Байдулла Қонысбек

Шығармашылығы


ТЕКТІ ӘУЛЕТТІҢ ТҮЛЕГІ

Адам Ұлы табиғат перзенті. Қазақтың кеңпейіл, жан жомарттығы – мына, керілген кең дала, айқара ашық аспан, лепіре соққан ескек желінен дейміз. Оның айқын белгісін мың жылдар, сан ғасырлар белден бел асып, көкмайсалы көл жағалап көшкен елдің шалқытыпайтар әні мен тұлпарлартүзіп, қыран түлеткен той думанды қиқулы өмір, сән-салтынан көреміз.
Мың үйлі Досай! Қаратаудың ылди құлап, Сырға қарай сылаң қағып өмірдің мәңгілік жырын жырлап жатқан Арыстанды – Қарабастың алабында ежелгі ата мекенін тапжылмаған қалың әулеттік дала табиғаты, жер түлетіп, жел өтінде шыңдалған байырғы-байтақжұрттың өзіне бауыр басқан төл перзенті дерсің.
Анығында Арыстанды – Қарабастың алабы көп замандар қашаннан қазақ салтын, ата жолын ардақтаған – көш бастаған көсемдері, елдің сөзін сөйлеген шешендері, Отан үшін жанпида жорықтың жолын кешкен батыр ұлдарымен көрінді.
Арғы ықылым заманды айтпағанда, өткен ғасырларда елдік пен бірліктің туын биік ұстаған Досай би, Досыбай болыс, Мөлке би күллі Қаратау мегн Сыр бойы, Алатау аралығын дүбірлеткен әйгілі «Көкбеттің күрең» тұлпарын түлеткен Рыспанбет, Тұрыспанбеттер, азамат соғысы жылдарында Түркістан майданының қолбасшылары Фрунзе мен Куйбышевтің қол астында қазақ батальонының комиссары болған Жұмабайұлы Пірімхан, кешегі Ұлы Отан соғысының қаһарманы Әбдіжапбаров Садық пен майдангерлік жол кешіп, ұзақ жылдар ел-жұртына еселі қызмет еткен Медетбеков Ыса, Битабарұлы Ыдырыс, Бәйсейітұлы Ибадулла ағалар осы текті әулеттің түлектері еді.
Міне, бүгіносы аталар мен әкелер жолын ардақтап, ел қасиетін қастерлеген текті әулеттің бүгінгі бір түлегі – ізбасар іні, санасы биік, салиқалы ел азаматы Қонысбекұлы Байдулла жайында біраз сөз айтқалы отырмын.
Байдулланы бүгінде Оңтүстік өлкесінде таныстырудың өзі артың. Жастайынан талпыныс талабымен Алматыда оқып, ел ортасына қаламгер-журналист болып оралған ел баласы жалпы есебі қырық жылдай облыс баспасөзінің қара шаңырағы осы «Оңтүстік Қазақстанда» қатардағы әдеби қаламгерден бас редактордың бірінші орынбасарына дейін, телерадиокомитетінде бөлім бастығының орынбасары болып жауапты қызметтер атқарды.
Қырық жылғы қызмет – ол жеңіл-желпіністі өте шығар, келіп-кеттінің ісі емес, әрине. Жазбагердің жұмысы – ұлы ұстаз М.Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Инемен құдық қазған» табанды шыдамдының, барша дүниені жүректің қаны, жан елегінен өткізетін женсебілдің ісі. Осыған жан тәнімен қырық жылын берген Байдулла, осы азаматтықтың жолынан абыроймен өтті. Біздің Оңтүстіктің баспасөзі мен телерадиосы жасаған ел тарихы, заман шежіресінде қарымды қаламгерБайдулланың өшпейтін қолтаңбалы ізі бар.
Байдулла қаламгерлікпен қат қабат азамат – қайраткерлікті қатар ұстанды. Ол баспасөз бен телерадиода жауапты қызмет атқара жүріп, туғант ел, өскен ортаға перзенттік қызмет етуді бір сәт те естен шығармады.
Ол қалың іс ортасында жүріп, қарбаласы таусылмайтын баспа шаруасының қалыңынан саңлаутауып, туған ауылы – Жүзімдікке ат басын әлсін-әлсін бұрып, ағайын ортасында болып, олардың мәдени, рухани жаңғырып, өркен жаюына ыстық ықыласымен қызмет жасап тұрды. «Жүзімдік жұлдыздары» атты шығармалар жиыны, осы атты деректітелефильм өзге емес, осы Байдулланың тікелей басшылық, қамқорлығымен жасалды. «Оңтүстіктің» бетінде ұзақ жылдар тұрақты орын тапқан «Бетпе-бет» айдарымен елге кең тараған салауатты сұхбат-әңгімелер, осы атпен жуырда жарыққа шыққан толымды –қонымды әңгімелер кітабы Байдулланың қаламгер-азамат ретіндегі бейнесін биіктете түскен түскен аса салауатты еңбегі болды. Білінбей ағар дариядай өмір ағысында тоқтам жоқ. Ұзақ жылдар ұлылар жолын кешкен текті әулет түлегі ізбесар інім бұл күндері де осыдан көп жылынғы бұрынғы, бәз-баяғы байыпты-бапты, маңызды-маңғаз қалпы. Оның осы бейіл – бейнесіне сырттай сүйсініп, іштей қуанамыз.

