Төрегелді Байтасов

Шығармашылығы


ЖҰЛДЫЗДАР ҰЙЫҚТАҒАНДА
(Досым, журналист, баспагер Төребек Байтасов туралы толғаныс)

Төрегелді Байтасов! Мен үшін жаныма жақын, көңіліме ыстық есім бұл! Қайта келмейтін, жарқ етіп өткен мынау жалғанда адами ізін қалыптастырып, өрнектей білді. Атқарған жалынды ісімен де, шығармашылық дүниесімен де артына өлмес мұра қалдырды.
Төрегелді болмыс – бітімі бөлек, жан дүниесі бай, өзі ақкөңіл балвадай болатын. Өзім деген жанға әрдайым құшағы ашық, құрметті де ерекше еді. Турашылдықты, тазалықты, ізгіліктіөмірінің ережесіне айналдырды. Екеуміз алғаш рет танысқанда мен студент едім. Ал, ол мен үшінүлкен өмір мектебіне айналған «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің хаттар бөліміне жұмыс істейді. Бірде бір шаруамен сол бөлімге кіргенімде жүзі жылы, жанары мейірімге толы біржігіт отыр екен. Бұрын мұнда келіп жүріп көрген емеспін. Атын ұмытып қалдым, хатты тіркеуші сондағы апай біздерді таныстырды. Бір көргеннен-ақ жайдары мінезімен менің мақалаларыма қатысты айтқан сөздері әлі күнге есімде.
  • Әкім деген сен екнсің ғой! Сенің жазғандарыңа осындағы ағаларың өткенде жақсы лебіз білдірді, - деп орнынан тұрып амандасты. Мені бұрыннан танитын жандай ағынан ақтарылып сөйлесті.
  • Жіберген материалдарының бағыты дұрыс! Сықақтарың да өткір екен... Өзінің мұнда келгеніне де көп болмапты. Өзі студенттік шақта Шоқан Уалихановтың суретшілік өнерін зеріттегенін сонда есіттім. Бір көргеннен жатсынбай, өзіне туысыңдай тарта сөйлеген жылы жымиысы, адами ықыласы жадымда мәңгі жатталып қалды.
Міне содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Кейін редакцияға бас сұққан сайын Төрекелдіге сопай кетпейтін болдым. Осы алғашқы әңгімеден-ақ мен оның әдебиетке деген адалдығын, сыншылдығы мен сыршылдығын байқадым. Сол кездің өзінде Төкең ерекше еңбекқорлығымен, табандылығымен, жазған дүниелермен көзге түсіп, облыстық газеттің мақтанышына айнала білді.
Ол қолыны алған істі аяғына дейін тындыратын тиянақтылығымен, асқан жауапкершілігімен танылды. Шаршау дегенді білмейтін сол жанкештілігімен танылды. Шаршау дегенді білмейтін сол жанкештілігінің арқасында елімізге тұңғыш рет «Жібек жолы» атты танымдық, этнографиялық, ұлттық журнал шығарды. Ол тіпті шет елдегі қандастарымызға да таратылды. Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайында журналын таныстырып, ойлы ғалымдарды оқырмандыққа, авторлыққа тарта біліп, белгілі қайраткерлерден өзі сұхбат алып жүрді. Шынында да, Төкеңнің қолынан өткен піспеген мақалалар мен өлеңдер ол өңдеген соң әжептеуір жұмырланып, жөнге келіп жататын. Жұмысы өз алдына оның адамгершілік қыры да керемет еді. Кейде бір жүзің жадырамай, қабағың түсе қалса, соны бірден байқап дем беретін де Төрекелді еді.
...Адам басына түскен істің бәріне де көнеді ғой, бірде ойламаған жерден жол апатына ұшырап, ауруханаға түсіп қалдым. Сөйтіп, ем алып жатқан күндерімнің бірінде әдеттегідей жылы жымиып Төкең жетті. Көзімнен күлкі табын көре алмай, бірден «Уайымдама!» деді. Мен де оның мұнысына:
  • Уайымшыл емес екендігімді білсең ғой,- деймін қинала тіл қатып.
  • Қай кезеңде де сенім ғана адамды алып шығады. Ең бастысы, жоғалтпа сеніміңді! Біле білсең, бұдан да ауыр жағдайды бастанөткердім...,- деп еді. Сонда да, достарына деген көңілі дариядай тасыған ол, өз өміріндегі басына түскен қиын жайттарды мысалға келтіріп, босқа алаңдаудың орынсыз екендігін айтып, адал көңілін жасыра алмай, әбігерге түскен.
Өмірінің әр кезеңдерінде оның басынан кешкен жағдайлардың қайсысын болмаса да тебіренбей таңдау мүмкін емес. Тереңіне үңілер болсаң әр айтқан сөзінің астары тұнған адамдық, сенім, парыз, борыш, тауқымет... Асықпай мәнерлі де мәнді тарқатқан ойларының астары толған сараланған, таразыланған түйіндер... Бір сөзбен айтқанда оның көңілге қонымды әңгімесінің барығы дерлік өзекті өртер өмір шындығымен сабақтасқан ойтолғау еді. Әңгіме үстіндегі жанды жадыратар жылы жымиысы мен жанарындағы күлкі табы адамды бір сергітіп тастайтын. Мен оның осы әңгімелері арқылы өмірге деген құштарлық пен жарық дүниеге деген махаббаттың құдіреттілігіне көз жеткіздім. Басына қандай қиындық түссе де мойымай, әліптің артын бағып әрекет ету керектігін ұғындым. Ертеңгі күніңнің жарқын болатындығына сене білудің маңыздылығын түсіндім. Сонда айтқан мына сөзі: «Шыдамдылығың азаматтығыңды көрсетеді. Осы тағдыр берген сынақты жеңе білуге ұмтылысың, қайсарлығың ғана өлмес шырағыңджы жаға түседі. Сен соныңды көрсете біл!» - дегені жадымда әр кез жаңғырып тұрды...
Адалдықты жанына серік етіп, адамдық туын биік ұстаған, жарық жұлдыздай жарқыраған Төрекелдідей азамат ел есінде мәңгіге қала бермек.
Өзің айтқандай, жұлдыздар ұйықтамайды...

