Туындылары
САРЫБАЛАҚ
Сарыбалақ қыран — иесi Жәнiбек құсбегiнiң айтқандарын түсiнбейтiн. Түсiнетiнi екi-ақ ауыз сөз. Аң қағуға шыққанда бұйығы отырған мұның томағасын асығыс сыпырып алып: «Әуiп, бопам!» деп сiлке көтерiп ұшырып жiбередi. Қанды тырнақ бүркiт бұл емеурiнiн әлдеқандай сұңғылалықпен түсiне қояды. Сол сәтте-ақ көкке атылып, шарқ ұрып құрбандығын iздейдi. Құстың алғанынан салғаны қызық деген осы. Иесi Жәнiбек мұны ешқашан алдап көрген емес. Қыранның қанталаған көздерi жемтiгiн тез шалады. Төнiп қалған ажалдан қашқан аң бейшара бауыры жер сызып, барын салады. Бүркiтке керегi де сол. Тастүйiн боп, топшысын жиырып, лақтырылған зiлмауыр тастай төмен сорғалайды. Дауылдатқан екпiнiмен кеп белден теуiп, артынша темiр құрсау тырнағын аңның жанды жерiне кiршiлдете қадап жiбередi. Байқұс құрбандығы тыпырлайды да қалады. Далақтап шауып құсбегi жеткенде Сарыбалақ иесiне қойқаңдай қоразданады. Жәнiбек те тiлсiз көк тағысын түсiнедi. «Кә, кә, бопамдап» жүрiп, қыранның балақ бауын орап, шетке алып қонақтатады. Бұл әрекеттiң соңында жақсылық барын бүркiт бiледi. Иесiнiң бұдан кейiнгi қимылына телмiре қарайды. Аңшылық кәсiптi мүлтiксiз үйренiп, аңды iреп союдың шеберi болып алған Жәнiбек жылы жүректiң қанын тамызбай қыранына асатады. Жылы-жұмсақты қылғып, иесiнiң бейiлiне риза болған Сарыбалақты тағы «кә, кә, бопамдап» томағасын сып еткiзiп кигiзе салады. Қыран дүр-дүр сiлкiнiп алады да, момақан күйге қайта енедi. Ол мұндай тiршiлiкке әлдеқашан бой үйреткен.
Балапан кезiнде торға түскенде аздап ызаланып, құсбегiнiң икемiне көнгiсi келмеген. Кейiн осы тiршiлiгiне бейiл мiнез танытты. Ешкiм түз тағысының намысына тиiп жатқан жоқ. Мәпелеп, баптап, аңға салады. Жылы-жұмсақтан мұны қаққан емес. Қызылдан құр қалдырмайды, әйтеуiр. Рас, кейде көкте сорғалағасы келiп, зерiгетiнi бар. Заңғар аспанның лебiн сағынады. Соны сезгендей иесi мұны «кә, кә, бопамдап» тұғырдан алып, атқа қонады. Түзге шығатынын сезген бүркiт әдетiнше дүр-дүр сiлкiнiп, қуанады.
Бүгiнгi саятшылық мүлдеп басқаша болды. Құс салушылардың саны әдеттегiден көп. Сарыбалақ жалғыз. Әлгiнде томағасы сыпырылып, қырдың қызыл түлкiсiн iлiп түскенде бұл қыранға тән қырағылықпен аңшыларды түстеп шыққан. Иесiнiң жанында сары, қызғылт түстi жылтырақпен киiмiн зерлеген, бұл көрмеген бөтен екеу пайда болыпты. Жылтырақтардың алтын мен түрлi-түстi асыл тастар екенiн бүркiт бiлген жоқ. Әйтеуiр осы екеуi басқалардан ерекше киiнiптi. Бiреуi қалың қасты, қызыл-шырайлы, қабағы қатыңқы екен. Бөрiктiнiң ер адам екенiн түз тағысы ұқты. Екiншiсi уыздай жас әйел. Жүзi үлпiлдеген ақ қоянның түсiндей. Ақ құба өңi, аппақ қардың ызғарымен алабұртып, бетiнде қос бiрдей сәби алақанындай қызыл пайда болыпты. Күлкiсi сондай әсем, сыңғырлап жағымды естiледi. Адамдардың сырын бiлмесе де мақұлықтық түйсiкпен байқағаны еркек атаулы оған ұрлана емiнiп қалыпты. Ол болса Сарыбалақты әдемi сүйрiк саусақтарымен нұқып көрсетiп, жанындағы қабағы қатыңқы еркекке әлденелердi қылымси айтады. Анау бекзада болса қ ұсбегiнiң арқасынан қағып, қыранға тесiле қарап тұрып сөйлейдi-ай кеп. Иесi күндегiдей қунақ емес. Аналардың алдында бiртүрлi именшек. Жасқаншақтап төмен қарайды. Тағылық жүрекпен тәңiрiндей мойындайтын адамына ұнжырғасы түсетiндей не болғанын бiле алмады. Иесiне демеу болғысы кеп «шаңқ-шаңқ» еттi.
