Бақтыгүл Ауданова

Шығармашылығы


АРАМЫЗДА ТАЛАНТТЫ ЖАЗУШЫ ЖҮР

Иә, расында да арамызда талантты жазушы жүр. Жарқыраған жазда айналасын көркейтіп, суландырып, маңайында құстары ән салып, балығы шолп-шолп етіп ойнаған, ағысы жай, мөлдіреген өзенді көрген боларсыздар. Ол тура сол. Үндемей, «Мен келдім» деп айқайламай, қаламынан небір көркем дүниелер туындатуда. Айналадағы тіршіліктің бітім-болмысын, кейіпкерінің ішкі жан-дүниесін көркем сөзбен кестелеп, сұлу мамырдағы тамаша табиғаттың көрінісіндей алдыңызға жайып салады. Жайып салғанда да соқырға таяқ ұстатқандай емес, көбіне шешімін сізге қалдырады. Әрине, ол кім дерсіз? Бұл – оқырманына ғажап шығармаларымен танымал болып қалған Бақтыгүл АУДАН.
Оның қай шығармасын оқысаңыз да, сол адам сіздің жаныңызда жүргендей, таныс бейне алдыңыздан шығады. Өйткені, оның кейіпкерлері ойдан құрастырылған емес, сіз бен бізбен бірге тыныстап, ауа жұтып, кейде қуанып, кейде қиналып жүрген жандар. Осы жерде белгілі жазушы Лев Толстойдың мына бір сөзі еске түседі: «Менің ойымша, бара-бара көркем шығарманы ойдан шығару деген тоқтайтын сияқты. Әлдебір ойдан шығарылған Иван Иванович пен Мария Петровна туралы шығарма жазудың өзі ұят болатын шығар. Егер болашақта да жазушылар болатын болса, олар ештеңені ойдан шығармай, өмірде көргені мен түйгенінің ең маңызды, ең қызықтыларын жұртқа әңгімелеп қана беретін болады». Классик жазушы Лев Николаевич жазғандай, біздің Бақтыгүлдің екі кітабындағы («Пейіштің самалы», «Ай толғатып жатқанда») әңгімелері мен хикаяттары дәл қазіргі кездің өзекті проблемаларын қаузайды. Оның «Қайыр» деген әңгімесінде отандық бір байшыкештің жетпіс жасқа толған шешесінің мерейтойына шақырылған шетелдік әнші сондағы мешіт жанынан қайыр сұрап отырған қандасын, қайыршы кемпірді көріп, өзінің көмекшісі мен бұларды қалада алып жүрген әлгі байшыкештің шопырының көзінше оған өмірінің соңына дейін жететін ақша беріп кетеді. Сонда оның бұл ісіне ренжіген көмекшісі екеуінің арасындағы диалогты қараңыз.
– Қайыршыны енді көріп пе ең? Өз елімізде мұндайлардың миллионы жүр ғой.
– Олар өз елінде жүр, ал бұл кемпір өзге елде! Түсінесің бе?!
Көмекшісі әлі де күліп тұр. Ащы мысқыл.
– Білесің бе, олар өз елінде де бұлай қайыр тілеуге құқылы емес. Осылар емес пе бізге бейбіт өмір сыйлаған? Еліміздің өркендеуі үшін, бүгінгі біздің жақсы өмір сүруіміз үшін солар ғой еңбек еткен. Жалындаған жастық шақтарын, денсаулықтарын берген жоқ па? Енді қолдарынан күш, бойларынан қуат кеткенде олар неге қайыр тілеуі, қоқыс жағалауы тиіс? Ертең біздің де қолымыздан күш кеткенде ешкімге керек болмай қаламыз ба? Біз бүгін қарттарымызды қайыр тілеуден құтқармасақ, ертең ұрпағымыз бізге де қайыр тілетеді! Өйткені, бала көргенін істейді. Мұны көріп өскен жастарға қарттардың қайыр тілеуі үйреншікті жағдай болып қалыптасады. Ертең сенің, менің, ата-анасының қайыр сұрап жүргенін қалыпты жағдай деп қабылдайды.
Міне, бұл сөздерді толқымай, ойланбай оқу мүмкін емес. Біздің қазіргі өмірімізде орын алып отырған шындық. Шындық болғанда да өте ащы. Қоғамда орын алып отырған түйткілді жайтты жазушы кейіпкері әнші жігіттің аузына салу арқылы оқырманына ой салады. Саналы жанның санасында сілкініс болатындай сөздер емес пе?!
