Бегалиев Нармахан

Шығармашылығы


Ақын қашан да жеке тұлға. Ақынның тағдыры – лирикада ең бастысы, эпоста қоғамдағы лайықты орнын тапқан, билік ыңғайына жығылмастан,елдің қамын қамдаған еркін ойлы күрескер. Ақынға шығармашылық жолында өзін танудың, төл танымын сақтаудың, одан айнымаудың ғұмырлық маңызы даусыз. Шынайы ақын таза сөз өнерін кіршіксіз ар- намыстың, пәк ділдің бұлқынысы деп қабылдамақ. Сондықтан, жаныңның тазалығын әу бастан жөндем қадағалау ләзім. Әлеуметтік әділеттілікке талпынысты осы жан тазалығынан іздемек жөн. Майталман Заболоцкий: «Ақын жан- тәнін қоса аянбайды. Санасын,жүрегін, жанын, бұлшық етін іске түгел қосады. Барша ағзасын қалтқысыз жұмсайды»,– дегені Нармахан Бегалыұлына айтылғандай. Ақын Нармахан Бегалыұлы 1970 жылдардан бастап өлең әлеміне құлаш сермеп, сыршыл да нәзік туындылары арқылы оқырман көңіліне жылы леп: орамды ой елегінен өткен тылсым табиғат суреттерімен көмкерілген сезім сусынын ала келді.
Нармахан Бегалыұлының туындылары ерекше, өлең жолдары майда. Лирикалық кейіпкердің ішкі мәдениеті азаматтық сезіммен астасып, жүрекке шым-шым алау жағады. Оның жыр әлемі нажағайлы, нөсерлі, зердеңе жұмбақ тылсымдарды ымдайтын табиғатпен серттес, жамиғатпен дерттес сиқырлы поэзия. Тартымдылығы да осында. Нармахан кесек тұлға. Туған топыраққа қазақы қадір- қасиетпен тәу етіп, сөз сәулесімен үздік оқырман мойындарлықтай образ жасау Нармахан шеберлігіне әу бастан тән. Оның туындылары тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер әуезді әуенімен, әсерлі мұңымен, түкпірлі – түйіндерімен жанды баурайтын , әлемдік поэзияға қазақы болмысымен, арналы ағысымен құйылып жатқан жаңа тұрпатты құбылыс. Нарағаң бәндеге тән көңіл күйді, күрделі жан әлемін ишаралаудың аса тегеурінді, ешкімге ұқсамайтын майталман шебері. Өзіне дейін қайталамаған, өз өрісін тапқан, өзгемен әсте шатастырып алмайтын Нармахан ағаны қайталау мүмкін емес. Оның Ақынға лайық адамгершілігінен кейінгілерге үйренбек ләзім.Ақынның қазақуар жан тазалығы, тіл үйірімі, ой иірімі, сезім сұлулығы жолындағы ерлікке барабар еңбегі , табиғат қа іңкәрлігі, ботагөз бұлақтай болмысы үлгі-өнеге. Орынсыз сөз шығындамайтын қылаптығы өз алдына бір мектеп. «Шаттық күйі» атты тұңғыш жинағы 1974 жылы жарық көрді. Содан бері отыз жыл өтсе де ,оның жыр шумақтары өз оқырманын тауып отыр.Оқырманына олжа тартқан Нарағаң таным- түйсігіңізді оттай ыстық демімен шарпып шыңдайды, ықыласыңызды иемденеді, өзін іздетеді. Ондағы өлеңдер болмысымыздың ішкі мүмкіндіктерін іске қосумен қымбатты.

Көбелек қанатының дірілімен,
Қиялда тербетілген бір ұлың ем.
Келе сала сұлулықты сөйлеткен,
Тумысынан талантты ақын ғой көктем, - деп көсіледі. Ол көктемнің сұлулығын, ақынжандылығын қапысыз байқаған, өрнекті өлеңге айналдырған.
Нармахан өлеңдері– тұнып тұрған лирика: табиғат, сезім лирикасы, таза бұлақ ,кәусар шуақ, тазалықты, мөлдірлікті жырлайды. Сыршыл ақынның жүрекжарды жырлары өз оқырманын бей-жай қалдырмайды. Оқыған сәтте-ақ жүректе жатталып қалады.

... Әйнектердің жап-жалаңаш денесін,
Ессіз сүйіп, жия алмайды жел есін.
Түн мұхитты барады ағып батысқа,
Қайта- қайта сен елестей бересің.
Кеудемдегі сағыныштың мұңымен,

Сені іздеймін, тұңғиыққа үңілем.
Елесіңді алып қашып алысқа,
Сөйлейді әлем қараңғының тілімен!..

Жер-бесік аспан аясымен астасып жатқан әлем түсінікті де түсініксіз тылсым тіршілік өлең жолдарында әдемі өрілген.
Махаббат - мәңгілік тақырып. Әйелге қай ақын жыр арнамады дейсіз?!

Көкірегімде бүгін түнде
Көк найзағай күркіреді
Сен болмасаң оның мүлде
Оянбауы мүмкін еді.

Бұл - лүпіл жүректі шалт оятқан махаббат дабылы, санаға өшпеске жазылғандай тәтті әуез- мәңгілік әуені!
Ақын табиғатты суреттей отырып, оқырман ойына кеңістік қалдырады, сезімге тұншықтырады, поэзия құдіретіне табындырады.

Тыныштығын жоғалтады да сыршыл бақ,
Жап-жасыл жел жапты сенің жолыңды.
Көк балауса көңілімде суылдап,
Оянбаған сезімдерім орылды.

Ақынның бір қасиеті- дыбыстар саздылығын сақтау арқылы ойды үшкірлеу. Мына сөздерге назды аударыңыз « үрінбей өт қиракезік кезеңнен», « Жаза бер тамшы- тазагер», «Таскөз тәртіп... Түйінін шешпепті ешкім». Әр сөздің өз ұятын өзінде демдеу осындай – ақ болар.

Көбіміз пір тұтқан Төлеген Айбергенов: «Нармахан! Сіз бен біздің арамыз жүректің қаны, көздің жасымен жазылған жырдай мөлдір, таза, сенімге толы. Мен сенің жақсы азамат-ақын боларыңа толық сенемін. Тек, тек, тез дәлелде», – деп сертті сілтеген сенімі бұл күнде толық ақталды. Оның дәлелі – республика баспаларынан әр жылдары шыққан жыр жинақтары.
«Шаттық күй», «Жиде жұпар шашқанда», «Ботагөз бұлақ» шығармалар жинағы - Оқырман жүрегін жауһар жырларымен нұрландырған жинақтары. Эстетикалық талғамы жоғары ақынның сыршыл туындылары «қазақ поэзиясының Нармахандық әлемі» , немесе « қазақ поэзиясындағы Бегалыұлы беткейі» тіпті « Нармахантану» атты қисынды сұрапып тұр. Пендешіліктен аулақ , өміршең шумақтар, үнемі оқырманды өмірге құштарлыққа, қызығушылыққа, сол ағынның толқынында дүр сілкінтіп, үнемі өскелең тіршілік дүниесіне үндейді. Нармахан поэзиясының тағы бір ерекшелігі, айтайын деген ойын табиғат құбылыстарымен салыстыра келе, астарлы пікірін оқырманға сезіммен, ұғынықты мән- мағынамен жеткізе білетіндігінде:

Жасампаздық жолы ауыр. Сезем мен
Сұлулыққа сұқ қадалғыш ежелден.
Болашаққа безер бейіл сыйламай,
Сүрінбей өт қиракезек кезеңнен!

