Орынбай Шойбек

Туындылары


ҚЫМБАТ ДӘРІ

Қара көлеңке көлбеңдеп, ай сәулесімен сұлбаланды да терезенің жақтауына ілініп қалды. Жарыққа ұмтылған түн көбелегіндей қалбаңдаған біреу манадан бері осы маңнан кете алмай жүр. Науқас меңдеп сандырақтаған баласының жанында қалшиып отырған Жанбөпе сырттағы қаракөбең сұлбаны әлгінде ғана аңғарды. Кім екенін күңгірттеу қараңдаған тұлғасынан сезе қойды. Сезді де жүрегі біртүрлі дүрс-дүрс соғып ала жөнелді. Сол-ақ екен Қазтайдың денесін ақ жаймамен қымтай салып, жау қуғандай аптығып, сыртқа жүгіре шықты.
-- Бекдан, а, Бекдан! Бұл сенбісің?
-- Менмін, Жанбөпе! Менмін...
Аюдай қолапайсыз қорбаңдаған жігіттің дауысы да ерекше зор екен. Гүр етті. Гүжілдеген үннен жас келіншектің бойына ыстық бір сезім құйылғандай тұла бойы шымырлап қоя берді.
-- Апыр-ай, күйзелген шағымда, арқа сүйер жан таппай қиналған кезімде маған да жанашыр біреу табылады екен-ау!
-- Ол не дегенің тағы? Ел-жұрт бар емес пе. Екі аяқты пендені кім өгейсініп, жалғыз тастар дейсің.
-- Әй, қайдам? Сен болмасаң...
Жанбөпе көмейіне кептелген өксіктен іркіліп қалды. Онысын Бекдан сезіп тұр. Өксіген себебі сол – бұның ет жақын бауыры жоқ. Бұдан екі жыл бұрын ауырып күйеуі қайтыс болды. Оның туыстары үйіне бас сұқпағалы қашан. «Ажалына жеткен сол» десіп, мұны сыртынан өсекке таңып, жазықсыз кінәлайтын көрінеді. Біреулерді жақтатып, біреулерді даттатып қойған тағдыр-ай! Дос-жарандарының да мына өңкиген жігіттен басқасы осы екі-үш күндік арпалыс кезінде бұлай қарай аяқтарын баспай-ақ қойғаны жанына батып, бәрінен түңілгендей күй кешкені рас-тын. Алты жасар Қазтайы тосыннан мұрттай ұшып науқастанғанда дырылдақ мотоциклімен ауруханаға жеткізген де осы Бекдан еді. Айналасы екі-үш тәулікте төрт-бес рет қатынап, баланың жағдайын сұрады. Түн ішінде елу шақырымнан сабылып тағы жеткені мынау.
-- Баланың жағдайы қалай?
-- Әлі сол қалпы. Дәрігерлер керекті дәрі-дәрмекті таба алмай-ақ қойғаны. «Қазірге жоқ, бізге бөлінбеген, өңшең дефицит» дейді. Соған мына бір қағаздарды толтырып, рецепті жазып берген. Оны іздеп табатын адам жоқ. Үлкен қалаға баратын өзім баланың жанынан шыға алар емеспін.
-- Әкел бері! Тірі жанбыз, табармыз.
Өзінің сөзі түйеден түскендей. Оған мән беретін кез емес. Жанбөпе қалталарын тінткілеп, бір буда қағазды оған ұстата салды.
-- Ертең күндіз жұмыстан босай қалсаң, облыс орталығына барып қайтшы. Алтын кесегі емес шығар, табылмайтын. Сенен басқа сенерім де, сүйенерім де жоқ, Бекдан.
