Туындылары
ҰРЫ БЕЗГЕК
Қазақтың ырымы қырын кетпеген
Таңғы шайға нан сұрай кеткен Қатыш кемпірдің келіні Гүлсім кеше кешкісін жоғалтқан айран дорбасын көтеріп арсын-гүрсін сөйлей келді.
– Міне, кеше жоғалтқан айран дорба. Ұрыны таптым. Осы кезге дейін сұрап алушы еді, енді ұрлауға көшіпті, бетсіздер! – деді айран дорбаны жаюлы дастарқан үстіне тарс еткізіп.
– Әй, кім алыпты? – деді Қатыш кемпір әлі де ештеңе түсінбеген қалпы.
– Енді айран да, сүт те бермеспін ұятсыздарға. Көрші отырып онысы несі?! Ұрламай-ақ, сұраса бермей жүр ме едік?! Жақсылықты білмейді екен-ау. Оларға бергенше сатқаным пайда емес пе? Көрші ғой деп айранды да, сүтті де тегін беріп жүрсем…
– Әй, кім алыпты? – Қатыш кемпір аузы тынбай сөйлеп жүрген келінінен даусын көтере сұрады.
– Кім болушы еді, сіздің ана Зиба «подружкаңыз»! Нан сұрап барсам бала-шағасымен айранды ортаға алып рахаттанып ішіп отыр...
– Алса алыпты да, қойшы енді, бір қалта айранға бола сөйлей берме. Ақсыз емеспіз ғой.
– Неғып ұрлап алады? Сұраса бермей жүрміз бе?
– Ұрлауға мәжбүр болған шығар, балам. Әйтпесе, қырық жылдан бері көрші отырған адам еді, ондайын көрмегенмін. Балалары алды ма екен? Қой, мен барып ол кемпірдің жағдайын біліп келейін, – деді Қатыш кемпір орамалын түзеп жатып.
– Жағдайы жаман емес. Шекер салған айранға нан батырып жеп отыр. Түгі де жоқ. Барып қайтесіз, одан да шайыңызды ыстықтай ішіп алыңыз.
– Ауырып қалған шығар, әйтпесе… – деді де арғы жағын айтпай Қатыш кемпір шығып кетті.
– Үлкендердің өзі айныған заман, – деді Гүлсім әлі де ашуын баса алмай өзіне-өзі күбірлеп. – Осы өзіміз баламыз көшеден бір зат тауып келсе «қайдан алдың?», «неге алдың?» деп сұрақтың астына аламыз. Ал, оларды қарашы, бір тостақ айранды ұялмай жабылып ішіп отыр. О, тоба, заманның айнығаны ма?...
Сол кеткеннен түске жақын келген енесінің жүзінен бір ашуды көрмеген Гүлсім таң қалды.
– Не болды апа, подружкаңыздан айранды неге ұрлап алғанын сұрадыңыз ба? – деді ақыры шыдамай.
Қатыш кемпір күлімсіреген күйі келіп төрге жайғасты.
– Е, балам, сендер не білесіңдер? – деді әлден соң. – Доқтыры жоқ, дәрісі жоқ бұрынғы заманда әр аурудың өзінің емі болған. Баяғыда да аяқ астынан қалтырап-дірілдеп, тоңып, ештемеге зауқы соқпай, безгегі ұстап ауырып қалған адамға тәбеті тартқан тағамын алып берсе немесе біреудің айранын ұрлап ішкізсе жазылып кетеді деп жататын шешелеріміз. Өзіміз де бала күнімізде безгек ұстап ауырғанда талайдың ұрланған айранын іштік, айналайын. Зибаның да кеше кешкісін бүкіл денесі құрысып, дірілдеп, безгегі ұстаған екен. Содан немересінің біреуін жібергені екен ғой. Ем болсын, әйтеуір...
– Қайдан білейін, – деген Гүлсім теріс қарап ернін шығарды.
– Қазіргінің жастарысыңдар, қайдан білесіңдер сендер. Сондай ырым-нанымдарды айтып отырмайтын біз үлкендерде де кінә бар шығар. Енді білдің, балам, барып кешірім сұрасаң болар еді, – деп келініне сынай қарап.
– Апа, ұялып тұрғаным, бірге барайықшы, – деді келіні де қызарақтап.
– Жарайды, бір тостақ сүт алып түс ауа барармыз. Терлеп бір сүт қосқан шай ішсін Зиба, – деген Қатыш келінінің кейбір тентектіктерін де ұмытып, сырттай сүйсініп қойды.
Бақтыгүл АУДАНОВА