Сарыбалаққа ымырт үйiрiлгенше тыным болмады. Саятқұмар жас әйелдiң көңiлдi даусын қыран басқалардан гөрi жиi естiдi. Сыңғырлаған күлкiсi бұған бiртүрлi ұнамсыз. Әйелдiң сиқырлы күлкiсiн ер адамдар-ақ естiп, елти берсiн. Бұған керегi иесiнiң күстi алақаны. Саяттан кейiн тыныс берiп, топшысынан сипап, қауырсынын салалап тарап қойса болғаны. Саңқ етiп, дүр-дүр сiлкiнiп отыра берер едi. Қыранға одан басқа iлтипаттың қажетi жоқ.
Үш түлкi мен бiрнеше қоян қаққан аңшылар қыранға риза болып, айдалада ақ қарды күреп жiберiп, киiз үй тiгiп демалуға жатты. Сарыбалақты жылтырақпен сәнденген адамдарға арналған отауға әкелдi. Тұғыр орнатылып, соған отырғызып қойды. Бiр шетте маздап от жанып жатыр. Бүркiт мұнысын жақтырмады. Салқында бойын сергек ұстағанға не жетсiн. Осындайда адамдар мұны түсiнбейдi, қанша мықты болса да.
Қатыңқы қабақты еркек мұның томағасын сыпырды. Мәпеледi. Ол екеуiне бiреулер зыр жүгiрiп қызмет көрсетiп, табандарынан тiк тұрды. Тамақтың иiсi бүркiттiң қолқасын қапты. «Шынымен-ақ мыналардан иемнiң қаймыққаны ма?» Иесiнен де мықты адамдар бар екен-ау?
Қайдан әкелгенi белгiсiз жылтырақ тағынған адамдарға қалыңдап төсек салынды. Екi адам мен қыран оңаша қалды. Сарыбалақтың қараңғыға үйренген өткiр көздерi үйдегi қыбыр-жыбырдың бәрiн көрдi. Адамдар сыбырласып сөйлеседi. Әншейiнде дабырлап әңгiмелесiп, қарқылдап күлетiн екi аяқты пенделердiң түнгi қылығы мүлдем бөлек. Әйел еркелей күледi. Сылқ-сылқ, бәсең дауыс, қылықты дауыс. Еркек оған жалына ма-ау, әйтеуiр, үздiгiп барады. Сарыбалақ олардың қылығына ұялғандай қалғып кеттi. «Иесi неге келмейдi? Мұның топшысынан сипап, қауырсындарын неге тарақтамайды? Анау қатыңқы қабақты еркек болса тұғырдағы құсты ұмытып, жас әйелдiң ыстық құшағына елiтiп ол жатыр».
Таң атқан соң аңшылар шұбап мекендерiне оралды. Сарыбалақ бөтен қожасының үйiндегi тұғырға қонақтады. Қатыңқы қабақты еркек құс атаулының неше түрiн ұстайды екен. Шұбар ала қаршыға, жұдырықтай тұйғын, ақ лашын, денесi қолапайсыз ителгi, қылдырық мойын қырғиға дейiн бар. Қыран қуанған жоқ. Томағасы алынған соң басқаларға қораздана қарады. Аналардың бәрi өздерiнiң ата-тегi қыран құс екенiн ұмытқандай можантомпай күй кешiп, үрпиiсiп қалған. Тұғырларында қойқаңдасып, бөтегелерi бұлтиып, көпiрте саңғып отыр. Шақар қырғидың өзi жүнжiп, үрпек бас торғайға ұқсап қалыпты. Қайран қор болған қанатты қырындардың ұрпағы-ай! Бүркiт олардың күй-жағдайын ұға қойды.
Құстарды күнде бiреулер келiп екi мезгiл ықылық атқанша етпен жемдейдi. Бөтегесi бұлтиып, саңғыты-ып тұрғаннан басқа тiрлiк жоқ. Жас әйел көңiлi соқса келiп-кетiп тұрады. Жай келмейдi, қолына өрнектелген, ұстар жерi нақышты таяқты қысып алады. Сонысын шошаңдатып, әрқайсысын топшысынан түртiп көрiп, мәз болады. Сарыбалақ былқылдай басқан ерке әйелдiң бұл қылығына шыдай алмай, айбат шегiп қоқиланады. Анау қаймықпайды, таяғымен нұқып-нұқып, сықылықтап күлiп, мықынын былқылдатып шығып кетедi.