Әкім Ысқақ
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері






АҚЫЛ ЕС, ОНЫҢ АПАСЫ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Төрекелді туралы кезінде біз бір-екі мақала жазып, жариялаған едік. «Жібек жолы» журналы және «Төрекелді туралы сыр» атты дүниеміз оның көзі тірі кезінде жазылған, «Ансар» атты жинағымызда жарық көрген. Бүгін сол мақаладан аз ғана үзінді келтірудің жөні кеп тұр. «...Көп айтып не керек, Төрекелдіні таныдым дегенім бір жағы екен. Оның кім екендігін бертініректе, «Жібек жолы» журналында білдік қой. Асырып айтқандық емес, қазақ баспасөзінің тарихында «Жібек жолының» журналы жарқын бір бет болып қалды. Ал, сол «Жібек жолының» жұлдызын жарқыратқан азамат кім десек, ол:
  • Төрекелді. Мейлі, үш жылдай үзбей шығып, төрт жылдай тиіп-қашып жарық көрген журнал болса-дағы, бұл басылым қазақтың ой-санасында өзіне тән ізгілік ізін, нұрлы сәулесін қалдырды. Төрекелді «Жібек жолы» баспа фирмасын ұйымдастырып, неше ауан тақырыпта, парасат бағдарламасынан танбастан, жүздеген кітаптар шығарды. Бірақ, мен оның ең басты еңбегі «Жібек жолы» журналы деп білемін. Төрекелдінің журналист-жазушы, қаламгер-қайраткер, баспагер, азамат ретіндегі болмыс-бітімі, деңгей-дәрежесі, білім-білігі, қайрат-қажыры, бар-баршасы «Жібек жолы» журналы арқылы көрінді. Ашылды. Танылды. Биліктеді. Тереңдеді. Мағұлымдалды. Мойындалды».
Біз бұл ұзіндіні әдейілеп кетіріп отырмыз. Төрекелді Байтас өзінің қысқалау өқайырылған ғұмырында көптеген үлгілі-өнегелі істер тындырды. Ал, солардың ең бастысы, жоғарыда айтылғандай, «Жібек жолы» журналы еді. Мұны және бір қайталай еске түсіргеннің артықтығы жоқ.
Міне, биыл, 2005 жылғы маусымда марқұм Төрекелді Байтас көзі тірі болғанда 50 жасқа толар еді. «Біз де елуге кеп қаппыз, ә?!» - деп, ақеділ көңілмен аңқылдап, ақжарылқап пейілмен арсалаңдай күліп, ортамызға шуақ шашып жүрер еді.
Жақында Төрекелдінің үйіндегі келініміз Үрліхан және жазушы – журналист інілеріміздің бірі, баяғыдағы «Жібек жолы» журналының шалдықпас шаруаторысы бола білген Шойбек Орынбай екеуі бізге бір папкі әкеп беріп: « Төкеңнің дүниелері еді еді. Қарап, көрерсіз. Мүмкін болса, алғы сөз жазып берерсіз. Елу жылдығына орай кітабын шығармақ ойымыз. Мыны негізінен әңгіме – новеллары жинақталған», - деді.
Кезінде Төрекелдінің бірқатар әңгімелері мен новеллары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, тағы басқа да бірқатар басылымдарда жарық көрген. Бертініректе соларды жинақтап, кітап етіп шығару ойында бар екенін де аңғартқаны бар. Бір-екі мәрте қайталап сұраған да едік. Төреш кәдуілгідей күліп алып: « Бұрыңғы жазғандарымды қайтадан қарап, кейбіреулерін жөндеңкіресем, ойда жүрген бірталай жобаларым бар, демалып алып жазып тастасам, содан соң ғана кітап туралы ойлансам», - деп жауап берген болатын.
Тағдыр-ай, десеңші...
Өзі өзгелердің жүздеген кітаптарын шығарып, өзінің жинағына қолы тимей кете барды.
Міне, енді Төрекелді Байтасовтың әңгімелері мен новеллаларын бірінен соң бірін оқып отырмыз. Төрекелді бір кезде бұл шығармаларын «Біздің ауылдың адамдары» деген атпен бастырмақ болған екен. Оны біз белгілі жазушы, қайраткер қаламгер, сырбаз суреткер Әбжаппар Жылқышиевтің жазған пікірінен байқаймыз. Үрліхан келін мен Шойбек ұсынған папкінің ішінде Әбекеңнің жазған пікірі де жүр. «Әңгіменің бәрі Ақылес деген жас баланың атынан айтылды. Әңгімелердің тілі қарапайым, кәдімгі ауыл баласының тілі. Бірақ әрі түсінікті, әрі қызықты оқылады. Кейбір әңгімелер балалар жайында өрбісе де оқиғалы болып келеді. Жалаң баяндау мен суреттеуден гөрі оқиғалы шығарманың қызықты оқылатыны белглі ғой. Төрекелдінің әңгімелері нің көбісі толық оқиғалы шығармалар. Ал, шығарма толық оқиғалы болған соң онда экспозиция, оқиғаның түйіні, дамуы, шарықтау шегі, шешілуі деп аталатын элементтер түгел кездеседі... Автордвң жазу тәжірибесі аз болғанымен, талабы, таланты бар. Енді оның үстіне ерінбей еңбек етуді әдетке айналдырса, келешегі зор жазушы болады деген үміт заңды сияқты», - деп жазыпты Әбекең. Бұл пікір 1986 жылғы сәуір айында айтылған.
Аға қаламгердің риясыз, шынайы пікірі бәрін аңғартып тұр.
Иә, сонымен Төрекелдінің әңгімелері мен новелалары, Әбекең атап көрсеткендей, көбіне Ақылес атты баланың атынан баян етіледі. Ақыл еспен дос, бауыр бпп кете барасың. Жас болсаң да, жасамыс болсаң-дағы, солай. Кейіпкердің мінез – құлқы, шынайы іс-әрекеттері, тіпті кей-кейдегі тентектігіне дейін автор астарлап келтіретін тағдыр-талайы да баурап лалды. Ақылес мына бүкіл әлемді апасы арқылы көреді, апасының, достарының, ауыл адамдарының харекеттері арқылы бағалайды.
«Өмір жолы – бұралаң, өнер жолы – шырғалаң» дейді сыншы Төлеген Тоқбергенов. «Өнер мұраты - өнеге» дейді тағы да сол білімпаз тұлға Төкең. Төлеген ағасының сонау қасиетті қағидаларына Төрекелді әрбір әңгімесі мен новелласы арқылы жауап бере білетіндей.
Бала сезімін, бала психологиясын, ауыл баласының өзіне тән өзгешеліктерін, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін, тағдырларын шынайы бейнелей отырып, Төрекелді Байтас «Өнер мұраты - өнеге» екенін ешқашан естен шығармайды. Барлық туындылары дерлік бас-аяғы жинақы, өріс-өрімі ширақ та шымыр.
«Қарлығаш хикаясындағы» Ақылестің, оның қоразы Тұйғынның, сотқарлау бала Молжанның, апасының характерлері әзіл арқылы, детальдар арқылы, әдемі ашылған. Уыз тілі баурап әкетеді. Мәселен, «Көзімді қармаған ұйқыны түре алмай, елкілі – толқылы бұйығып жатқан болатынмын» деген бір сөйлемнің өзі бірталай нәрсені аңғартар. «Құлыным менің» новелласында тасқынға тап болған құлын мен биенің әрекеттері, жылқы баласының тектілігі, табиғат пен адам арасы, ана маен перзент жайындағы ойларға жетелейтін, жағдаяттар аса әсерлі де иланымды көрінеді. «Байғазыдағы» қызыл бәтеңке қуанышы, «Пейілдегі» асық ойнаған балалар мен Ақылес және оның апасы, ашыған бидай көже, ыстық нан иісі, тағысын-тағылар ауылдың айшықты өрнектерін, салт-дәстүрлер, ерекшелеу этномәдени мәністер туындылардың табиғилығын, сайып келгенде Төлекелді Байтасовтың шығармашылық күш-қуатын, қалам қарымын танытады.
«Мейірім» новелласында Апа мен Ақылес бейнесі барынша ашылы түседі. Тағдырларының жай-жапсары да айқындалады. Ашылып – айқындала түседі. Дегенді тіке мағынасында айтып отырған жоқпыз. Автор ол жағдаяттарды бұзаудың ауырғаны, сиырдың тұлыпқа телміріп қалғаны, апасының соған орай өзгенген мінезі, ашына айтатын ойлары арқылы береді. «Табайдың келіні» атты шығармасында да Төрекелді өзінің шын мәніндегі талант ерекшелігін танытқан. «Әлпеш», «Наурызкөже» тағы басқа әңгімелері мен новеллалары осы тараптан табыылады.
Төлеген Тоқбергенов бүй дейді: «Арғы – бергі әдебиетті қадағалап қарасақ, талант иелерінің көбі жас кезінде алғашқы шығармаларымен – ақ шын шеберліктің деңгейінен көрініп үлгерген». Міне, марқұм Төрекелді туралы да осылай деуге болады. Жоғарыда аталған дүниелері Төрекелдінің талант табиғатынан, алдағы тындырарынан анық та танық хабар беретіндей сезіліп, әттең-ай, әттең, оның көркем шығармалар жазуға біржола ден қоя алмағанына өкінесің.
Ол өзі үшін азырақ, өзгелер үшін көбірек қам жеген сияқты. Басқалардың кітаптарын шығарды. Аса ауыр да қиын кезеңде қалам иелерін қолдап, қуаттады. «Жібек жолы» журналын шығарды. Әңгімелер мен новеллалар, өзге де жанырлардағы көркем дүниелер жазуды кейінрекке ысыра берді. Ол өзгелерге ұқсамайтын еді.
Қолыңыздағы кітап – оының дәлелі.
Ол енді ғана елуге келер еді.

