Орынбай Шойбек

Туындылары


ТҮСІНІКСІЗ ДАУ

Үй іші аяқ астынан әлек-шәлек болды. Үлкендер жағы қызылқанат қораздың «кукарикулеп» шақырғанын күтпей-ақ қонақ күтудің қамына кіріскен. Дабыр-дүбірдің дүмпуінен Сержан мен Ержан да күндегідей төсектерінде керіліп жата алмады.
- Әй, Ержантай, тұр орныңнан мысықша пырылдамай. Әкең мен шешең сонау алыстан ат шабылтып келе жатқанда өстіп шалжиып жата бермексің бе? Даусынан жазбай таныды. Әжесі ғой бұл. Әне, кебісін сүйретіп осылай қарай беттеді. Келген бойда мұны мейірленіп иіскеп-иіскеп алды. Бетінен, иегінен сүйіп-сүйіп қытығын келтірді. Қызық өзі. Бұған дегенде мейірімі өзгеше. Өзінің байқауынша, Сержанды бүйтіп емешегі үзіліп, айнала-толғана бермейді. Көңілі келсе еркелетеді, көңілі түспесе ол да жоқ. Ол болса әжесін мұнан қызғанады. Оңашада ит көйлекті бұрын тоздырғанын білдіріп, үлкендігін жасап кететіні де бар. Сонда араша түсетін әжесі. Сержанның мамасы Сағиланың бұлтаңдағанына қарамай, әйтеуір, мұның өшін әперді.
Әжесі бүгін басына аппақ қардай тап-таза орамал салыпты.
Үстіндегі тілерсекке түсе шұбатылған көйлегі де кіршіксіз. Үйдің үлкені болғандықтан барлығы соның аузын бағады. Айтқаны болмаса қара кемпір өзгенің ақылына көне қоймас. Сержанның папасы да үп-үлкен болып оның алдында жұмған аузын ашпайды. Үлкен келіні Сағила ғана кейде бұртыңдағаны болмаса ол да бетіне қарсы келіп көрген емес. - Әй, Садыр, анау кетпенқұйрық тоқтыны өріске жібермей-ақ қой. Қадыржан мен келіннің несібесі шығар, қоңданып қалыпты. - Ержан ырду-дырду әбігердің бәрі мұның папасы Қадір мен мамасы Бикеннің құрметіне істеліп жатқанын ұқты. Өзі оларды жуық арада көрген емес. Бір келгенде мұның ақ кептері балапан шығарған. Қазір ол балапандардың өзі енелері сияқты үп-үлкен, балақ қауырсыны бір уыс кептер болды. Өздері осы жаз жұмыртқа басып жатыр. Папасы мен мамасы содан бері енді ғана бой көрсетпекші. Іштей қуанады, әрине. Қуанышын Сержанға сездірген жоқ. Қиғылық салуы мүмкін. Сенің папаларың сені сирек іздеп келеді десе, не демек. Оның папасы мен мамасы қасында. Бұған ұқсап қашан келді деп жолға жалтақтамайды. Мұның көбіне жанашыры тағы да әжесі. Кей-кейде «міне, сенің әке-шешең» деп ескі чемоданның түбіндегі суреттерді алып көрсетеді. Бұл талай қолына ұстап көрген. Бір қызығы, суреттегі адам Сержанның папасына ұқсайды. Әжесінің айтуынша, ағайынды екеуі бір-бірінің аузынан түсіп қалғандай. Садыр – үлкен, Қадыр – кішісі. Әжесі немересінің құлағына құйып жатады. Ержанның папасы оқымысты болыпты. Содан үлкен қалада оқыған, қызметке орналасқан. Қызметі де осал көрінбейді. Ауылға келіп –кетуге қолдары босай бермейді. Сондықтан болар араға талай уақыт салып сағындырып қойғаны. Ержан оларды бүгін көретініне қуанды. Не десе екен? Папа, маған да Сержандікіндей автомат сатып әпер десе. Онда Сержанға жалынбас еді. Жап-жаңа автоматты мойнына асып, көшеге шығады. Әп, бәлем, көрсін бәрі, білсін папасының алыс қаладан келгенін.
- Тұр енді, Ержантай.