Қыран көздерi қанталап, ызаланып, құсалана бастады. Аңға түспегелi әне-мiне дегенше үш қыс өте шықты. Бұрынғы иесi Жәнiбектi жек көрiп кеттi. Мұны қырандықтан хабары жоқ әйелдiң еркiне берiп қойып, өзi көктiң тағы бiр қыран құсын баулып жүрген болар. Иесiнiң бұл сатқындығы қыранның жүрегiне шемен кек болып қатты.
Ол соңғы иесiнiң елдi билеп отырған қаһарлы хан екенiн қайдан бiлсiн. Құсбегi Жәнiбекке қаһарлы сол кiсi кездейсоқ кездесiп, көз алартып, қыранға сұқтанып, қалап алғанын адам тiлiн ұғынбайтын құс бiлсiн бе? Түсiнбедi. Бiлмедi. Бүркiт өзiн босқа әурелеп, қызықтап кететiн жас әйел мен құсбегi иесiне өлердей өшiктi. Көздерi қанталап, балақбауын шұқып тартқылап, долданып талай рет үзiп тастады.
Жан-жануарға, бүкiл тiршiлiкке қожалық жасайтын сұңғыла адамдардың да кейде күлкiлi ақымақтығы болады. Ханның нақсүйерi Сарыбалақты көңiлдендiрмек ниетпен алтындалған балақбау таққызды. Онысы қатқыл. Қыран бұған одан бетер мүлдем долданды. Жылтырақты жынындай жек көрiп кеткен едi. Бөксесi бүлкiлдеген ерке әйелдiң сұлу мүсiнiне қанды шеңгелiн салып алғысы келедi.
Бiрде әлдекiмдер Сарыбалақты басына томаға кигiзiп, сыртқа алып шықты. Дала тағысы қардың жанына жағымды ызғарын сезiп, қуана қопаңдап, әдетiмен дүр-дүр сiлкiндi. Тынысы кеңiп, қазiрше айналасынан ештеңенi көре алмаса да бiр қансонардың боларын бiлдi. Кенет топтың арасынан қылықты әйелдiң даусын естiдi. Естiдi де ызаланып саңқ-саңқ еттi. Көңiлiне ұялаған кек, құсалықпен кеудесiне жиналған ыза сыртқа теуiп, көк тағысы қанатын қағып-қағып қалды. Құрғыр қанаты да ауырлап қалғандай ма, қалай? Саятшылар оның бұл қылығына шуласып барып тоқтады.
Әлден уақытта аң қағушының қарлыққан даусы естiлдi. Қыранның томағасы мен балақбауы сыпырылды. Сарыбалақ долдана көкке атылды. Ызасы бойына симай, қалақтай басымен суық ауаны тiлiп, қанаттары суылдай ұшты. Көз ұшына бұлдырап барып, төменге көз тастады. Қалың сексеуiлге қарай ноқаттай боп зымырап бара жатқан дала арланын қиядан көрдi. Оның соңынан бытырай шапқан аттыларды да байқады. Арланды бүруге зауқы соқпай, тас-түйiн түйiлiп, қызыл кәмшат бөрiгiн жылтырақпен әсемдеген әйелдi шарқ ұрып iздедi. Ол топтың орта шенiнде ақбоз атпен құйғытып барады екен.
Қыран жанары шырадай алаулады. Құйрық-қанаты суылдап, көптен берi өшiккен екi аяқты пендесiне қарай төмен сорғалады. Хан әйелi де бiр сұмдықтың боларын сезiп, ат тiзгiнiн тарта берген. Қыран өзiн-өзi бұған қарай лақтырғанын бiлiп, алтынмен зерленген қызыл кәмшат бөркiн ердiң қасына шалт қимылмен кигiзе салып, кездескен бұтаның түбiне ат үстiнен құлай кеттi. Долылықтан көзiне қызыл ноқаттан басқа ештеңе iлiкпеген Сарыбалақ серiппелi қақпандай сарт еткiзiп ердiң қасын тептi. Қыранның жойқын екпiнi аңды тепкеннен де қатты едi. Темiр үзетiн тегеурiнмен ердiң қасы сарт етiп ұшып кетiп, бүркiттiң өткiр тырнақтары аттың желкесiне кiрш-кiрш қадалды. Жануар жан ұшырып тулап, шұрқырай көкке атылды. Сарыбалақ бiрге далақтап, қалбаң қақты. Хан әйелiнiң нөкерлерi жүйрiктi жабылып жүрiп, қылшылбырмен тұзақтап жерге жықты. Қыран да қалбаңдап бiрге құлады. Жебенiң ұшындай өткiр тұмсығын сақ-сақ еткiзiп, қоршағандарға айбат шектi. Айбарынан шошынған саятшылар үрпиiсiп тұрып қалды.