Мархабат Байғұт
жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты






ТӨРЕГЕЛДI ДЕГЕН ЕР ӨТКЕН...

Орта Азияда тұңғыш тәуелсіз журнал ашқан қаламгер, жалынды журналист Төрегелді Байтасовқа арналған жаңа бейнеклип жарыққа шықты. Белгілі композитор, ақын Жарылқасын Дәулет жазған жаңа әнді «RAYAN» тобы орындайды.
Туындының тұсаукесері Шымкенттегі «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. Зиялы қауым өкілдері қатысқан кездесуді жазушы Мархабат Байғұт ашып, жүргізіп отырды. Кітапханашылар Төрегелді Байтасовтың «Ұйқы ашқан ойларынан» үзінділер оқып, жазушы Зылиха Жантасова прозалық шығармаларына талдау жасап, жазылу ерекшеліктеріне тоқталды. Ән авторы Жарылқасын Дәулет, ақын-жазушылар Нармахан Бегалы, Қабылбек Төретай, Иса Омар, Атанбек Наурыз, «Оңтүстік Қазақстан» газеті директор-бас редакторының орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов өмірден ерте кетсе де артында өшпейтін із қалдырған азамат туралы естеліктер айтты. Дәстүрлі әнші Нышан Төлегенов ән шырқады.
Клиптің режиссері мен таспагерлері Төрегелді Байтасов сияқты дара тұлғаны жастарға насихаттаудың жарқын жолы осындай шығармалар екендігін баяндады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қазіргі кезеңде қайырымдылық жасау көп адамның қолынан келе бермейді. Ал, Төрегелді Байтасов өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиын-қыстау кезде нартәуекелмен баспа ашып, ақын-жазушылардың кітаптарын толассыз шығарды. Қаржысы жоқтарға тегін қызмет қылып, тоқсаныншы жылдардың меценаты болуының өзі үлкен ерлік» дейді бейнеклиптің режиссері Дархан Нұртазаев. Жаңа бейнебаянның тұсаукесеріне Төрегелді Байтасовтай ұлды дүниеге әкелген Күләйша ана мен бауырлары, жан жары Үрліхан қатысты. Әсерлі кешті ұйымдастырған қаламгердің ұлы Төребек Байтас әке көзін көрген зиялы қауымға алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады. Кілттік сөздер…

Лаура ТАСТАНБЕК, «Ońtústik Qazaqstan»






«ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЖУРНАЛЫ ЖӘНЕ ТӨРЕГЕЛДІ ТУРАЛЫ СЫР