Жігіт тосын мінез танытты. Бас салып, әй-шәйға қарамай қапсыра құшақтап мұның ернінен сүйіп алғаны. Келіншек одан мұндай қылық күтпеген. Абдырап қалды. Анау іс тынды дегендей үнсіз бұрылды да, «Уралына» отырып, бажылдата оталдырып, түн қараңғылығына сүңгіп кетті. Жанбөпе жүгіріп аурухана бөлмесіне қайта оралды. Баласының тауық төсіндей қалқыңқы кеудесі бір көтеріліп, бір түсіп ыңырсып жатыр екен. Кезекші медбике қалғып-мүлгіп ол отыр. Бұл баланың маңдайына алақанын басты. Науқастың шекесі күйіп тұр. «Құлыным-ай, қарашығым-ай!..» -- деп егіле берді. Ойы сан-саққа жүгірді. Бекдан керекті дәрі-дәрмекті ертерек тауып әкелсе екен деп армандады.Уақыт та қырсыққанда табандап қалған, жылжыр емес. Мұңдана отырып еріксіз өткен күндердің елесін көз алдына келтірді.
Ойлап қараса, мыңнан асатын жан тіршілік ететін ауылдың өз қызығы өзінде екен-ау. Жылдың төрт маусымы ауысқанын қыбыр-жыбыр әрекетпен байқамай да қалысады. Қауқиған сақалды шал көрсең күн жылыда төбе басында әңгіме сауып отырғаны. Өткендерін аңсайды. Суық түскенде төрі кең үйлерді жағалап, бірнеше топқа бөлініп, қонақшылап кетеді. Айтушы да, тыңдаушы да өздері. Азамат атаулы, әйел-еркегіне қарамай күнкөрістің қамымен бірі қалаға шапқылап сауда жасап, бірі азын-аулақ малын жайлап, кейбірі тиемелі телім жеріне егін егіп жүргені. Өзі сияқты биыл ғана салынған жаңа мектептің тас еденіне етігінің биік өкшесін қажатып жүргендері де бар.Балалардың қызығы өз алдына. Көбіне доп қуып, ақар-шаһар. Біразы күнделікті теледидар алдынан шықпайды. Компьютерден бас алмай ойнайтындар да баршылық. Әйтеуір өзінше қым-қуыт тіршіліктің қазаны қайнап жатыр. Бірақ соның бәріне сүлесоқ қарайтын біреу барына Жанбөпе күні бүгінге дейін таңданып жүр. Көбінше өзімен өзі әуре, мінезі тұйық. Ол манағы көлеңкедей көлбеңдеп, осы аурухананы төңіректеген Бекдан. Жаны жұмбақ жігіт өзі. Салт басты, сабау қамшылы. Жасы отыздан асып кетсе де үйленбеген. Әке-шешесінен қалған шағын баспанасы бар. Күндіз осындағы бір шаруа қожалығының «Кировец» тракторының рулінде өңкиіп отырғаны. Қолы бос кезінде де жұртқа онша жұғыса бермейді. Ескіден қалған «Урал» мотоцикліне отырады да бет алды қаңғып кетеді. Көргендер айтады: «Кейде сонау қырлардың басына барып, қыздырынып жатады», -- деп. Біреулер айтады: «Балалармен бірге атжалманның ініне су құйып, ойнап жүргенін көрдік», -- деп. Бұл да бір рет оның баспанасының жанынан өтіп бара жатып, еңгезердей жігіттің кептерлерге дән шашып, содан жас балаша үркітіп жіберіп, солардың билей ұшқанын қызықтап тұрғанын көрді. Әйтеуір ол туралы: «Алпамсадай зор денесі болмаса, әлі қарасирақ ойын баласының ой-өрісінен алыс кетпеген біреу», -- деп ойлайтын.
Жанбөпемен жақынырақ танысуының өзі қызық. Екі-үш рет аудан орталығында автобустан қалып қойған мұны ауылға ала қайтқан кездері болды. Алғашқысында жол бойы ләм-мим деп жақ ашпаған. Екіншісінде: «Бір жаққа зыр еткің келсе, маған кел. Саған жоқ демеймін», -- деген. Бұл іштей: «Қазір жеңіл көлік қат емес заманда мұнысы несі? Осының мотоцикліне қарап қалыппын ба?» -- деп ойлап, күлген де қойған. Үшіншісінде, есік алдына келіп тоқтаған соң: «Жанбөпе, маған тұрмысқа шықсаң қайтеді», -- деп қарап тұр. Келіншек ашуланып қалды. «Бұдан былай маңыма жолама», -- деп айтып салған. Содан кейін кездейсоқ кездесе қалғанда бас изесіп сәлемдесудің ишаратын жасағандары болмаса ашылып тілдескен емес. Әнеукүні Қазтай аяқ астынан жалп еткенде, сасқалақтап соның үйіне жүгіріп барғанын сезбей қалды. Енді бүгін, әлгінде ернінен шөлп еткізіп жөніне кетті. Мұның өзінен де бар-ау. Жан қысылғанда аңдамай: «Сенен басқа сенерім де, сүйенерім де жоқ», -- деп салды. Бүлдірді, сөйтіп. Жанашырлығына алғысын айтар, дос-жолдас та болып кетер. Бірақ, емексітіп әуре етіп қажеті қанша. Бойын аздап аулақ ұстағаны жөн.
