Бегалиев Нармахан

Асыл сөз


Теңізбін деп даурықпай-ақ жатамын,

Осы мінезбен көкірегіме көшіремін жыр селін.

Күн махаббатты Отаным,

Амандығың болса болды бір сенің!..



Даңққа негіссіз иек арту – қорқыныштың шыңға өрмелеуі, құламай қалмайды.
Қажымұқан – қазақтың атын әлемге паш еткен санаулы саңлақтың бірі. Ол қазақтың қыранына айналуға тиіс.



Қажымұқан – қазақтың атын әлемге паш еткен санаулы саңлақтың бірі. Ол қазақтың қыранына айналуға тиіс.



Қазақстан – тәуелсіз ел. Егемендігіміздің ертеңі елдің денсаулығына тікелей байланысты.



Күн жүйесіндегі барлық ғаламшарлар ретті бағытпен қозғалады. Сол жүйеде тозаң түйіршігіндей ғана болып көрінетін біздің жұмыр Жер өз осінде зымырайды. Айналыс нәтижесінде күн мен түн, жаз бен күз, қыс пен көктем алмасып жатады. Бұл – мәңгілік құбылыс. Адам табиғаты да осыған бейім.



Адам үш бірліктің – рух, ой, дененің жиынтығы. Өліп қалмау үшін де үш нәрсе – ауа, су, тамақ қажет. Бүкіл ғұмырыңыз осы үшеуінің кезектесуінен – үш кезектен тұрады. Қайсысы бірінші? Екінші, үшінші қайсы? Соны танып, меңгеруіңіз өміріңізді мәнді етеді. Үш кезектен жаңылмасаңыз, олар сізді үш кезеңде – балалықта, жастықта, қарттықта бақытқа бөлейді. Тіпті, үш ұрпаққа – ата-анаңызға, өзіңіз бен балаңызға ұзақ та қатар жасауға мүмкіндік туғызады.



Тәңір – табиғат тұтасымен ешқандай өлшем-мөлшерге сыймайды. Адам өмірі оның титімдей бөлшегі ғана. Шектеулі болатыны да сондықтан. Жаратылысқа – шексіздікке неғұрлым жақындай түссеңіз, ғұмырыңыз да ұзара бермек.



Өміріңізде өзіңізге талай адам бақыт тілеген шығар. Мен де солардың бірімін. Ал, бақыт - өз жанңыздың жарқын нұрына бөленуіңіз, басқа ештеңе емес. Бақытты болыңыз!



Метафоралар мен теңеулер, эпитеттер ажары – жазушы шеберлігінің барометрі, әдеби бейнелерді сомдауға қызмет етеді, оқырманның санасында мәпелеумен ғана жетілетін, образдарды оятқыштық қасиеті бар нәрлі нәрселер.



Өмір – үйлесімдер мен үрейлердің арбасуы. Тіршілік дегеніміздің өзі –қалайда өлімге апаратын жол. Әр молаға адамзат тарихының бір бөлшегі көмілген. Жарық дүниемен қоштастырар соңғы сүрлеуіне түскен адам естеліктер әлемінің әлсіз есілген жібіне амалсыздан жармасады. Сол тұстағы нәзік жүйкенің жұқаруы соншалықты аянышты-ақ.



Қоғам дегеніңіздің өзі адамдар мінез-құлқының жиынтығы емес пе?



«Әлемді әлі қазақы тәрбие құтқарып қалады.»



«Денсаулық – Құдайдың адамға аманаты. Құдай адамды үш бөліктен жаратқан. Ол тәніңіз, жаныңыз, рухыңыз, яғни ақыл-ойыңыз. Демек, тәніңіз де, жаныңыз да, рухыңыз да үнемі таза болуы тиіс.
Құдай сізге үш кезек берген – ата-анаңыз, өзіңіз, ұрпағыңыз, яғни, перзентіңіз. Адам сол үш ұрпақтың алдындағы кіршіксіз міндетін ұмытпауы тиіс.
Алла-тағала сізге үш кезең сыйлаған. Бұл-балалық, жастық, қарттық шағыңыз. Міне, осы үш кезек, үш кезеңнің кезінде де өзін құрметтейтін адам алдымен өзінің денсаулығына, яғни Құдайдан алған аманатына адалдық танытуы тиіс.»



Махаббатты – шапағатты қуатты,

Арнамасаң мақсатыңа тұрақты,

Онда сенің жастық шағың дәрменсіз,

Аквариумдағы алтын балық сияқты.



«Сағынышым – тірлігімде күшті айбын.»



Отырар! –

Өмірдегі өзекті өлшемдерім,

Жау сенді өлгеніңе, мен сенбедім.

Күдіктің қылышына қоям қарсы,

Сақтықтың сен сыйлаған семсерлерін,

Отырар – еңкеймеген еңсем менің!



Өмір– таусылмас ертегі,

Ару дүние – әсем сазды домбыра.

Самал – саусақ ғажап күйлер шертеді,

Сезімшілге тастау үшін мол мұра



Дәстүрлі әдебиеттен безіну – құлқы кереңдердің кердеңдігі.



Терең судың бетіндегі қаймыжықтанған қабыршақ үстінде қалт-құлт жүргендеймін, жүрегімде майда қоңыр леп – жыр жазылып жатқанының белгісі. Өзгелердің жан-дүниесін жібектей шарпыпы, масатыдай құлпыртудың, көгалдай шалқытудың әуресі бұл. Бояулардың дыбысын сіңіруге талпынып, жазғы шілдедегі мұзша еріп біткеніңде, тындырғаның бөз көйлекке шәйі жамау жапсырғандай бір нәрсе болып шықса, айыпты баладай жасқаншақтай абыржисың. Оқырманға көп көрінбейтінімнің бір сыры осында.



Жастық шағың көңіліңде ешқашан да көнермейді.



1  2