдірді. Жыр кеші көңіл көкжиегін кеңейтті. Оқырман ақын жырлары арқылы оның ішкі толғанысын, пайымын таныды. Рухты қара өлеңге сусындады. «Мәртебелі поэзия мінберінде» Баян Керімқызы өзін уақыттың тар шеңберіне берілмейтін қаламгер екенін аңғартты.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ
«Шымкен келбеті» газетінің тілшісі