Төрегелді Байтасов

Асыл сөз


ҰЙҚЫ АШҚАН ОЙЛАР

Мылтықтың мойыны ұзын болғанымен,
Басы жоқ.

Өзіңнің істейтінің кілең иттік те,
Өзгелерден азаматтық дәметесің.

Кісендеулі аттың кісінеуі көп.

Адамзаттың ақылы шексіз,
Шектейтін – надандық.

Сатқындық сайқалдардан емес,
Саяз адамдардан шығады.

Жарықсыз көлеңке жоқ.

Балалығым тұнып тұрған тазалық еді,
Есейдім де былғанышқа былш еттім.

Өмірдің өзі алдамшы, жалған болса,
Одан шындық іздеп несіне шырылдайсың?!

Адамдардың аңға айналғанын,
Аңдардың таусылғанынан білерсің.

Тау өзені үнсіз ағуды білмейді.

Өзіңді қиындықтан алып қаша бересің,
Халықтың құрметіне қашан бөленерсің?

Жақсы өлең,
Өлейін деп жатқан адамды тірілтеді.

Ей, бауырым, маған дұшпан болсаң да,
Қазақты сүйетінің рас болса,
Онда мен өлгенде қуанбай-ақ қой!

Жан-жарыңның жанжалы
Дұшпаныңның қанжарынан қатты қадалады.

Асыл ердің арманы таусылмайды.

Сылтауратқан суаяқтан
Алдаусыратқан алаяқ асып түсер.

Аяқ-қолың байланса да,
Жолың байланбасын.

Арсызға алты мезгіл ас берсең де,
Аз дейді.

Тілге тежегіш,
Құлқынға карбюратор керек.

Жалған қауесеттің жаңғырығы көп.

Жақсы атың таралған болса,
Сен туралы жақсы жазатындар да табылар.

Аспанды көрсең – ұстай алмайсың,
Уақытты көрмейсің де, ұстай да алмайсың.

Данышпанның да дағдарып,
Ақылдының да адасатын кезі бар.

Өкіметтің атақ-лауазымын алмай-ақ,
Атақты бола алсаң – нағыз атақ сол.

Әлеуметтік әділеттілік
Әлемді жаратушы Алланың алдында ғана.

Ақыл – ойдың алыптары
Адамзат қоғамның алып ұстындары сияқты.

Нәпсі мен құлқынға құмарттым дегенше,
Мойныма таудай күнә арттым дей бер.

Қуыстан шығасың, қуысқа кіресің,
Өмір-бақи қуыс қуалап жүресің.

Көздің ұясы да қуыс,
Ауыздың арғы жағы да қуыс,
Қалта да қуыс,
Ал осыларды толтырып көр.

Ей, тәкаппар, аспандап асқақтама,
Өміріңді мәңгілік уақытпен өлше де,
Пәске түс.

Күн - күн сайын күлімдеп тұрар,
Түнертіп көрсететін бұлт.

Бар барына айырылады,
Жоқ несінен айырылады?

Әрбір зиялы адал ұл,
Өз ұлтының алтын қоңырауы.

Әркім өзін дұрыстай берсе,
Олар қалай ұрыспай тұрсын!

Қараңғылықта қатер көп.

Өзіңді-өзің танып білгенің,
Әлемді танудың кілтін тапқаның.

Адамға адам табынса,
Адасушылық деп біл.

Кез-келген ғұлама беделінің тасасында
Ол ашқан жаңалықтардан да
Анағұрлым зор жаңалықтар жатады.

Өле сүю деген – есің кете сүю,
Ендеше, махабатта ес болмайды.

Жас кезінде ақылдың тоғанын
Сезімнің селі оп-оңай шайып кете береді.

Өсу тоқталған жерден өшу басталады.

Құтырған иттен ұяласы да аулақ қашады.

Ұрық байлаған гүл ұзақ тұрмайды.

Қытайда да ұлы Қытай қорғанын көрмеген қытайлықтар көп.

Құлақ жақсыны да,
Жаманды да ести береді,
Керегін айырып алатын ақыл.

Жан-дүниесі ып-ылас адамда,
Жақсыға ықылас болмайды.

Тибет елі құпияларының даңқы,
Тибет тауынан да биік.