Еліміздің егемендік алатынын, өзіміздің елтаңбамыз болатынын және оның қандай бейнеде көрініс табатынын жетпісінші жылдары қайсысымыз болжаппыз? Ал, Нарағаң сондай ұлы өзгерісті ширек ғасыр бұрын болжаған ақын. Мысалға 1974 жылы жарық көрген «Шаттық күйі» атты алғашқы жинағындағы өлең жолдары куә.

Сарша тамыз – шөпке қонған жез үміт,
Даладамыз. Тас төбеден түс ауды.
Мына әлемнің кең екенін сезініп,
Кісінейді бір арғымақ тұсаулы.

Кеңдікті аңсап кісінейді намысы
Сағынышы құса болып жылайды.
Сүйегіңді сырқыратып дауысы
Жүрегіңді қыл шылбырдай бұрайды.

Сәйгүлікті құрсаулады қай кісі.
Титтей әсер етпеді ме мұнша мұң?!
Басқалардың сезінбейтін қайғысын,
Бақыттыны көруден де шаршадым.

Ақбоз атты ағыттым ақ тілекпен,
Айтатын жұрт айта берсін кесімін,
Бұл қылығым үшін, достым бірақ мен,
Ешкімнен де сұрамаймын кешірім.

Бақыттымын!
Хас тұлпардың тұяғында қыр аунап,
Туған жерде бір сағыныш бара жатыр алаулап.

Бұл өлеңдегі жарқыраған күн, кісінеп тұрған тұсаулы арғымақ сағыныштан құса болып жылауы, оның бостандыққа шығуы тәуелсіздіктің бейнесі емес пе?
Нармахан Бегалыұлының екінші кітабы «Жиде жұпар шашқанда» деп аталады. Бұл жинақтағы ерекше тоқталатынымыз ең көлемді шығармасы « Мырзай шешей». Бұл соғыс зардабын шеккен отбасы драмасы. «Соғыстан қайтпаған солдаттар»– ақынның майдан құрбандарына арналған сазы, ақындық жүрегінен жасаған өнер ескерткіші.

ІІ-томдық шығармалар жинағының алғашқысына ертеректе жарық көрген жинақтарындағы төл туындылары мен шетел ақындарының өлеңдері мен поэмаларының аудармалары енгізілген. Үнді ақыны Рабиндранат Тагор, әзірбайжан ақыны Мырза Шәфи, Балаш Әзероғлы, белорусь ақыны Петрусь Бровко , орыс ақыны Вадим Шефнер, Анатолий Чепуров, Олег Цакунов, шешен ақыны Леча Абдуллаевтың шығармалары еніп отыр. Екінші томына денсаулық сақтау бағытындағы аудармалары енгізілді. Поль Бреггтің «Ашығудың құдіреті», «Жүрек», «Бүйректі тазарту», «Мумие» туралы еңбектерінің аудармалары сіздерге ұсынылып отыр.
Нармахан Бегалыұлы тек ақын емес, ол елінің қамын ойлаған қайраткер десе де болады. Отбасы, туған ауыл,аудан,облыс,байтақ ел...,осының әрқайсысы азамат үшін алтын бесік. Сол туған жері үшін көп көмегі тиді. Темірлан – кезінде қара тамырлы қазақтың іргетасы қаланған Қаратау өңіріндегі құтты мекендердің бірі. Оның тарихи мұрағаттарды, ұлттық салт- дәстүрлерді тарататын орталыққа айналуы осы Нармахан ағаның арқасында. Ордабасы тауын бүлінуден қорғау туралы көтерген мәселелері қолдау тапты. Ордабасының мәртебесі үшін Темірлан топырағында басталған қозғалыс, жұртшылық үні, қоғамдық пікір Президентіміздің құлағына шалынды. Оның нәтижесі бауырлас үш елдің басшылары Ордабасыға келіп, үш бидің әруағына бас иген терең бейнелі мәні бар ұлан – асыр тойға ұласқаны мәлім. Жиырма жылдан бері осы істердің ұйтқысы болған Нармахан Бегалыұлы. Атақты Қажымұқан балуанның мұражайын ашу, ескерткішін орнату да осы Нармахан Бегалыұлы мұрындық болды.





«ПОЭЗИЯ ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЛМЫСЫН ҰСТАП ТҰРУ ҮШІН ҚАЖЕТ»

Ақын, аудармашы, журналист Константин Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлығы мен алтын медаль иегері, «Алаш» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалыұлы ағамыздың алдағы жылы 80 жылдық мерейтойы. Ұяң болмысы табиғат сұлулығымен үйлесім тапқан сыршыл ақынның бізді қызықтырғаны қаламгердің өнерде де, өмірде де ұстамдылығы...Бойын жасырған текті тұлпардай болған бекзат болмысты ағамыздан сұхбат алудың сәті түскендей...

- «Поэзия-Тәңірдің өзі таңдаған әулие жанр» депсіз бір сұхбатыңызда. Өзіңізді «Сөз киесі» қонған ақын ретінде бағалаймыз. Қазақ поэзиясына ойлы образдар, тың тіркестер қосқан ақынсыз.Ендеше,сөзіміздің әлқиссасын осы «әулие жанр» өлеңнен бастасақ.
Поэзия жөнінде көп айтуға болады. Поэзия алдыменен дыбыстардың үйлесімі ретінде дүниеге келген.Сол дыбыстардан сөз құралып, одан кейін мағынаға ие болған. «Еркелеп –ап өткізетін әмірін, Поэзия жүректегі өмірің». Поэзия шынайы, сұлу, нәзік болуға тиіс.Поэзияда нәзіктік қуатының жігері болуға тиіс.Көркемдігі болуға тиіс.Мен поэзияға осы тұрғыдан қараймын. Әсіресе, көшпелі тұрмыс кешкен халықтардың өмірінде поэзия ең бірінші орынға шыққан. Мысал үшін арабтар да көшпелі халық.Олардың поэзиясы да өте мықты. Тіпті құранның өзі арабтарда дыбыс үндестігінен, мағынасының беріктігінен тұратын өлең. Біз оны қара сөзбен ғана аударып жүрміз. Арабша оқығанда құранды бір шумақ ішінде, не бір жол ішінде и дыбыстарының, с дыбыстарының бірнеше рет қайталануы осы поэзияның үндестігі.Поэзия халық өмірінің ажырамас бір бөлігі.Сондықтан поэзия біздің ұлтымыздың болмысын ұстап тұру үшін қажет.