Жанбөпе ауру баласының қасында өбектеп отырған сәтте Бекдан жол бойында құстай ұшып бара жатты. Қарсы соққан желден көзі жасаураса да рульде қасқайып отыр. Бейне бір тас мүсін дерсің. «Тезірек жету керек. Қалаға барудың қажеті бола қоймас осы. Ауылдың фельдшері Сақтағаннан-ақ табылуы мүмкін, әлгі айтқан дефицит дәрі-дәрмек. Ауылдағылардың аузынан суы құрып: «Ол ма, ол жердің түбіндегіні де табады», -- дейтін. «Қаладағы үлкен дәріханалармен байланысым бар», -- деп мақтанатын өзі емес пе. «Керек дәріні көзді жұмып тауып беремін. Тек қалталарыңда теңгелерің болсын», -- дейтін көрінеді. Қаржы табылар, әйтеуір, зәру дәрісі болса жарады. Жету керек, тезірек. Анау бала енді менің балам. Өз баламды ажалға беріп, қарап отыра алмаймын. Аман қаласың, кішкентай Қазтайым. Ойпырмай, Жанбөпенің ернінің ыстығын-ай!
Бекдан түн жарымында «Уралын» тырылдатып, қорабын қаңғұр-құңғыр селкілдетіп, ауылға да жетті. Ойланып жатпай Сақтағанның үйіне мотоциклдің тұмсығын тіреген. Шынжырлаулы дәу төбет арпылдап еді, оны тыңдар жігіт болмады. Терезенің әйнегін балаң үйрек саусағымен тарсылдата жөнелді.
-- Сақтаған аға деймін, Сақтаған аға!
Үйдегілер шырт ұйқыда болса керек, бірнеше мүинеттен соң ғана жарық жанды.
-- Кім әй, бұл?! -- деп сұрады фельдшер шіңкілдеген даусымен.
-- Сақтаған аға, есікті ашыңызшы, бұл мен, Бекданмын. Сізде бір шаруам болып....
-- Түн ішінде неғылған тығыз шаруа?
-- Айтамын ғой, аға, айтамын...
Фельдшер ұйқылы-ояу, мәйкішең күйінде есіней басып кеп есігін ашты. Бекдан ішке енді.
-- Ал айт, қирап бара жатқан шаруаңды. Жау шапты ма, немене?
Жігіт ебедейсіз қорбаңдап, төс қалтасынан дәрі-дәрмектің рецептін шығарды.
-- Мыналар керек боп тұр, аға. Аса зәру нәрселер...
-- Кімге?
-- Жанбөпенің баласына...
Сақтаған мырс етті.
-- Оған сен неге соншама алаөкпе болып жүрсің?
Бекдан мұндай сұрақты күтпеген. Аңырып қалды. Көздеріндегі мейірім әп-сәтте сөніп, шатынап, бұрқ етіп жарыла жаздады. Өзін-өзі әрең ұстады.
-- Баласы әл үстінде екен. Жанашыры жоғын білесіз.
Бұл ретте дауысы зілді шықты. Фельдшер ұғар емес.
-- Оймой дерсің, жанашырлық көрсетуін, ә. Қазіргі заманда жанашыр дегенің ақша. Ақшаң бар ма, оданда соны айт. Мынауың қыруар дәрі ғой өзі. Және шетінен таптырмайтын дефициттер өңшең, шетінен...