Еркінбек ТҰРЫСОВ






ЖУРНАЛИССИМУС

Сатирамыздың сардары Садықбек Адамбеков бір жылдары бүй депті: «Ана өз баласының қадам басқанына, сықылық атып күлгеніне, былдырлап сөйлегеніне қандай ақжарылқап қуанса, сен де маған сондай қамқоршы болдың. Осының үшін саған қарыздармын, «Оңтүстік Қазақстан»! Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті, өңірдің қара шаңырағы қалтқысыз қамқоршы болған қаламгерлер тіпті де аз емес. Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Еркінбек Тұрысов, Мұхтар Шаханов, Исраил Сапарбай сынды, тағы басқа да айтулы ақын-жазушыларыңызды айтпағанда, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» (Шерағаңның сөзі ғой) журналистікті жауапкершілікпен, азаматтықпен атқарып, бақ-берекелерін БАҚ-тан тапқан танымал тұлғалар қаншама. Солардың бірі – Байдулла Қонысбек. Біздің Байекеңді Қарағанды мен Қостанайда да, Тараз бен Қызылордада да, Атырау мен Ақтауда да, Семей мен Өскеменде де, Алматы мен Астанада да сұрайтындар табылады. «Ақкөңіл ағамыз қалай?» дейді. «Кеңпейіл көкеміз аман ба?» дейді. «Күлкісі қалай, күлкісі?» деседі. Байдулла Қонысбек журналист болуды бала кезінен-ақ армандаған. Қазақ университетіне құжат тапсырып, барлық емтиханнан «бес» алып, орыс тілінен оңбай құлаған. Туған ауылы Жүзімдіктің жетпіс үйіне қарап, жайдары күліп келе жатқан жас жігітті көрген көршілері: «Мөлке бидің немересі ҚазГУ-ге түскен екен ғой» депті. Кейін ғана естіп, құлап қайтса-дағы, күлкісінен танбағанына таңданыпты. Жүзімдіктегі кеңшар шеберханасында слесарь, токарь, тіркеуші болады. Аудандық газетке мақалалары шығып тұрады. Келесі жылы ШымПИ-ден тағы құлап қайтады. Орысшадан. Ауылына курсқа кірдім деп, күліп келеді. Шымкент кооператив техникумы жанындағы бір жылдық курсты тәмәмдап, орысшасын оңдап, Алматыға аттанады. Түседі. Оқуға. Журналист мамандығына. Алпыс алтыншы жылдың шіліңгір шілдесінде, қырық төрт градус ыстықта, шымқай қара кәстөм киіп, омырауына «ромбик» қадап, қарақоңырлау, бұйралау шашын шалқасынан қайырып, облыстық партия комитетіне кіреді. Жас кадр. Ол «Оңтүстік Қазақстан» газетіне осылай келген. Очерктері бұрқырап шығып жатты. Аудармашы. Жауапты хатшының орынбасары. Бөлім меңгерушісі. Сонсоң – он жыл бойы жауапты хатшы. «Облыстық газеттің жаухатшысы» дейтін жұмыстың жағдайын тек бастан кешкендер ғана білер. Мәскеудегі КПСС Орталық Комитетінің қап-қап қаулы-қарарларын, ЦК хатшыларының көл-көсір баяндама-ларын, ТАСС-тың тарсылдаған телетайпын тап-тұйнақтай игеріп, толайым-тұтас меңгеріп, обком мен облатком жақтан жіберілетін, тек орыс тілінде ғана келетін таусылмас материалдарды жедел аударып, тегіс түгендеп, түн қатып жүрсе де, түсі қашпай, жайдары күлкісінен танбай жұмыс істейтін. Күн сайын дерлік үйіне түнгі сағат екі-үште ғана қайтатын. Қайта құру қаулаған, «қайта құрмақты әркім өзінен бастау керектігі» талап етілген сексен бесінші жылғы сәуірде Байдуллаңыз