Аққу құстың құсасы қатты,
Қара қарғаға бәрібір.

Бай жолдасың барына мақсансаң мақтан,
Бірақ ол дүние-пұлға тым құнықса,
Жан жолдасың болса да сақтан.

Бағыныштыларынан пара алу үшін,
Бастығына пара береді.

Дос сеніскенге де
Келіскенге де жақсы.

Қазақ ауқатқа ақы сұрамаған.

Әлсізді әркім басынар.

Өзіңе-өзің патша болғың келсе,
Дүние мен мансапқа құл болма.

Бермуд үштағанынан да
Адам жан-дүниесінің құпиясы көп.

Түздегі жол да ізден басталады.

Оқ өтпейтін адам жоқ,
Оқ тимейтін адам бар.

Сотқардың шоқпары дайын.

Қазынаның ең үлкені –
Адамзаттықтың ақыл-ой қазынасы.

Үй тышқанының ата кәсібі – ұрлық.

Жаныңда жарамсақ көп болса,
Әуелі қорамсағыңа сақ бол!

Заңда тармақ көбейген сайын,
Парақорға қармақ көбейер.

Заңгердің араны
Параны алған сайын ашылар.

Ел-жұрты тойынбаған елдің
Патшасын кім мойындайды?

Алланың кеңдігі
Кешірімшілдігінен көрініп тұр.

Былыққанды жазалау оңай,
Тазалау қиын.

Жеңіске опасыздықпен де,
Таза басымдықпен де жетуге болады.

Ғашықтық пен пысықтық сыйыспайды.

Миыңның төбеңде болғанын қайтейін,
Ақылың төменде болған соң.

Жаманнан жақсы болу қиын,
Жақсыдан жаман болу оңай.

Аңның тағысынан
Адамның тағысы қауіпті.

Мәңгүртке дүние күңгірт.

Ақшасы жоқ жігіттен,
Намысы жоқ жігіт жаман.

Сотталғанның бәрі бірдей сотқар емес.

Құмға тірелген су құрдым,
Сұмға тірелген іс құрдым.

Сауап істе санасу болмайды.

Әрбір адамның
Жақсылық жасауға құдіреті жетеді,
Тек соған ықыласы болсын дейік.

Биік таудың сүйір шыңынан
Табиғат пирамидаларын көремін.

Дін мініңді түзейді.

Кішкентай маса дыңылдай берсе,
Үлкен адамның ұйқысы қашар!

Алтын бесікте әздектеген ұлың,
Алтын жігіт болса, қанеки!

Өлермен өткелсіз өзеннен де өтер.

Жаныңды алпыс сандықтың ішіне салсаң да
Әзірейіл алмай қоймайды.

Ұлы өзінен асып туған әке бақытты.

Ойдың да омыртқа-жұлыны бар.

Қазақ халқы беріге дейін
Жаратылысқа әйнексіз қарап келген.

Паңданғыш адам – шамданғыш.

Имансыз өркениет өрге шықса,
Қылмыс пен ұрлық-қарлық терге шығар.

Қолында билігі бардың барлығы білгіш-сымақ.

Мал екеш мал да тойынса,
Жолмен жүргенді қалайды.

Халқына қамқор әкімнен
Жемқор әкім көп.

Ерлік - көп адамды қырғаныңды емес,
Көп адамның өмірін сақтап қалғаныңда.

Елді бағалай білмеген әміршіден,
Атты тағалай білген темірші артық.

Адамның айналасы толы ажалдың есігі,
Айналып келіп ақыры біреуін ашасың.

Екпінмен сүзетін бұқа,
Шегініп барып ұмтылар.

Көптің жайын ойлаған әулиенің де,
Көптен оңаша қашатын кезі бар.

Бит биікті не қылсын,
Іздегені кір-қоңы көп кісі.

Ауыздағы есірген тіл кесірінен
Иықтағы бас кесілген.

Өресі биік кісі
Өрескелдікке бармайды.

Жұмсақ көмір
Қатты темірді балқытады.

Балға тоқсан тоғыз тоқпақтаса да
Шегенің шекесі іспейді.

Қиналған азаматтың қасында руластары емес,
Ұрандастары болады.