-- Ақшаңызды беремін ғой.
Сақтаған үйрекше байпаңдап, семіз денесін тайпалтып, төргі бөлмеге кетті. Әйелі де тұрса керек. Күбір-күбір көбейді. Сыбыр-сыбыр, күңкіл. Әлден уақытта сенекке бой көрсетті. Қолында қарыс келетін қағаз қалтаға толтырылған дәрі-дәрмек.
-- Мынауың тура қырық мың теңгенің дүниесі. Қане, қалтаңды қақ, егер бар болса.
Бекдан дәрінің құны мұншалықты болар деп ойламаған. Қалтасында он бес мың теңге бар еді. Жалма-жан соны уыстап, Сақтағанның қолына ұстата салды.
-- Бары осы, аға. Қалғанын кейінірек жеткізейін.
-- Әй, тоқтай тұр. Есіңнен шығып кетіп жүрер. Одан да он бес мыңыңа лайықтап берейін дәріні. Ақша тапсаң қалғанын келіп ала берерсің.
-- Аға, бұл құрғырдың бәрі сондай қажет болып тұр дейді. Қаласаңыз Жанбөпеден алып таңертең қолыңызға табыстайын.
-- Сөзді қойшы. Саудаға құрғақ уәде жүрмейді.
Фельдшер пакетті қол созым жердегі жәшіктің үстіне қоя салып, екіге бөле бастады. Бекдан не істерін білмей шешесінен нан сұраған жалтақ баладай тағы да жалына түсті.
-- Аға деймін, міне, міне сағатымды қалдырып кетейін осында.
-- Сағаттың не құны бар дейсің. Алтын деймісің ол. Неғылған түсінбейтін адамсың. Ақша әкел де, әкет. Бермеймін деп тұрғаным жоқ. Қызықсың өзің. Саған дефицит дәрі тауып беремін, сен болсаң маған дігірлейсің кеп, дігірлейсің.
Бекдан Сақтағанның әлгінде: «Оған соншама неге ала өкпе болып жүрсің», - дегеніне тіксініп, шамданып қалып еді. Енді сол шамдану тереңдеп, шым-шымдап тұла бойын биледі. Жүзіне күрең қан теуіп, ашу қысып, дір-дір етті.
-- Біреудің балпанақтай баласы өлім үстінде жатқанда мұныңыз қалай? Маған неге сенбейсіз?
Сақтаған ежірейе қарады.
-- Сен маған ақыл үйретпе. Басқалардікіндей бас өзімде де бар. Бірдеңені білеміз.
-- Оныңыз бас емес, қауашақ па деп қалдым....
-- Әй, не деп тұрсың, өзі былшылдап. Мен бұған жақсылық жасап... ұйқымды бөліп... орнымнан тұрып, дәрі-дәрмегін тауып берсем... күңкілдейді ғой, кепкен қарындай, төбедей болған неме... Шық үйден! Басынуын қарай гөр мұның. Керек болса басқа жерден табарсың дәріні, осылай сүметіліп... Іздегенің далада жатқан жоқ шығар. Сенің ақшаңа да қарап қалған жоқпын.
Бекдан істің насырға шапқанын байқады. Фельдшер байпаңдап келіп, былбырақ қолдарымен оның қарынан ұстап, сыртқа қарай сүйремек болды.
-- Шық деген соң, шық үйден, шіренбей! Шіренетің жерің бұл емес.
Жігіт мелшиіп тұрып қалды. Жанары ұясынан шығып, тым үлкейіп барады. Жанбөпенің қиналған сәттегі бейнесі қас қағымда елес беріп өтті. Баласының үстіне төне түсіп: «Сабыр жаным, сабыр етші. Бекдан ағаң дәрі-дәрмек тауып әкеледі, кешікпей», - дейтіндей. Бала оны сезетін халде емес секілді. Сандырақтап жатқандай...