облыстық партия комитетіне қызметке шақырылды. Қырық төрт жасқа кеп қалған журналистке «қайта құрылу» да, обкомға сіңісу де оңайға соқпады. Марқұм Мырзашев мұны жан-жақты түсінді. Көп ұзамай бөлім меңгерушісінің орынбасарлығына жоғарылатты. Төлебековке талай кадр ұнамаса-дағы, біздің Байекеңнің жайдары күлкісін жоққа шығара алмады. Облыстық радиокомитетке бастық етіп жіберді. Облыстық газеттің майын езіп ішкен, жиырма жылға жуық уақытын жұмсаған, обкомда екі жылдай қайта құрылған, облрадиокомитеттің тозған жағын оздырған Байдулла Қонысбек оншақты жыл бұрын жабылып қалған облыстық телеарнаны қайта ашуға белін бекем буып кіріскен. Оның қайраткерлігі мен қайсарлығы осы тұста байқалған. Байқоңырдайын ғарыш айлағына Байменов Болаттайын бас инженерін ертіп апарып, өзі арнайы жабдықтар әкелген. Жасамыстар мен жас журналистер қатарынан икемділерін тауып, жаңа тірлікке тартқан. Тәрбиелеген. Баулыған. Кемшіліктеріне көнген. Олқылықтарына төзген. Шыдаған. Шыңдаған. Сонау Владивостокқа дейін мамандарын жіберіп, құрал-жабдықтар құраған. Күлген. Кейде жыларман болған. Бірақ, баяғы жайдарман күлкісін қайта тауып отырған. Бұл Байекеңнің кейде ортақ іс үшін, халыққа керек хабар не мақала үшін бастықтарын да тыңдамай кететіні бар. Соның біреуіне өзіміз де куә болғанбыз. Ана бір жылы бастығы келді. Алматыдан. Байекең жалғыз жүрмесін деп, шашбауын көтере түсейік деп біз де ілесе бардық. Ауданға. Жаңағы кісінің атасы бар екен. Ауылда. Жасы тоқсанның жетеуінде. Өскен, өнген әулет басы. Кіндігінен тараған үрім-бұтағының ұзын саны сол кезде сексенге жуықтапты. Әңгімені ағытқанда ауызымыз ашылып қалыпты. Құдды бір мәшініске қызға «диктовка» жасап отырғандай, жіптіктей етіп айтады, жосылтып сөйлейді, арғы-бергіні қозғайды, жадының мықтылығы қайран қалдырады. Ойпырмай, мына кісі нағыз шежіре ғой, қазына ғой, мұндай адамды біз жазып алып қалуымыз керек, жұртқа көрсетуіміз керек, деп жатыр Байекең. Кішіктігі ме, сақтығы ма, «Қойыңыз, қайтесіз, сөз болады», деп жатыр бастығы. Әңгіме сонымен біткен сияқты еді. Жоқ, бітпепті. Бір күні теледидарды қарасақ, «Казино» деген хабар көрсетіліп жатыр. Әнеу күнгі ақсақал сөйлеп отыр. Кененмен, Бауыржанмен аралас-құралас болған кездерін өте қызықты етіп айтып отыр. Қуанып қалдық. Байекеңнің сергектігіне. Керек дүниені қалт жібермеген журналистік шыдамдылығына. Бастығы ренжіпті. «Мұныңыз не, қызметіңізді пайдаланып, атам туралы хабар жасатқандай болдым ғой», депті. Араға бір жылдай салып, тоқсанның сегізінен асып, қазына ақсақал да өмірден өтіпті. Сонда бастығы қайтадан телефон соғыпты. «Байеке, сіздікі ақыл болған екен, атамнан жақсы белгі қалдырдыңыз, рахмет», депті. Солай. Облыстық телеарнаны аяғынан тік тұрғызған. Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап «Бетпе-бет» атты авторлық бағдарламасын тұрақты жүргізген. Он бес жылын осы салаға сарп еткен облыстық телеарна басшысы қызметінен күтпеген жерден босатылғанда һәм кәдуілгі күлкісінен онша жаңыла қоймаған. Сыр білдірмей, ешкімге көрінбей, шағын ғана саяжайындағы кішкентай күркеде бір апта жатып алғаны рас. Оң қолын алға салып, сол қолын сәл ғана артына қайыра ұстап, бес қабатты бетон үйдегі қарапайым пәтерінде ерсілі-қарсылы жүріп, қатты ойланғаны рас. Көп ұзамай-ақ қара шаңырақ – «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қайта оралған. Сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Бас редактордың орынбасарлығынан. Қалам иелерінің зейнеткерлігі дегеніңіз – шартты нәрсе. Байдулла Қонысбек қайта зейнеткер атанғаннан кейін бейнетті бірнеше еселеп арттырды. Өңіріміздегі қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында. Қаламы қанат қағады-ай! Біраз кітаптар шығарып үлгерді. Қай-қай басылым мен телеарналарда да шәкірттері аз емес. Екі жыл бұрын шырайлы Шымкентіңіздің Ордабасы алаңында Тәуелсіздік монументі ашылған. Елбасы келген. Сонда ғой, Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар тұрып, қалың жұртқа сөз арнаған сабазыңыз да – осы Байдулла Қонысбек. Мөлке бидің ұрпағы. Өткен күзде Президент Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен жүздескенде ше, он төрт адамның ортасында Байекең де болған. Елбасы жыға таниды екен, жылы жүзбен жақындап келіп, Байдулла Қонысбектің жағдайын сұрап, қолын қысқан. Бүгінде байырғы Байекең, қашанғы Қонысбек – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Оңтүстік аймақтық филиалының төрағасы. Бұған қоса қаншама қоғамдық кеңестер мен комиссиялардың белсенді мүшесі. Облыс журналистерінің төбе биі ретінде әлдеқашан мойындалған. Кемшіліктерді кесіп айтады, олқылықтарды осып айтады. Оңтүстікте жүздеген газеттер шығып жатады. Ара-арасында алапестері де жоқ емес. Төбе биіңіз «жолбике журналистердің» «кәсібилік» деңгей-дәрежесіне, қаламгерлікке тән қасиетті құндылықтардың қолдан арзандатылып бара жатқанына жан ауыртады, жүрек сыздатады. БАҚ дейтін дүниеге мәдениеттен мақұрым, нысай-ниеттері қараулардың дендеп еніп кететініне, билік буындарындағы бәзбіреулердің ұялмай-қызармай сондай-сондайлардың шылауларына шырмалып жүретініне аң-таң қалады. Айтады. Басқосуларда. Жазады. Жариялайтын басылымдарға. Айту – парыз. Айта білетіндерден, жаза білетіндерден ұлт рухының уызына у себетіндер, тектіліктің тінін жегі құртша кеміретіндер, діннің «ағым-сағымдарына» елітіп еліретіндер аз да болса аяқ тартар. Орыс журналистикасының тарихында бұрын мұқым тыйымдалып, бертініректе ғана шын бағаланып, «журналиссимус» атанып, жан-жақты насихатталып жүрген Алексей Суворин (1834-1912) деген тұлға бар. Сол Сувориніңіз: «Мен газетті өз отбасымнан да ... тіпті әйелімнен де артық сүйемін», деген екен. Әрине, біздің бұ Байекең Суворин емес. Келіншегі Құттығызды газетпен немесе теледидармен теңдес көрер. Бәрінен бұрын Байекең, Шерағаң айтатындай, алтын арқалаған азамат.

Мархабат БАЙҒҰТ






БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕК – ОҢТҮСТІК ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ АТАСЫ

Ел аузында оңтүстік журналистикасының атасы атанған Байдулла Қонысбековтің 70 жылдық мерейтойына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында абырой-беделі, пайым-парасаты, елге сіңірген еңбегі, қадір-қасиеті, сый-құрметі, тағы басқа да жақсы қырлары жан-жақты айтылып та, жазылып та жатыр. Сондықтан Байекеңнің әзіл-қалжыңға бір бүйрегі бұрып тұратынын ескеріп, өзгелер тоқталмаған тұсына жеңілдеу тақырып болса да қалам тартуды жөн санадық. «Е, аурусың ба, не?» Байекең «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметінде жүргенде лездеме сайын тілшілерден жұмысты, тәртіпті талап етіп, сілкілеп-сілкілеп алатын. Артынша ақырын ғана ақылын айтып, көбінесе әңгімесін анекдотпен аяқтап, арадағы ұрыс-керісті лезде ұмыттырып жіберетін де әдеті бар. Былайша айтқанда Байекең жұмбақ адам. Бір қарағанда сұсты көрінгенімен, әңгімелесе қалсаңыз, әзілге жақын, жүрегі нәзік, жаны жаңа туылған сәбидей кіршіксіз таза екеніне көз жеткізесіз. Редакциядағы қызметкерлер экс-зам редактор Нұрекеңнің алдына еркін кіріп-шыға беретін. Апарған мақаламызды оқып болғанша, Нұрекеңнің үстелінің үстін ақтарып та бітетінбіз. Нұрекеңнің Құдай бере салған кең үстелінде не жоқ дейсіз?! Сурет, мақалалар, газет тігінділері, түрлі-түсті журналдар, папкілер... Мақаланы оқуға бас қойғаннан сол дүниелерді парақтап, ақтарыстырып тұратынбыз. Келе-келе бұл әбден әдетке айналып кеткенін сезбей де қалыппыз ғой. Байекең орынбасар болған күні мақаламды оқытуға алып кірдім. Нөмірдің мақалаларын осылайша басында тұрып оқытып, алып кететінбіз. Көзілдірігін киіп, ол кісі мақалаға бас қойды. Содан баяғы әдет қойсын ба? Үстел үстіндегі Нұрекеңнің қалған дүниелерді ақтаруға кірісіп кетіппін. Суреттерді көрдім. Қолымды созып, бір-екі мақаланы алып, парақтап, авторлардың не жазғанын байқадым. Одан Байекең отырған үстелден қысылыңқырап өтіп, газет тігінділерін ақтардым. Қайтып бері өтіп, шкафтың есігін ашпаймын ба?! (Соның ішінде не қызық бар десеңізші?!) Қысқасын айтқанда, тым еркінсіп, өзімен-өзі болып кетемін ғой. Кенет ту сыртымнан Байекең қарап тұрғандай көрінді. Жалт қарадым. Шынында да, ол кісі көзілдірігінің үстінен шұқшиып қарап тұр екен. Көзіміз түсуі мұң екен, «Е, аурусың ба, не?» дегені. Сасып қалдым. «Бір орында тұра алмайсың ба?» дегенді тағы қосып қойды. Қатты ұялдым. Шкафтың есігін не жабарымды, не жаппасымды білмей әлі тұрмын. Шынымды айтсам, өзімді тура «ауру» секілді сезіндім.

Оралхан ДӘУІТ






«СОЛ ҚОЛДЫҢ ӘЛЕГІ ӘСКЕРДЕН ДЕ АЛЫП ҚАЛҒАН»

Мені 2-3 айлығымда Қонысбек атам мен Маржан апамның бауырына Сәбден ағам мен Жәмила жеңешем (өзімнің туған әке-шешемді осылай аға-жеңге атап кеткенмін) өз қолдарымен көтеріп келіп, салған екен. Атамның сол кездерде жалғыз ұлы Жарылқап қайтыс болып, ауыр қазадан өзегі өртеніп, қиналып жүрген шағы болатын-ды. Қазір ойласам, мен оларға әрі алданыш, әрі бейнет болдым-ау деймін. Қораларында қараңдаған бір-екі ірі қарасы мен қойлары болғанымен, ешкі асырамаған екен. Мен үшін ешкі сатып алып, сол ешкі мен қойдың сүтін беріп асырапты. Кей күндері атам есекке мініп, қолына құндақталған мені алып, Жәмила жеңешеме еміздіріп тұрады екен. Анасының иісі сіңіп қалар деген оймен кейде інісі Мақұлбек көкемнің үйіндегі келіні Айшагүлге емізіп тұрыпты. Осылайша мен екі ананың сүтін емген жанмын. Қазір ол екеуінің де көзі тірі. Бірі 87-де, екіншісі одан бір жас кіші. Өз анам менен кейін де 15 құрсақ көтеріп, қазір көзі тірі 7 ағайынбыз.
Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай әлпештеп, әздектеп жүргенде безгекпен қатты ауырыппын. Алла-тағала атам мен апамды есіркеген болар, мүмкін атамның аты өшпесін, қайғысының үстіне қайғы жамамасын деген де болар, әйтеуір мен аман қалыппын.
Бала болған соң асық ойнайтын, доп қуатын кездеріміз аз болған жоқ. Алайда, қозы-лақ үнемі есте тұратын. Оған қарау, көйлеңкеге жайғастыру, өріске айдау, оларды жамыратпау менің еншімде-тін. Бұл ойын баласы үшін оңай шаруа емес. Кейде міндетті ұмытып, ойынның қызығынан шыға алмай қалған кездер де кездесіп тұрады. Оның соңы немен тынатынын ауылда өскен балалардың бәрі де біледі.
10-11 жастағы кезім. Апам отын шабуға, атам шөп жинауға кетеді. Мен үйде жалғыз қаламын. Ауылдан бір-бір жарым шақырымдай жерде қыр бар. Ауыл әйелдері соның арғы жағынан қысқы отын әзірлейді. Көмірдің қандай болатынын да біз білмейміз. Біздің көмір – көң мен тезек. Апам келгенше қойдың қиын бір шұңқырға үйіп, оған су құйып, аяқпен әбден езгілеп, майдалап қоямыз. Сол кезде қырдан отын арқалаған әйелдер де көріне бастайды. Мен самаурын қойып, шәй қайнатуға кірісемін. Апам арқасындағы отынын тастап, «Уһ» деп демала бергенде, есек арбамен шөп артып атам да келеді. Екеуі де мені айналып-толғанып: «Жарайсың балам, жігіт болып қалыпсың, айналайыным! Шай да қайнап тұр екен. Кәне демдей қойшы, күнім!» деп екеуі екі жағыма отырып, шәй ішуге кіріседі. Бұл жағдай күн сайын қайталанады. Жаз бойғы менің пионер лагерім осы.
Сол қолымның әлегі талай әңгімеге арқау болып, тағдырыма да тікелей әсері болды. Алғаш 6 жасымда есектен құлап, сол қолымның шынтағын шығарып алдым. Атам ауыл сынықшысына салдыртқан тұғын. Келесі жылы велосипедтен құлап, тағы сол қолымды жарақаттадым. Ауылда өзіммен құрдас Мұрат деген бала болды. Бір үйдің жалғыз баласы. Соның әкесі велосипед сатып әперді. Ауыл балаларының бәрі соның соңындамыз. Бір мініп көргіміз келеді. Алдаймыз, жалынамыз, әйтеуір бір айдап қалудың амалын жасаймыз. Кейін келе ұзын-сонар кезекке тұратын болдық. Кезек маған келгенде велосипедпен ылдидан төмен қарай жүйткідім. Үлкен велосипедке аяғым жетпегендіктен белтемірдің ортасынан өткізіп алғанмын. Төмен ызғып түскенде рульді игере алмай, омақаса құладым. Ауылды аспанға көтеріп, үйге жылап келдім. Мына түрімді көріп, атам аяп кетсе керек, бұл жолы сынықшыға апармай, өзі сылап-сипап орнына келтіргенсіді. Осылайша сол қолым шодырайып, қисық бітіп кетті.