Әжесі тағы қайталады. Мұның атын атады. Сержанды аузына да алған жоқ. «Өзіне сол керек, бүгін қоқаңдай алмас. Мамам мен папам әкелген тәттіден бермей қойып, жалындырайын өзін бір рет». Күндегідей сүйретіліп жүрмей, лып етіп орнынан тұрып, далаға шықты. Қолдарын жазып керілді, кірленбеген маржан тістерін көрсетіп есінеді. Анадайда кетпенқұйрық тоқтыны жығып салып, пышағын қайраққа жанып Садыр ағасы тұр екен. Ә, қара сирақ неме, әкең келеді дегенге елеңдеп жүрмісің? – деп дөрекілеу ақсия күліп қойды.
- Ағатай, олар қашан келеді? – деді бұл.
- Қарай гөр өзінің пысығын. Әкесі мен шешесін сағынғандағы түрі бұл енді. Сонда олар сені мен бізді жарылқап сөмкесіне бірдеңе сала келер деймісің. Қалалықпыз деп майда-шүйдені арқалап келуден жүздері қызармас. - Ау, жетесіз неме. Жас баладан ұялмай не деп күйсеп тұрсың? – деген әжесінің даусы естілді. – Онысы несі екен-ай!
Садыр үнсіз. Қара кемпірдің бетіне келіп, сөз арттырып алар. Оған ескертпей: «Етінің қардайын қарашы, базарға салса кемі жүз елу сом болар еді» деп мұрнының астынан ғана міңгірледі. Ержан мұны анық естіді. Бірақ Садыр ағасының сөзінің төркінін толық түсіне қойған жоқ. Ойлап та жатпады. Беті-қолын салқын сумен шаюға арыққа қарай жүгіре жөнелді.
- Оу, қара сирақ, қайда кеттің? – деп оны жарты жолдан қайтарып алды. – Бар, Сержанды осында ертіп кел. Папаң тез келсін деп жатыр дегейсің.
Мұрнын бір тартып қойып Сержан келді. Садырдың алдында өзін еркін ұстайтын. Сол әдетінше:
- Папа, менің орныма Ержанды жұмсаңызшы, - деп қиқарлық танытып тұр.
- Ол қара сирақ іс тындырмас. Өзің жүгіріп барып дүкеншінің үйіне мына нәрсені жеткіз. Бергенін тастамай алып қайт.
- Ержан да барсыншы, - деп анау қасарысып тұрып алды.
- Болыңдар енді, кіндіктері бірдей-ақ, екеуің барсаң екеуің бар. Онсыз бойыңа ас батпай бара жатса.
Сержан ауладан шыға бере қағазға ораулы нәрсені Ержанға ұстатып қойды. Бұлар келгенде дүкенші жұмысына баруға ырғалып-жырғалып енді жиналған екен. Екі баланың жас ет қолтықтап жетіп келгеніне қуанып кетті.
- Кім беріп жіберді, мұны?
- Папам, - деп Сержан тақылдады.
- Тұра тұрыңдар.
Дүкенші мол денесімен аюша қорбаңдап, үйіне еніп кетті. Байпаңдап тез оралды. Қағазға тап-тұйнақтай етіп оралған нәрсені Сержанға ұстатып жатып:
- Мынау қалта түбі. Папаңа ғана бер, - деп мықтап тапсырды.
Бұл сөзді олар дүкеншіден талай естіген. Садырдың жұмсауымен келіп, қағазға ораулы бөтелкені талай-талай алып қайтқан. Мұның не зат екенін де біледі. Қан түстес, қызыл шарап Садырдың жұрттан жасырып тамсана жұтатын таптырмас тағамы. Бүгінде солай болды. Сержанның папасы қораға сып беріп, кіріп шыққан. Көңілденіп қалыпты. Ысқырып жүріп, ыңылдай жүріп тоқты етін жіліктеп, әп-сәтте жәукемдеп тастады. Істі тындырып әйелі әкеліп берген бір тостақ қою айранды толайымен көтере салып, жұмысына асықты.
- Ертерек қайт! – деді қара кемпір баласына, - Қадыржан түске қарай шаң беріп қалар.
- Анау қисық ауыз бригадир бірдеңе деп жүрмесе...
Тағы да қара кемпірге естілер-естілмес етіп айтты мұны. «Папаң келсе маған жүгіре қоярсың» деп Ержанға құлаққағыс жасап, тапсырып кетті. Ержан жол бойына елеңдеумен болды. «Тезірек келсе екен мамасы мен папасы». Шаңдатқан машина көрсе жүгіріп шығады, жаяулатқанды көрсе көзін сүзеді. Сержан келіп ойынға шақырып еді, мұның зауқы болмады. Ол да бұған көп жалына қоймады. Автоматын мойнына іліп көшедегі топ балаға қосылып кете барды. Түс кезінде қара кемпірдің үйінде ырду-дырду басталды да кетті. Қуанышты хабарды жеткізген соң Сержанның мамасы Сағила болды. - Апа-ау, Бикендер келіп қалды, - деп асығып-үсігіп үйге кірген. Ержан мен әжесі түстік ішуге төргі бөлмеге енді енгендері сол болатын. - Келді ме шырақтарым! – деп қара кемпір қабалақтап қалды. Күні бойы жолға қарайлап, мамасы мен папасын бірінші көре алмағанына өкінген бала әжесін басып озып, далаға жүгірді. Осы кезде көлденеңдеп көк волга есік алдына тоқтай берді. Ержанның көзі ерекшелеу сәнді киінген екеуге түсті. Дәуде болса мамасы мен папасы осылар. Солармен бірге ақсия күтіп қызара бөртіп Садыр ағасы түсіп келеді. Қос чемоданды қаңбақ құрлы көрмей, жеңіл көтеріп алыпты. Ешкім одан сұрамаса да:
- Үйге жаяу келе жатсам... жолда кездесіп... өзі жақсы болды, машинамен зыр ете қалдым,
- дейді. Әжесі алдымен ұзын бойлы, сіріңке қара, шашы дудыраған еркектің маңдайынан сүйді. Анау еңкейіп иілмесе қара кемпірдің бойы жетпес еді. «Үп-үлкен адамды да жас балаша еміреніп сүйеді екен-ау». Кезек ақ сары, толықша әйелге келді. Оның да шашы дудыраған. Сержанның мамасынікі сияқты тілерсек соғатын ұзын емес, келте. Әжесі оны бетінен шөп еткізді.
- Әне, Ержантай өсіп қалды, - деп, анадайда тосырқап тұрған баланы көрсетті. Бірінші жеткен Бикен болды. Бас салып құшақтады. Екі бетінен кезек-кезек сүйеді. Қадыр да соны қайталады. Сонан соң чемоданның бірін ашып, түбінен асықпай су жаңа автоматты алып, мұның қолына ұстата салды. Ерінбей сонша жерден кәкір-шүкірі арқалап келгендерің, - деп Садыр жақтырмай қалды. - Қалада бар нәрсені әкеледі де, - деп, қара кемпір жуып-шайып жүр. Ержанның қуанышында шек жоқ. Көптен бергі арманы орындалып, қутың-қутың етіп, автоматты мойнына іліп жатыр. Қайдан келгені белгісіз, Сержан сап ете қалды.
- Ержан деймін, жүр бук-фук ойнайық.
- Ағаң мен тәтеңе сәлем бермейсің бе? – деп, Сағила килікті осы арада.
- Мынау Сержан ба? – деп, Қадыр оның да бетінен сүйді. Бикен басынан сипады, сүйген жоқ.
- Қара кемпірдің шаңырағына бұл күні көрші-қолаң, жүзтаныс адамдардың бәрі тегіс бір-бір рет бас сұғып шықты. «Қадыр кеше жүрген жалаң аяқ бала еді, бүгін, міне, білдей қызметкер екен, оқыған деген сол», - десіп тарқатып жатты. «Үйбай-ау, - деп бетін шымшылағандар да табылды. – Екі-үш жылда бір келгенде қара кемпірге – ең болмаса – басына салар жаулық та әкелмепті. Қос шабаданға тығындағандары екеуінің ауыстырып киетін киімдері екен. Одан басқа қалған жеріне баласына деп кәкір-шүкір ойыншықтар салыпты. Екеуі бірдей қызметте жүріп мұнысы несі, тәйірі». Көрші-колаңның жел ауыз әйелдерінің алып қашпа әңгімелері қара кемпірдің қаперіне кіріп-шықпады. Баласы мен келіннің келгеніне мәз. Жылдағыдай «пәлен жаққа курортқа кеттік» деп тартып отырса не істемек. Мұнысына да шүкіршілік. Айтқандар айта берсін. Жұрт не демейді. Баласы аман болса әлі-ақ әперетінін әперер. Соны киюге бұл жараса. Қайтсін олар да. Қалада тұрып бәрін сатып алады. Қалтасы қайдан томпайсын. Осыны ойлай ма басқалар. Басқалар дейді-ау, мынау үлкен ұлы мен келінінің күңкіл-сүңкілдерін естімегір құлағы шалып қалды. Қара кемпір күйінді-ай келіп. Өзгеге емес, өз ұлына. Көріп-біліп тұрып Қадырдан бірдеңе дәметкені несі? Қай сасқаны оның. Әлде анау жұдырықтай Ержантайдың бір тостақ көжесін ауырсынып жүр ме бұлар? Оның үстіне іліп алғандарын ғой пенсиясын жұмсамай, қымқырып қалып, өзі сатып әперді. Әй, осы Садыры мен Сағила келіні санасыз біреулер болып жүрмесін. Әсіресе, ұлына кіжінді. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп жүріп дәмешілін қара өзінің. Қара кемпір бет-жүзіне қарамай айтып тастады.
- Неменеге тарылып алдыңдар? Қадыржандар сендер деп келді. Екеуің қабақтарыңды кіржитпей, барыңды алдына жайып күтіп жібер, түге. Риза болып кетсін. Сендер де олардың отауына бара қалсаңдар жүздерің жарық болады. Қара кемпір аянып қалмады. Билік қолында болған соң осы үйдің тіске басар жұмсағын саралап, келген екеуінің аузына тосты. Бойы үйренсін дегендей Ержанды папасы мен мамасының қасынан бір елі қия бастырмады. Ойында түк алалық жоқ. «Аңсап, сағынып келді ғой, аз күн болса да мауқын бассын» деген байламға келген. Сөйтір Ержанның әжесі аңқылдап жүріп, кіші ұлы мен келінінің ішкі ойларынан бейхабар қалды. Оны қаршадай бала мамасынан келген күннің ертесіне-ақ естіген. Ержан айналшықтап олардың жанынан алыс кетпей жүрді. Бикен оны оңашалап, қолынан жетектеп бақша аралап кетті.
- Ерик, - деді ол. Баланың құлағына түрпідей тисе де, өзін солай атап тұрғанын ұғып мойнын бұрған.
- Сенің бізбен бірге Алматыға кеткің келе ме?
Ержан не дерін білмеді. Мамасы мен папасына бойы әлі үйрене қойған жоқ еді. Мына сұрақтан үркіп қалды. Сонан соң естілер естілмес:
- Әжем барса мен де барамын, - деді.
- Не дейді? Сонда мына бізден әжең жақын болғаны ма? Мамаң мен папаң біз емес пе? Оның үстіне өлмелі кемпір, енді қанша жүрер дейсің.
Бала Бикеннің сөзінің астарын түсінбей:
- Жоқ, әжемді жақсы көрем. Ол мені Сержанға ұрғызбайды, ешкімге ұрғызбайды, - деп сампылдап айта бастады. – Егер біреу тиетін болса, әжем оның сазайын береді.
- Ал қалада тәттінің неше түрі бар, қалқам.
- Өте көп пе? Автоматта көп пе?
- Көп керек болса папаң екеуміз саған неше түрлісін сатып әперейік. Тек бізбен бірге барғың келе ме өзі?
- Әжемді де ала кетейікші.
- Әй, Ерик-ай, баламысың деген. Не білуші ең сен.
Ұядай үйге апарып, далада өскен мәдениетсіз кемпірмен бірге өмір сүріп күлкіге қалар жайым жоқ.
- Әжем жақсы. Ол сізге де, папама да ұрыспайды. Маған ертегі айтып береді күнде. Білесіз бе, оның ертегілері өте қызық.
- Ертегі дегеніңді қазір радиодан да айтып береді.
- Тыңдағам. Бәрібір әжемдікіндей емес. Онан гөрі әжемді ала кетейік.
- Сен қоймадың-ау. Көрерміз қалқам.
- Ура, әжем екеуміз қалаға барамыз.
- Даурықпа босқа, - деп тыйып тастады мамасы. – Бұл әлі шешілмеген мәселе. Папаңмен ақылдасайын.
Папасы мен мамасы қалай кеңескенін кім білсін, әйтеуір екеуі Ержанның құлағына қалаға бару жөніндегі әңгімені шым-шымдап сіңіре берді. Бала қиялы шарықтап, онда барғанда не көретінін, қайда баратынын ойлаумен болды. «Қалаға келген қызық шығар-ау. Папасының айтуынша, бүкіл аңдарды қамап бағатын жер бар. Жолбарыс, аю дейсің бе, әлде қоян мен түлкі дейсің бе, бәрі осында. Көрер ме еді, шіркін. Онда баратын балалардың санына жету қиын. Қара құрым, топ-топ болып жүреді. Әрқайсысының қолында бір-бір тіл үйіретін балмұздақ. Бұл әлі ондай дәмді нәрсені жеп көрген емес. Дәп-дәу болып мамасының өзі: «Шіркін қаланың балмұздағы болар ма еді», - дейді. Үлкендер жағы өзара кеңесіп бір тоқтамға келді. Қара кемпірді де уақытша қалаға ала кетпек. Әжесі де келісті. Мұны естіген Ержан «алақайлап» тұра жүгірді. Сол бойында ауыл сыртында ойнап жүрген топ балаға барып қосылып кетті. Содан қарны ашып, ойыннан қалжырап шаршағанда бір-ақ оралды. Келсе әжесі ауызғы бөлмеде ағаш төсектің үстінде жатыр.
- Әже, сізге не болды?
- Ауырып қалдым, қарашығым. Басым солқылдатып алып барады. Кәрілік деген осы да.
- Ертеңге дейін жазылып кетесіз бе? Менімен бірге қалаға бармақ болған едіңіз ғой.
- Шырағым-ай, сен әкең мен шешеңнен қалмай-ақ қой. Мен жазылған соң өзім іздеп барамын.
...Сөйтіп Ержан папасы мен мамасына еріп қалаға кетті. Әжесі төсек тартып ауылда қалды. Немересін шығарып саларда екі бетінен алма-кезек сүйіп, теріс айналып кеткен. Бала оның жүзіне таңдана қарады. Бір тамшы жастың сай-сай әжімдерді аралап, иегіне құлағанын байқап үлгерген. «Әжем неге бүйтті екен» деген ой үлкен қалаға жеткенше есінен шықпады. Әжесі көздері жасаураған қалпында көз алдына келеді де тұрады. Папасы уәдесінде тұрды. Келген күннің ертеңіне-ақ зоопарк деп аталатын, дүйім аңдар қамалған жерге апарды. Бұл бес-алты аңның ғана атын біледі екен. Мұндағылардың саны жоқ. Ержан осыншама көп болар деп ойламаған. «Қап, әжем көре алмады-ау!» деп өкінді ол. Папасы сатып әперген балмұздақ та ұнады. «Әжеме апарып берсем қандай қуанар еді». Көңілінің түкпіріне оны да түйіп қойды.
- Әжем қашан келеді? – деген кеше мамасына.
- Е, екі апта болмай жатып жаман кемпірді сағынып қалдың ба? Тірі болса келер. Бүгін папасынан сұрамақ еді, анадайда тұрған мамасынан именді. Сөйтіп батылы бармай Қадырды айналшықтап жүргенде есіктің қоңырауы үстін-үстін «зың-зың» етті. Бикен есік ашты. Біреу асығыс бірдеңелерді айтып жатты. Папасы да елеңдеп солай қарай кеткен. Күбір-күбір, сыбыр-сыбыр. Әлден уақытта екеуі қайтып келді. Әп-сәтте ұнжырғалары түсіп, томсырайысып, состия қарасады. - Жолға жиналайық, - деді папасы. Бала аңтарылды. Үлкендер асығып-үсігіп киінді. Мұның үстіне де осында келгенде әперген су жаңа киімдерді ілді.
- Қайда барамыз? – деп сұрады Ержан.
– Қайда болушы еді. Анау жаман кемпірге топырақ салуға да тағы. Әрі-бері шапқылап өлетін болдық қой осы, - деді Бикен зілді дауыспен. Қадыр әйеліне зілдене алара бір қарады. Қабағы түйіліп, түтігіп алыпты. Жандарына ерген мына томпаңдаған болмағанда күректей алақанымен Бикенді жақтан тартып жіберуге бар еді. Өзін-өзі әзер ұстап қалды. «Біреу қазаға ұшырап жатқанда мына миғұланың айтқанын қарашы», - деп іштей күйінді. Ашуы сыртқа теуіп, бүйрек беті жыбыр-жыбыр етті. Бала болса шешесінің «жаман кемпірге топырақ салуға да, тағы» деген сөзінің төркінін ұға қоймады. Әйтеуір, ауылға баруға жиналғанына қуанды. Бірақ осы мамам неге әжемді «жаман кемпір» дейді деген ой санасынан кетпей қойды. Бұлар ауылға ертеңіне күн бата жетті. Садыр үйі ығы-жығы адамға толы екен. Қадыр топқа жақындағанда-ақ өкіріп қоя берді. Бикен де солқ-солқ еңірейді. Ержан түк түсінбей абдырап сасып қалды. Қарсы шыққан Садыр ағасымен папасы құшақтаса кеткен. Содан у-шу. Бұл көзі бақырайып әркімге бір қарайды. Бәрі азан-қазан жылап жатқан соң, бала да солқылдап қоя берді. Неге жылағанын өзі білген жоқ. Айналасындағылардың у-шуына ілесіп қосақ арасында қоса егілді. Жылап тұра берер ме еді, егер мамасы келіп оңаша бөлмеге алып кетпегенде. Бұл қалаға кеткенде әжесі осы бөлмеде ағаш төсектің үстінде жатқан. Қазір жоқ. «Қайда кетті екен?» - деп ойлады. Әлгінде Садыр ағасының папасына: «апамды алыс сапарға жөнелттік» дегенін құлағы шалып қалған. Оның «апам» деп отырғаны әжесі екенін бұл біледі. Е, онда ол кісі алыс бір жаққа кеткен болды-ау. Ол түні бойы әжесінің алыс сапардан тезірек оралуын тілеп жатты. Жол жүріп қалжыраған бала ертеңіне сәскеде бір-ақ оянды. Үйреншікті әдетіне салып есік алдына шығып керіліп, созылды. Анадайда садыр ағасы бас болып папасы мен мамасы осылай қарай келе жатыр екен. Жүгіріп алдарынан шықты.
- Қайда бардыңыздар, папа?
- Әжеңе, балам.
- Мені неге ала кетпедіңіздер?
- Сен барғанмен ол енді қайтып келмейді, - деді мамасы бір бүйірден.
- Ал мен оны сондай сағындым.
- Бар, қара сирақ, Сержанмен ойна, - деп осы кезде Садыр ағасы киіп кетті.
- Сәскелік астан соң Ержанды Сержан «фук-фук» ойнауға шақырды. Ол үлкендігін танытты. Көп нәрселерді біледі екен. Мұны оңашалап алып шығып:
- Әжем қайтыс болды, - деді.
- Айтқаныңа сенбеймін. Садыр ағамәжемді «алыс сапарға жөнелттік» деген.
- Сен түк білмейсің. Алыс сапарға жөнелттік дегені – сол. Келгендердің бәріне солай дейді.
- Шынымен бе?
- Енді қайттік?
Сержан иығын қиқаң еткізді. Ержан мұңайып қалды. Оның көңілі төбелердің ар жағына қарай ауды да тұрды. Бір қаға берісте Сержанның көзін ала бере сытылып шықты. Тізе бойы көтерілген қалың шөпті белуардан кешіп, басы әр жерден бір қылт етіп төбеге қарай төтелей тартты. Ержан молаға да жетті. Етекте көп төмпелер бар екен. Шеттегісінің топырағы әлі кеуіп үлгермепті. Күн көзіне енді ғана тобарсыған. Сержанға мамасы айтыпты. Осында көп төмпелердің арасына көз жұмған әжесін де көмген көрінеді. Оны енді өмірбақи көрмейсің. Қиялдап тұрған бала әлденендей дыбыстан сескеніп, шоршып түсті. Түсі суық сұр жылан, түбіртекке оратылып, ысылдап айбат шегіп тұр екен. Төбе шашы тік тұрып, жалт бұрылған. Аяғын шалыс басып оңбай құлады. Шыңғырып жіберіп, орнынан ұшып тұрды да, зытып жөнелді. Уыз бетін жас жуып кетіп еді. Неге жылағанын өзі де аңғарар емес. Әжесінен айырылғаны ма, әлде қорқыныш па? Әлгі сұр жылан тілін сумаңдатып аққа ораулы жатқан әжесіне жақындап бара жатқандай. Сол жылағаннан булыға тұншығып, үйге жеткенше көз жасы тиылмады. Оң жамбасы да тызылдай ашып жанын шығарып барады. Ағыл-тегіл еңіреген күйі ауызғы бөлмеге қойып кетті. Әжесі жатқан ағаш төсекке сүріне құлап, қыстыға булығып, солқылдады кеп. Бірақ оған көңіл аударған ешкім болған жоқ. Төргі бөлмеден екі әйелдің шыңқылдаған дауыстары шығып жатты. Оған оқта-текте екі еркектің гүжілдеген дауыстары қосылып қояды.
- Өлікті шығаруға мың сом мен он көйлектік таза мата кетті. Енді не істе дейсіңдер маған. Ең болмаса жетісін жөндеп өткізетін қаржы да ала келмепсіңдер жөнді. Бұл Сержанның мамасы Сағмланың даусы. Кейде Садыр ағаға осылай шаптығып жатушы еді. Бүгін мұның папасы мен мамасына кезек келіпті.
- Байғұс-ау, қалада тұратын бізде не қауқар бар. Қазірге бары мына екі жүз сом. Соны азсынбай ала тұрсаңдаршы. Бір тесікке тығын болар, - деп жатыр Бикен.
- Білдей қызметкерміз дейсіңдер. Ысқырықтарың жер жарады. Сөйте тұар жаман колхозшы бізге телміресіңдер, - деген Садыр ағаның даусы естілді. Папасы аспай-саспай жауап беріп жатыр.
- Қаза үстінде дауласпай-ақ қойсақ қайтеді.
Сағила ұзақ сөйледі. Ертең кемпірдің жетісіне ауылдың сорпаға шығарларын шақыру керек көрінеді. Көмектесіңдер деп қайнысы мен абысынына салмақ салды. Аналар: «Артық ештеңеміз жоқ, - деп азар да безер болған соң шарт сынды. «Таз ашуын тырнаудан аладының» кері келді. Мұндайда жүндеуге жеңілі өз күйеуі Садыр. - Аузын буған өгіздей неменеңе маңқиып отырсың? Үлкендігіңді білдіріп неге айтпайсың мына екеуіне. Алты жыл бойы анау баласын «қанағаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» пана болдық. Өле-өлгенше кемпірдің тауқыметін көрсеткен жоқпыз. Енді отырыстары мынау, сол жақсылықты ұмытып. Бүйткен туыстан жоғы жақсы. Бикен де ер-тоқымын бауырына алып тулап жатыр.
- Әй, сен бүйтіп аптықпа. Титтей баланың бір тостақ көжесін бұлдамай-ақ қой. Осы жұрттың ауылында тұратын туыстарын көріп жүрміз. Араға ай салмай ет, майын арқалап барада да тұрады. Сен не жақсылық істепсің маған? Жеті жылдан бері босағамды аттаған жоқсың. Тағы жарылқаймын дейсің. Ержанымды бағып-қаққан анау кемпір еді.
- Сөйткен кемпірге не құрмет көрсетіп жатсың. Соны ойласаңшы босқа даурықпай. Оны сенен сұрамаспын.
Бала одан арғысын тыңдаған жоқ. Үлкендердің түсініксіз дауының сырын ұға алмады. Сержан келді.
- Ержан, неге жыладың, біреу тиді ме?
- Жоқ, әжемді сағындым.
- Мен де.
- Білесің бе, екеуміз әжем жатқан жерге барайық.
- Қазір түн қорқамыз. Ертең барайық онда.
Екі бала құшақтасып жатып әжесін тағы есіне алды. Үлкендер болса кемпірдің жетісін атауға кім қанша жұмсау керектігін шеше алмай, дауласып жатты.