Жаздың күні тоңатын сырқат,
Қыста қайбір оңады?

Теңізден кен іздеген адам
Айдың да астан-кестеңін шығарар.

Дарақылық сорақылыққа апарады,
Жақсы қылық жақсылыққа апарады.

Ахилестің осал жері – өкшесі,
Еркектердің осал жері – әйелдердің бөксесі.

Жүректің пернесін баса білсең,
Тұтулы пердесін де ашасың.

Жастары наркоман елдің
Келешегі дәркүмән.

Осал адамдар осы ақыл-ойым
Он жыл бұрын болғанда ғой деп қиялдайды.

Табуың қиын берешегіңнен,
Алуың қиын алашағың көп болсын.

Қарызын қайтармаған кісәпірден,
Қайыр тілеген мүсәпір жақсы.

Мақтаншақ көзге түсер жерде
Елден ерек аттан сап кетеді.

Құдай бермегенді, қытай бермейді.

Қазақ қазақтығын сақтағанда ғана,
Азаттағын сақтай алады.

Айналасына ең ұнамды адам,
Бәріне шыдамды адам.

Сүйіскенде тәтті тіл,
Керіскенде тым ащы.

Бал жалау үшін
Тістің бар-жоғы бірдей.

Жайынның мұрты болғанымен,
Сақалы жоқ.

Кемпір-шалдың көбі кеңпейіл.

Жұрт мені кешіре береді деп,
Есіре берме.

Бір жігіт бар жау келгенде ойбайлағыш,
Бір жігіт бар тәуекелге бел байлағыш.

Аспаннан алты ай алтын жауса да,
Дүниеқоңыз күн қашан ашылады демейді.

Құдай ұрып кеткен өтірікшінің өзі де,
Мәселенің шындығын білгісі келеді.

Қағаз бен қаламның обал-сауабын білгеннен,
Халқы қадірлейтін қаламгер шығуы мүмкін.

Жаманның жаны жайлануы үшін,
Мұрты майлану керек.

Сүйгеннің сүйкімі кетпейді.

Пингвинге қыран құстың қанаты бітсе де,
Африкаға аяқ баспайды.

Аспанға жететін саты тапсаң да,
Оны сүйейтін тірек жоқ.

Шындыққа көз жетпеген жерден,
Өтірік пен өсек басталады.

Жаратылысы жақсы адамды
Жамандап жаман қыла алмайсың.

Топсасын майлап тұрмасаң,
Есік те зар илеп кетеді.

Нақыл сөзді түсінуге де ақыл керек.

Өлмейтін бір жақсы іске,
Онсыз да өліп жатқан бір күніңді қи.

Күйкі кісінің ісі шикі.

Атасы әрдайым әлек,
Баласы пәруайы пәлек.

Соры бар ата-ананың
Баласы дүңкілдейді,
Келіні күңкілдейді.

Сыртқы сымбатыңды түзей бергенше,
Сансыз мініңді түзе.

Жұмыссыз халық – тынышсыз халық,
Серік болып арағы,
Сан қылмысқа барады.

Көз мергеннен сөз мергені мықты.

Жасық пышақты
Қанша қайрасаң да қайран жоқ.

Тиын тапсаң санайсың,
Ал мініңді санап көрдің бе?!

Жақсы боламын десең,
Жаман қасиеттеріңнен арыл.

Жарықтан қараңғы салқын.

Қарақшы қараңғылықты қалайды.

Жоқшылықта жарлы жалтақтайды,
Байлар талтақтайды.

Ел үшін туған есіл ер,
Отқа да қолын көсейді,
Оққа да кеуде төсейді.

Артық сөйлемеу үшін,
Тіліңді тартып сөйле.

Көзі ұрының өзі де ұры.

Шындық мың жыл шыңырауда жатса да,
Шыңға атылып шығар күн туар.

Сырты сұлу, іші лас,
Кісіге көңіл тұщымас.

Аз халықтың көретін азабы көп.

Жақсы жол тып-тыныш жатар,
Жаман жол еліктіріп тұрар.

Періштеге тозақ жоқ.

Жалғыз ілікті әулиенің де,
Жарыққа шығуы қиын.

Адам ұлтынан жаман болмайды,
Құлқыннан жаман болады.

