Бақтыгүл Ауданова

Туындылары


ТӘРБИЕ

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген әдемі әдеп пен
әдеттерімізді өз қолымызбен жойып жатқандаймыз...


Автобус соңғы аялдамаға жеткенде ымырт үйіріліп, кеш қоюланып қалып еді. Санұр автобустан түсе бере аялдамада құлап жатқан атаға көзі түсті. Атасына ұқсап кетті ме, жанына жақындай бере сыныптасы Бекзатқа:
– Қарашы, бір атай құлап қалыпты, – деді.
– Қойшы, қаңғыбас шал ғой, – деді Бекзат Санұрдың қолынан тарта.
– Мүмкін, қаңғыбас емес шығар. Ауырып, құлап қалған болар. Жер тайғақ, күн суық қой.
– Ой, қаңғыбастарға жолама, ауруы жұғып кетеді. Анам мен әкем солай деген.
– Менің де ата-анам жолама деген...
– Жүр, кеттік.
Бекзат Санұрды жеңінен тартқылап ары алып кетті. «Асатаяғы атамның таяғына ұқсайды екен» деп ойлады Санұр іштей.
Жып-жылы үйге кірген соң аялдамада көргенін тез ұмытты. Ізінше есіктің қоңырауы безілдеді. Әкесі екен.
– Келді ме? – деді әкесі есіктен бас сұқпай жатып қуанышы қойнына сыймай.
– Кім? – Санұр әкесіне сұраулы жанарынтіктей қарады.
– Атаң.
– Жоқ...
– Күтіп алуға уақытым болмаған соң, автобуспен бара беріңіз деп ем. Адасып кетті ма екен?.. Телефонын да алмайды.
– Атам... – деді Санұр тілі күрмеле. Ойына аялдамадағы көзіне ыстық көрінген шал түсті.
– Атам... аялдамада жатыр...
– Не? Неге?
– Құлап жатыр...
– Құлап жатқаны несі? Неге алып келмедің? – деді әкесі сұрақтарын үстемелетіп.
– Өздеріңіз ғой, көшеде құлап жатқан шалдарға жолама, ауруы жұғады деген... – деп Санұр күмілжи берді...

Бақтыгүл АУДАНОВА