Орынбай Шойбек

Өмірдерек


Жазушы, журналист Орынбай Шойбек 1953 жылы 7 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, «Социализм» ауылында дүниеге келген.
1974-1979 жылдары Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, журналистика факультетін бітірген.
Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан облыстық газеттерінде, облыстық әкімшілікте жауапты қызметтер атқарған. Біраз уақыт республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, тәуелсіз «Ар» газетінің Бас редакторы, «Ғасыр Ш» баспасының директоры қызметін атқарды.
2017-2020 жылдар аралығында «Қазығұрт kz» әдеби-көркем, мәдени-әлеуметтік, тарихи-танымдық журналының бас редакторы болды.
2019-2020 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы қызметін атқарды. Сарыағаш ауданының құрметті азаматы.
Алғашқы туындылары «Арман қанатында», «Сарыағаш саздары» ұжымдық жинақтарына енген. «Өмір деген осындай», «Тозаңды терезе», «Саңырауқұлақ», «Әміршінің әлегі», «Замана ертегілері» повестері мен әңгімелері, «Түрмеге түспейтіндер» детективті романы, «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» роман-дилогиясы, т.б. жеке кітап болып шыққан.
Шойбек Орынбай 1986 жылы «Жалын» журналы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің бірігіп жариялаған жабық бәйгесінде «Қателік» деген шытырман хикаяты үшінші орынды, 1995 жылы «Жалын» баспасы жариялаған дәстүрлі бәйгесінде «Әміршінің әлегі» атты повесі бас жүлдені иеленген.
1999 жылы облыс әкімінің «Алтын қауырсын» жүлдесін, 2001 жылы «Жылдың үздік жазушысы» атағын иеленді.
2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің, 2012 жылы «Құрмет» орденінің және «Жалын» журналы тағайындаған Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері болды.
2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, 2018 жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Оңтүстікке сіңірген еңбегі үшін» медалімен, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі үшін облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың арнайы алғыс хатымен, 2019 жылы «Егемен Қазақстан -100 жыл» медалімен марапатталған.