Орынбай Шойбек

Туындылары


ЖҮРЕКТЕГІ ЖӘДІГӨЙ
(Детективті хикаят)

ЫЗАҚОР

– Жек көремін, сені. Не десе, сол де... Нені айтсаң, соны айт... Шыны сол, кешеден бері жек көремін, сені... Жек көремін... Жек көремін...
Ақсары өңді, нұрлы жанарлы, топ-томпақ бала өксіп-өксіп жылады. Күнәсіз, мөлдір қара көздерін жасқа шылап тұрып: «Бұрын жақсы көретін едім ғой, жақсы көретін едім, сені», дейді әлдеқандай қасірет көрген ересектерше басын шайқап... Одан төрт-бес жаз ғана ит көйлекті бұрын тоздырса да бойжеткеннің салтанатын құрып қалған қыз ызақор жасөспірімді жұбатып әлек.
– Ой, Әлім! Сен әлі бөбексің ғой. Үлкендер сендейлерді уыз сүті аузынан кеппеген дейді. Ал, Назар – сақа жігіт. Джентельмен! Жақында ғана білдім, шет елдерде жігіттің сұлтанын солай атайды екен. Білесің бе, ол маған көп көмек көрсетеді. Түсін соны. Атақты әнші болуыма жәрдемдеседі. Ол маған қонған бақ. Бірақ, бұл сөзді түсінуге саған әлі ерте. Бақ дегеннің не екенін түсінбейсің. Қой өкпелеме. Жылама. Өзім белгілі әнші болып алған соң бар ғой, саған қамқор боламын. Екеуміз қайтадан бірге ән шырқаймыз. Қайда дейсің ғой? Үлкен сахналарда. Берісі Ташкент, Алматы... арысы Мәскеу, Лондон, Париж, Нью-Йорк... Сөйтіп, кете береді... Түсінемісің? Міне, сол кезде бақ құсы саған да қонады. Әй, түсінбейсің ау, түсінбейсің.
– Түсінбеймін. Түсініп керегі жоқ. Бөбек дейсің, мен бөбек емеспін. Кемсітпе өйтіп... Айттым ғой, кешеден бері сені жек көремін деп. Жаман қыз екенсің, өте жаман қызсың. Келісті жігіт көрсең дереу қылмыңдап шыға келесің. Мен үлкендердің әңгімесін көп естігенмін.
Қыздың бетіне қызылы шауып, ызаға булығып, шапалақпен шарт еткізіп жасөспірімнің жағынан тартып жіберді.
– Ақымақ бала екенсің!
Әлім өксігін тия қойып, бедірейіп безерді де қалды. Бала емес бәле дерсің.
– Құндыз! Сен оңбағансың көресің, мен де анау бар ғой, сол сияқты сәнденіп киінетін жігіт боламын, әлі. Сонда осыныңды алдыңа келтіремін.
Кербезсініп кеудесін керген қыз, бәрібір баланы менсінбеді. Сазарып тұрған балаға сумаң еткізіп тілін шығара кекетіп, кердеңдей басып, сыртқа қарай жөнеле берді.
Жасы он екіге енді қадам тастаған ызақор бала еденге отыра қалып, қос жұдырығымен тізесін тоқпақтады. Бір жапырақ жүрегі жарылып кетердей тарсылдай соғып тулады. Балғын жүйке үзіліп кетердей шамадан тыс созыла керіліп, өте қатты ызаланды. Лықсып тұрған ызасы біртіндеп бәсеңсіп барып басылды да, артынша көкірегі қарс айырыла қайғырды.
Жас жапырақ жүректің сол қайғысын өзгелер-өзі құралыптас құрбылары да, ересектер де түсіне алмайтын еді. Түсіну қайда? Жан шырылы өзінде, мұнартқан мұңы көзінде-тін.