Сұлу ханша нөкерлерiне әлдене деп әмiр бердi. Сарыбалақты қапқа орап, оның алдына әкелдi. Ол көркем жүзi сұрланып көп ойланды. «Шiркiн, еркекте осындай тегеурiн болса» деген құпия қиял лып етiп жүзiне тептi. Қыранды өлiмге қимады. Бiрақ бұл күйiнде жiберсе ызалы бүркiт қайта көктен құлдырап жазым етерi анық. Не iстесе екен?
Ақ құба өңдi, нәзiк сұлудың жүрегi ғаламат қатiгез болып шықты. Нөкерлерiнiң бiрiнiң қынындағы қанжарын алып, көк тағысының тырнақтарын қанын шып-шып шығарып, отап тастады. Әрине, бiреулер тырп еткiзбей ұстап тұрды. Молақ тұяқ қыранның ендi бұған зияны жоғын жанындағыларға естiрте айтып, жақсылық жасағандай босаттырып жiбердi. «Өлексе шұқып, күн көрiп жүре берсiн».
Сарыбалақ құсқа тән алғырлықпен бiр сұмдықтың болғанын сездi. Қаны шығып, тұқылданған тырнақтың өсiп-жетiлмесiн де бiлдi.
Қыран доғал табанымен жердi бiр теуiп, көкке долдана көтерiлiп, бет алды қаңғып ұша бердi, ұша бердi. Терге малшынып, қанаты талуға айналған соң құсбегiнiң қолына түскенге дейiнгi мекенi еске түсiп, сондағы биiк құздың басына қонақтады. Тап осы ұшар шыңның етегiнде Жәнiбек құсбегi мұны қызылға алдап торға түсiрген. Мiне, соның ақыры қыранның молақ тұяқ болуына әкелiп соқтырды. Екi аяқты пенделерге деген ызасы кемерiнен асып-төгiлiп жатты. Бiрақ кек алуға қайрат жоқ. Тырнақсыз құс ендi басқалардан қалған сасық жемтiктi аңдитын болады да. Құдай басқа салмасын. Сарыбалақ осы есiне түскенде долданғаны сондай, терiсiне сыймай мына азапты дабылына сол маңдағы бүркiт атаулы жиналып та қалды. Сарыбалақтың мүшкiл халiн көрдi. Адамның қолына түскенге дейiнгi бұл қыран көк тағыларының арасында алғырлығымен көзге iлiккенiн қанаттылар бiлетiн. Бөрiнi белден теуiп қиралаң еткiзетiн тегеурiнiн талай көрген. Жандары ашыды. Бiреулерi етi былбыраған елiктiң лағын iлiп әкелiп оның алдына топ еткiздi. Мұны көрген тәкаппар Сарыбалақ көздерi қанталап, қанаттарын үстiн-үстiн сабалап, өлердей қорланып ашу шақырып, ғаламат долданды. Қартайып, тышқан аулап жүрген бiр-екi бүркiт басу айтты.
Сарыбалақ болса қайтпас қайсарлықпен тұқымдас қанаттыларға қыранның қыран болып қалуын бiр сойқан iсiмен ұқтыруға тәуекел еттi. Денесiн ұршықтай үйiре жиып алып, көкке қарай оқтай атылды. Көз ұшынан шарықтап барып қанталаған жанарын төмен тастады. Етекте, сонау тым етекте жерге қаздиып қадалған мүсiн тасқа қадалды да қалды. Содан соң аңға түскендегi әдетiмен денесiн жиырып, өзiн-өзi тастап кеп жiбердi. Жұмырланған күйi төмен сорғалады. Екпiнiмен келiп тасқа ұрылған тәкаппар Сарыбалақтың денесi мылжаланып, қорым тастың табанына құлады.
Осы кезде оның мына сойқан қылығына таңдана қараған кәрi бүркiттердiң бәрi қозғалақтап, қанаттарын қомдасып қалды. Сенi түсiндiк дегендей көкке атылып, қайсар тұқымдастарының әрекетiн бiрiнен соң бiрi қайталады.
Ертеңiне осы араға құс салуға келген құсбегi Жәнiбек көп өлiктiң арасынан Сарыбалағының жансыз денесiн көрдi. Көрдi де болған жағдайды жанымен ұғып, көзiне бүртiк жас алып, қыранның қайсарлығына бас идi.
Содан берi ел арасында қырандар жайлы аңыз тарапты. Аңға шыққан саятшылар кейде құзға ұрылып өлген қырандырды кездестiретiн болыпты. Олардың көбi қартайып немесе мүгедек болып қалғанда осы әрекетке барады екен. Бәлкiм, көк тағысының қырандығын танытатын бұл қасиет Сарыбалақ сынды қайсар қанаттының тұқымдастарына қалдырған бұлжымас заңы болар. Әйтеуiр, қыран қазасы қияда деседi ел.