Төрегелді Байтасов

Туындылары


***

Ішкі сырды сырттағыға,
Білдірмейді бұл өңім.
Ашса ашар құпиямды,
Менің жетім өлеңім.

Сарыуайым сансыратар,
Соны анық білемін.
Сол себепті жайдарымын,
Жарқыл қағып күлемін.

Төрт құбылам сай секілді,
Көрген елге көлденең.
Жүрген жерім әзіл-күлкі,
Сырлы сұхбат, күнде өлең.

Кезім де көп жалын жұтып,
Енді бірде бал ішер.
Осындайда ыстық-суық,
Бар ма біреу бөлісер?!

Ақындық менен не жесін?
Сарсаңға түскен кезімде.
Көңілді жарым емдесін,
Сәулесін төгіп сезімге.

Өлеңнен басқа кім серік,
Барлығы өзін бұлдайды.
Өлеңім ғана шын серік,
Басқа түгел алдайды.

Өлеңге сосын іш тартып,
Мұңымды шағып, сыр шертем.
Жалған жос, жардан сол артық,
Сатып бір кетер күні ертең.

Жиырма төрт жаста дерт кешіп,
Қамалған сәтте тұйыққа,
Кеудеме келді жыр көшіп,
Иығын қосып иыққа.

Жеті жыл бойы бұл басым,
Өтті ғой азап арқалап,
Өлеңім – сырлас, мұңдасым,
Айнымай жүрген бір сол ақ...

1982 ж.