Ашудан Бекданның көз алды тұманданып, қаны қарайды. Сақтағанның жалпақ, майлы безерген бетінен басқаны көрмегендей оған шүйіліп қарады. Ананың жылусыз жымсық көздері жылтырап, әлдене деп түсініксіз мыңқылдайды. Тап бүйтіп адам баласын жек көрмес. «Мынау ет пен сүйектен жаралған, жүрегі дүрс-дүрс соққан адам ба, әлде, пенде кейпіндегі хайуан ба?» Ол жағын ойлап, саралап жатуға мұршасы келмеді. Жұдырығы тастай түйіліп, жалпақ бетті нысанаға алып, құлаштай ұрып қалды. Темірдей қатты, қолтоқпақтай күшті жұдырық сарт ете қалғанда фельдшердің былқылдақ денесі ағаш еденге гүрс етті. Жігіт бұдан әрі ойланып күтіп тұрмады. Жүгіріп жәшіктің қасына жеткен. Сол қолымен дәрілерді қағаз қалтаға сала бастады. Бұл кезде айқай-шуға фельдшердің үйі түгелдей аяғынан тік тұрған. Жұмыртқадай аппақ балтырын жалтыратып, іш киіммен байбалам сап әйелі шықты. Оған іле-шала турсишең он алты-он жетілердегі бозбала көрінді. Ол шашы дудырап кеп, мысықша секіріп қапсағай денелі адамның жауырынына мініп алды. Жігіт шалт қимылмен сілкініп, бозбаланы анадайға топ еткізді. Қағаз қалтаны қолтығына қысып шығар есікке беттегенде, бұрышта тұрған балтаны қолына білемдей ұстаған Сақтаған алдын кес-кестей берді. Көзі қанталап:
-- Тастап кет, дәріні! Әйтпесе өлтіремін, иттің баласы! - деп жынданғандай айқайлап, түтігіп тұра ұмтылды.
Бекдан балтадан қашқақтап жүріп, сыртқы есіктің тұтқасына қолы жетті. Шегіншектеп шыға жөнелмек болғанда, Сақтаған қолындағы жүзі суық қаруды сілтеп кеп қалды. Көз ілеспес жылдамдықпен қолапайсыз көрінетін денесін ұршықша үйірген жігіт оның білегінен қағып үлгірді. Балта тайып барып, есікке қарш етіп қадалды. Бекдан фельдшерді фельдшерді іштен оңдырмай қатты «ыңқ» еткізіп бір теуіп, сыртқа ытқыды. Үйдегілер: «Өлтірді, өлтірділеп» шулап жатқанда, «Уралын» от алдырып, рульге қонжиып та үлгірді. Содан ешқайда аялдамай аудан орталығындағы ауруханаға бет түзеді. Мотоциклдің барылдаған дауысы ұйқыдағы ауылды селт еткізіп, түн қараңғысына сіңіп барады.
Жол бойы тәтті қиялдарға берілді. Қазтай құлантаза жазылып кетіпті дейді. Жанбөпе жүр күлімсіреп. Бұл оның нұрлы көздеріне сүйсіне қарайды. Ол бұған тағы бір томпаңдаған тауып беріпті. Үміт-ай десеңші. Бекдан болса балаларына сездірмей әйелінің әдемі аққау мойнына, ақ қайыңдай жарқ еткен жұмыр балтырына, қайқы біткен келісті төсіне ұрлана қарап қояды. Жанбөпе ондай сұғанақтықты қой дегендей, еркелей емеурін жасайды. Шіркін-ай, біреуді сүйіп қалу деген қандай бақыт еді! Жүректі жалынға орар ыстық сезім екен-ау! Бұрын қалай сезінбеген?! Әттең, әлгі фельдшердің сұрқия қылығы болмағанда... Мұны махаббаттың жұмақ бағы күтіп тұрғандай еді-ау. Енді не болар екен? Мұны алда не күтіп тұр? Байқаусызда, ашу үстінде тепкі қатты тиіп кетті ме екен? Арын ақшаға пұлдаған сұмнан бәрін күтуге болады. Сотқа беріп, істі етпесе жарар еді. Қызбалық жасап алды-ау, шамасы бүлдіріп алды. Болары болды. Нартәуекел! Қалайда тап қазір Жанбөпеге жету керек. Арғысын көре жатар. Бала жазылып кетсе болғаны, әйтеуір. Көп болса үш жылға, әйтпесе бір жылға кесер. Бұзақылық үшін осындай бап бар деп естіген. Бүлініп қалған ешнәрсе жоқ. Қабырғасы сынып, мүгедек болып қалмайтын шығар, Сақтаған. Сол заң кемірген мықтылар да кеудесінде жүрегі бар жандар шығар. Түсінер. Бұл айтар. Артықтау кеткен бұзақылығы үшін жазасын алар. Одан қашар бұл емес. Тек әйтеуір жазасын өтеп келгенше Жанбөпе күтсе болғаны да. Бұған басқа не керек?
