Туындылары
КӨЗМОНШАҚ
Сен жабығып, жабырқағалы қашан.Жалқы мұңнан жалығып та кеткендейсің. Жылы сөзге жадырап жымиған боласың да сұлбасыз ойдың соқпағына түсіп сансырап шаршайсың.Сенің қапысыз берілгеніне қуанғандай мұң толы тағдырының қабағы аздап мейірленгендей болады.
Сен болсаң мұнарлы мұңның құшағында күлімдейсің. «Қатқыл мұңнан нәзіктік тауып алдым »деп жүзіңдегі ерте түскен қос сызық күлімдегісі келгендей.
Таңмен таласып қала дүрмегінен қалыспай жұмысқа аттанасың.Автобусқа таласа-тармаса мінген сәтіңде шеткерірек орынды таңдайсың.Терезеге телміре қарап дүнияуи ойларға шомасың.Діні мықты емендерге,қабығы қатты қарағашқа қиыла қарайсың.Автобус қала орталығындағы базарды қақа жарып өтеді. Ана қалбалақтаған кейуананы көргенде жолыңды тосып жүрген анаңды ойлап күрсінесің.Әне біреу кішкене балалқайды көргенде ауылдағы перзентіңді ойлауың мұң екен.,жүрегіңді жылы сезім орайды.Ауылға кетіп бара жатып, есік алданда томпиып тұрып жылағанын есіне алды.
- Неге жылайсың?-деген сұрағына.
- Білесің ғой,-деп аузын бұртитып қояды.
Ия,айтпақшы білді екен ғой.кішкене жүрек қимай жылап тұр.Ересек адамдардың дәрменсіз күй кешетінін қалай түсіндіруге болады.
Еркіндік дегенің еркелікпен қатар балалықта қалып кететінін ұғындыра алмсы анық. Кейде сағындым деп жылайтын балақанын қызықтап:
- Қалай сағындың ?-дейді қуыршықтай бейнеге қадалып.ол кеуде тұсын нұқиды. Сағыныш мекенін көрсеткені ғой. Мұның мұңын еселеп.
Далада үскірік аяз.Тоңып отырып, қол жайып тұрған егде қайыршыға көзі түсті.
- Туу,адамдар не боп кеткен?Азанымен ана бейбақты аязға қаңтарып алып келгені несі? Еркі өзгенің қолына қараған адам тағдырының қауһарсыздығына жаны ауырды. Тағдырына араша тілеп,тағдырымен тілдескісі келгендей, қайтып көз салып еді,қайыршы күлімсіреп отыр. Күлімсіреп.
- Неге? - дейсің аң-таң күйде адасып қалғандай ақырын.
- Е.е, ол бақылаушы ғой.Онда әрекет жоқ,онда бейнелік түр ғана бар,-деді ішкі даусын үн қатып. /Сенің есіңе күлмегеніне көп уақыт өткені оралды.Айқайлап тұрып күлер ме еді/.
Жымиып еді,жанындағы кісі жақтырмай қарады. Ол енді сені бақылауға ала бастады. Неге күліп отырғанын сұрар ма еді?
Күлкісінің себебін сұрау демекші, өткенде бір қайыршыны көргенде еріксіз кідірген.Қайыр-садақа ұмсына беріп, көзі кеудесіндегі көзмоншаққа түсті.Кеудесіне көзмоншақ тағып алыпты.
-Онысы несі,құдайым-ау,адамдарға телміріп отырған, алақан жайған адам тағдырына кімнің көзі түсіп,кім қызығар?
-Апай,кешіріңізші.Бірақ,неге көзмоншақ тағып алғансыз? - деген сұрағына үндемеді.
Үндемеді. Көзі моншақтай кеудесіндегі көзмоншақты аялап.
Терезедегі қырау ыстыққа шарпылған кезде тамшы жас боп сырғанап барады.