Тілі жоқ балық
Топан судан аман қалыпты.

Араңдайтын адам арамдыққа ұрынады.

Құдайға жақындаған сайын
Пенделіктен биіктей түсесің.

Тас қараңғыда әлсіз жарық та қадірлі.

Кеше жөргекке сыйған бала
Есейгенде жер-көкке сыймайды.

Ағаш екеш ағаш та
Жалаңаш тәнін көрсетпес.

Қатты қара тас та
Жұмсақ жерге бауырын төсер.

Ақылыңның аздығын
Ақылдының айтқанын істеп жабарсың.

Мінезсіз адам болса да
Мінсіз адам жоқ.

Бағы байланар шешеннің
Жағы байланар.

Дария құмсыз болмас,
Қария мұңсыз болмас.

Тобасы жоқ қас та бір,
Опасы жоқ дос та бір.

Арыстанды жекпе-жекте жеңген адам,
Арақты жеңе алмас.

Жас қыздың жүрегі жараланғыш.

Арақты сен жұтарсың,
Ол ақылыңды жұтар.

Маскүнемге адамнан арақ артық.

Көгершін қоқырсықтан қоректенбейді.

Тамыры тереңді жеңген жантақты
Тамырсыз, сары шырмауық бүгілтіпті.

Күн көтеріліп қызбайынша
Ара да ұясынан ұша алмас.

Артық күлкі ақылыңды мұқалтар.

Бойжеткен қыздың түрленуі де,
Кірленуі де демде.

Баққаның пада болса да
Арманың ада болмасын.

Әйелдің қитықпасы
Еркекті титықтырар.

Бұлтағы мен жыртағы көптің,
Топтан озар ұрпағы жоқ.

Қамал қорғап қала алмайды,
Амал қорғап алады.

Күнәлі істер көп болғандықтан,
Қонақ үйлер көбірек.

Тіріге жар қойыны ыстық,
Жер қойыны суық.

Құдайдың бізге сыйлағанының
Қыттайын да өзіңе қима.

Жеміс ағаштары мәуе салғанда,
Бір-бірімен бәсекелеспейді.

Аспанға атылған асау толқындар
Жерге жетіп тыншу табады.

Қара жер адамды жұтпайды,
Құшағына алады.

Тісі кетік болса да, ақылы – жетік.

Күріктеген тауық ештеңеден үрікпейді.

Бұлақтағы көлбақа
Құрғақтағы инелікке ұмтылар.

Аманатынан айырылған қыздың
Жаманаты шықпай тұрмас.

Ел тіреуі болады деген жігіттің
Шетелде тентіреуін қарашы.

Біреудің жебеушісі қиямет-қайымға дейін,
Біреудің жебеушісі сияпат-сыйыңа дейін.

Шөлдің шөбі тікенді келеді.

Әркімнің пайы әр басқа,
Уайымы да әр басқа.

Кісінің аужайын білмей тұрып,
Шайжауына жармаспа.

Ой – ұрғашы, өлгеніңше балалағыш.

Сараң кісі Сократ тіріліп келсе де
Соқыр атын қимайды.

Сократты скиф көшпенділері емес,
Афина өшпенділері өлімге кесті.

Құдай қырына алмайды,
Қырына алса, қыр соңыңнан қалмайды.

Пара сұраған әйдік әкімнен,
Көше сыпырған тәйтік әйел тәуір.

Жыланның түсі жымиса да жылымайды.

Өтіріктің көзін шұқитын – шындық.

Бедел жедел келмейді.

Жырынды бар нәрсенің ұрындысын іздейді.

Әжімді ата-енесіне
Тәжім еткен келінге сүйін!

Көсеміне көсеу ұстатқан ел
Е кешеу қалар, е мешеу қалар.

Лайық ұлын қолдамаған ұлттың
Басынан бұлт кетпес.

Топасқа күйеуге шыққан қыз,
Қапасқа түскен құспен бірдей.

Жаңғалақ адам қаңғалақтап жүрер.

Күпірде де шүкірді білетіндер көп.

Ағын су балығы болса да ағады,
Болмаса да ағады.

Суды сығымдап ұстасаң да тұрмайды.

Білмейтінін білмейтіндерден сақтан.