ЖӘДІГӨЙЛІК

Гармоншы бұл маңайдағылардың бәрінен өзін жоғары санайтын. Ешкімді менсінбейтін. Сөйтіп, жүргенде мына жағдайға тап болды.
Су құятын шағын зауыт іске қосылғалы оның көңіл-күйі күрт өзгерді. Қызғаныштың қара мысығы мияулап кеп, тыным таптырмай ішін аямай-ақ тырнады. Апырай-ай десеңші, бойына біткен кекшілдіктің, шынашақ айналмайтын іштарлық қашан пайда болғанын өзі де аңғарған емес. Ана сүтімен келген өзімшілдік пен тәкәппарлық өрши келе осындай жаман қасиеттерге ұласты ма екен? Әйтеуір, қаншама әрекеттеніп өзін тәрбиелеймін десе де кекшілдік пен іштарлықтан арыла алмай-ақ қойды.
Бұл ретте де тағат таппай інісі Муканы Келестің бойындағы саяжайға шақырды.
– Аға, айтыс-тартысты қойып осы мәселені доғарсақ қайтеді?-деді түрме көрген інісі.
Гармоншы айтқыштығына басты.
– Әй, бауырым-ай! Тап қазір сен менің көңіл-күйімді сезіне алармысың, ұғына алармысың. Сыпатай батыр былай деп айтыпты ғой, сен соны зерделеп, тыңдап көрші.
Ақ қаптал ағайыннан арқам жауыр,
Өкпем жоқ, кеудемдегі бәрі бауыр.
Дұшпанның сүңгі найза сұққанынан,
Туыстың саусағымен шерткені ауыр.
Сен де сөйтіп отырсың. Қысылғанда қолтығымнан демер деп дәмеленсем, етегімнен тартып, «қой» дейсің. Қайтейін, өз қолымды өзім кесетін ақымағың мен емес. Өзіңнен болмаса өзгеден көмек болар. Жігіттер баршылық қой.
– Аға, мен сізге көмектеспеймін деп отырмын ба? Әлде, айтқаныңызды құп алмаған кезім бар ма? Тек мыналардың тірегі өте мықтылығын естіген соң арандап қалмайық деп сақтанғаным да.
– Жә, жә, сақтанғаның дұрыс. Бірақ, «Торғайдан қорыққан тары екпестің» керін келтіре берме. Біз бұққан сайын мыналар сұға бермек. Сондағысы жоғарыдағы алдамдардың атымен бопсалау ғана. Әйтпесе, ойлап қарасаң ақылға сыймайтын нәрсе. Бір біз ғана емес бәріне солардың атын атап қорқытатын көрінеді. «Қорыққанға қос көрініп» жүр де. Соның бірі сенсің.
– Енді бұлай демеңіз. Су жүрек емес екенімді білесіз. Тапсырмаңызды айтыңыз.
– Е,бәсе, солай десеңші,-деп Гармоншы аяқ астынан жайдарланып қалды.
– Маған анау серіктерің туралы мінездеме берші.
– Біреуі машинаның рулінде ойнайды. Түрмеге дейін біраз автожарыстарға қатысыпты. Әйтеуір, автомобильдің білгірі. Лақабы-Шырылдауық. Екіншісі – Сүңгуір. Ұлты татар. Судан құтқарушы болып жүргенде бірнеше адамды тереңге тартып әкетіп, су түбіне байлап қойған. Содан әлгілердің туыстары: «Кім бауырымыздың денесін су түбінен тауып берсе, пәлен ақша береміз», демей ме? Сол кезде Сүңгуір өтірік іздегенсіп жүріп құрбандығының денесін алып шығады. Алғыс естиді, ақша алады. Сөйтіп жүргенде, бір кілтипан болып түрмеден бір-ақ шыққан.
Гармоншының іші шиткіді. «Аһ, жауыз!Жазықсыз жанды өлтіреді. Оған ақша алады тағы. Алғыс естиді. Аһ, сыпайы жауыз?»
– Сүңгуір бір күні өзіңді өкіндіріп кетпей ме? Ақша үшін ол бәріне баратын секілді.
– Сондықтан да таңдадым. Ақша берсең қандай тапсырма болсын орындауға бар.
– Жарайды, сақ бол, әрқашан.
– Аға, құрғақ ақылдан гөрі тапсырмаңыздың тоқ етерін айтсаңызшы.
– Онда мұқият тыңда. Мен олармен кездеспей-ақ қояйын. Менің атымнан топты басқара бересің. Қалай болғанда да анау боқмұрынның көзін құрту керек.
– Ім, түсінікті. Бірақ, біріншіден бізде қару жоқ. Екіншіден оларға, Шырылдауық пен Сүңгуірді айтамын, төлейтініңізді нақты атауыңыз қажет.
Гармоншы інісіне тесіле қарап тұрды да, кілт бұрылып бұрыштағы сейфке барды. Құпия нөмірлі құлыпты әрі-бері бұрап, сонан соң кілтін салып, сырт еткізіп ашты. Ішінен «Макаров» пистолеті мен оқшантайларын және машинаның кілтін алып шықты. Оларды жазу үстелінің үстіне бір-бірлеп қойды.
– Мына пистолеттің екі оқшантайында он алты оқ бар. Жетеді. Ал, мынау кілт әлі мінілмеген, майымен тұрған соңғы маркалы «Жигулидікі». Тапсырманы орындауға сонымен барасыңдар. Оларға басыбайлы бердім.
– Ондай тапсырма үшін «Жигули» аздық етеді.
– Асықпа, білемін. Пысықсынған күшіктің көзін құртқан соң әрқайсысыңның қолына көк қағаздың он бес мыңын ұстатамын. Өз үлесің менің мойнымда.
– Мұныңыз жақсы болды, аға. Үй-жай болса үйленбек ойдамын. Сонан соң мені де жаяу жүргізбессіз деймін.
– Әрине, әрине. Тілегіңді мүлтіксіз орындаймын ғой. Тек қана істің бәрін аналарыңа орындат. Өзің сырттай бақыла. Жалданды ма, таз а орындасын. Далада жатқан дүние жоқ.
– Ұқтым, аға.
Мука пистолет пен кілтті алып кетуге ыңғайланған сәтте:
– «Жигули» біздің үйдің гаражында тұр, -деді Гармоншы жылы күлімсіреп. Алматыға барып, серуендеп қайтыңдар. Айтпақшы, ол маған достық ниетпен өз қолымен мекенжайын жазып берген. Мә, ала кет.