- Ұлттық әдебиетімізде «Сөз зергері» атанған классик жазушы Ғабит Мүсірепке биыл 120 жыл. «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді». «Оянған өлке» романынан алынған бұл үзінді шығарманың көркемдік қасиетін танытқандай. Қайран қазағым таласпай, тақаспай жүре ме дейді бір ой бізде.Мұны айтып жатқан себебіміз, тағы бір сұхбатыңызда «Мені о баста көркем әдебиетке алып келген – Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» шығармасы» депсіз. Қазіргі нарықтық кезеңде Ғабит есімі тасада қалып бара жатқандай көрінеді. Ғ.Мүсіреп шығармалары бүгінгі тәуелсіздік уақыт көзімен бір таразыласаңыз.
Мен Ғабит Мүсірептің «Оянған өлкесін» 6-шы сыныпта жүргенде оқып бітірдім. Кітапты оқу бар да, оның мән-мәнісін түсініп оқу бар. Екеуі екі бөлек дүние.Әлгі өзің келтіріп отырған «Оянған өлкенің» басында «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді. Жаз бойы Құланөтпес пен Құдайменденің кең шиырына сыйыса алмай, күнде қанат серпісіп, күнде қамшы сілтесіп, қақтығысып келген екі байдың аядай жерге арқа тіресіп қонып жатқандары жай да емес сияқты». (Нар аға осы жолдарды жатқа айтты.) Осындағы тіркестерге қарасақ барлығы да ақындық.Өзің айтқандай бүгінгі заманымызға да келіп тұрса тұрған шығар қазірде таласып, тақасып жүргеніміз, тіпті қанат серіппесіп жүргеніміз рас нәрсе ғой. Ғабит ағаның қазіргі кезде көп оқылмайтыны, оқығанда да оның деңгейіне жететін оқырманның болмауынан деп түсінемін. Маған бұл кісінің күнделіктері қолыма түспей жүр.Күнделіктерінен басқасының барлығын қолыма қалам алып отырып, оқып шыққан адаммын. 1938 жылы «Әдебиет майданы»журналында Ғ.Мүсірептің «Өрлеу» повесі латын әрпімен басылған. Сол повесте «Ата-бабаңнан қалған жер түгілі беліңдегі балаңның бесігін қоятын жер таппайсың әлі» деп жазыпты.Осыны бүгінгі оқырманға қайта-қайта айтып, жазып сүйреп шығарған адамның біреуі менмін. Дәл осы повесті оқып біткен кезде Қазақстанда жерді сатуға қоямыз ба, қоймаймыз ба деген мәселе мәжілісте көтеріліп жатты.Біреулер сату керек деді, біреу сатпау керек деді.Мен ойладым, ойпыр-ай, осылардың төбесіне Ғабит ағаның рухы «Ата-бабалардан қалған жер түгілі, беліңдегі балаңның бесігін қоятын жер таппайсың әлі» деп төніп тұрған шығар төбесінен. Осыны ескеретін адам болмады-ау деп өкіндім. Ғабиттің қазіргі заманға келетін ойының барлығы астарлап жазылған.Бірақ оны ойлы оқырман ғана түсінуге тиіс. Бір пьесада Ғабит аға «Ұл өсірдік деп жүрсек құл өсірген екенбіз. Қыз өсірдік деп жүрсек, күң өсірген екенбіз» деп жазыпты.Бұл не? Қазіргі заман көзімен қарасақ базарда арба сүйреп жүрген жігіттер соны да ұл өсірдік деп өсірдік қой. Ол негізінде күнкөрістің қамымен жүрген біреудің тауарын тасып, соларға құл боп жүрген адамдар ғой деп елестетем. Ал арбамен тасып жеткізген азық түлігін не киімін қыздарымыз сатып жүр.Ол да біреу үшін сауда жасап, біреуге күң боп жүр ғой. Міне, Ғабиттің кейде түсінбейтін жағдайлары осындай.

- Қазақ әдебиетінде көп сөз болмаған ақындық проза деген бар.Оған М.Жұмабаев, М.Мақатаев, Ж. Нәжімеденов прозасы жатады. Осы үрдісті жалғастыру жоспарыңызда бар ма. Осы ақындардың сіздің шығармашылық өміріңіздегі орны қандай болды?
Жалғыз аяқ көпірменен жалғыз адам өтеді. Жалғыз аяқ жолменен жалғыз адам ғана жүреді.. Жақында Асанәлі Әшімовтің бір кітабын оқып отырғанда «Кейде ұяттан қысылғаным соншалықты космонавт болып көкке ұшып кетейін десем, төртінші болғым келмейді» - деп айтқан екен. Сол сияқты біреуге еліктесеңіз, ессіз еліктеуді айтам, сөз жоқ екінші боласыз. Сондықтан екінші болмауға тырыстым.Прозашылар да ақыннан асырып жаза алады. Егер ол нағыз талантты болса. Әлгі өзіңіз айтып отырған Ғабит Мүсірептің «Темір пештің үстіндегі қара құман шырт-шырт түкіріп қояды» дейтін сөйлем қандай керемет. Әрі сурет, әрі қайнап жатқан ойды білдіріп тұр. Қара құманның шырт-шырт түкіріп тұрғаны поэзия емес пе? Поэзия. Сол сияқты Оралхан Бөкейдің тіркестері.Бұл да қара сөзбен жырлады. Тургеневте де қара сөзбен жазған жырлары бар. Сол сияқты прозашылар прозада өлең жазамын дейтін болса прозаны өлеңді қалыппен қалыптаймын дейтін болса мүмкіншіліктері мол деп ойлаймын.
Мен осы Шымкент пединститутында оқып жүргенде Мұхтар Шахановтың үйіне Төлеген Айбергенов, Әнуар Жақыпбековпен жиі баратынбыз. Сол кезде Жұмекен «Ленниншіл жаста» әдебиет бөлімін басқаратын.Сол қоңырау шалып қалды. Мұхтар Шахановқа не жаңалық деген еді, Нармахан үйіндегі келінді жұмысқа орналастыру керек деді.Аржағынан ол үшін не істеу керек деген болу керек. Аудандық комсомол комитетінен жолдама керек деді. «Күтіңдер.Мен барамын. Сол жолдаманы алып беремін»деді.Самолетпен ұшып келіп, бірден Мұхтарды ертіп, ол кезде Бөген ауданынан жолдаманы алып, келініне өзі ұстатып кетті. Міне, енді жұмысыңды істе деп.Соның алдында ғана менің екі өлеңім Жұмекеннің қол қоюымен Лениншіл жасқа жарияланған. Жұмекен ағам самолетпен бір күнде ұшып келіп, әйелім Пернені ауданнан жолдама алуға көмектесіп мектепке тұруына себепкер болды. Мұндай адамгершілік, мұндай мейірбандық мүмкін қаламгерді қаламгер тануынан да болды ма екен деп ойлаймын. Қазір мейірім, шапағат көтеріліп кеткен заманда осы нәрселер менің көңілімде тұрады. Өзің айтқан «Ақ шағылын» да, «Даңқ пен дақпыртын» да барлығын оқып шыққанмын. Жеке кітапханам болғандықтан әр сөйлемнің асты қызыл қаламмен сызылған. Бұл кітаптар керемет. Бұл еркін жазылған өлең деуге болады. Қара сөзбен еркін жазылған өлең.Таптауырынға түспеген. Жұмекен балалық шағынан бастап қай адам қандай сөз айтты соны жадына сақтап қалған романдары тіпті қазақтың ауызекі тіліне өте жақын.

- Сынды қалай қабылдайсыз. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» мақаласында Абайға сын да айтады. Жампоз жазушы, сыншы Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» зерттеу еңбегінде де ұлы ақынмен білім жарыстыра отырып Абайға аздап сын айтатыны бар. Сіз ақын ретінде тұлғалар айтқан осы сынға қалай қарайсыз. Өзіңіз де сын мақала жазасыз. Әсіресе М.Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» туындысына жазылған «Қазақы құнар» мақалаңыз көптің көңілінен шықты. Алайда сирек жазуыңыздың сыры неде?
М.Әуезовтің қанатты сөзге айналып кеткен «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген сөзі ойыма оралады. Мұндағы Ахмет Байтұрсынұлының да Абай өлеңіндегі кемшіліктері жөніндегі жазғаны, Тәкен Әлімқұловтың да жазғаны бұл шындық. Өйткені Абай да періште емес. Абай да пенде. Пенде кемшіліксіз болмауы мүмкін емес қой. Пенде болғаннан кейін бәрімізде кемшілік болады.Мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» мақаласын оқығаннан кейін, өзімнің өлең жазу тәжірибемде бір тәсіл, әдіс енді деп айтуға болады. Мысал үшін әр шумақты жазғанда мен қазақтың «Елім-ай» әнінің ырғағына салып, іштей ыңылдайтын болдым. «Қаратаудың басынан көш келеді. Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді». Ахмет Байтұрсынұлының Абайға ескертіп отырғаны осы сіздің өлеңдеріңіз кейде әнге түспей қалады. Әуезін жоғалтып алады деген сияқты. Тәкен Әлімқұловтың да жазғанына келісуге болады.Көп жеріне келіспеуге болады.Білімді кісі ғой. Серік Нұғманұлы дейтін бір азамат Тәкеннің сынаған сынын сынап мақала жазған кезінде Тәкен жазған сынды сынайды. Демек, бұл әдебиеттің өсуі үшін керек нәрсе.Ахмет Байтұрсынұлының айтқаны да ,Тәкеннің айтқаны да киелі сөздің қадірін арттыру, соның әуезін бұзбау.Бірақ осыны қазіргі қолына қалам ұстағандар ескере бермейді. Өкініштісі сол,алысқа бармай-ақ қояйық.Шымкенттің өзінен бір топ жастардың өлеңдерін оқып отырғанда аздап тіксініп қалатын жағдайымыз бар. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы айтып отырған буын, бунақ мәселесіне ішкі әуезге мән бермейді, орыстың өлең түріне салғысы келеді. Ал енді біреуге ессіз еліктегендер ешқашан өзінің шығармашылығын жасай алмайды.Жалпы екі сын да дұрыс Серік Нұғманұлының да сыны дұрыс.Тәкеннің де сыны дұрыс деп қабылдаймын. Сыншылардан Зейнолла Серікқалиевті оқып тұрамын.Сол сияқты сыншылар көп енді. Бірақ менің ең басты сыншым өзімнің ішімдегі Нармаханым.Ішімдегі дауыс менің қабылдауымша Тәңірдің даусы. Сол Тәңірдің даусы не айтса, мен сол сынға тұрамын. Бірінші сыншым өзім деп айтамын.Сынды сирек жазуымның сыры біреуге сын айту үшін қазақтың мақалы бар емес пе «Қонақ қона өз үйіңе қарай отыр». Менің деңгейім қандай деңгейлеспін бе, соған сын айтуға хұқым бар ма деп отырамын. Сынды сирек жазатынымның бір сыры осында.

