Туындылары
БІР БЕСІКТІҢ ХИКАЯСЫ
Тумысында қазақта бесікке салу бар да, бесік алу деген болмаған. Арыға бармай-ақ біздің бала кезіміздің өзінде «бесік алу», «бесік әкелу» деген дәстүр жоқ еді. Соңғы жылдары айнымас ғұрпымыздың біріне айналып кеткен осы салт қанша ойлансам да көкейіме қонар емес.
Бесік жайлы, бесікке салу жайлы ойласам, осыдан біраз жылдар бұрын болған бір оқиға есіме түседі.
Көршімнің келінінің босанғанына көп бола қоймаған кез еді. «Бесік келейін деп жатыр» дегенді естіп үйіне бардым. Енесі базарлап кетіпті де, келіні үйінде екен. «Әпкелеп» құрақ ұшып тұратын келіншекпен сырластаймыз.
– Бесік алдырып, әке-шешеңді әурелеп қайтесің. Осы үйде де бесік бар емес пе? – дедім сөз арасында.
– Қойыңызшы, баламды қырық жылдық шіріп кеткен бесікке жатқызамын ба? – деді келін қиғаш қасы шымырылып.
Тілімді тістедім. Өз балам әкесі ғана емес, атасы жатқан бесікке бөленген. Одан кем болған жоқ. Атасы туғанда әкесі арнайы ағаштан шауып қолдан жасаған екен. Әрине, қазіргі бесіктердей оюлы, зерлі емес. Бірақ, екі ұрпақты тербетіп өсірген, бүгінде үшінші буынды әлдилеп жүрген жәдігер дүние. Байқасақ, бүгінде әрқайсымыздың үйімізде де оралып, буып-түйіп алып қойған осы бір құнды дүниеміз бар. Шаң басып бір жиһаздың үстінде, не сарай-қоймамызда жатыр. Келін босанса жаңа бесік аламыз.
Айналайын-ау, бала сіздікі емес пе? Неге оған нағашысы бесік әкелуі керек? Қазақ емессің ба? Бабам қазақта «бесік әкелу» деген салт болмаған. Қазақ баласы үшін бесікті өзі дайындаған.
Біз бүгін жаңа туған нәрестесі үшін бар жағдайды нағашысына жасатамыз да, екі жас ажырасып кетсе әкесі алимент төлемеді деп еркекті кінәлаймыз. Бесігін көтерген нағашысы баланың өсуін де мойнына алатыны заңдылық. Өйткені, баласы туғанда әкесі оған арнап бесік шауып, мейлі қолдан шаппай-ақ қойсын, сатып алып, әкелік міндетін сезінді ме? Жоқ!
Ал, енді оған алимент төлемеді деп қалай өкпелейсің?!
Бірді айтып, бірге кеттім білем. Баяғы көршімнің кішкентайы бесік алған соң көп ұзамай шетінеп қалды. Әрине, өте өкінішті. Араға жыл салып тағы да бөпелі болып еді, ол да тұрмады. Жас қой, бастары аман болсын дестік. Бір күні жаңағы нағашысы әкелген бесікті жалаң күйде көлігінің жүксалғышына салып алып қақпадан жүйткіп шыққан баласын байқадым. Көрші апам есік алдында орамалының ұшымен көз жасын сығымдап отыр екен.
– Білмеймін, бесіктен ба, басқадан ба, екі сәбиінің бірінен кейін бірі... – деп өз өксігіне өзі тұншықты.
Келіннің баяғы сөзі есіме түсті. «Бесіктен де, басқадан да емес, ниетте ғой апа» дегім келген. Үндемедім.
– Қоқысқа тастаймын деп алып кетті, – деп тағы жылады.
– Ойбу, обал-ай, – деппін.
– Айтқанды тыңдамады. Тыңдамайды ғой бұлар...
Қоқыста жатқан бесігіміз көп бүгінде. Киесінен қорықпаймыз.
Ұлтты ұлт ететін тілі мен дәстүрі ғана. Тіліміз бен дәстүрімізден ажыраған күні біз қазақ емес, ДҮБӘРӘ атанамыз. Осыны ұмытпайық.
Балаңыз «ӨЗ» бесігінде өссін.
Бақтыгүл АУДАНОВА