Төрегелдіні сол сексенінші жылдардың басынан бермен қарата білемін. Өзі құралыптас өрім жастардың арасында ең алдымен ақжармалығымен, сосын ойлылығымен ұнағаны есімде. Қадалып көп оқиды екен. Кейбір құрдастары секілді көкезуленіп көп сөйлемейді, өтірік көлгірсімейді, өтірік білгішсінбейді, ең бастысы, өсек айтып, біреуді сыртынан жамандамайды. Айтса, ашығын айтады. Ол кезде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің титімдей ғана бөлмесіндегі көнетоз, қызғылтым креслоға келіп отыратындар аз емес-ті. Келгендермен оңтүстікше сәлемдесудің өзіне жөндеп уақыт таба алмай, жөпшенді ықылас бөле алмай, алдымыздағы қағазға шүйілген күйімізден танбайтынбыз. Облыстық газет ол кездері аптасына бес рет шығатын. Күйіп-жанып бара жатқан тапсырмалар таусылмас. Өзгелерді былай қойғанда, тіпті Тәкен ағамыз очеркін бергелі келе қалғанда да әңгімелесуге уақытымыз болмай, ол кісі де көнетоз, қызғылтым креслода ұзағырақ отырып қалатын. «Отыра берем, – дейтін еді Тәкен аға, жөткірініп қойып. – Менде уақыт баршылық. Қара мақаланың бетін бір қайырып тастаңдар, сосын сөйлесейік». Осыны айтқан ол кісі ойланған күйі Созақтың ұзақ сонарларына түсіп кеткендей, кейде қалғып та алатын еді.
Төрегелді де сол Тәкен көкеміз отырған креслоға жайғасып, бізге көз тастайды ғой баяғы. Алдындағы сөмкесін біресе жерге түсіреді, біресе біздің үстелдің жиегіне қояды. Өзінше онша назар аударыңқырамай, нөмірге шұғыл кететін мақаланы қиқалай кесіп жатқан бізге қаншама түсінушілікпен қарағысы келгенімен, шыдамның шегі таусылып: «Қашан келейін, Мақа?» – дейді реңі сәл бозғылданып. «Тоқтай тұр, қазір», дейміз біз сол қағаздан көз алмаған күйімізде. Сабырлы, байыпты көрінетін Байтасов атты «балаңыздың», сөйтіп, сабыры таусыла тағатсызданып, түрегеле бергенінде: «Бірдеңең бар ма еді бізге беретін?» – деуге әрең әліміз жетер. Шоқан Уәлихановтың суретшілігі туралы немесе ол кезде талайлардың батылдары бара бермейтін, білім-білігі бойлай қоймайтын этномәдени тақырыптағы «бірдеңесін» ұсынады. Оқып шығып, орныңнан тұрасың. Реңі сәл бозғылт тартқанымен, екі бетінің ұшында қызғылт арай шырайланып, жанарларында ұяңдық ұялаған балаң жігітке ризалықпен таңырқай қарап, қолын қысасың. Қызара ыңғайсызданып, ыржияды. Төрегелді Байтасов дейтін «бала» жымия күліп, жылы қоштасып шығып кетер. Әлгі дүниесін алып-ұшып, тезірек газетке салдырып жібермек болып, жоғарыға көтерілесің. «Мына бір дүние керемет екен, газеттің көркін кіргізіп, мазмұнын тереңдетеді, тезірек салып жіберейік», – дейсің. Ондағылар: «Осы сендер жерден жеті қоян тапқандай, газетке кеше кешкісін келгендей сөйлейсіңдер. Алдымен редактор оқиды, сосын біз қараймыз, реті, кезегі келсе, шығуы мүмкін. Шықпауы да ғажап емес», – деп, қобырап жататын көп қағаздардың қатарына тастай салады. «Қатардағы материал емес еді бұл. Басқаша байлық еді. Сондықтан айтып жатқанымыз ғой», – деп лажсыздан шығып кетесің. Алып-ұшып апарған материалымыз партия тұрмысына, ауыл, мал шаруашылығына, мақта теріміне, комсомол және кәсіподақ тұрмысына, атеистік тақырыпқа жоламайтындықтан, біраз апта жатып қалады. Әр күні таңертең тапсырыс бересің. Жазып алады. Макет жасалып жатқанда Әлмақанға бір, Қайымға екі айтасың. Тыңдап алады. Алайда, алтылар шамасында өтетін кешкі басқосуда әлгі этномәдени мақала тағы да салынбай қалады. Ақырында, арада айлар өткенде шығады-ау... Бірақ, бұл шақта автордың да, бөлімнің де көңіл-күйі бәсеңдеп, мақаланың да мәні кетіңкіреп, оқырманның да қызығушылығы әлсіреп қалғандай сезілетін. Байтасовтың бір көркем әңгімесі де солай болды. Кейінірек Төрегелді «Оңтүстік Қазақстанға» жұмысқа алынды. Редакциядағы ең қарапайым, қатардағы қызметке келді. Соның өзіне қатты қуандық. Сіреспе сеңдерді сәл де болса қозғауға септігі тиетінін сезініп, іштей мәзбіз. Аз уақыттың ішінде көзге түсіп, газеттің бір пұшпағына сәулесін түсіріп үлгерді. Өзінің үнін танытып, жаңа да тосын тыныс ашып, оқырман қауымды елең еткізді. Университеттегі бес жылды бекер-босқа өткізбегенін, оған дейін де туған төрінде, өскен жерінде ойы мен бойына қаншама қазынаны сіңіргенін дәлелдей бастады. Кейбіреулер жас жігіттің оза шауып, өрге жүзгенін көре алмай, күндейтін халге жетті. Әттең, денсаулығы сыр беріп, біраз уақыт жұмыстан шеттеңкіреді. Талай азаптар мен қиындықтарды бастан өткерді. Бірақ, басын төмен тұқыртып, майысып, мойыған кездерін көрмеппін. Төрегелдінің қаламгерлік қадам-дарын қадағалап, жазғандарын қалт жібермей қарап, тұшына оқып жүретіндердің бірімін. «Оңтүстік Қазақстанда» қызмет істегенімізге он жыл, он ай уақыт өткенде обкомға шақырылып, онша құлқымыз соқпай жүргенде де: «Осы бір орында он жыл отыру аз емес қой, кейбіреулер отыз жыл өтсе де міз бақпайды-ау... Төрегелді, Төрехан секілді талантты жастар өсіп келеді, жол босатқан да жөн шығар», – деп ойланғаным, базбір әріптестеріме осылай айтқаным да есімде. ...Көп айтып не керек, Төрегелдіні таныдым дегенім бергі жағы екен. Оның кім екендігін бертініректе, «Жібек жолы» журналында білдік қой. Асырып айтқандық емес, қазақ баспасөзінің тарихында «Жібек жолы» журналы жарқын бір бет болып қалды. Ал сол «Жібек жолының» жұлдызын жарқыратқан азамат кім десек, ол – Төрегелді. Мейлі, бес жылдай үзбей шығып, үш жылдай тиіп-қашып жарық көрген журнал болса-дағы, бұл басылым қазақтың ой-санасында өзіне тән ізгілік ізін, нұрлы сәуле қалдырды. Төрегелді «Жібек жолы» баспа фирмасын да ұйымдастырып, неше алуан тақырыпта, парасат бағдарламасынан танбастан, жүздеген кітаптар шы-ғарды. Бірақ, мен оның ең басты еңбегі «Жібек жолы» журналы деп білемін. Төрегелдінің журналист-жазушы, қаламгер-қайраткер, баспагер, азамат ретіндегі болмыс-бітімі, деңгейі-дәрежесі, білім-білігі, қайрат-қажыры, бар-баршасы «Жібек жолы» журналы арқылы көрінді. Ашылды. Танылды. Биіктеді. Тереңдеді. Мағлұмдалды. Мойындалды. «Жібек жолы» журналы, аты-жөні айтып тұрғандай-ақ, нағыз, шын мәніндегі қоғамдық, әдеби-көркем, ғылыми-танымдық журнал бола білді. Әлеуметтің сусап отырған мәселелерін мән-мәністі мәнермен қозғай білді. Тарих пен мәдениет, тіл мен діл, әдебиет пен өнер, салт пен дәстүр, ақиқат пен адалдық, дін мен иман, тағы басқалары төңірегінде өзгелерге еліктеп-солықтамай, мүлде ұқсамай, өзінше ғана тебіреніп-толғана білді. Әрине, журналдың әрбір нөмірі турасында талай-талай сыр толғап, әңгіме айтуға болады. Бірақ оған мүмкіндік те, уақыт та, басқа жағдаяттар да жете бермес. «Жібек жолы» журналының әр нөмірі – руханият әлемінің жауһар жапырағындай бір-бір кітап. Ол және анау-мынау кітап емес-дүр. Бұған бір ғана дәлел ретінде бірқатар айдарларды айтсақ та жетіп-артылар: «Өркениет өзегі», «Толған ел тарихын таспен жазар», «Атадан мирас – тарихым», «Әкімдер қандай болу керек», «Жүректен қозғайын», «Тіл мен діл», «Адал ұл ер боп туса – ел тірегі», «Алла деген ар болмас, Құдай деген қор болмас», «Әзіреті Қаратау әулиенің кені еді», «Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?», «Ту тігілген жерлерім», «Еріксіз Ер Түрікті ойға аларсың», «Біз қазақ, ежелден еркіндік аңсаған»... Міне, осынау айдарлардың айналасында аз-кем ғана аялдап, сәл-пәл ойланыңқырағанның өзінде көп нәрсеге көз жеткізуге болар. Ал енді осы айдарлардың аясында қаншама материалдар жарық көріп, халқымыздың рухын көтерді, ұлтымыздың намысын оятты. Әу баста «Қазақ тілі» қоғамы облыстық басқармасының тұңғыш төрағасы, көрнекті ғалым, профессор Керімбек Сыздықов, Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінен – біз, сол «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасарлары Төрегелді Байтасов, Ханбибі Есен-қараева, тағы басқалар болып «Ақ ниет» деген атпен журнал шығару жөнінде бастама көтергенбіз. Бұл іске күйіп-жанып, құлшынып кірісіп кеткен Төрегелді болды. Қаржы-қаражатсыз, қағазсыз, тақыр жерде республикадағы тұңғыш тәуелсіз журнал ұйымдастыруға нағыз көзсіз ерлік керек-ті. Облыс аумағында «Жібек жолындай» журнал шығаруға қол арту, оны талғамға жауап берерліктей, таңдайға татитындай ету, әр нөмірінде әр айдарға сәйкес материалдар әзірлеу, баспаханадағы бейнет, азапты мехнат артта қалған соң мойынға сөмке салып, сатумен және таратумен айналысу – тек ерлікті ғана талап ететін іс. Осының бәріне Төрегелді байыптылығымен басшылық жасады, жүрегімен жол салды, бар ауыртпалыққа арқасын тосты. «Жібек жолы» журналы алғашқыда Оңтүстік Қазақстан облысына тарады. Әлеумет ә дегеннен-ақ ұнатып, тез қабылдады. Көп кешікпей, сол Төрегелдінің табандылығы арқасында Жамбыл және Қызылорда өңірлеріне тасып жеткізілді. Тағы біраз уақыт өткенде «Жібек жолы» журналын Алматы, Семей, Ақмола сұратып алдыра бастады. Қытай жағына, Түркияға, Моңғолияға, басқа да бірқатар шет жұрттарға алып кететіндер көбейді. Германиядағы қазақтар сұрау салды. Төрегелдімен бірге журналдың ыстық-суығына көнген, жан аямай жүгірген, күндіз-түні тыным таппаған тағы бір бейнетқорымыз – жазушы әрі журналист Шойбек Орынбаев еді. Байтасов бас редактор, Орынбаев оның орынбасары әрі жауапты хатшы болды. Сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесі жоғарғы жақ тарапынан ресми түрде жабылды да, «өз күніңді өзің көр» ахуалына тап болдық. Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстары қаламгерлерінің басқосуларын ұйымдастырып, жаңа шығармаларды талапшылдықпен талқылап, әдеби жыл қорытындыларын өткізіп, күн құрғатпай Алматыдан ат ізін салатын ақын-жазушыларды көршілес үш облыстың өміріне етене араластырып, оқырмандармен қауыштырып, тыным таппайтын бөлімшенің басына қауіп төнді. Қазақстанның барлық жерінде дерлік бөлімшелер жабылды. Олар бұрыннан-ақ қожырап, қауқарсыздана бастаған-ды. Алматыдағылардың мойындауынша, бөлімше тек Шымкентте ғана жұмыс істеп тұрған. Астанамыздан: «Жабылыңдар, шаруаларың тәмам, қамдарыңды қарастырып, аштан өлмеуді ойлаңдар», – деген ресми хат жетті. Бұрын да ашқұрсақтау жүретін бөлімше тап осы күндерде «Жібек жолы» журналымен бірігіп, қаламгерлердің қарапайым шаңырағын қалайда аман сақтап қалмаққа қам жасады. Айлықсыз жұмыс істеуді алғашқылардың бірі болып бастадық. Ол кезде және қазіргідей демеушілер, жебеушілер, тағысын-тағысы емге таптырмайтын. Бәрібір «Жібек жолы» журналы мен Жазушылар одағы бөлімшесінің бір ұжымға бірігіп, ынтымақтаса, жарыса әрі жараса жұмыс жүргізген жылдары керемет кездер екен ғой. Сол бір айлар мен күндерді, үлгі-өнегесі мол үш жылды сағына еске алатынымыз рас. «Жібек жолы» журналын кітап-ханалардан, әлде кітап палатасынан, әлде кітапқұмарлардан тауып алып, парақтап көрсеңіз, бәріне де көз жеткізесіз. Әттең, Төрегелдіде тиісті жағдай болмады, денсаулық шіркін жиі-жиі сыр беріп қала берді. «Жібек жолы» журналын әлі күнге дейін іздейтіндер аз емес. Өзіміздің Оңтүстікте, Алматы мен Астанада, Қостанай мен Қызылордада, Атырау мен Семейде де, Таразда да...