- Сіздің кезінде қазақ тарихында үш жүз биінің басын қосқан «Ордабасы» атауының оралуына үлкен еңбек сіңірген қайраткерлік ісіңізден хабарымыз бар.Онан бөлек «Ордабасы оттары» газетін басқара жүріп, талай әдеби,мәдени іс шаралардың ұйытқысы болған еңбектеріңізді де білеміз. Бүгінде даналық жасқа жетіп отырсыз. Өзіңізді бақыттымын деп санайсыз ба?
Әрине, бақыттымын деп айтуым керек.Отбасым әзірге түгелміз, ата-анамнан басқасы. Бұл бақыттың ең үлкені.Одан кейін ойға алған біраз тірліктерді орындадық.Бұл ел алдындағы парыздың өтелгені.Ордабасы жөнінде айтатын болсақ: Ордабасы тауын сол Бөген ауданындағылардың өзі қайда екенін білмейтін кез еді.Сол кездегі КСРО-ның бірінші басшысы Горбачевқа дейін даусымызды жеткізіп, Ордабасы тауындағы Мәскеуге бағынатын тасын талқандауын жапқыздық.Бұл да аз болатын болғаннан кейін Бөген деп айтылатын ауданды Ордабасыға айналдыру үшін халықаралық ақындар айтысын өткіздік.Жезқазғаннан келген Қуаныш Мақсұтовқа әдейі айтып, аузына сөз салып, елдің бірінші басшысы Назарбаев тұғын. «Аға Ордабасыңызды талқандатып қойып, қайда қарап отырсыз» - деген өлең айтқыздық ақынға.Серік Байғонов қазақ радио телевидениесінің редакторы тұғын соған айтып Қуаныш Мақсұтовтың сөзін эфирден үзбей бергіздік.Бәлкім, өзі көрмесе де, жандайшаптары айтып барған шығар Назарбаевқа.Сөйтіп өзімізден пәрмен болмағаннан кейін Горбачевқа дейін даусымызды жеткізген сол кездегі облыстың 1-ші секретары Терещенко болды. Мен М.Мақатаевтың 60 жылдығына кетіп бара жатыр едім бұрынғы облыстық партия комитетінің алдында Терещенко жолығып қалды. Нармахан поздравляю деді. С чем деп едім. Сенің қоймай айтып жүрген нәрсеңді мен Горбачевка айтып едім осында келгенде ол сессияға қойды. «Зауыт жабылу керек болса, жауып таста» деп айтты. Сонымен құттықтағым келеді. Сен жеңіске жеттің,-деді.Осының бәрін біз міндет қылмаймыз. Қазір Ордабасыға ие де көп. Ордабысыны әкелген мен едім деп жүргендер көп. Зауытты тоқтатқаннан кейін Ордабасы ауданын жасадық. Бұрынғы Бөген ауданы да Қуаныш Мақсұтов өлеңі жолында бартұғын «Бөгенім енді қанша бөгелесің» деп Ордабасы ауданы болды. Қалада «Ордабасы» футбол командасы шыға келді. Алматыға барсам «Ордабасы» дейтін корпорация пайда болды.Мұның барлығы менің ғана емес,менімен бірге ұжымдас болып мені қолдаған адамдардың еңбегі деп ойлаймын.
Ордабасыға оралу дегенді біз 1993 жылы өткіздік. Қырғызстанның, Өзбекстанның, Қазақстанның барлық облыстарының өнерпаздарын жинап.Бірақ ешкім бұл тарихты айтқысы келмейді. «Ордабасы» энциклопедиясына енгізіп қойдық. Барлығы 1993жылы Н.Назарбаев бастамасымен Қырғызстан, Өзбекстан президенті келіп осылай басталды дейді.Олай емес. Ол жерде біздің ұжымның үлкен еңбегі тұр. Міндет қылмаймыз. Бұл сол елдің алдындағы парыздың бірі өтелгені деп шүкірлік етеміз.
«Тутөбе» деген атауды бір көрнекті бір жазушы өз атына теліп жүр. «Тутөбе»деген атауды М.Мағауин бастаған бір топ қаламгерлерді Ордабасыға ертіп келіп, сонда тұрып Захардин Қыстаубайұлы айтты. Қандай ескерткіш қою керек дегенде оған ескерткіштің не керегі бар осы.Тәуелсіздік алып жатырмыз. Тәуелсіздіктің көк туын желбіретсек мына төбеде ту тіксек деді Захардин Қыстаубайұлы. «Ордабасыға оралу» дейтін тіркесті бір кезде облыстық мәдениетті басқарған Әлихан Асқаров термин етіп осыны енгізді.Ол кезде Наурыз дейтін бір ансамбль құрып, ол ансамбльге басшылық жасады.Алматыға барып «Ордабасыға оралу» деген атпенен Республика сарайында концерт береміз дегенде жалға алуға қаражаттары жоқ Абай ескерткішінің жанында тұрып концерт берді.Сол концертті «Ордабасыға оралу» деп атады. Бұл да өз егесін табуы керек. «Ордабасы» энциклопедиясына біреудің жаласына ұшырап кетпесін деп әдейі енгізіп қойдық. Шындық керек қой қай кезде де. Черчильден қалған сөз бар «Шындық шалбарын киіп үлгергенше, жалғандық жер жүзін аралап шығады». Сол сияқты жалғандықты қабылдап қоймасын біздің зерделі оқырмандар. Әр тіркесті өзінің атынан беріп айтып отыру керек.

- Адам дүниетанымының басты қабаттары балалық күндердегі өмір суреттері мен танымдық түйсік-түсініктер тұрғысынан қалыптасатыны белгілі. Әрине кім-кімнің де балалық шақ, жастық кезеңге деген жүрегіне ұялаған сағыныш сезімі болары хақ.Ендеше, сол кезеңдердің естелігінен бір сыр шертсеңіз.
Бізде балалық болған жоқ деп те айтуға болмайды. Балалық шағымыз қиын кезеңге тура келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдар болатын киетін киімге, ішетін асқа зәру кездер бастан өтті. Бірінші сыныпқа барған кезде жазатын дәптеріміз болмады. Ол кезде аудан Арыс ауданы деп аталатын. Арыс ауданының «Социалистік жол» деген газеті шығатын. Газет үйме-үй таратылатын. Осы газеттің жиегіндегі ашық жерлерге әріп жазып үйренетінбіз. Менің әкем аурушыл болатын. Бір көршіміз Тасыбай дейтін ақсақалдың үйіне барып әңгімелесіп жүретін. Сол Тасыбайдың Сасықбай дейтін баласы соғыстан оралып біздің Темірланнан бір кішкентай дүңгіршек ашты.Ішінде азық-түлігі де , киімі де, кітабы да болатын.Бір күні сол Сасықбай көкеміз велосипедінің артқы тіркемесіне бір бума дәптерді қыстырып кетіп бара жатқанын көрдім.Содан әкеме айттым: Сасықбай көкем велосипедінің артына бір бума дәптер қысып әкетті.Бір дәптер сұрап әкеп беріңізші дедім. Әкем қиналды. Неге қиналасыз күнде барып жүрсіз әкесімен сырлассыз, сыйлассыз. Сұрасаңыз береді ғой дәптерді деген ем.Мен бермейді деп отырғаным жоқ Нармахан есіңде болсын. Өзі жұрттың үстінен күн көріп жүрген кісіден ештеңе сұрама деді. Осы сөз менің жадымда бүгінге дейін жатталып қалды. Адамдармен араласқанда да, біреуден бірдеңе сұрағың келген кезде де алдымнан шыға береді.Бізде балалық болмады дегеннің бір дәлелі осы.
Есігіміздің алдында үлкен алма ағашы болатын. Алма ағаштың көлеңкесінде ошақ соғылған, сол ошаққа қазан асылған.Оның іші сірә кір жууға деп анам су толтырып қойыпты. Енді үлкен қазанға ас асатын ол кезде жағдай жоқ қой. Сол кезде ойнайтын ойыншығымыз да жоқ, көк шыбықты ат қылып есіктің алдында олай-пұлай шапқылап жүр едім. Әкем тоқта деді. Тоқтап едім, мына қазанда су толып тұр, - деді маған. Көріп тұрсыз ғой несін сұрайсыз дедім арғымағымның арыны басылмай шауып кетейін деп тұрып.Сен тұра-тұр асықпа деді. Ошақтың үстінде кішкентай тостаған тұр екен. Анау тостақ шіреніп тұр, - деді. Мен қазаннан биікте тұрмын. Пештің үстінде қазан толса, мен де толып тұрмын.Одан менің қай жерім кем деп.Бірақ қазанның ішіне кеткен су, өзінің ішіне сыймайтынын білмей тұр ол деді. Осы сөз менің санама кәдімгі бұранда болып бұралып тұрып қалды. Бір жанменен әңгімелескенде де кейде өзімді деңгейлес тіктен әрі асырмай отыратыныма осы жағдай үлкен себеп. Ойлап отырам мүмкін бұл қазан шығар, мұның ішіндегі байлық менің ішімде жоқ шығар деген нәрсе. Міне, біздің балалық осылай боп өткен.Өткен жылдардың бірінде қайтыс болған жақсы ақын Тұрсынзада Есімжанұлы «Қара қайғы қара нан, Оралма сен менің бала шағыма»дейді ғой. Біздің балалығымызды бүгінгі ұрпақ көрмей-ақ қойсын. Олар бақытты болып өссін.

