Орынбай Шойбек

Шығармашылығы


Шойбек Қоңысбайұлы Орынбаевтың шығармашылық қарымы туралы алғаш рет «Жалын» журналының 1986 жылғы 2-ші номеріндегі «Арман жүгі – ауыр жүк» деген сын мақалада былай деп тұжырымдалып еді: «Образ толыққандылығы – жазушының жеңісі. Жинақтағы ұнамды, ұнамсыз характерлері біршама ашылып, саралана бастаған кейіпкерлерге Шойбек Орынбаевтың Бекданын жатқызуға болады. «Қымбат дәрі» әңгімесіндегі Бекдан «күйдім-сүйдімнің адамы емес, өзіндік кісілік келбеті бар. Сырын тереңге сақтайтын жайсаңдығымен танылып, ісімен сүйсіндіріп, сенімді жар бола алатындығын дәлелдеген жан.»
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1987 жылғы сәуірдегі № 14 номерінде сарыағаштық қаламгерге мынадай баға беріліпті. «Жас автор өмірді білетіндігімен, сол өмір шындықтарын қою сюжет, шытырман тартыс, ширыққан драматизм арқылы жап-жақсы бере білуімен тартады. Жинаққа енген бір повесть, алты әңгімеде табиғилық бар. Туындыларының тілі де таза.» Ал 1989 жылы жазушылар Одағының ұйымдастыруымен өткен жыл қорытындысында Шойбек шығармалары туралы пікір айтылып, ол «Қазақ әдебиетінің» 21 сәуірдегі номерінде жарияланды. Онда мынадай түйінді ой айтылған. «...Шойбектің әңгімелері қай жағынан болмасын әдеби талғамнан шыққан, композициялық құрылымы жинақы, тілі шұрайлы, оқиғалары нанымды көрінеді. Қаламгер қарымын да осы әңгімелері анықтаса керек.»
Автордың есімі 1985 жылы жарық көрген Қазақстан жас жазушыларының «Арман қанатында» атты бесінші кітапқа енген әңгімелерімен белгілі болды. Одан кейін «Өмір деген осындай» атты повесть және әңгімелер жинағы жарық көрді. 1987 жылы «Жалын» журналы мен республика Ішкі ісетр министрлігі бірігіп жариялаған жабық бәйгеде «Қателік» атты детективті повесі жүлделі орынды жеңіп алды. Ол «Төле би – қарлығаш әулие» атты көркем тарихи пьесаны белгілі жазушы Мархабат Байғұтпен бірігіп жазды. Соңғы жылдары «Тозаңды терезе» повесі жазылды.
«Аққұс» қауымдастығының Сарыағаш аудандық ұйымы.