Мархабат Байғұт
жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты






КІРШІКСІЗ

Курстасым Төрегелді Байтасов туралы ойлағанда көңілі ашық, аңқау мінезді, жаратылысынан жайдары, үнемі жымиып жүретін, тіпті қабақ шытуды білмейтін, ақкөңілдігі, жанының кіршіксіз тазалығы көзінен көрініп тұратын иманжүзді, аққұба бала жігіт көз алдыма келе қалады. Алғаш рет абитуриент кезімізде танысып, жатақхана бөлмесінде бірге тұрдық. Жандос деген жігітпен үшеуіміз едік.
Бір күні бөлмемізге айдарынан жел есе қызып алған екі студент екілене кірді. Жастары үлкен. Балқаштың суы балтырларынан келмей, екеуі де «ақынбыз» деп дүр-дүр етеді. Біреуі - кеуделі, дәу, аты есімде жоқ, ал сұңғақ бойлы екіншісінің М. деген ныспысы есімде қалып қойды. (Дәуі, дәу де болса, оқудан шығып кетсе керек, кейін ұшырастырмадым, ал М.- ды бүгін ел біледі. Сол ұрыншақ қалпы). Келе бізді дүкенге жұмсамақ болды. Әлгі дәу неме кіріп келген бетте жайбарақат кітап оқып отырған Жандос екеумізге килікті. Жандос болса - Қызылордада вокзал маңында өскен қаланың қарасирақ төбелескіші, мен болсам бір жылдан артық Өскемендей қазаққа жайсыз, бұзықтау қала көріп келгенмін, күреске қатысып жүргем, қоқан-лоққыға ыға қоймадық. Ал М. болса ішіміздегі ең жасымыз, ауылдан жаңа шыққан Төрегелдіні қорқытып, қаужай бастады. Ол қой аузынан шөп алмайтын момын мінезді Төрешке төніп келіп:
– Қасым Аманжоловты сен өлтірдің! Айбергеновті де өлтірген сенсің! Мені де өлтірмек ойың бар! Білеміз! Қылмысың оңай кешірілмейді! Айыбыңды жумасаң – ажалың біздің қолымыздан! – деп, доң айбат көрсете, жұдырығын түйіп, тап берген кезде, сасып қалған Төреш терезенің алдына секіріп шығып:
– Боғыңмен жасты баламен неге төбелесесің? – деп шырылдады.
Осы кезде Жандос араға түсіп, жайымен ғана:
– Әй, жігіттер-ау, ауылдан келген ақшасы жоқ абитуриентпіз, бізде нелерің бар? Қоймайсыңдар ма? – деп еді, әлгі дәу:
– Ей, бізге қой дейтін сен кімсің? Келші бері! Көрсетейін! – деп, Жандостың жағасынан алмақ болып тап берді.
Жандос бір-екі әңгімесінде өзінің боксер екенін айтқан болатын. Соны қолма-қол дәлелдеді. Кеуделеп келген әлгі дәуді иек астынан бір соққанда жалп еткізіп құлатты. Екі бүктеліп төсектің астына бір-ақ кірген ол есеңгіреп отырып қалды. Оны қасындағы серігі сүйемелдеп тұрғызып, сүйрелеп, екеуі «Біз сендерге әлі көрсетеміз!» деп домбытып шыға жөнелді. Біз дардай болып қалдық. Бұл кішкентай абитуриенттер үшін үлкен жеңіс еді. Соның құрметіне қасымызға әнші-ақын Мұрат Тастағановты қосып алып, Никольский базарынан лағман жеп, даурығып қайтқанымыз есімде.
Қабылдау комиссиясы емтихан кезінде бірдей балл жинаған бір топ абитуриенттердің арасында сұрыптау өткізді.
Бір-бірлеп шақырып жатыр. Кезегімен мен де кірдім. Үлкен аудиторияда ҚазМУ-дің ректоры Өмірбек Жолдасбеков пен комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков бастаған мұғалімдер самсап отыр. Ешқайсысын танымаймыз. Ішіндегі белсендісі, дауысы ащы, көзі бақырайған, тығыншықтай қасқабас ағайдың журналистика факультетіндегі келешек деканымыз Темірбек Қожакеев екенін кейін білдік қой. Біреу менің облыстық газетте жұмыс істеп келгенім жөнінде анықтаманы оқып, мінездемеммен қысқаша таныстырып өтті. Түрегеп тұрып «Қандай мақалаларың шықты?», «Газетте қай бөлімде істедің?» деген сияқты бірнеше сұраққа жауап бердім. «Журналистік стажы бар екен, қабылдансын» деді біреу. Аудандық газетте істеп келген Қонысбай Әбіловті де көп қинаған жоқ. Сәдібек Түгелдің күрестен спорттық дәрежесі бар болып шығып, «Бізге балуан керек» деп оны да қабылдайтын болды. Гүлсім Мұқышевадан «Қандай өнерің бар?» деп сұрап еді: «Ән саламын, би билеймін, домбыра шертемін» деп жауап берді. «О, бізге әнші, бишілер керек, өтсін» деді. Бір кезде біздің Төрегелді Байтасовты шақырды. Оның өмірбаян, мінездемесін оқып жатыр: «Шымкент облысының Шаян ауданында Алғабас орта мектебін бітірген. Газеттің редакторы болған» деген жеріне келгенде, біреу:
– Өзінен сұрайықшы, редактор болғаны рас па екен? Жап-жас қой! Қай газеттің редакторы болды екен? – деп қалды. Жұрт түгел елең етісті.
Қожакеев дауысы шаңқылдап:
– Әй, Байтасов, сенің редактор болғаның рас па? – деп сұрады. Төрегелді тайсалмай, жігермен.
– Рас! – деп сақ етіп, нық жауап берді. Жұрт гу ете қалды.
– Қай газет? Шымкенттегі бір заводтың многотиражкасы ма? Әлде аудандық газет пе? Қай аудандық газетте редактор болдың? – деп шұқшиды Қожакеев. «Заводтың газеті, многотиражка» дегенді Өскеменде жүргенде естуім бар еді. Төрегелді саспады:
– Аудандық газетте емес, ағай. Мектептің қабырға газетінің редакторы болдым! – деп жауап бергенде жұрт түгел күлкіден қырылып қалды.
– Қабылдансын! Бұдан әлі үлкен редактор шығады. Қабылдансын! – деді ректордың өзі. Бәрі бір ауыздан мақұлдасты. Оқуға қабылданатын болғанға іштей «шүкір» айтып, бір-бірімізге жымыңдаса қарап отырмыз.
Сол кезде Темірбек ағамыз бәрімізге сынай қарап:
– Мұнда оқуға қабылданбаған бір қыз қалып қойды. Міне, Майемгенова Төлеу. Балы бәріңмен бірдей. Проходной. Бірақ оған орын жетпей тұр. Обал! Сендердің іштеріңде осы қызға өз орнын бере алатын бір жентелмендерің жоқ па? Орнын берген адам сырттай оқуға бірден қабылданады! Кім бар? Жентелмен бар ма? Қане, қайсың жентелменсің? – деп қоймастан нығарлай қайталап, қадала сұрады.