- Сіздің ақындық лабороторияңызға тағы оралсақ.Сіздің бекзат болмысыңыз, сіздегі білім, интуиция барша оқырманның қызығушылығын туғызады.Шабытты қайдан аласыз.Сізді шығармашылық жетістікке не жеткізді? Ә.Нүрпейісов «Мені тұлғалар өсірді» дейді. Сізді ше?
Шығармашылығыма әсер еткен Ғабит жөнінде айттық.Мені тәрбиелеген фольклор, ауыз әдебиеті. Фольклор – халық даналығы. Мен осы халық даналығынан халықтық сөз саптауын үйреніп өстім. Мені өсірген нәрсе осы. Екінші білім деп айтып қалдың. Ескере кететін жайт қазақта білік деген бар, білім деген сөз бар.Қазақта осы екеуін білім деп ойлайды. Білікті Алла береді.Алла ақыл-ой берді. Осы оймен ізденіп жүріп өзімізді танимыз.Демек білік бізге Алланың берген мүмкіндігі. Алланың берген сыйы.Білім- біреулердің білігін оқи жүріп соны көшірме түрде аударуымыз. Білім басқа дүние. Сондықтан біздің ата-бабаларымызға білікті Алланың өзі берді. Сол білігін кеудемізге көшірсек ол да аз тірлік емес. Мені өсірген нәрсе фольклор.

- Өмірде»жақсы көру» мен «жек көрудің» арасалмағын қалай ұстанасыз?
Мүмкіндігінше әр адамды жақсы көруге тырысу керек. Өйткені әр пенде Алланың туындысы. Алланың жетілдіріп жасаған туындысы.Мұны Абай айтып кетті ғой «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...». Әр адамға бауырым деп қарау керек. Егер жек көретін нәрсенің өзінде ой әлеміңізде көп ұстамаған жөн деп ойлаймын. Өйткені, жек көрінішті нәрсенің де сізге әсері болады. Болмысыңызды бұзуы мүмкін. Жеккөрінішті адамға бас имей тұрған Ібілістің амалы.Мен оттан жаралғам, бұл топырақтан жаралған деп кердеңдеп басып кетуі.Сондықтан Ібілістік қылыққа бармау керек. Мүмкіндігінше ойыңызды таза ұстасаңыз сол бақыттың үлкені.
Арасалмақ дегенде де кеше ғана өмірден өткен ініміз Көпен Әмірбек «Абай» телеарнасынан берілетін «Тұлға» хабарында Талғат Теменов жөнінде «Шашқаның емес, тергенің қалады.Алғаның емес, бергенің қалады»дейді.Ойлы оқырман осыны да ойлай жүрсе болады. Өйткені Көпен өмірде өте ақкөңіл дархан жігіт болды.Адамгершілігі мол.Жүрген жерінде қалтасына азғана ақша түссе соны жұртқа үлестіріп беріп кететін. Бұрынғы сұхбатымда да айтқанмын. Кенже қызым Рауан оқуға түсіп келген күні Көпен үйге келіп қалдыдағыны «мына қарындасың оқуға түсті деп» сүйінші сұрап еді, қалтасын сипалап ештеңе таппады білем қолында апталық қалың блокноты бар соған «Айналайын Рауан сен бүгіннен бастап Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың лауреатысың» деп жазып берді. Ол қыз институтты магистратурасымен қосқанда бес жыл оқыды. Бес жыл бойы Көпен сол қызға стипендия төлеп тұрды. Жаңағы алғаның емес, бергенің қалады деп. Мүмкін бізден бірдеңке алып кетсе ол біздің есімізде қалмауы мүмкін еді әперген есте қалады. Осы 2022 жылдың 15-ші желтоқсанында қаламыздағы «Жұлдыз» мейрамханасында Көпен інімнің 40 күндік асы беріледі. Қолына қаламгер міндетін арқалап, қалам ұстап жүргендер болса келсін.Шақырамыз.

Рахмет Нараға. Жырларыңыз әр жүрекке парасат сәулесін шашсын. Өзіңіздей қазақтың текті ұлдары аман болсын.

P.S Сұхбат барысында ақын «Жаз-Жалбыз» жыр кітабының жақында түрік тіліне аударылғанын қуанышпен хабарлады.

Сұхбаттасқан Оразалиева Жадыра
Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері






НАРМАХАН БЕГАЛЫҰЛЫНЫҢ ЖАЗ-ЖАЛБЫЗДЫ ЖЫРЛАРЫ

Ұлт әдебиеті талай сындарлы кезеңдерден өтсе де қашан да талантты тұлғалардан кенде болған емес. Қазақтың құнарлы топырағынан шыққан сондай талантты ақынның бірі – Нармахан Бегалыұлы. Лирика сезім мен ойдың поэтикалық нәтижесі десек,қазақ поэзиясына ойлы образдар, тың тіркестер қосқан ақынның «Шаттық күйі», «Жиде жұпар шашқанда», «Жотадағы жол», «Ботагөз бұлақ», «Екі томдық шығармалар жинағы», «Жаз-Жалбыз» жыр жинақтары бүгінде танымалдылыққа ие.Ұяң болмысы табиғат сұлулығымен үйлескен сыршыл ақынның терең де нәзік сезіммен өрілген өлеңдері көркемдіктің ерекше сиқырына толы. Өлеңдерінің бейнелілігі ерекше назар аудартып, көз тартады.

Еркін еніп бояулар көрмесіне,
Бұлақта ерік қалмады күлмесіне.
Шоқ ыршитын сияқты қызғалдақтан
Анау таудың ағарған сәлдесіне

Әуелгіде әсем көріністі тұспалдайтын бұл шумақтың қуанышы қатқылдау екен. Айшық астарындағы мән-мазмұнның жалғасын қаламгер өзіңізге іздетеді.Оқырманның қиял еркіндігіне қиянат жасамайды.Талғам тәрбиелеудің бұл да бір игі тәсілі.Тас қабырғалардың арасында отырып, табиғи бояулар көрмесіне ең соңғы рет қашан еркін енгеніңді ойлайсың, қамығасың. Селқостыққа шоқ шашатын жастық жігеріңді жанисың.
Табиғатқа жан бітіре сөйлету суреткерден үлкен шеберлікті талап ететіні сөзсіз. Ақын өлеңдерінде жаратылыс суреті қаламгердің пәктікке құштар нәзік болмысымен ұштасып, «сыңғыраған өңкей келісіммен» /Абай/ төгіледі:

...Көк көлдер кірпігімен
Көк шыны шытынатып;
Сәмбі тал бүртігінен
Жас бояу лүпіл атып;
Астасып алуан ырғақ,
Нәурізгүл үлбіретіп;
Самалдың соны жырлап.
Сезімі дір-дір етіп,
Сәуір келеді!

