Төрегелді Байтасов

Туындылары


«ЕЛ АҒАДАН АЗАДЫ, ТОН ЖАҒАДАН»

Қазақ бейнелеу өнеріндегі жанрлық қалыптасу кезеңін сөз еткенде, біз әрдайым Шақан Уәлиханов салған суреттерге айрықша мән беріп келеміз. Ол тамаша географ-ғалым болумен қатар талантты суретші де еді. Осы пікірді ішкерілей түсер болсақ, оның ғажайып құлаш-қарымын айрықша танытқан жанр портрет екені даусыз. Ш.Уәлиханов халқымыздың асыл бола аларлықтай тамаша портреттер галереясын жасады. «Сартай-қырғыз манабы», «Ұлы жүздің аға сұлтаны Мамырхан Рүстемов» сияқты портреттер көркемдік дәрежесі аса биік туындылар.
Шоқан бұл деңгейге бірден жете қойған жоқ. Аталмыш жанрдың құпия тілін өздігінше үйреніп, меңгерген. Россиядан алдырып оқитын журналдардағы танымал портретист суретшілер шығармаларын жан-жақты терең зерделеп, бейнелеу тәсілдерін көңілге тоқып отырған. Сондай-ақ ХІХ ғасырдағы орыс оқығандарының портреттік суреттер салуға деген жаппай әуестігі де оған зор ықпал жасайды. Мәселен, төңірегіндегі көріністер мен кісілер бейнесін жасау декбристер: Н.Бестужев, Н.Репян, И.Анненков, поэзия падишалары пушкин мен Лермонтовтардын да сүйікті ісі болған.
Реалистік бағытта салынған Шоқан портреттерінің қай-қайсысын алмайық, өз келеңіндегі дәуірдің арнасы іспетті. Олар бізге әлеуметтік шындықтың бітін ашып, сол тұстағы қоғам қайшылықтарын көз алдымызға шынайы түрде елестетеді.
Бет пішіні мен қимыл, көзқарасы бір идеяға астастырылып, берілуі нәтижесінде, осындай ащы әлеуметтік ақиқатты аңғартатын, бас-аяғы жұп-жұмыр, шымыр суреттердің бірі 1856 жылы Ыстықкөл саяхатында жазылған «сартай қырғыз манабы» портреті. Манаптың бет-әлпеті сұсты. Өңменіңнен өте қарайды. Жанарында ызғар, қарасында ызбар бар. Қабағы түйіліңкі. Қастары қайшылаа қалыпты. Түрінен ызалы кекесін, тірескен тістерінен кесепат ізі аңғарылады. Ұзында өші, қысқада кегі бардай. Қалай шолсақ та суық рәпетінен кісі тіксінерлік. Өн бойын ашу зілі кергеген. Қолында кездік. Сол арқылы кеудесіне симаған ызасын тарқатып отырғандай.тегеурінді қара күшпен балғын шыбықты шірей-шірей жонады. Кездікпен жанына жарақат түскен жас шыбық. Оның қылпып тұрған өткір жүзі тағы да шыбық тәнін шырылдата осып түспек. Осы екі заттың ара-қатынасы шынжыр балақ шұбар төс жуандар әлсіздердің басына әңгіртаяқ ойнатқан зұлмат заманның символы іспетті.

«Боранбай – бұғы руының манабы» картинасы да адамның ішкі жан сырына терең үңілумен ерекшеленеді. Әдете актерлер кейіпкердің болмыс –бітімін қимыл, дауыс, мимика арқылы көрермендерге жеткізеді. Суретшілер ше? Олар адамның сыртқы тұлғасын бейнелеу үстінде ғана меңзеген ойының үдесінен шықпақ. Яғни, кескінделіші кейіпкер бейнесі өз жан-дүниесінің айнасы тақылеттес болуға тиіс. Боранбайдың портретінде осы айтылғандар жақсы үйлесім тапқан.
Жас шарқы алпыс-жетпісті алқымдаған шоқша сақал, шалғы мұрт, домалық жүзді кісі көрушіге мүләйім пандықпен сынай қарайды. Қабағы кіржіңкі. Ерні де болар-болмас шүйіріле қалыпты. Кескін-кейпінен аздаған көңілсіздік байқалады. Десе де мейманасы үстем, көкірегі биік. Әлденәрсе ұнамаған тәрізді. Дүйім жұртқа көңілі бек олқы, әлде солай көрінгісі келе ме? Аспаншыған райы бар. Әйтеуір қаражаяу, қоңылтаяқ кісің емес. Мысқылы мен әжуасы аралас көзқарасы әСенің де сырың мәлім» деген көлгір пиғылын оқығандайсың. Боранбай образын ізерлей үңілген жан, оның ұлықсыған жүзінен монтаны құлықтың шымыр-шымыр толқындарын тапқандай.
«Ұлы жүздің сұлтаны Мамырхан Рүстемов» картинасы-суретші шеберлігін танытқан үздік еңбегі. Сұлтанның жалпы тұрқы жартылай профильде бейнеленген. Ол туралы Шоқан күнделіктері мен жолжазбаларында, мақалаларында ештең айтылмайды. Картинаның композициялық өрнегінде қазақ халқының ұлттық колориті қою. Суретші жалың әшекей мен әсіре экзотикаға елікпейді. Шоқан суреттері бізге осы қасиеттерімен құнды.