* * *

...Біз оқыған мектепте Ермек Керімбаев дейтін әдебиет пәнінің тамаша мұғалімі болды. Әдеби үйірмелерді ұйымдастырып, өлең, әңгіме сынды шағын туындыларды бізге талдап үйрететін. Ермек ағайға еліктеп әңгіме жазып жүрдім. Кейін сол кісінің «мақала жазып көр» деуімен ғана газетке қарай бейімделіп көргенмін. Шағын хабарларым сол кезде «Қазақстан пионерінде», аудандық газеттерде жарияланып тұратын. Бірақ, мен жастайымнан әңгіме жазумен айналысқанмын. Алғашқы шағын әңгімемді «Көрінбейтін жұлдыздардың сәулесін» Ермек ағай үйірмеде талдап, «Лениншіл жасқа» жібертті. Сол туындым тоғызыншы сыныпта жүргенде жарық көрді. Жазушы бола алмасам да, Ермек ағай секілді жақсы ұстаз болуды армандадым. Алайда, тоғызыншыны бітіргенімде мені аудандық газетке жұмысқа шақырды да. Ешқайда бармастан журналистикаға раласып кете бардым. Солай аудандық газеттің корректорынан бастап, редактордың орынбасарлығына дейін қызмет атқардым. Рас, арасында үзілістер де болды: әскерге бардым, оқу бітірдім, Көкшетауда да газетте істедім... «Оңтүстік Қазақстанда» да істедім, Сарыағаш аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болдым. Ал Шымкентте Төрегелді Байтас екеуміз «Жібек жолы» дейтін тұңғыш тәуелсіз журнал шығардық. «Жібек жолын» біз облыстық «Қазақ тілі» қоғамының жанынан Жазушылар Одағының сол кездегі облыстық филиалымен бірігіп шығардық. Мен журналдың жауапты хатшысы, әрі редактордың орынбасары болдым.
Көкшетауда облыстық газетте істеген кезімде «Қазақ әдебиетіне» «Қымбат дәрі» деп аталатын әңгімемді жолдаған болатынмын. Ол әңгіме «Арман қанатында» атты жас қаламгерлердің жинағының 5 санында жарық көрді. Содан кейін «Өмір деген осындай» атты кітабым жарық көрді. Бірақ, мен сол кездің өзінде көп уақытымды Төле би туралы деректер жинауға арнадым. Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қорына Бейсембай Кенжебаев ұстазымның көмегімен кіріп, М. Әуезовтың редакторлығымен 1933 жылы шыққан «Билер әдебиеті» атты кітапты зерттедім. Омбы мұрағатымен де жұмыс істедім. Ол жерден Төле би мен Абылай хан туралы құжаттарды зерттедім. Көкшетауда жүріп Төле би туралы үзік-үзік әңгімелер жариялап жүруімнің сыры осында.
Бидің туған жері – Шу өңірінде Жайсаң жайлауында болып, Төле би отырғызған ел« Төле би талдары» деп атап кеткен талдарды көрдім. Алакөл маңындағы Төленің әкесі Әлібек бидің жайлауында болдым.
Кейіннен «Сана», «Шапағат пен мейірім», «Қайғы мен күлкі» атты ертегілер жаздым. Менің ертегілерім ересектерге арналған. Оның астарында түсінікті, жеңілдеу пәлсапа жатыр. «Алтын мен дән» де солай. Ондағының бәрі бүгінгінің экологиясы, мейірімсіздік, қатыгездік, қайғының көбеюі, күлкінің азаюы деген секілді дүниелерге құрылған.
Ішкі Ісер Министрлігі мен Қазақстан жастар комитеті бірігіп, «Жалын» журналының қолдауымсен «Лениншіл жас» газеті арқылы, шытырман оқиғаларға бәйге жариялапты. Шытырман дегенде Кемел Тоқаевтан өзгені оқып көрмегем. Қалай жазуды да біле бермеймін. Газеттегі бәйгеге қызықтым да, өз білгенімше жазып, Алматыға жолдадым. Жиырма күн ішінде жазылды. Бұл менің ең алғашқы шытырман повесім. Ауылдағы болғңан оқиғаны «Қателік» деп атаған едім. Кейін бәйге қорытындысында менің туындым үшінші орын алыпты. Содан детективке деген құлшыныс пайда болды. «Жалын» баспасының келесі шытырман оқиғаларға арнаған бәйгесіне «Әміршінің әлегі» атты повесімді жіберіп, бас жүлдені алдым. Кейін «Түрмеге түспейтіндерді» жаздым.
«О дүниеден соғылған қоңырау» деген фильмге шытырман сценарий жаздым.

Шойбек Орынбай «Евразия» газетіндегі сұхбаттан






КЕЙІПКЕРЛЕРІМНІҢ КӨПШІЛІГІ ШЫНАЙЫ ӨМІРДЕ БАР
(Жазушы, журналист Шойбек Орынбаймен сұқбат)

