Баян Тіленшина

Туындылары


ПАРАСАТТЫ ОЙ СУЫРЫП ТЕРЕҢНЕН...

Парасатты ой суырып тереңнен,
Жазсам деп ем айтарымды өлеңмен,
Үлкен олжа ұстатпады, ұғарсыз,
Біз – төлміз ғой муза-ананы тел емген.
Қараңғыдан қақырата қақпа ашып,
Сезімімді жая алмадым тап басып,
Қалам әлі бастықпаған асаудай,
Айдалаға бара жатыр ап қашып.
Айтсам деп ем мақсаттардың биігін,
Айтсам деп ем күншілдердің күйігін,
Әлі ерте екен... Қайысады қабырғам,
Ауырлықтан талды менің иығым.
Ізденумен өтті, өтуде көп күнім,
Содан шектім сәтсіздіктің көп мұңын,
Елім үшін, өзім үшін талпынсам,
Деп ойлаймын айып-шамы жоқ мұның.
Бәрімізге бес саусақтай анық жай –
Құпияны шеше алмайсың қанықпай,
Ұғымымша ұлылығы жақсының,
Қателігін жөндеуінде жалықпай.
Білмек болып мәңгіліктің дерегін,
Мен сапарға жаңа шыққан кеме едім,
Талабымның табамын деп керегін,
Болашақтан үміттеніп келемін.
Өзекті ойды арқау етсем өлеңге,
Жолығармын ақыр арман-әлемге,
...Біздің хал-жай міне осылай жан әпкем,
Сұрағанның барлығына сәлемде!