Иә, Бақтыгүлдің қай шығармасын алсаңыз да оның көтерер жүгі ауыр. Жазушы өз кезеңін көркем сөзбен суреттеп беретін тарихшы да. «Шекара» әңгімесіндегі үйлері шекара сыртында қалған Ермен қарттың денесі осындағы ата-бабасының жанында жатқан досы Құлахметтің үйін жағалап жүріп айтқан ішкі монологын көзге жас алмай оқу мүмкін емес.
«Мына үйді не еңбекпен салып едің. Енді міне, бәрі бір пұл болды. Сенің еткен еңбегіңді қайтсін, бала-шағаң бір күнде көшті де кетті. Өйтпегенде қайтсін, Құлахмет, соған мәжбүр болды ғой. Анау өзің білетін Жыңғылсай бар ғой, сол екіге бөлінді. Тура сол тұстан шекара сызығы өтеді екен. Түсінесің бе, шекара?! Мына ауылдың өзі екі мемлекетке бөлініп кетті. Сонда қалай деймісің? Әй, соны өзім де білмеймін. Әйтеуір солай болыпты ғой. Мына ауыл ауыл емес, жұртта қалған мола сияқты. Шамасы келгеннің бәрі үйін жығып алып кетіп жатыр. Мен сияқты қиқар шалдар ғой қазір көшпей отырған...» дейді.
Әрбір жақсылықтың оңай келе салмайтынындай, қазақ шекарасының талай шаңырақтың ошағын жұртта қалдырып барып сызылғаны да белгілі. Ол сондағы ата-бабасының жерінде отырғандарға әсте жеңіл тиген жоқ. Бұл – сан тараулы өмір шындығы, өзбек пен қазақ шекарасының маңында отырған кей тұрғынның ХХІ ғасырдағы бастан өткізген ауырлығының бір парасы ғана. Іші қан жылаған қария осылай досының рухымен қоштасып, ертеңіне таңертеңнен көштің басын атамекенге қарай бұрады.
Жазушының шығармасынан оның таным-түсінігін, мақсатын, көзқарасын байқайсыз. Оның туындыларының ең бір сүйсінерлігі, сіздің жан-дүниеңізге енген кейіпкерімен бірге жақсылыққа, адалдыққа ұмтыласыз. Жамандықтан жиренесіз. Әр шығармасынан тамызық тауып, ойыңызды тұтата аласыз. Жазушы осынысымен де жазушы. Оның әр жазғандарынан оқырман алдындағы ішкі жауапкершілігі өте зор екенін де байқайсыз. Бұған көз жеткізгіңіз келсе, оның шығармаларымен танысыңыз. Сонда ғана осы айтылғандардың еш шүбәсіздігіне қанығасыз...
Колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркес «Айналамызда ерекще заттар көп. Бірақ жазушылар бізге қарапайым күнделікті өмірдегі оқиғаларды айтады» деген екен. Сол айтқандай талантты жазушы айналасындағы оқиғаларды көре де, олардан ой түйе де алады.
Жуырда Бақтыгүл АУДАНОВА Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Бұл оған үлкен жазушылық жолға жолдама десе болғандай. Оны алып жүруге Бақтыгүлдің таланты да, еңбекқорлығы да толық жетеді. Ендеше, проза өлкесінде еңбегің жемісті де баянды болсын дейміз.
Бақтыгүлден оқырманының ойынан ойып орын алатын туындылар күтеміз.

Базаркүл ҚАЛБЫР






* * *

Жазушы Б.Ауданованың бұған дейін «Пейіштің самалы» атты прозалық кітабы жарық көрген. Жалпы, Бақтыгүл әлемді мөлдір сезіммен суреттеуге құштар жазушы. Қай әңгімесін оқысаңыз да, боямасыз суреттерді көз алдыңызға келтіреді. Шығармалары жеңіл оқылады. Шиеленісті сюжеттерді нанымды суреттейді. Әңгіме желісінде диалогты көбірек қолданады. Шебер жазушылар әдебиетте диалогты оқиғаны суреттеудің формасына айналдыра білген. Бақтыгүл осы форманы меңгере бастаған. Әдебиеттегі ізденіс қаламгерді шыңға шығарады. Ізденбеген адамның барар жері – шыңырау.
Бақтыгүлдің шығар тауы биік. Өйткені, болмысы өзгеше. Монтиған бала бейнесінен-ақ көңілі кіршіксіз, пейілі аңғал, жүрегі таза екенін аңғаруға болады. Өз басым болашақта Бақтыгүлдің қаламынан шедевр шығармалар күтемін.

Д.Нұрмағамбетова
Журналист