– Шойбек аға, жуырда «Жалын» журналы жариялаған сыйлықтың иегері атандыңыз. Құтты болсын дейміз! Білуімізше, сіз «Жалын» жариялаған сыйлықты бұған дейін де иелендіңіз...
– Рахмет! «Жалын» журналы өткен жылы «О дүниеден соғылған телефон» атты повесімді жариялаған еді. Сол шытырман шығармам арқылы жыл қорытындысы бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Бұдан көп жыл бұрын да, нақтырағы 1988 жылы осы «Жалын» журналы мен Қазақстан Ішкі істер министрлігінің және Қазақстан ЛКЖО орталық комитетінің бірігіп жариялаған жабық бәйгесінде «Қателік» деген повесім жүлдеге іліккен. Ал 1995 жылы «Жалын» баспасының дәстүрлі жабық бәйгесінде «Әміршінің әлегі» повесімен бас жүлдені иеленген болатын.
– Шойбек Орынбай - Қылмыстық тақырыпқа қалам тартқан қазақ қаламгерлері өте сирек. Өзгелердің тісі батпай жүрген жанрға ден қоюыңызға не себеп болды?
– Шығармашылығымды енді бастап жүргенімде детективке қалам тартамын деп ойлаған емеспін. Түрлі тақырыптағы әңгімелер жазатынмын. Төле бидің өмірін зерттей бастадым. Университетті бітірген соң сол кездегі Көкшетау облыстық газетінде жұмыс істедім. Сол қаланың мұрағаты Омск қаласының мұрағатымен тығыз байланыста болғандықтан, онда көптеген құнды, сирек кездесетін деректер кездеседі екен. Сонда жұмыс істейтін адамдардың көмегімен Төле би мен Абылай ханның байланысы жайлы деректерді таптым. Оның алдында қолда бар мәліметтерімнің барлығын қосып, сол кездің өзінде Төле би туралы романымның алғашқы тарауларын жазуды бастап қойған едім. 1984 жылы Сарыағаштағы аудандық газетте Төле би туралы романымның алғашқы бөлімдері жеке аңыздық әңгімелер ретінде жарияланды. Кейін 1986 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында да «Тарих дастан» деген айдармен үзінділер жарық көрді. Ол әңгімеге Желтоқсан оқиғасынан кейін ескілікті насихаттайтын шығарма деген кінә тағылды. Маған ескерту де берілген. Содан соң уақытша баспасөзге ұсынған жоқпын. Бірақ зерттеуді, жазуды тоқтатпадым. Айтайын дегенім, Төле биді жазып шығу үшін біраз жанрларға қалам тартуым керек секілді, әсіресе, аңыздарға ден қою қажет деген ой келді. Өйткені Төле бидің өмірінің бәрі аңыздармен тығыз байланысты. Осы мақсатпен «Домалақ ана», «Қарақшы Қара Хайдар», «Сарыбалақ» деген аңыздарды жарыққа шығардым. Төле би шым-шытырық, қиын, жаугершілік, соғыс заманында өмір сүрді ғой. Яғни, сол заманның өзінде қазақ елінде, ауылдарында барымташылыққа, қарақшылыққа қатысты шытырман оқиғалар көп болған екен. Осындай деректерді зерттей жүріп, шытырман оқиғалар жазып қаламымды шыңдауға кірісіп кеттім.
– Детективтік шығармаларды жазуды нақты дәйектерге сүйенесіз бе?
– Иә, «Қателік» атты повесім шынайы өмірден алынған оқиға. Басты кейіпкерлерім көпшілігі де шынайы өмірде бар. Өз ауылымда өткен. Кейіпкерді де жастайымнан білетінмін. Түрмеге жатып шыққан адам еді. Мен повесті жазғанда оның қылмысы ашылып, соты да өтіп қойған болатын. Бірақ мен ашылған қылмысты баяндай отырып, қылмыскердің образын ашып, оның ішкі жан дүниесіне үңілдім. Сотта айтылмаған, қылмыс аясындағы өзге де детальдарды, сырларды аштым. Сондықтан шығарма өте сәтті шығып, қылмыскер басқа қырынан әшкереленді. Қылмысының себеп-салдары әйгіленді. Ал «Жүректегі жәдігөй» повесіндегі оқиға былай болды. 1993-94 жылдары Сарыағаш шипажайының жанындағы рұқсат етілмейтін жерге минералды су өндіретін зауыт салынатын болды. Бұған қарсылық танытқан шипажайдың директоры мен әлгі зауыт бастығының арасында тартыс басталып кетеді. Заң жүзінде шеше алмаған соң шипажайдың басшысы қарсыласының көзін құрту үшін киллер жалдайды. Бірақ, тосын жағдай орын алып, нәтижесінде корпорацияның президенті емес оның вице-президенті оққа ұшады. Көп ұзамай киллер қолға түседі. Ал қылмысы әшкере болатынын сезген шипажай басшысы Ташкентке барып, ине арқылы тамырына у жіберіп, өзін өзі өлтіреді. Осы қылмысты да тек бір жақты ғана көзқараспен емес, бас кейіпкердің психологиясын зерттей отырып, оның бұл қылмысқа не үшін барғанын, негізгі ойы қандай деген секілді сұрақтарға жауап іздедім. Одан кейін сүт сататын өзбек әйел туралы жазған газетке лайықталған деректі шығармамда оның өз перзентін ақша үшін қылмысқа итермелегенін, баласы анасы үшін қылмыскер атанғанын ашып жаздым. Бір сөзбен айтқанда детективтің негізгі мақсаты қылмыстың сырын деректерді оқиғамен байланыстыра отырып, көркем тілмен ашу, жеткізу. Сол арқылы қандай қылмыс болмасын соңы жақсылыққа апармайтынын көпке ұғындыру.