Ақша жаман емес,
Ақша үшін жанын былғайтындар жаман.

Өмірде өлімнен де өте ауыр нәрселер көп.

Данышпанның қасиетін
Өсиетінен байқарсың.

Өнер-білімге соқыр тиынын қимайды,
Ойнасына қалаған бұйымын сыйлайды.

Біреудің аянышы, саған таяныш болмайды.

Жауға сатылып аман қалғанша,
Атылып кеткен абырой.

Қашыр жақсы жануар болса,
Малшылар үйірлеп өсірер еді.

Қарақшы да өз баласына мейірімді.

Мырыңнан шырын сөз шықпайды.

Су тереңінің інжу-маржанынан,
Ой тереңінің інжу-маржаны көп.

Мың масыл
Бір асылдың тырнағына тұрмас.

Аңғырттан салғырт жаман.

Баланың бәрінде даналықтың дәні бар,
Ұластырып әкететін ұлылар ғана.

Арқама ақпанның аязынан да,
Білімнің таязы қатты батады.

Әлемдегі бірде-бір зоопаркте,
Бақ құсы жоқ.

Кіршіксіз жүректі кірлететін өзіміз.

Өзіңе дейінгі ілімді игермей,
Келешектен сый көрмейсің.

Милау - сыйлауды білмес.

Арам мен адал теңдей араласса,
Арам жағы басып кетер.

Шыншыл адамнан күншіл шықпас.

Қорасында қоқиланған қораз еді,
Былай шыға шоқиып қалды.

Ісің құлдырарда, көзің бұлдырар.

Беталды шашатын адамнан
Ақша да қашады.

Құдай сүйер қылығы жоқ,
Бастан асқан былығы жоқ.

Арқалаған күнәнің ауырлығы
Араққа емес, жүрекке түсер.

Арашаға қу шықса,
Ауқау-шу ушығады.

Адал деген адам да,
Арам тер мен арам ет бар.

Шыны жарылса жымдаспайды,
Қазан жарылса дымға аспайды.

Есалаңның еш алаңы жоқ.

Дауасыз даукес өзімшілден шығар.

Халқына салқын хан оңбас.

Мүгедекке айтқан құр ақылыңнан,
Көрсеткен рақымың артық.

Илеуінде билесең, құмырсқа да тістейді.

Жер бетіндегі барлық сағатты тоқтатсаң да,
Уақытты тоқтата алмайсың.

Шымал да пілдің төбесіне шыға алар,
Бірақ піл оның бар-жоғын сезбейді.

Ет керек болғанда,
Ең жақсы малыңды да соясың.

Көп марапат көз тұндырар.

Өз нәпсісіне дес бермеген ер
Түбінде оза шауып төске өрлейді.

Алланың разылығын ойлаған
Адамның наразылығын қаламайды.

Өз пайдасына көп бұрмалаған
Ақырында жер тырмалап қалар.

Арыстанды күзеуден де
Ақымақты түзеу қиын.

Бір ақымақ –
Жүз ақылдының басын қатырар.

Ойнасы көптің айласы көп.

Қан тазалығы – Тәңірден,
Жан тазалығы – тәрбиеден.

Биікте тазалық бар.

Езбенің әңгімесінен
Кезбенің әңгімесі дәмді.

Қабірге ғана
Өз аяғыңмен жүріп бара алмайсың.

Өмір бойы өштесіп,
Өлеріңде «Кеш» десер.

Ас піспеген қазанның астында күйе жоқ.

Өмірдің астарына үңілсең,
Тағдырдың қиындығынан түңілмейсің.

Құлып кілтті іздемейді,
Кілт құлыпты іздемейді,
Екеуін табыстыратын қожайын.

Ақымақпен он жыл арақ ішкенше,
Ақылдымен он жыл абақтыда отыр.

Ата-анаға адал болмаған ұлдың
Қара жерге қадалғаны жақсы.

Арсыз әйелге үйленгенше,
Жарсыз өткенің абзал.

Аяқта да саусақ бар,
Бірақ сақина тақпайсың.

Өзгенің тойында өз қайғыңды қозғама.

Сөз тасығаннан
Өз қотырын қасыған артық.

Қайықтың қанаты – ескек.

