Байдулла Қонысбек

Туындылары


СЕЗІМ ШЫРҒАЛАҢЫ
(әңгіме)

«Қымбатты Назым!
Кейде адам аспандағы Айды аңсайды. Оған қолының жетпейтіндігін, оның орындалмайтын арман екенін де білесің. Бірақ, біле тұра, соны сезе тұра оған қол созасың. Мүмкін бұған сен дау айтарсың. Біліп отырмын, қазіргі техниканың дамыған, космос корабльдерінің ай түгілі Шолпанға да қонып жатқан кезінде мына тиіп тұрған Ай да сөз болып па деп. Бұл сұрағыңа да жауап беруге болады. Кей кездерде, көпшілік жағдайда арманның ұшын ұстап, соған қарай талпыну жолында көп қиыншылыққа кездессең де соны қуалай бергің, алға қарай ұмтылыа бергің келеді. Бір ұшы қолыңда тұрған сол арманды түпкілікті орындауға тырысасың. Соның жолында кеудеңнен жаның шыққанша өмір сүргің келеді. Егер арманыңның орындалмайтынын сезсең, бұл дүниеде адам болып, жер басып жүргеніңе де, осы жарық әлемге келгеніңе де қапа боласың. Бүк түсіп жатып қаласың. Серпілгің барлығын ұмытқың, сөйтіпмына гүлжазира әлемде көкірегіңді кере ашып қуанғың келеді. Құлшынып еңбек етуге, күнделікті тынымсыз жұмыспен өзіңді жегідей жеген алаулаған сезімді тұншықтыруға талпынасың. Өкінішке орай ол көп жағдайда сәтті шыға бермейді. Бәрі-бір сол жүрегіңнің терең түкпірінде жатқан нәзік сезім қайтадан жарқ етіп шыға келгенде, құйтақандай жүрегің тауды қопары, тасты жарғандай солқ еткізгенде, не істеріңді білмей қиналасың. Иә сен менің орындалмайтын арманымсың, қол жетпейтін шынарым болдың. өзіңнің мөлдір махаббатыңа дәл сондай жауап болмаса, сүйіспеншілікке сүйіспеншілікпен жауап бермесе бұл жағдайда одан өткісіз бақытсыздық болмаса керек. Мен сені кінәлап отырған жоқпын. Мүкін сен де біреуді, жаны жайсаң, маңдайының екі елі ырысы бар жігітті сүйерсің. Ол өз еркің. Әлде тағдырдың тәлкегіне айналған мен бейбаққа деген жүрегінде сәл де болса бір ұшқын болар. Бірақ, мен саған сүйетіндігім жайлы, мен үшін сенен артық адам жоқ екендігін де айтқан емеспін. Айта да алмаймын. Мүмкін өмір бақи айтпаспын да.
Мен саған осы хаттты жаза отырып, бұл хаттың ешуақытта сенің қолыңа тимейтінін, сенің бұл хатты оқы да алмайтындығыңда білемін. Өйткені мұны мен саған ойша жазып отырмын. Бұл менің тап таза кіршіксіз ойым ғана.
Иә, осының бәрі неден басталып еді өзі. Айтпақшы, сенің осы мен қызмет істеп жүрген ауруханаға жұмысқа келуіңнен басталды емес пе? Мүмкін сені көрмес пе едім. Мұндай азапқа түспес пе едім. Кім біледі. Мұның өзі сандырақ та болар. Жүрек қашандаболса, өзі ұнатқан, өзі сүйген адамды табуға міндетті. Ал таба алмаса, өмір бойы өкініште өтері сөзсіз. Біріншіден, мен сені тапқаныма қуансам, екіншіден, ешуақытта сенімен бірге бола алмайтыныма, сенің қасыңда жүре алмайтыныма қапа боламын. Сенімен қиялымдағана бірге жүретінімді өзіме медеу етемін. Сол ғана мен үшін жұбаныш.
...Осымен хатты аяқтаймын. Қош сау бол. Сенің бақытты болуыңа тілектеспін. Ой құшағына шомып барамын...
Нұрлан».