Төрегелді Байтасов

Туындылары


***

Қайғыға бөлеп бір кез жас кеудені,
Алғашқы махаббатым өшкен еді.
Қайыра сол сезімім оралды ма?
Көп болды мұндай күйді кешпегелі.

Сол қызды көрген сайын көргім келер,
Ғашықтық дерттің жайын шерлі білер.
Білмеймін бақ жана ма, сор күте ме?
Басымда өмірлікке бергім келер.

Күлкісі күндей көркем күміс үнді,
Байлайды жіпсіз матап кіл есімді.
Жұптасып сол қызбенен отау тіксем,
Құдайым хош көрер ме бұл ісімді?!

1986 ж.