Адамның әлсіздігін тап бассаң,
Дегеніңе көндіру оп-оңай.

Құзғын өлекседен уланбайды.

Әйелді бұзатын – тиын, киім, бұйым, жиын.

Құлағыңдағы алтын сырғаңды қайтейін,
Алтын сөзді ұқпаса.

Ошақ - оттан қорықпайды.

Қызба мінезде қитұрқылық кем.

Түрі – көкжал, мінезі – ит.

Мас айығар, сырқат сауығар,
Ал даукесте дауа жоқ.

Бауыры мақтағанды емес,
Ауылы мақтағанды жақта.

Көпіршік көп тұрмайды.

Қыздың көз жасы тез құрғайды.

Адал дос ағайыннан артық.

Құрт жеген алма тез үзілер.

Үш күн мас болғаннан,
Үш күн аш қалған жақсы.

Көзіңе ақ түскеннен де
Арыңа дақ түскен жаман.

Жердегі жарылмай қалған мина,
Елдегі құрбанын қырық жыл күтер.

Адамзаттың көз жасы ма жиылған,
Теңіз суын татып көрсең тым кермек.

Жоғында бауырды бауырға тартсаң,
Барында мойныңа ауырды арт!

Мекер әйелдің өмірі бекер.

Кең заманда жыртаңдап,
Тар заманда тыртаңдар.

Тату жарға қату болма.

Ішіңде көп сөз тұншықса,
Ісіңнен көп мін шықпас.

Жүректің лүпілінде де ләззат бар.

Сүймегенге қыз жүрегі – мұз жүрек.

Ойранның да көбі
Ойланып барып істелер.

Перғауындар да жер дауын шеше алмаған.

Арқаң болса, арақты аузыңа алма.

Аяғы жетіп, қолы ұстағанның бәрі
Адамның меншігіне өтер.

Күннің нұрын көлегейлей алмайсың.

Ай, Күннің станциясы Қазақстанда болса,
Байлар оны жекешелендіріп алар еді.

Еттен қалсаң да, көптен қалма.

Желкесіндегі қар ерісе,
Жас бұта да еңсесін тіктер.

Жел көрмеген ағаштан,
Жел тербеген ағаш мықты.

Күн түспейтін дарақтың мәуесі кем.

Мұрындыққа бұрылмайтын түйе жоқ.

Гавай мен Багамның атырабынан
Туған жердің топырағы артық.

Ең асау қашаған ат та,
Туған жерін төңіректей қашады.

Мақұлшы көп, ақылшы аз.

Ауырсынсаң да ақиқатыңа тұр.

Маңдайы тайқы еркектің,
Әйелі қабырғадай қайқы.

124 мың Пайғамбардың ішінде
Бір әйел жоқ, түсін мейлі, түсінбе.

Қайыры жоқ қасықтай,
Кердеңдейді пасық бай.

Мұрын үстінен төніп тұрмаса,
Ауыз тістің сасығанын білмес еді.

Пілді байлаудан,
Тілді байлау қиын.

Адам ақылынан адасса
Айуаннан асып түсер.

Азу тіс алдымен кетер.

Сараң байдан терең сай жақсы.

Тұрмысы нашардан туыс та қашар.

Алла десең ауруың да жеңілдейді.

Қал қалаған жеріне шығар.

Ұры-қарысы тұтылмаған елдің,
Ұлты ұтылады.

Ер-азаматы намысқой елдің,
Өлі тілі де тіріледі.

Есейіп ақыл толып,
Не істейтініңді енді білгенде,
Өлшеулі өмірдің де
Шолақ құйрығын шолтаң етеді.

Адамдарға берсе қуат жарықтық,
Оны және нәпсіменен сарықтық.

Құзғынның іздегені жемтік еді,
Тазқара жолатпастан ентігеді.

Көптің тілінде кие бар,
Оттың тілінде күйе бар.

Батырдың да бүкшиетін кезі бар,
Пақырдың да көкшиетін кезі бар.

Бедірейген безерге,
Момыннан басқа төзер ме?!

Жалаңаш деп жарқанатты кім сынар,
Күндіз көзге түсуге ол қымсынар.

Өмір өтпес бір қалып,
Сабырлыға бақ тұрар.