Шалқар Әбіш

Шығармашылығы


Бір жерден оқығаным бар. Адам баласы ғұмыр бойы өз жаратылыс өлшемінің үш процент мүмкіншілігін ғана пайдалана алады екен. Егер, жаңылмасам бес-алты процент мүмкіншілігін игерсе отырған орнынан тік көтеріліп көкке ұшатын құдіретке ие болады-мыс. Бұл тұжырымдардың қаншалықты дәрежеде рас екеніне, нақты екеніне көзім жетпейді. Бірақ, анық нәрсе, адамзат ұрпағының өз болмысында игерілмей жатқан құпиялардың шексіз екендігі ғана...
Елуден асып ел ағасы атанған Шалқар Әбішұлының насихат сөздері мен өлеңдерін оқып отырғанда маған осындай ойлар оралды. Өйткені тіпті басқа саланың-сауда саласы адамның жан дүниесінің тым нәзік, күрделілігі еріксіз таңырқатып, тамсандырады. Ойлары халықтың таным- түйсігімен біте қайнасқан пәлсапалық пайымдаулармен тамырласып жатады. Әсіресе, «Ойлардың қилы орманы» атты бірінші бөлімнің мазмұн тереңдігі, қоғамдық, адамдық, рухани тәрбиелілік мәнінің жоғарлылығы өмірден ойып алынған нақтылықтармен негізделеді. Ең бастысы үлкен жүректің күре тамырлары солқылдап ұрып тұрғанын әрбір сөйлем айқайлап паш ететінін анық көресің!
Екінші бөлімі де осы өресі биік ойлардан құралақан қалмайды. Қайсы өлеңінде болсын балалық сезімге ақсақал ақыл билік айтып жатады. Жоғарыда айтқанымыздай, елуді ерттеп мінген ел ағасы перзенттік сәби сезіммен.

Болдым солай тұл маңдай,
Буып өксік түйдегі.
...Үңірейтіп тұрғандай,
Әлі орның үйдегі- деп, анасын,

...Өніп шықты еккенім!
Өкінішім тек менің,
Болады ауыр- тым қиын,
Тіпті ерте кеткенің – деп, әкесін жүрегі сыздап жоқтайды. Бұл жан дүниесі таза адамдардың ғана ойына оралатын, ауызына түсетін шабытты сөздер. Ақын жаны адал болмаса, құдіретті сөздер қалам ұшына оралмайды!