«Оқуға түстік пе, түспедік пе, рас па?» деп отырған біз тұқшия қалдық. Әупіріммен әрең түскен оқуынан кім өз еркімен бас тартсын? Осы кезде Өскеменнен келген балуан абитуриент Сәдібек Түгелов орнынан ұшып тұрып:
– Мен – жентелменмін! Ол қызға өз орнымды беремін! – деп саңқ етті. Жұрт түгел ду ете қалды.
– Бәрекелді! Көрдіңдер ме – қазақта осындай ер жігіттер бар, мінеки! – деп, Қожакеев мәз болды. Бізге бұл оқиға үлкен әсер етті.
Тізім шыққанда оқуға түскендер қуанып, арты әжептәуір жуысқа айналды. Біразының әңгімесі Сәдібектің ер қылығы еді. Мақтау да, кінәлау да болды. Бірге жүрген Жандос пен Мұрат балл жетпей, тізімге ілікпей, елге қайтатын болды. Қимай қоштасып жатырмыз.
Арманшыл Төрегелді жатақхананың төртінші қабатындағы бөлменің өткен жолы өзі ырғып шығатын ашық терезесінің алдында төменге көз салып, қиялдана қарап отыр екен. Жүрегі аса нәзік, сезімталдығы сондай, біреулерге ілесіп бір шөлмек сыра ішкенге қызып қалыпты.
– Мен осы жерден секірсем – жерге қалықтап барып түсетін сияқтымын,-деді. Қарғығысы келгендей, қомданып-қомданып қояды.
– Қой-ей, өйтіп қалжыңдама, құласаң быт-шытың шығады, – деп, райынан қайтардым.
Сөйтіп студент атанғанбыз. Курсымызда Қонысбай Әбіл, Жәнібек Кәрменов, Нұртілеу Иманғалиұлы, Батық Мәжитұлы, Серік Жанәбіл, Қуандық Түменбай, Мылтықбай Ерімбетов, Сайлаубай Тойлыбай, Жүніс Сахи, Серікқали Байменше, Жанұзақ Аязбек, Сейтқұл Оспанов, Жеңіс Баһадүр, Сейдолла Садықов, Ораз Қауғабай, Әбдімүтәл Әлібеков, Орынбек Жолдыбай, Бекен Шоланов, Марат Әбдіхалықов, Тоқтар Баймағамбетов, Ораз Қауғабай, Рахымжан Өтемісов, т.б. қаламының желі бар жігіттер болды. Қазір бұлардың көбінің есімі елге белгілі. Ал Сәдібек Түгел өз орнын тарту еткен Төлеу қыз жарты жылдан кейін біреуге тұрмысқа шығып, оқуы жайына қалды... Талдықорғанның Киров ауданындағы ауылда бір үйдің отанасы болып, бақытын тауыпты. Көп жылдан кейін тойда кездейсоқ жолығып қалдық.Үлкен бажам Ақансерінің ауылдас көршісі болып шықты. Үйіне шақырды, дастарханынан дәм таттым...
Ал сырттай оқуға ауысып, әскерге алынып кеткен джентльмен Сәдібек Түгел жерде қалған жоқ, аудандық газеттің редакторы, кейін Астана әкімінің баспасөз хатшысы, ұлттық спорттан еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болды. Бірнеше кітаптың авторы. Жекеменшік газет-журналы, баспасөз орталығы, басқа да тіршілігі бар. Ақмолада Құлагерге еңселі ескерткіш орнатқан азамат сол.
Студент кезінде Төрегелді Байтасов Шоқанның суретшілік өнерін зерттеп жүрді. Өзі де суретпен шұғылдана бастағаны есімде. Мылтықбай екеуі тұратын бөлменің қабырғалары оның акварельдеріне толы болатын. Ұмытпасам, оның дипломдық жұмысы да Шоқан Уәлихановтың шығармашылығына байланысты болған. Төрештің салған суреттерінде шеберлік жағынан кемістік болуы мүмкін, бірақ ой мен сезімнен олқылық болмайтын.
Әркім өз бейіміне қарай спортпен айналыса бастадық. Алғашқы курста Төреш досы Жанұзақпен бірге боксқа барып жүрді. Бірде мен әзіл-шыны аралас:
– Төреш, бокста қандай соққы үйреніп жүрсіңдер? – деп сұрадым. Сұрап нем бар еді десеңші?!.
– Оны қимыл болмаса сөзбен түсіндіре алмаймын, – деді ол.
– Онда қимылыңмен көрсетші, – дедім мен. Деп нем бар еді десеңші?!. Сол-ақ екен, Төрешім ойланбастан жұдырықпен тұмсығымнан салып жіберіп.
– Мынадай соққы үйреніп жүрміз! – деп қарап тұр. Өзімнен де бар... Қараптан-қарап мұрным қанады. Төреш ұруын ұрып алып, «байқамай қалдым» деп құшақтап, кешірім сұрап жатыр. Кешіргенді айтады, тіпті ашулана да алмай қалдым.
Ішімдікке, дырду-думанға жоқ болғандықтан ол бізге көп еріп жүре алмайтын. Бірде оларды – Жанұзақ екеуін өзімізбен бірге «жорыққа» ертіп шықтық. Басшымыз – ұстазымыз Абдул-Хамит Мархабаев. Ол Қонысбай екеумізді жақын тартып, қасынан тастамайтын. Алматы қонақүйінің 7-қабатында сыра сыздықтатып едік, Төреш пен Жанұзақ екеуі көп ұзамай-ақ тілдері бұралып, сүдіндері кетіп, сүрепеттері бұзыла бастады. Соны байқап қалған Мархабаев ағамыз:
– Мен – составпын, сендер вагонсыңдар. Әй, сен – екі жас вагон, қызып қалдыңдар, сондықтан мен сендерді ағытып тастаймын, тез жатақханаға қайтыңдар! Басқалар жолдан қалмауы керек! – деп, екеуіне таксиге ақша беріп, жатақханаға қайтарып жіберген.
Сол бір тұста Төрегелді мен Рахымжан Өтемісов комсомол жиналысына түсті. Екеуі вокзалда ішімдік ішіп, милицияға ұсталып қалған екен. Деканатқа қағаз келіпті. Талқылау басталды.
– Рахымжан, милицияға қалай түстің? Оқиға қалай болды, соны айтшы?
– Вокзалға барғанбыз. Шығарып салған досымыз жолын жуды. Алдымен бір жағалатып жібердік. Екінші жағалата бергенде милиция келіп қалды,- деді ол.
– Әй, мынаның сөз саптасына қарасаң талайдан ішіп жүрген тәжірибелі тісқаққанның өзі ғой. Анау екіншісі не дер екен? Соны тыңдайық,- деді кураторымыз Рамазан Сағымбеков ағай. Бәрі сілтідей тына қалды.
– Төрегелді, енді сен айтшы, милицияға қалай түсіп жүрсіңдер?
– Рахымжанның бір ауылдасын шығарып салуға барғанбыз. Перронда дөңгеленіп тұрдық. Жігіттер арақ шығарып, соны құя бастады. Бір стақанға жартылай құйып маған да берді. «Іш» деді, мен іше алмап едім, бәрі «ішіп жібер» деді, мен зорланып, іше алмай, тыжырынып, бір ұрттадым. Сосын қоймағасын тағы бір ұрттадым. Маған бәрі жан-жақтан анталап, «стақанды босат», «тез іш» деп бастырмалатты, сосын тағы бір ұрттап жатқанымда милиция жетіп келіп, ұстап алды,- деп тәптіштей жауап берді Төреш. Екеуінің суреттеуі екі түрлі. Әйтеуір, оқудан шығарылмай, сөгіспен құтылды.