– Жоғарыда кейіпкерлерімнің көбісі шынайы өмірде бар адамдар деп айтып қалдыңыз. Олар шығарманың бас қаһарманына айналғанына қарсылық көрсеткен жоқ па?
– Қарсылық білдіргендер болды. «Қателік» повесіндегі кейіпкердің туған-туыстары маған келіп, «сен біздің туысымыздың масқарасын шығардың. Жеке өмірін, оның сырын жұртқа жайып салдың. Мұның не?» деп реніштерін білдіргені әлі есте. Мені танитын адамдар ғой. Повесте кейіпкердің аты-жөнін, кей ауыл, мекендердің аттарын өзгертіп жазған едім. Бірақ оқиға, деректер дәл еді. Сосын мен оларға «бұл көркем дүние, бас кейіпкерімді қарабет, жаман адам ретінде жазған жоқпын, керісінше оның қайғысын, ішкі толғаныстарын, қылмыс әлемінің құрбаны болғанын жаздым. Басқа адамдар осындай қателіктерге бармасын деген ойды айтқым келді» деп едім олар бірден түсіністік танытты. «Түрмеге түспегендер» атты саяси-криминалды детективті романды жазғанда да осындай жағдай болды. Одан кейін «Сенатордың сыбайластары» повесін бір басылымға жариялағанымда мені танитын бір сенатор ағамыз телефон соғып: «Не жазып отырсың , біздің сыбайластарымыз кім екен?» деген әңгімелер айтқан. «Сіз оған ренжімеңіз бұл қылмыстың деректері де, сыбайластары да маған аян. Көркем дүние болғандықтан, мен солай жазғым келді» деп жауап қайтардым. Осы секілді жағдайлар кездесіп жатады.
– Қазақ жазушылары арасында детектив жанрына қалам тербейтіндер өте аз. Неліктен?
– Детектив жанры қазақ әдебиетіне кешеуілдеп келді. Бізде шытырман шығармаларға жеңіл жанр деп қарайды. Сондықтан сын да жазылмайды. Өйткені жеткілікті түрде дамыған жоқ. Ал сын айтылмаған жерде даму да бәсеңдеу болады. Кеңес дәуірінде Кемел Тоқаев деген ағамыздың детективтерін оқитынбыз. Шытырман оқиғаларды жазып жүрген біраз жазушыларымыз бар. Мысалы бәйдібектік жерлесіміз Бағдат Қалаубай, Алматыда да бірқатар жазушылар бар. Алайда көпшілігінде батысқа еліктеу басым. Түркі халықтарының ішінде өзбектердің детективтері мықты дамыған деп айтар едім. Детектив жанрына қосқан тағы бір тырнақтай жаңалық деп айтсам болатын шығар, ол кейіпкерлердің лақап аттарына байланысты. Өздеріңізге белгілі, аты шулы қылмыскерлердің өмірде міндетті түрде лақап аттары болады. Олар көбінше шетелдің, орыстың аттарын жамылады. Осы қалыптасқан аттардың орнына мен бас кейіпкердегі қылмыскерлерге қазақи есімдерді бердім.
Мысалы Ақбасбура, Сұрсұлба, Балгер дейтін кейіпкерлерім бар. Қазақ детективін дамытудың тағы бір жолы қазақы дәстүрлерді, оның ішінде қылмысқа қатыстыларын шығармаға енгізу керек. Қазақта ежелден барымта деген қылмыстың түрі бар. Байқасаңыз барымта көп елдерде жоқ. Міне, барымта қазақ детективін шетелдің детективтерінен ерекшелейтін бірден-бір ұғым деуге болады.
– Жақында 60 жасқа толады екенсіз. Біреулер «алпыс талтүс» деп жатады. Сіз бұған не дейсіз?
– Уақыттың бағасын кеш түсінеді екенбіз. Жастық та жалт етті. Ордабұзар отыз, қамал алар қырық та қыр астында қалды. Ер жасы елуіңізбен де байқамай қоштасып қойдық. Күйкі тірліктің құрсауынан шыға алмай жатамыз. Бүгінмен өмір сүріп, алдағы болашақты ұмытып кететініміз тағы бар. Кейде Қазыбек бидің: «Жалтылдақ деп жастықты сөкпе, бәріңнің шыққан тегің сол. Қалтылдақ деп қарттықты сөкпе, бәріңнің жетер шегің сол» деген даналық сөзін еске алып қоямын. Соны ұғынып, солай өмір сүрсек қой шіркін!- деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз!