Байдулла Қонысбек

Туындылары


МӨЛКЕ БИ

Ертеректе Қаратаудың күнгей бетін жайлаған Ыстыдан тарайтын Тазша руының Аман деген байы көкпар беріпті. Сол көкпарға қатысып, еліне қайтып келе жатқан Байқарағанның бір топ шабандоз жігіттеріне Үбайдулла деген жездесі жолығып қалады. Ол қожа екен. Ерігіп келе жатқан жігіттер жездесініп ойнап, әлгіні аттан аударып түсіреді. Сонда Үбайдулла:

«Қайын жұртым Байқараған, едің,
Бұрында қайным бар деп ескермедім.
Бағыңа Досыбай мен Мөлке туып,
Белге айналдың,

Немесе қыр да емес, тепсең едің»,- деген екен. Бұл өлеңнен біз Мөлкенің қадір-қасиетін аңғарамыз. Қара қылды қақ жарған әділ Досыбай биге тең, соған деңгейлес адам екенін байқаймыз. Расында да ол бір рудың бетке ұстар азаматы болған.
Мөлкенің немересі Сәбденнің әйелі Жәмила апаның айтуына қарағанда, ол кісі 1815 жылы туылып, 103 жасында, яғни 1918 жылы қайтыс болған. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Қоқан ханның қол астында болған кезде елшілік қызмет атқарған. Хан Мөлке арқылы қырғыз елінің ханы Шабданға «келіссөзге келсін» деп сәлемдеме жолдап, оны елшілікке жіберіпті. Екі жақ бір-біріне қырғиқабақ екен. Өзі сұсты, қара сөзден қатық езген Шабдан ханды ол сөзден жеңіп, келіссөзге еріп келген көрінеді.
Мөлке Аллаһ бақ-дәулет берген, ақылды да сөзге шешен адам болған. Талай – талай дауларды әділдікпен шешіп, елдің ыстық ілтипатына бөленіпті. Кедейлерге әрдайым көмектесіп отырған. Ол кісіге 5-6 мың қой, 2 мыңдай жылқы , 400-ден астам түйе біткен көрінеді. Ауыл балаларын мұсылманша оқыту үшін өз қаржысынан мешіт салдырып, млда ұстаған. Мөлке қасына үнемі пысық та елгезек туысы Серібайды ертіп жүреді екен. Серібай да от тілді, орақ ауызды шешен болған.
Мөлке жасы елуге келгенге дейін перзент көрмеген. Бір дауда сөзден тосылған Тазша руының болысы Аман оған:
– Әй Мөлке! Бимін деп көкірек керме, сенен де билік қалар, әлі талай бұл күніңе боларсың зар. Баймын деп күпінбе, «Батыр – бір оқтық, бай – бір жұттық», артыңнан ерген ұл жоқ, бар малың ағайының. Дәулетке қалар, сен қубассың, – деген көрінеді.
Сонда Мөлке:
– Мен қубас емеспін, артымда ағайыным бар, сен қубассың, ағайынға қадірің жоқ, айналаң тар, мен би болсам әділ бимін, ал әділ бидің өзі өлсе де, сөзі өлмейді., мен жомарт баймын, жоқ – жітіктен ешнәрсе аямайтын, сен сараң байсыңөзіңе де, өзгеге де мал қимайтын қоңыздай домалатып боқ жинайтын, – деген екен. Сонда Аман болыс өзінің ашу-ызаның құлы болып, артық айтқан сөзі үшінМөлкеден кешірім сұрап, сөзіңе жығылдым, – депті.
Мөлкенің әйелі Жұмабике уақтың қызы екен. Алғашқы ұлы дүниеге келгенде Мөлке кісі шаптырып, өзін табалаған сол Аман болыстан сүйінші сұратыпты. Аман сүйіншіге бір сәйгүлік беріп: «Баланың атын өзім қоямын», – деп сәлем айтыпты. Сөйтіп, екі-үш күннен кейін Аман болыс келіп, шекпенің етегіне нәрестені салып отырып, «ұрпағыңның бәрі би болсын» деп тілек айтып, Битабар деп ат қойып кетіпті. Мөлкенің Битабардан кейін Жүнісбек, Қонысбек деген балалары болған.
Әкем Ыдырыс, бабам /Мөлке/ туралы мынандай бір әңгімені айтып беріп еді, – дейді Мөлкенің шөбересі Мереке Ыдырысов. – Ол кісі жас кезінде кедей болыпты. Егін егіп, күн көреді екен. Қоқан ханы біздің жерді шапқан кезде, жұрттың бәрі Қаратаудың шатқалдарына барып тығылыпты. Мөлке: «жау мен сияқты кедейді не қылады», – деп жерін жырта беріпті. Ханнаң әскерлері келіп бабамнан елдің қайда кеткенін сұрайды. Сонда Мөлке ағайындарының қайда тығылып жатқанын айтпайды. Ержүрек, қайсар жігіттің мұнысына риза болған әскербасы Мөлкені өз шатырына шақырып, қонақ етеді.
– Жерді не үшін жыртып жатырсың? – дейді қолбасшы.
– Жүгері егемін, – деп жауап берді Мөлке.
– Тұқымдық жүгеріңді бізге бер. Сен оны баптап бәрібір баптап, өсіріп, өнімін сатасың ғой. Бізге жүгеріңді сат, мен дежас кезімде егін еккенмін, диханның еңбегін бағалай білемін, – дейді де әскербасы көп күміс аша беріп, Мөлкенің бір қамба жүгерісін алады. Содан Мөлке сол ақшаға 300-дей тұсақ алып, егін салып, байып кеткен көрінеді. Еті тірі, пысық жігіт туралы қолбасшыҚоқан ханына айтқан болуы керек, кейін оны хан сарайына шақырып, елшілікке жұмсап отырған.

Мөлкенің үшінші ұлы Қонысбектің Байдулла деген ұлы бар. Қазақ мемлекетті университеті филология факультетінің журналистика бөлімшесін бітірген. Ол өзіндік өнері бар очеркист, публицист. Ұзақ жылдар Оңтүстік қазақстан газетінде, облыстық партия комитетінде жұмыс істеді. Облыстық телерадиокомпаниясының басшысы, облыстық журналистер ұйымының төрағасы қызметтерін атқарды. Қазір «Оңтүстік Қазақстан» газеті басшыларынң бірі, «Киелі Қазығұрт» халықаралық қорының президенті, бәйдібек ауданының құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл» медалінің, облыс Әкімінің «Бауырмал», «Зерде» сыйлықтарының иегері.