Осы қолдың әлегі әскерге барарда тағы алдымнан шықты. Медкомиссияның барлығынан «здоров» болып өтіп келдім де, хирургке келгенде «жолым болмады». Дәрігер алғашында байқамады, кейіннен жаттығу жасатқанда көріп қалды. «Не болған?» деп сұрады. Есектен құладым дегенге ұялып, «түйеден құладым» дедім. Түйені екі қабатты үй секілді елестетсе керек, қалай тірі қалғансың деп басын шайқады. Ақыры «не годен» деп жазды. Мен «годен» деп жазыңыз, бұл қолыммен бәрін істеймін, төбелесе де беремін деймін. Содан не керек, қолыма әскерге жарамайтындығым, әскери жағдайда тыл жұмыстарына жарайтындығым жөнінде билет берді.
1961 жылы жоғары оқу орнына түстім. Факультетімізде әскери кафедра жоқ екен. Алғашқы курсты бітіре салысымен, курстағы 25 баланың 20-сын әскер қатарына алып кетті. Қалған бесеуміз сырттай бөлімге ауыстық.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүргенмін. Бөлім меңгерушілігі міндетін жаңадан қолыма алған кезім. Бір күні газеттің жауапты хатшысы Мыңбай Ілесов «сені КГБ-дан шақыртып жатыр» деді. Бардым. Өзін полковникпін деп таныстырған бір лауазымды қызметкер менен туған жерімді, оны-мұны сұрап отырып, мені жұмысқа қабылдайтындықтарын жеткізді. «Сізді бір жыл бойы зерттедік, барлық жағынан талапқа сай келесіз» деді. Мұның біреуін де білмеген екенмін. «Солай деп шешсеңіздер, сенімдеріңізден шықсам, қарсылық жоқ, алайда менің бір «бірағым» бар дедім. Қандай деп сұрады. Сол қолым сынғандықтан, мені әскер қатарына алмай қойғандығын айттым. «Барлығын зерттегенімізбен, ол жағын байқамаппыз» деді де, өздеріне қарасты емхананың хирургын шақыртты. Әлгі полковниктің көзінше қолымды әрі қарап, бері қарап «болады» деді. Бұл кез қаңтар айы болатын. Мені қыркүйекте Мәскеуге ме, Минскіге ме екі жылдық оқуға жіберетін болып шешіп қойған екен. «Оған дейін әлі тоғыз ай уақыт бар, қолын зыптай етіп емдеп беремін, бірақ сегіз ай бойына гипсте жүру керек болады» деді әлгі дәрігер. Көзім шығып кетті. Бұл кезде жасым 29-да болатын. Әбден бітіп кеткен сүйекті қайта орнына келтіру оңай шаруа емес. Ол уақытта әкем тірі болатын, үймен ақылдасып көрейін дедім. Ақылдастым. Әкем «екі жыл оқиды екенсің, одан кейін қайда жұмысқа жіберетіні тағы белгісіз, осы жұмысың да жаман емес қой, тірі болсаң тағы көрерсің» деген ақыл айтты. Әкемнің ақылына тоқтадым.
Қолымның қисықтығын өмірлік жұбайым Құттықыздың өзі тұрмысқа шыққанға дейін білген жоқ. Жасым 60-қа келген жылы Мархабат Байғұт мен жайында «Сол қол» деген, зейнетке шыққан жылы «Оң қол» деген шығарма жазды. Міне, мен үшін сол қолдың осындай қызықты оқиғалары бар.

Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