Ауру баққан келіншек қалғып-мүлгіп отыр еді, гүр еткен мотоцикл даусынан селк етіп, шошып қалды. Бекдан қайтып оралар деп ойламаған. Қалбалақтап, терезеден сыртқа үңілді. Ай жарығымен қорбаңдап, аурухананың есігіне беттеген жігіттің тұлғасынан танып, жұдырықтай жүрегі қайраңдаған сазандай тулап кетті. Әй-шәйға қарамай сыртқа оқтай атылды. Екеуі ұзынша дәлізде соқтығысып қала жаздап, кездесті.
-- Міне таптым, бәрін, - деп жігіт арсалаңдап, қолындағы қағаз қалтаны ұстата берді.
Жанбөпе абдырап, дәрілерді кеудесіне қысқан күйі тұрып қалды. Сөйтті де алпамсадай Бекданды құшақтай алып, бетінен шөп еткізді. Бағанағы «емексітпеу керек» деген ойы тап осы сәт жеңіліс тауып, естен шыққан.
-- Рахмет саған, Бекдан! Қайдан тез тауып әкелдің?
-- Бәрібір емес пе, Жанбөпе.
-- Солай екен-ау. Мұны тез кезекші дәрігерге айтайын.
Келіншек байсалдылықты ұмытып, кекілді қыздардай тайраңдап, жеңіл жүгіріп ала жөнелді. Соңынан жымиып қараған Бекдан әлгі сүйістің табы қалғандай болған бетін сипап қойды.
Дәрігер табылған дәрі-дәрмекпен баланы емдеуге кірісті. Жанбөпе өбектеп қасынан кетер емес. Бекдан оны дәлізде бір сағаттай күтті. Дәрігермен ере шыққан келіншек оны сонда ғана байқады. Бетіне қаны теуіп:
-- Бекдан-ау, сен әлі жүрмісің мұнда? - деп сасқалақтап қалды.
-- Кет деген жоқ едің ғой.
-- Өкпешілсің ғой, өзің. Бұрын байқамаппын. Саған неге кет дейін. Сен болмасаң....
-- Жарайды, тым көтермелей берме, мені.
-- Көтермелегенім емес, шынында сен жақсы жігітсің...
-- Таң атуға жақын, Жанбөпе. Мен ауылға қайтуым керек. Полиция да хабарланып, іздеп жатқан шығар.
-- Полиция іздегені несі?
-- Ауылдың учасковойын айтам да.
-- Оның сенде несі бар?
-- Бір жағдай болып... Жарайды көйітпей-ақ қояйын. Саған айтпақ бір-екі ауыз сөзім бар. Тыңдашы Жанбөпе, өтінемін, сөзімді бөлме. Сені ұнататынымды білесің. Қырсық жағдай дөп келіп, той кейінге қалғалы тұр. Бірақ мені күт. Күдеріңді үзбе.
-- Не деп кеттің, Бекдан?
-- Ойлануға уақыт бар, Жанбөпе. Күтсең болды, әйтеуір. Ал енді сау бол! Мен кеттім.
Жігіт бұрылды да жүре берді. Келіншек аңырып тұрып қалды. Даладағы мотоциклдің дар етіп оталғанын естігенде ұмтыла беріп тоқтады. «Қап, тағы босқа емексітіп жібердім-ау. Ұстамсыздығым-ай, осы. Оны құшақтай алып, сүйіп алғаным дұрыс болмады-ау. Қуаныштан ғой, сол сәттегі. Оның не сөкеттігі бар? Бірақ, емексітпей бар мәселені ашып айтып тастау керек еді. Үлгермегенін қарашы. Бәлкім, ертең тағы келер. Сонда мәселенің басын ашып айтады. Солай да солай... Қол ұшын берген үлкен жүрегің үшін рахмет! Бірақ....»
