Төрегелді Байтасов

Туындылары


«ЕЛ АҒАДАН АЗАДЫ, ТОН ЖАҒАДАН»

Мен ұлтшыл емеспін, бірақ өз халқым десе, өзегімді суырып беруге даярмын. Қазақтан жерінген жетесіздеріміз бен меңіреу мәңгүрттерімізді немесе күнделікті күйкі тірлігі көлеңкесінде қалған көрбілтелерді, әлем-жәлем киім мен қызылды – жасылды жүріс-тұрыстан ақылы артылмайтын көрсоқыр пысықайларды көргенде қаның басқа тебеді. Тіпті ел ағасы атанған, басшы қызметтерге араласқан көп азаматтарымызды байқасақ, олар да отырған жұмсақ орыны мен мінген мәшинесіне мәз, ішіп-жемі, жиһаз-мүлкіне, одан қалса руына бұрады, жеңіл жүріске салынады. Ау, сонда,әркім қарақан басының, отбасының ғана қамын күйттесе, ел-жұрттың қысапсыз жоғын кім, жоқтап, мұңын кім мұңдайды?!
Асты да, үсті де мол байлыққа бөккен, осыншама кең байтақ мекенді, ұлан-ғайыр өлкені жайдақ жалаң қылыш жүзімен қорғап, бүгінгі ұрпақтарына тастап кеткен ата-бабаларымыз қандай еді? Олар «Ер ел үшін туады» дейді екен, қазіргілер ше? Біз осы тек өз басымыз үшін ғана, жақсылығымыз соқа басымыздан артылмайтын сормаңдай-соқыр болып туып жатқанымыз жоқ па?! Сонда қазақ елі үшін туатын ерлерді тағы басқа халықтардан, өзге ұлттардан күтуге тиіс пе? Бұған не дейсіздер, жақсылы – жаманды атқа мініп, үлкен мінбелерде сөз сөйлеп жүрген, ел ағалары?
Ел ағалары демекші, әлі – ақ сіздердің де келер ұрпақтың алдында есеп беретін кездеріңіз туады. Сол кезде не деп жауап қайтарасыздар? Екі-үш үй-жайыңыздың барын, төрт-бес машина ауыстырып мінгеніңізді, ұл-қыздарыңызға шүлдірлетіп диплом әпергеніңізді, одан әрісі ет жақын ағайындарымызды өзіңіз үшін жарылқағаныңызды айтпақсыздар ма? Жоқ, оны уәж санау түгіл, ауызға алудың өзі ұят. Халық, ел-жұрт, қалың бұқара, қаймана қазақ үшін не жасадыңыз, қолыңыздан не келеді?! Не тындырдыңыз, не қойдыңыз?
Алдыңғы толқын ағалардың көңіліне келмесін, көбі әйелге жалтақтап, басшыларына жалтақтап қалғандай ма? «Жұртыма құрбан болсам дейтін», «Ел қорыған» Махамбеттердей арыстан ерлер ұрпағы шынымен-ақ азды ма?! Абылай атаның көрген түсі тек хан ұрпағы үшін ғана емес, бүкіл қазақ жұрты үшін де, тұппа-тура келгені ме? Расында да бақа-шаянға айналдық па, айналайын ағалар? Ендеше. Бақа-шаянның басы кім болды? «Ағаға қарап іні өсер» дейді халық даналығы. Сонда біздерге ағаларымыз жөн сілтей алмағаны ма? Тегі, осындайды ойлайтын, сол жолда күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылатын ағалар аз ба, көп пе? Көп болса, неге осынша құлдырадық? Әлде «тілде бар, ділде жоқ» сөзге ділмар, іске қорқақтардың заманы ма бұл?!
Мысалы, қазір жастардың көбі оқу-білімге қызықпайды. Неге?Өйткені күні ертең тамыр-таныссыз қалаған жоғары оқу орнына түсе алмайтынына көзі жетеді.Тек пара қажет. Ақша, танысың болса, түсесің, ал түскен соң ілініп-салынып бітіресің, бітірген соң тағы да қамқоршылар арқылы дұрыс, жайлы орынға тұмсық тығасың. Бұл бір ғана жәйт. Осыдан ақ халқымыздың келешегі қырқылып жатқан жоқ па? Қалай ғана қасиетті, киелі білім ордаларын параның ордалы жылан ұясына айналдырдыңыздар? Әрине, сіздер нақты фактің бар ма, әйтпесе нақты дәлелің бар ма, әйтпесе сондай байбаламның қажеті жоқ деп құлаққа ілмеулеріңіз де мүмкін. Бірақ әркімнің іші-әділ қазы ғой!
Ауруханалар да обал-сауап жайына қалып, құнамақор ашкөзділік күннен-күнге үдеп, ауызын жайындай ашып барады. Жалпы, былайымша ақыл айтқанға ұста, кеңес бергенге жомарт, сүттен ақ, судан тазасыздар, ол бірақ бір көрмеге ғана осылай. Үйтіп біздерді де, өздеріңізді де, халықты да, Құдайды да қашанға алдай бермексіздер?!
Асқаровты халық ұмытпайды. Неге дейсіздер ме? Айтайын. Асекең халық үшін де, қазақ үшін де көзбен көретін, қолмен ұстайтын, рухани түйетін көптеген келелі істер атқарып кетті. «Айды етекпен шауып болмайды» демекші, бір ғана Шәуілдірдегі Отырар музейінің өзі қазақ үшін қандай мәртебе! Шымкенттегі демалыс аймағы, «Алатау» пойызы, айта берсек ондайлар өте көп.
Аға азды дегенше, іні тозады. Жастарымыз тозбасын десеңіздер, өздеріңіз де азбаңыздар, ел ағалары!...

Төрекелді Байтасов
«Жібек жолы» журналы, 1991 жыл