Өмірдерек
Байдулла Қонысбек 1941 жылы 1 қыркүйекте Бәйдібек ауданының «Жүзімдік» ауылында дүниеге келді.
1961-1966 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, филиология факультетінің журналистика бөлімшесін бітірген. Мамандығы журналист.
Еңбек жолын 1958 жылы слесарь ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас (Бәйдібек) ауданы Жамбыл атындағы кеңшарында бастаған.
1961-1966 жылдары Алғабас ауданы «Бөген» кеңшарында жұмысшылар кооперациясында есепші болып жұмыс атқарған.
1966-1985 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында аудармашы, әдеби қызметкер, жауапты хатшы болып еңбек еткен.
1985-1987 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерінде болды.
1987-2002 жылдары облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде, облыстық телерадио компаниясында төраға қызметін атқарды.
2002-2006 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметінде жүріп зейнеткерлікке шықты.
2006-2007 жылдары «Аталар сөзі», 2007-2010 жылдары «Біздің жанұя» газеттерінің бас редакторы қызметтерін атқарған.
Байдулла Қонысбек облыстық қоғамдық саяси өміріне белсенді араласады. Ол «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан аймақтық филиалының төрағасы, «Сайлауды қадағалау» жөніндегі РҚБ-нің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, облыстық журналистер ұйымының төбе биі болды. Сонымен қатар, 1998-2002 жылдары Қазақ-Кувейт гуманитарлық академиясында дәріс берген, доцент атағын алған.
«Жылқышылар, «Ақ мақта», «Өнеге өрісі» очерктер жинағы, «Биік мұрат», «Бетпе – бет», «Ұрпаққа ұлағат», «Асыл жүрек», «Алуан-алуан жүйрік бар» деген кітаптары жарық көрген. Республикалық, облыстық, баспасөздерде жарияланып жүрген түрлі тақырыптардағы материалдарын оқырмандар жылы қабылдады.
Байдулла Қонысбек «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерең еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, «Нұр Отан» ХДП-нда белсенді еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы.
Облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене ат салыса отырып, облыста атқарылып жатқан игілікті істерді насихаттауға, зиялы қауым өкілі ретінде елдің ынтымағы мен бірлігін насихаттауға өз үлесін қосқан Байдулла Қонысбек «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағының иегері.
Қазақ журналистикасының ардагері Байдулла Қонысбек 2022 жылы 22 маусымда өмірден өтті.