Өмірдерек
Бегалыұлы Нармахан 1943 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылында дүниеге келді.
1961 жылы Темірландағы Амангелді Иманов атындағы орта мектепті бітірді.
1962 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1966 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша диплом алды.
1966 жылы Бөген ауданы және Арыс қалалық «Коммунизм таңы» – «Заря Коммунизма» газеттерінің редакциясы жанындағы радиохабарын тарату бөлімінің редакторы болып, еңбек жолын бастады.
1967 жылдың наурызынан осы газеттердің жауапты хатшысы, 1969 жылдың желтоқсанынан редактордың орынбасары, 1974 жылдың 1 қаңтарынан «Ордабасы оттары» газетінде редактор қызметің атқарған. Н.Бегалыұлы редакция аясынан Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет-өнер бірлестігін құрып, бірнеше рет халықаралық айтыс ұйымдастырды. Ауданымыздың тарихи Ордабасы атымен аталуының, халқымыздың қасиетті орыны – Ордабасы тауының атақ-абыройын республика көлеміне жете таныстыруға, ондағы тау қопару, тас қиыршықтау жұмысын тоқтатуға байланысты қозғалыстардың басында болды. Оның тікелей бастамасымен 1990 жылы өткен «Ордабасыға оралу» атты ұлы жиын 1993 жылы Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан Республикалары Президенттерінің басын қосқан үлкен іс-шараға жалғасты. Н.Бегалыұлы баспадан «Шаттық күйі», «Жиде жұпар шашқанда», «Жотадағы жол», «Ботагөз бұлақ» деп аталатын төрт жыр кітабын, екі томдық жинағын шығарып, қазақтың танымал ақынына айналды. Американдық маман Поль Брегтің «Ашығудың құдіреті», Моловичконың «Бүйректегі тазарту» ғылыми кітаптарын қазақшаға аударды. Қазақстан Республикасы Баспасөз және полиграфия жөніндегі комитеті мен «Жалын» жұрналы ұйымдастырған республикалық жабық конкурстың жүлдегері. Қазақстан жазушылар одағының, Қазақстан жорналшылар одағының мүшесі. Н.Бегалыұлының шығармагерлік талантын Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза Әлі, Ғафу Қайырбеков, Қуандық Шаңғытбаев, Төлеген Айбергеновтер жоғары бағалаған Нармахан Бегалыұлы – Ордабасы ауданында Республика бойынша тұңғыш рет «Ақындар аллеясын» жасауды ұйымдастырды. Қазақтың атын әлемге паш еткен бабамыз Қажымұқан Мұңайтпасұлының туылғанына 130 жыл толу мерейтойы құрметіне «Ордабасы» баспасынан шығарған, энциклопедиялық үлгідегі «Қажымұқан қағанаты» кітабы, Ордабасы өңірінің табиғатын, тарихын зерделеген, ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономикасы мен мәдениетін өркендетуге үлес қосқандар жайлы баяндайтын «Ордабасы» энциклопедиясы бүгінде көпшіліктің іздеп жүріп оқитын рухани қазынасына айналған.Н.Бегалыұлы – Ордабасы ауданының Құрметті азаматы.
Ол «Құрмет» орденімен, Ресейдің К.Симонов атындағы халықаралық сыйлығы және Алтын медалімен, «Еңбектегі ерлігі үшін, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен, үш рет Облыстың Құрмет грамотасымен, екі рет облыс әкімінің «Зерде» стипендиясымен, бір рет «Бауырмал» сыйлығымен марапатталғанХалық сенім білдіріп, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаты болып сайланған, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан Жорналшылар Одағының Ә.Әлиев атындағы «Ең үздік редактор» номинациясының жеңімпазы. Зейнеткер.
2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шыққан «Жаз – жалбыз» атты таңдамалы жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды.. 2023жылдың желтоқсан айында Ө.Жәнібекова атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Құрметті профессоры».