Бегалиев Нармахан

Туындылары


***

Махаббат мөлдіріне малған нұрын,
Белгі жоқ сол мәжнүнталдан бүгін.
Ақ қайың Ай нұрында адасып жүр –
Алданған менің адал аңғалдығым.

Көрінбей мәжнүнтал – сәні әуес тал,
Бұлаңытқан бұлаққа төнеді асқар.
Қасара қарсыласып қараңғыға,
Қайда көшіп барады қара ағаштар?!

Үйеңкінің ем таппай үлесінен,
Төзімімді түгелдей түгесіп ем,
Жанарымда бүк жатқан ыстық тамшы,
Тайып түсті көзімнің шігесінен.

Айтпасам да өзіне ойымды ашып,
Сыбырлады момақан мойыл жасап:
«Мәжнүнтал қызықшыл қызуымен,
Қарағайға үлгерді қойындасып».

Құпия ұят шыршаға құлай қалды,
Бозқараған бозбала сыңайланды.
Аршалардан сорғалап ащы мысқыл,
Шынар дүние төбемде шыр айналды.

Жарамсақ жел оятпай құз намысын,
Мазақтағыш машықтан мұздады ішім.
Көтереді өкшесін өшігудің,
Қызуы әбден ширыққан қызғанышым.

Махаббат мөлдіріне малған нұрын,
Сол күнім – жеткізбейтін арман бүгін.
Ақ қайың Ай нұрында адасып жүр –
Алданған менің адал аңғалдығым.