Төрегелдінің осындай аңқаулығы мен риясыз тазалығы үнемі өзін арашалап алып қалатын.
Біздің тобымызда Қонысбай Әбілов екеуіміз газетте жұмыс істеп, аздап өмір көріп келгендіктен «шал» атанған едік. Бізден басқасы мектеп қабырғасынан жаңа шыққан кілең сарауыз балапандар болатын. Біз оларды «молодойлар» деуші едік. Олардың көбі, әсіресе, Төрегелді мен Серікқали, Жанұзақ, Әбдіразақтар кітапханадан шықпайтын. Сессияға тыңғылықты дайындалатын. Олардың сол дайындығы көбіне «көгалды қуып, гөлайттап» жүретін Қонысбай екеумізге азық болушы еді. Өйткені, олар емтихан алдында бір бөлмеге бас қосып, өзара сабақ пысықтап, оқыған-білгендерін бір-біріне қайталап жатқанда, Қонысбай екеуміз кітап бетін ашпай-ақ естіп, ұғып алатынбыз. Сол естігенімізді ертеңіне өз сөзімізбен дамытып, өз білгенімізбен толықтыра жауап бергенде, олардан гөрі тәуір баға алсақ, «молодойлар» бас шайқап, таңырқап қалатын. «Екі шал, сен екеуіңнің «кітап бетін ашпадық» дегендерің өтірік, бізден жақсы біліп тұрсыңдар. Тығылып оқып жүргенсіңдер ғой» деп сенбестік білдіретіннің бірі Төреш еді.
Екінші курста жүргенде «Қанат қақты» жинағында Қадыр Мырзалиев ағаның алғысөзімен «Көздеріңе ғашықпын» атты тұңғыш жыр дәптерім жарық көрді. Оның біздің ортамызға әсері үлкен том шыққаннан бетер болды. Әлі есімде, Қонысбай екеуміз жігіттердің «жу-жуына» құлақ асып, жатақханаға үлкен сөмкені толтырып, бір жәшік портвейн көтеріп келгеніміз... Сол алқа-қотан отырыста қуақы Қонысбай біздің бәрімізге суырып салып сықақ арнап, қыран-топан қылды. Ол абитуриент кездегі оқиғаны еске алып, Төрегелдіге де әзіл шығарды.
– Әйгілі «кісі өлтіргіш» Төрегелді.
Өлтіріпті Қасымды, Төлегенді.
Баспадан бір кітабы шыққан екен,
Ұлықбекті де өлтіруі керек енді! – деген шумақ ауыздан-ауызға тарап кетіп еді.
Екеуміздің бет-әлпет, түр-тұрпат жағынан біраз ұқсастығымыз бар. Оның пайдасын да, зиянын да көрген кезіміз болды, өйткені бізді талайлар шатастырып жататын. Мұғалімдер де. Әсіресе қыздар... Әйтеуір, абырой болғанда оқу бітіріп, екі жаққа кетіп тындық.
Біреулер егіз, біреулер ағайынды деп ойлайтын. Соңғы курста, бірде сол ұқсастықты пайдаланып, бір қыздарды жаңылыстырмақ болып, екеуміз киім ауыстырып кидік. Мен оның бір сарыала, қызылала курткасын киген едім, артынан мен шешкен соң тағы кім «киіп» кеткенін таппадым, бөлмеден қолды болып, Төрештің алдында ыңғайсыз жағдайға ұшырағаным бар, содан орнына өз курткамды ұсындым. Екі күнге суретші достарымның пәтеріне қонып келсем, шкафтан ұшты-күйлі жоғалыпты.
Төрегелді кейін, 90-жылдардың басында Шымкентте «Жібек жолы» журналын, баспасын ашып, аты дүркіреп тұрды. Мен ол кезде «Жас қазақ» газетін ашқан кезім еді. Өзінен сұрап алып, оның журналынан газетімізге «Абылай ханның сүйегі қайда?» деп аталатын көлемді проблемалық мақаласын көшіріп жарияладық. Иасауи кесенесін жөндеу кезінде әлдебір құрылысшылар онда жерленген мүрделерді күреп шығарып, бір жерге үйіп, араластырып жібергені, енді қайта жерлемей тұрып, мұқият зерттеу жүргізуді жедел бастамаса, ертең ұлыларымыздың сүйегін бір-бірінен ажырату, анықтау қиынға соғатыны жөнінде қоғамға, билік тарапына қозғау саларлық ащы жан айқайы болатын. Шынымды айтайын, бертінгі археологтардың «Абылай ханның сүйегін таптық» деген сүйіншілеген хабарына өз басым сене қоймай, көз алдау, құр дабыра деп қарағаным рас. Әлі де сондай сезімдемін. Антропологтардың жасаған мүсіні де маған ұлы ханның емес, басқа, әлдебір сопының бейнесіндей көрінеді. Бойы да бір тұтам. Міне, Төрегелдінің қаламынан шыққан, зор резонанс тудырған материалдың әсерінің өміршеңдігі. Аса толғақты мәселе болмаса анау-мынау науқандық шаруаларға пысқырып та қарамайтын классик жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов ағамыздың өзі осы тақырыпқа ашына үн қосқаны есімде. Бірақ құлаққа ілген құзыр болмады. Сол тұста Төрегелдінің қанатты ойға толы мақалалары мен афоризмдері туралы жұрт аузында жылы пікір, ыстық лебіздер жиі айтылушы еді. Төрегелді мезгілсіз дүниеден өткеннен кейін, Шымқалаға бір барғанымда отбасымен таныстым. Балаларының басынан сипадым. Жан жары оның мезгілсіз шайқалған шаңырағын құлатпай, түтінін түтетіп, алтын асықтай ұлдарын бағып-қағып, өсіріп-жеткізіп отырғанына куә болдым. Қазіргі күнде Төрегелдінің бір баласы – Төребек Байтасов оңтүстіктегі «Хабар» телеарнасының жұлдызына айналғанын көріп-біліп, сүйсініп жүремін.
...Төрегелді екеуміздің мінезімізде де ұқсастық бар еді,- кімге де болса ашық көңілмен, бүкпесіз ақ ниетпен тіке қарайтынбыз, үнемі жадырап, жайдары жүретінбіз, жүзімізге күлкі үйіріліп тұратын. Мен, байқасам, жылдар өтіп, жас ұлғайған сайын сол бір риясыз сезімнен, қамсыз күйімнен арылып, қабағыма кіреуке түсіп, миықтағы жымиыс ізін ой мен мұң табы басып, көбірек тұнжырайтын болыппын... Өмір өзгертті, тағдыр түнертіп бақты... Егер тірі болып, осы жасқа жетсе Төрегелді де езуінен жайлары күлкі арылып, тұнжырап жүрер ме еді, деген ой келеді. Әй, қайдам?! Бәрі бір, Төрегелдіні мен қабақ түйіп, қабарған, абыржыған, тұнжыраған немесе түңілген, торыққан күйде ешқашан елестете алмаймын. Өйткені, ол – нағыз кіршіксіз жан, ақжарқынның ақжарқыны болатын... және мәңгіге жап-жас күйінде қалды. Енді оның асыл бейнесін әжіммен әлеміштеуге уақыттың өзі дәрменсіз.

Ұлықбек Есдәулет, ақын






ТӨРЕКЕЛДІ ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР ЕДІ

Мен Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма тетрының шығармашылық құрамына 1973 жылы ҚР-нің еңбек сіңірген әртісі Ә.Ордабаевтың бас режиссер кезінде қабылдандым. Бірінші дайындықтан өткен соң «Шұға» сазды қойылымында Шоқпарбай, О.Бодықовтың «үйленгем келмейді» қойылымында Ержан ролбдерін ойнап, Өзбекстанды гастрольдік іс-сапармен араладық. Сол кездерден бастап театрда нағыз шығармашылық жұмыстар басталды. Театрға бас режиссер болып Т.Өтебаев келгенде театрдың біз сияқты жастары нағыз өнерден шабыттанып, шыныққан кезіміз еді. Ол кездері бір қойылымды дайындап көрермендерге көрсетуден бұрын облыс орталығындағы өнерге қатысы бар мәдениет, әдебиет қайраткерлері мен журналистерімізді арнайы шақырып, сүзгіден өткізіп, жетістік пен кемшілік тұстарын саралап, көрермендерге неғұрлым сапалы қойылымдарды көрсетуге атсалысатын. Театрдың әрбір қойылымдарын қалт жібермей, үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтар деп-Төрекелді Байтасов. М.Байғұт, Қ.Төретаев, Ш.Орынбаев сынды өнер жанашырлары барын мақтаныш ететін едік. Ол уақыттарда театрда қойылатын әрбір қойылым Мәдениет министрлігінің арнай бекітуімсен, репертуар бөліміндегі сарапшылардың сүзгісінен өткен соң ғана сахналауға рұқсат берілетін. Әрбір қойылым театр репертуарына қойылар кезде театр ұжымында, көркемдік кеңесте арнайы қаралып мақұлданатын.
Осындай күрделі де жауапты сәттерде сәтті қойлымдарды шығаруға Төрекелді ерінбей, жалықпай кешкі, тіпті түнгі дайындықтарға қатысып, жақсы пікірлерін айтып, көмектесіп отыратын. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Әдебиет және өнер» бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүріп, театрдың өрлеуіне үлкен көмегін тигізді. Сол кезде театрдың бас режиссері Ж.Омаровтың сахналауында Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері Ақтоқты», Қ.Бекхожиннің «Ұлан асу», Ә.Әбішевтің «мәди» тағы басқа үлкен сүбелі шығармаларп қойылымдары облысымызда және Алматы қаласында үлкен жетістікпен өтіп, кездесулер ұйымдастырылып, театр ұжымының асқақтап тұрған шағы болатын. Осындай барлық қойылымдар мен кездесулерді талдап, Төрекелді үлкен мардымды мақалалар жазып, театр ұжымын белестерге көтеріп отырды.
Төрекелді Республикада тұңғыш рет шымкент қаласында «Жібек жолы» атты журнал шығарып, өзі бас редактор болып, өмірінің соңына дейін еліне адал қызмет етті. «жібек жолы» журналында әдебиет, мәдениет, театр туралы сан алуан мақалалар жазып, Оңтүстік өңірінің барлық жетістіктерін басып шығарды. Төрекелді жан-жақты қарымды қаламгер еді, қай салаға салсаң да еш мүдірмей тиянақты жауап беретін. «Жібек жолы» журналында өткен бабаларымыз туралы тың деректер жариялады, мысалығы, Төле би бабамыз туралы көлемді зерттеу мақаласын айтар едім. Өткен тарихымыз туралы өте терең талдау жасап, нақты дәлелдермен басып шығаратын. Өзіміз Төрекелдінің осындай қасиетіне қызыға қарайтынбыз. Оңтүстік өлкесі өнерлі, талантты азаматтарға кенде емес қой, солардың ішінде бірегейі Төрекелді еді.
Айта берсек, Төрекелді туралы том-том кітап та жазуға болады. Оның бір ғана театрға жасаған еңбегінің өзі неге тұрады. Әрбір қойылымды газет-журнал бетінде бөлек-бөлек талдап, әрбір әртістің өз ролін көрермендерге қалай жеткізгені туралы ішкі сезімдеріне дейін саралап, мақала жазаты. Кеше ғана қатар жүріп, мәдениет, театр туралы пікірлесіп отыратын үлкен азамат алыстаған сайын үлкейіп, биіктеп бара жатқан сияқты. Себебі, артында үлкен мұра қалдырып кеткен адам ешуақытта аласармайтынына сенімдімін. Жоғарыда айтқандай Төрекелді жан-жақты, сегіз қырлы азамат еді. Сол биігінде мәңгі қалатыны ақиқат.
Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе.
Ел тегі қайдан алар кемеңгерді?»-деген өлеңі ойыма оралады. Төрекелді ер мінезді жігіт еді, елім, жерім деп өткен азамат деп айтуға толық қақымыз бар. С.Ерубаев, Қ.Аманжолов сияқты аз ғана ғұмырында үлкен із қалдырған азамат қай уақытта да ел есінде.

Сансызбай Сытышев
ҚР Мәдениет қайраткері