Шалқар Әбіш

Туындылары


БАЛАНЫ БІЛІМГЕ ТӘРБИЕЛЕУ

Мектептегі баланың сабағын қадағалап тұру да тәрбиенің бір сатысы. Әйтпесе баланың үлгерімі нашарлап кетеді. Сабағын тексеріп, үлгерімін ескеріп жатқан,әр пәннен қандай баға алғанын қадағалайтын адам жоқ екенін біліп алған бала дандайсып, тіпті кітап бетін ашуды қояды. Қанша зердесіне құйғанымен де мұғалім оның әке шешесінің орнын алмастыра алмайды.
Жақсы оқығаны үшін алған бағалары толы күнделігін тексеріп ешкім қарамаса, анда – санда мақтап – мадақтап көңілдендіріп қоймаса, үлгерімі жақсы оқушының да көп өтпей – ақ ынтасы мен жігері төмендеп кетеді. Сондықтан баланы мақтап, еңбегін елеп – ескеріп тұрған артықшылық етпейді.
Кейбіреулер өз перзентіне басқа біреудің баласын үлгі етіп көрсетуге тырысады. Соған ұқсап жүрсін, сол сияқты жақсы оқысын дейтін болар. Алғыр бала намысқа тырысып, әлгі оқушымен үзеңгі қағысып, білімі ғана емес тәртібі жағынан да қатарласып, тіпті басып озуға тырысады әрине, жақсыны үлгі етіп, жаманнан жирендіріп жүрген дұрыс. Ел қатарына қосылуға тырысқан адамнан қашанда күтіп, одан ешқашан түңілмеу керек. Айналасына жақсы деп танылған адамдардың іс - әрекетіне қызығып, идеал тұтып, солардай болуға ұмтылған балалардың ниеті қолдауға лайық. Олар кішкене күнінен – ақ алдына үлкен мақсат қойып, сол үмітін әр кез үкілеп, ойлаған арманына жетуге талпынады.
Ал кейбір балалар керісінше, өзіне үлгі еткен баланы ұнатпай, тіпті жек көріп, оның үлгілі істерін қайталап істеуге іштей қарсылық көрсетіп, қырсықтық танытып, кереғар іс - әрекеттер жасауға ауысып кетеді. Бұл жерде баланың психологиялық ерекшелігін ескеру керектігі өзінен – өзі туындайды.
«Неге анаудың баласы сияқты емессің, неге мынаудың баласына ұқсап жүрмейсің?» деп баланың миын ашытып, түрткілей бергеннен пайда жоқ, керісінше, жоғарыда айтқандай жолдан шығарып жіберуің мүмкін. Бір ауық баланың жан – дүниесіне бойлап, сырларын бөліскенің дұрыс. Бойында ұшқыны бар қабілеттерін ұштауға, жақсылыққа ұмтылуға талпындырғаның абзал.