Қарапайымдылық пен шеберліктің қос өріміндей бұл жолдардың көзге көрінуі де, құлаққа естілуі де ерекше. ХХ-ғасырдың алпысыншы жылдарында жазылғанына сенбейсің. Ертең де солай бола береді. Өйткені, адамзат ешқашан да табиғаттан өзін бөлектей алмайды.Шындығында осыныңыз көктемгі көрініс ғана ма? Жанарында жарқыл оятатын, жүрек жылытатын, санаңда туған жер сұлулығына сүйіспеншілік самғататын патриоттық лирика емес пе? Жадағай ұраншылдығымен жалықтырмайтын, жан-дүниеңді жасандылықтан арашалайтын мұндай биязылыққа біз қашан да мүдделіміз.
Мысалға алынған өлеңнен мен бір кездегі жас Нармаханның мінез-құлқын, әдебиеттің алтын босағасын аттардағы кіршіксіз ұстанымын танығандаймын. Ол қазақтың өлең өлкесіне дәл осылай: жас бояудай лүпіл атып, наурызгүлдей үлбіреп, самалдай дір-дір етіп келгеніне күмәнсізбін. «Мен келемін!» - деп даурықпағаны-ішкі мәдениетінің мәйіндігі. Есімізге орыс дуалы аузының «Ведь иногда пейзажем мы о себе точнее скажем» деген сөзі түсіп отыр.
Нармахан шығармашылығын ерекшелейтін қасиет-өнерге кірпияздықпен қараудың жемісі.Ал, талғамнан талант танылады десек, ақын ой мен сезім сәулесін сыршылдықпен үндестіре біледі.Ол бірде мөлдір бұлақтай сылдыраса, бірде қызғалдақтай шоқ тартады., бірде теңіз толқындарына ұқсаса, енді бірде найзағайдай жарқылдайды, біресе жел болып сезім күйін шертеді. Бір сөзбен айтқанда, жаратылыс құдыреті мен оған құштар ақындық аңсар үйлесімі керемет көрініс береді.

Қар шырағы түгелдей қалды да өшіп,
Бозғылтым шаң бозала жолға ілесіп;
Бірте-бірте бұйығы бәйшешектер
Бұтағына өріктің алды көшіп.

Қар кете көктем хабаршысындай қылтиятын бәйшешектің өзін сезімтал жүрек, қимас көңілмен өрік ағашына апарып қондырады. Табиғатсыз оқшау ойланудың нәрсіздігін, табиғи заңдылықта бос кеңістіктің, басы артық нәрсенің жоқтығын сезінеді. Көркемдік көйлегін кимеген ойсыз өлеңге оқырманның иланбайтынын біледі. Назар аударыңызшы,«қар шырағы», «бозғылтым шаң», «боз ала жол», «бұйығы бәйшешектер». Көзге көрінгенді құрғақ термешелеу емес. Мәнді де, нәрлі тіркестер. Ақынның сөз мергендігіне, санаңызға «тықылдатып» шеге қақпайтынына қуанасыз. Рухани байлығымызды арттыратын осындай туындылар көбейсе деп тілейсіз. «...Өлең сөздің көркемділігі дыбыс мәнерлілігінің нәтижесінде жүзеге асады. Өлең ішіндегі әсерлі, үнді, мағыналы дыбыстар бейне бір шоқтай жанып, шығарманың өн бойына нұр, жылу үлестіреді. Сөздің суреттілігі мен музыкалылығын арттырады». / С.Негимов.Өлең өрімі.А., 1980 /
Болмыстан сұлу сыр түйіп, өмір пәлсапасының тереңіне бойлай білу үлкен ізденісті қажет етері даусыз.

... Жаңбырдан соң сәл сәттік сәнге айналып,
Жиегінде шатырдың шамдай жанып,
Үзіледі тамшылар
Ғұмырының
Тым қысқа екеніне таңдай қағып.

Бұл тек тамшы ғұмыры ғана емес, адам өмірі «тамшығұмыр» іспеттес. Қазақ «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» дейді. Сол қысқалықтың қадірін біліп, парқына жетіп жүрміз бе? Міне, өлең көп қырлылығымен осындай сүрлеуге жетелейді. «Тамшы тасты теседі» дейтін шығыс даналығын әдебиетшілеріміздің талай буыны қайталады. Сол даналық ойға Нараға тосын тұсынан үңіліп, тамшыға «таңдай қақтырады». Халықтық үрдісті дамыту дегеніміз осы. «Өлеңге , өлеңмен жазылған шығармадағы әрбір суретке, әрбір сөзге поэзиялық нәр, көрік беретін нәрсе-ақындық ой-сезімнің тереңдігі мен көркемдігі» / З.Ахметов. «Өлең сөздің теориясы» А.,1973 /
Өнердегі өз орныңды табу, өнерпаздар арасынан дара дауысыңды ерекшелеу, басқаның қайталауына көнбейтін ақындық жүйе қалыптастыру қиынның қиыны.Көздеген нысанаңа жету үшін, өзіңе қойылар талапты бір сәтке де босаңсытпау керек. Түбінде дүдәмәл сөз сағыңды сындыратынын ұмытпауға тиістісің.Ал, Нармахан Бегалыұлы табиғаттан өзін, өзінен табиғатты іздейтін сыршыл ақын.Сондықтан, қоршаған ортамен сырласа да, мұңдаса да біледі. Ақын әуелден «жібек желден көйлек киген дала» ұлы. Алғаш сезім іңкәрлігіне бөлеп, сұлулыққа құштарлықты оятқан да сол дала. Көркемдік мүддеден гөрі саяси мәні жоғары шығып кеткен кеңестік кезеңде поэзия әлемінің есігін дала ұлы болып ашқан Н.Бегалыұлы саяси ұраншылдық жетегінде кетпей жырдың табиғаттай тазалығы мен мөлдірлігін сақтап қалған санаулының бірі. Бұл-сөз өнерінің қадір-қасиетін, құндылығын саралай білген зергерлік болмыс пен зерделілігін танытса керек. Ақын шығармашылығындағы ойлылық, парасаттылық, образдылық осының нақты дәлелі.
Ойлылық демекші, ақын жаратылыстың өзін де «ойландырып» не «ұяң, ұялшақ» етіп суреттейді.

...Сыртқа теппес жайды ұғып,
Жасарып қайт жайлаудан.
Сезіледі ойлылық
Қоңырқабақ қойнаудан-біздің қазақы жомарттығымыз, жеңілтектікке оңай бой алдырмайтын байсалды болмысымыз.
Нармахан қандай тақырыпты жырласа да адастырмас Темірқазығы-сұлулыққа құштар нәзіктігі. Оны табиғаттан да өзін іңкәр еткен жаннан да іздейді.КөркемдІкке құштар көңіл лирикалық кейіпкердің аяулысына деген сезіммен ұштасып, әдемі үндесе өріледі.

