Төрегелді Байтасов

Туындылары


***

Сол күні менің сорым әлде бағым ба,
Жолықтырдым саяқ жүрген шағыңда.
Содан бері ойдан ешбір шықпайсың,
Шыннан ғашық болғанымба тағы да.

Түсінбеймін, түсінбестен дағдардым,
Алтын жүрек алдамайтын бағдарым.
Бір көргеннен көбелектей үйрілдім,
Бұл сырды да бүкпей саған ақтардым.

Шын сөзімді өтірікке таңасың,
Әңгімеме селқос құлақ саласың.
Бәрінен де жанға батар зіл осы,
Жоқ әйтпесе бересім де аласым.

Өзің құрған шекарадан өтпедім,
Түңілсем де ұзап алыс кетпедім.
Ал қуаныш әсте көпке бармайтын.
Таппаған соң жүрегіңнің өткелін.

Әрі-сәрі дүбара күй кешкенім,
Үмітті үз, енді бәрі кеш дедім.
Ұмытуға оқталсам да қаншама,
Кетпедің ғой көңілімнен еш менің.

Жүрек сыры жүрегіңе жол таппай,
Жүрмін әлі өзің жаққа жалтақтай.
Көп мазалап, несін ығыр етемін,
Жоғалсам ба жалғыз ауыз тіл қатпай?!

1986 ж.