Ертеңіне Бекдан келмеді. Одан арғы күні де, бір аптадан соң да қара көрсетпеді. Жанбөпе елегізіп сыртқа қараумен болды. Қазтайдың науқасының беті бері қарады. Білсе ол да қуанады ғой. Қайда жүр өзі? Полиция мені іздеп жүрген болар деді ма-ау, мені күт деді ме-ау... Не айтпақ болғанын бұл әлі күнге түсіне алар емес. Қайда кетті ол?
Арада бір ай зымырап өте шықты. Бекдан сол кеткеннен қайтып оралмады. Менен беті қайтып қалды ма деп ойлады Жанбөпе.

* * *

Қазтай құлан-таза айықты. Дәрігерлер үйіне қайтуға рұхсат берді-ау, бір күні. Жанбөпе әп-сәтте жиналып, баласын жетелеп, автобекетке келді. Билет алып, орындыққа жайғасқаны сол еді, фельдшер Сақтағанның әйелі Нәзипа сап ете қалғаны. Әй-шәй жоқ жоқ:
-- Әй, Жанбөпе, жиырма бес мың теңгемізді қайтар, -- дегені.
-- Апай, мен сізден ақша алған жоқ едім ғой.
-- Ойбай-ай, анау тоңмойын Бекдан саған түк айтпаған екен ғой. Желкең қиылғыр! Біле білсең балаңның ажалына арашашы болған біз. Онда тыңда, жиырма бес мың теңге қарызсың.
Анау көпіріп сөйлеп отыр. Жанбөпе аузы ашылып, тыңдап қалыпты. «Сөйтіп анау күні соты болды. Енді түсіндің бе, жиырма бес мың теңге қарыз екеніңді. Балаң міне, жазылыпты».
Жанбөпе күрсініп отырып қалды. Көзіне бүртік жас үйіріле берген. «Жиырма бес мың» деп сұңқылдаған Нәзипаға қалтасындағы барын ұстата салды. Анау сол сәтте мұны оңаша тастап жылысып кеткен.
Содан ауылға келгенше көкірегі қарс айырылып, күрсіне берді, күрсіне берді. «Бекдан-ай, азаматым-ай! Біз деп арандап қалыпсың-ау! Түсінсемші сырыңды. Ұғынбаппын жаныңды. Арысым-ай, Бекданым-ай! Сені бұзақылыққа итермелеген көрсоқыр пенделер ғой. Жүрегінде сәуле жоқ осындайлар да өзін адаммын дей ме екен?»
Ауылға келген соң алдымен өз босағасына бармай, Қазтайды ертіп Бекданның үйін төңіректеді. Шаң басқан терезеден бөлме іші әрең көрінеді. Жалма-жан қалтасынан қол орамалын алып, ақ жолақ тозаңды сүртіп тастады.
-- Апа, мұнда кім тұрған? -- дейді Қазтай.
-- Сенің көкең тұрған, балам.
-- Көкең алыс сапарға кетті дегенсіз.
-- Көп ұзамай келеді ол, ботақаным.
-- Біздің үйге келе ме? Мен оны әлі көрген жоқпын ғой.
-- Сөйтеді, ботам. Біздің үйге келеді, көресің оны. Сені мотациклмен серуендетеді әлі.
-- Онда жақсы болды, апа. Мен оны өте жақсы көретін боламын.
... Арадан үш-төрт ай өткен соң Жанбөпеге Бекданнан хат келді. «Еңбектеніп, өзін көрсеткені үшін мұның бір күні екі еселеніп есептелетін болыпты. Күт, көп ұзамай барып қалармын», -- депті.
Келіншек одан келген хаттардың бәрін жоғалтпай сақтап жүр. Оның жазғандарынан бойына ыстық бір сезім ұялап жататындай түйіледі. Болмыс-бітімі епедейсіз көрінетін Бекданды сағынып қалғанына өзі де таңданады.