Төрегелді Байтасов

Туындылары


***

Ақ қағаз – менің майданым,
Қаруым – қалам, жалғыз ақ.
Болмай жүр әзір ойдағым,
Арманға жетер жол ұзақ.

Ел-жұрттың тілін табам деп,
Әйелден барам алыстап.
Жаралы жанды тағы емдеп,
Кім шығар дейсің табыстап?

Әйелден шалғай кетсең де,
Еліңнің көңлін қалдырма.
Жуа едім шыққа тепсенге,
Көктетпей Құдай солдырма.

Елім деп келдім, елім деп,
Елім деп ақыр өлермін.
Саяқсып жүрген төлім деп,
Ғайыптан мені елер кім?

Еліммен жақын болам деп,
Тойларға кірдім жарқылдай.
Жақсы мен жаман мөлшерлеп,
Белден бір бастым тартынбай.

Сондағы ашық ұққаным,
Өмірдің өзі сабақ бір.
Қай жерге басты сұқпадым,
Алдымнан шықты шұбап жыр!

1989 ж.