...Өзің жоқта –
Аспанымда астан-кестен аумаған,
Сезім бұлт жаумаған.
Ал көңіл ше? –
Айтушысы табылмай,
Құм далада құлазып бір қалған ән.-Тылсым түнде өткен өмірдің, құм далада құлазып қалған әннің әсері жүрегімізді жарық дүниеге, жасыл әлемге, қайғыру арқылы қуанышқа ұмтылдырады.Ақын өлеңдерінде осындай сезімнен туындайтын биік қасиет-Сағыныш жүреді. Сағыныш бейнесі бүкіл шығармашылығының лейтмотиві десе де болады.Сағыныштың сазды лебі өз стилімен кестеленеді. Қазақ поэзиясындағы «жасынғұмыр» кешкен Төлеген Айбергенов өлеңдерінде де Сағыныш сезімі үлкен категория. Жалпы, Нармахан поэзиясы Сағынышты желі етуі арқылы сезімнің шынайы тазалығын паш етеді. Ақын жүрегіндегі сезім тамшылары ерекше мөлдір.Сол мөлдірлік самал болып сыбырласа, кейде жаңбыр болып төгіледі, найзағай болып жарқылдайды сағыныш боп тербейді. Сөйтіп, жаңа жауған нөсердей жан-дүниеңді тазартады. Өте күрделі кезеңде өмір сүріп жатқан біздерге мұндай сәттер қажет-ақ.
Шығармагер бір жинағын «Ботагөз бұлақ» атауы жәй емес. Ақын өзін ботагөз бұлаққа теңейді.

Ынтықтырып құрақ, қайың,
Көңіліммен көл күреп,
Ботагөз бір бұлақтайын,
Қалдым құмда мөлдіреп.

Мына пендеуи тіршілікте адам тағдырында не болмайды? Кейде тұрмыс күйттеп кететініміз жасырын емес. «Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып аяғын көп шалдырған»-деп Абай бекер айтпаса керек.Бұл адам болып туылғаныңмен, адами сатыға көтерілу жолының күрделілігін көрсетсе керек.Ол дегеніңіз, біріншіден өзіңнің жан-дүниеңдегі тазалық үшін күресуге тиіссің. Даңқ пен дақпырттың, шындық пен жарамсақтықтың ара-жігін салмақтай білу Нармахан жырларының негізгі бір сипаты.

...Сап, сап, көңіл, Сен аспа,
Саған сеніп келіп ем.
Тағдыр мені о баста
Табиғатқа теліген.

Алғашқы тармақ Абайды елестетеді. «Дайын асқа-тік қасық»-деп тіксіндік әуелі. Ақынның әдейілігін түсінген соң, жылы жымидық. «Әдебиетіміздегі ұлы ұстазға, жаратылысқа қарап бой түзе»-деген пәлсапасын ұғындық.Лирикалық кейіпкерден мұнан артықты талап етудің орынсыздығын ағамыз жіті таразылаған.Өзін табиғатқа телуі тегін емес. Табиғат-тазару көзі. Алайда, ақын айналасындағы жан жабырқатар жәйттарға сүлесоқ қарамайды. Ол шындық, адалдық, сенім іздейді. Шындық деген жалғанға айналса, сенімі күдікке, күмәнға жалғасып жатса:

Боласың кейде шерменде,
Тайғанақ тұрлаусыздықтан,
Нар сенімдердің жығылған сәтін көргенде, - дейді. Ақындық ырғақтың жаңашылдығына назар аудартады. Алаңдаған көңіл, беймаза күйден туындыгерді тек қана өзі құштар әлем-дала табиғаты ғана құтқарады.

Таудағы жаз.
Ауаны сыңғырлатып,
Үн қатады жақыннан бұлбұл бақыт.
Көктем жазған өлеңді оқиды жел
Жапырақ-парақтарды судырлатып.

Бұлбұл көмей тіршілікке қызығасың. Көктемнің өзіне жапырақ-парақтарға өлең жаздырған, оны желге оқытқан шеберлік қуатына сүйсінесің. «Таудағы жаз» деп аталатын бұл өлең түйіні «...Босатпайды екен ғой жүрегімді, Қаным тамған далаға тәуелділік». Бұл ғасырлар қойнауына сіңіп кеткен көшпенділердің бүгінгі ұрпағына тән мінез. Туған жер құдыреті, соған деген махаббат ақынның кірпияз, талғампаз жүрегін өзіне тәуелді етеді. Ол дала табиғатына ғашық, сол арқылы көкірегінде жыр күмбірі ұя салып, сұлу төгіледі. Өзін көкірегі кермек жусанға теңеген шығармагер бір сәт тартысы көп тіршіліктен шаршаған көңіл-күй мұңын тек аяулысымен бөліскендей. Жалпы, Нармахан табиғатты жан бітіре суреттеуімен бірге, оны сүйгеніне деген сезімімен әдемі жымдастырады немесе сол сәттегі көңіл ауанымен шебер астастырады. Жүректі дІр еткізер сілкіністі көбіне найзағай бейнесімен жеткізеді. Лирикалық кейіпкер махаббаты көңілге тәтті мұң ұялатып, сезім бесігінде тербейді. Оның жүрегін іңкәр еткен – уыз жас, балғын дәуренінде.Әлі өмірдің бұралаңы көп қитұрқы жолына түспеген, пәк таза. Сондықтан «Ғашық-ақпын сендегі күндерге мен, Уәйімі у ұрттап үлгермеген»-дейді ақын. Жалпы, Н.Бегалыұлы жырларындағы махаббат лирикасы аңсау, сағыну, іздеуден тұрады.

Жүрмеген соң қасыңда қатар дәйім,
Жапырағымның жасылы жұқарды, Айым.
Өткірлене өртейсің өзегімді,
Жұмсақтығын жоғалтқан жұпардайын.

Ақынмен сен де бірге мұңаясың, егілесің. Жаныңды баурап алар махаббат сазына елтисің. Оны әдемі жеткізе білген өлең мазмұнының ішкі қуатына бас иесің. Шеберлік шыңына апарар жолдағы әр сөздің қыр-сырына тереңдеген, мәнін мәпелеген, дыбыстардың сан алуан бояуын қапысыз сезінген, айғайшыл ырғақтан тартынған текті таланттың сергектігіне қайран қаласың. Ол бірде «Сүйегіме сіңген сәуле секілдім» - деп жазыпты. Иә, жүрек сүзгісінен өтіп, сүйегіне сіңетін мұндай өлеңдер қазақ жұртының санасы ояу, тілі тірі кезінде жасай береді. Өйткені Н. Бегалыұлы жырларында жан-дүниеңді тазалайтын тұнық бастау секілді қасиет бар. Өз тілімен бейнелей айтсақ, «ботагөз бұлақтан» қанып ішсең тынысыңды кеңейтіп, шөліңді қандырады. Болмыстағы қарапайым құбылыстарға құндылық дарытып, сұлулық әлеміне жетелейді.Жүректерге сәуле сіңіріп, сезімді толқытады. Өмірдің-өнерге, өнердің өмірге айналуы осы болса керек.Нармахан жырларының өміршеңдігі де осында. Ал, мұның барлығы ақынның биік эстетикалық талғам табиғатын танытары сөзсіз.

Оразалиева Жадыра
Қазақ әдебиеті ғылымының магистрі,
Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері