Орынбай Шойбек

Туындылары


МІНЕЗ

Өміртайдың көңілі алаң боп, жұмысы өнбей-ақ қойды. Төменгі қабатта сылақшы қыздардың сыңқылдаған көңілді дауыстары естіледі. Мойнына су кеткендей ұнжырғасы түскен мұның жалғыз өзі. Ұзынтұра Есен ғана әлгінде:
–– Тісің ауырып жүр ме, немене? –– деген бет- әлпеті кіржиіп кеткен бұған.
–– Жоқ. Әлдеқашан үш-төртеуін жұлдырып тынғанмын.
Содан кейін ол да ежіктемеді, бұл да үнсіз. Сол кезде іздегенге сұрағандай құрылыс мастері Жүсіптің келе қалғаны. Өміртаймен құрдас жігіт. Мінезі жұмсақ. Қол астындағыларға жайлы. Құрылыс ісін бес саусағындай біледі.
–– Жүсіп, саламатсың ба?! –– деді бұл қуанып кетіп, көңілсіз күйден құтқарушысы келгендей.
–– Жұмысың өнбепті-ау сенің.
–– Уақыт та болып қалған сияқты.
–– Бақандай 30 минуттарың бар. Қимылдасаңдаршы жігіт сияқты.
Жүсіп Есенге қарай бұрылып бара жатты да кері қайырылды.
–– Айтпақшы, Өміртай, бүгін жұмыстан соң біздің үйге барайық. Әңгімелесеміз. Келіншегіммен таныстырамын.
–– Менің бойдақ екенімді ұмытпа. Мастер мырс етті. «Тізгінің боста жүре тұрғаның мақұл».
Екеуінің сен, мен десіп іш тартыса бастағанына көп болған емес. Сарыағаш қаласына көшіп келгелі жыл жарым уақыт енді өтті. Алғашында өте момын көрінгенмен, тұйықтау мастермен тіл қатысуы сирек еді. Кейін, әйтеуір, ол өзі бұған үйірсектеу болып кетті. Қазір де екеуі жаяулатып келе жатып ананы-мынаны әңгімелесіп қояды.
–– Отызға келдің, қашан үйленесің өзің?
–– Тізгінім боста жүре тұрайын деп ... –– деді ол мастердің өзі айтқан сөз шекпенін өзіне кигізіп.
–– Оның да мақұл. Міне, мынау біздің үй.
Екеуі де жұмыстан қатты шаршағандықтарын сездірмек болып, аяқтарын сүйрете басады. Тарпылдап екінші қатарға көтерілді. Есік жабық. !ште тіршілік лебі сезілмейді. Жүсіп қалтасына қол сұқты.
–– Әйелің бастық болса, көрген күнің осы.
–– Е, келіншегің бастық па еді?
–– Есітпеп пе едің? Әжептәуір, аудандық мәдениет бөлімін басқарады.
–– Жаңылсын Сериковнв ма?
–– Сен де біледі екенсің ғой. Соның өзі, оны қаланың тең жартысы, ауданның көпшілігі біледі. Міне, жоқ үйде Жаңылсын Сериковна. Төрімізді көрмеген қонақ келіп жатса да ...
–– Қызық екен, келіншегіңді Сериковна деп тұрғаның.
–– Несі қызық. Көрер ем сонда мен сияқты бастық келіншектің қас-қабағына қарап жүрсең.
–– Басқа басқа ғой.Ол саған бастық емес.
–– Әй, қойшы өзің, нені түсінесің сен.
Екеуі ас үй жаққа өтті. Шешінді. Жуынды, шайынды. Тоңазытқыштағы үш-төрт бөтелке минералдық судың да аузы ашылып. Үстелге қойылды. Есік сықырлады. Жүсіп мойнын созып қарады. Ақ құба, сәнді киінген, сұңғақ, көрікті келіншек ішке енді.
–– Жүсіп, әу Жүсіп! Мына заттарды ас үйге апарып қойшы. Шаршап келіп, кейіп отырған мастер еріне басып коридорға өтті. Екеуі сыбырласқан болды. «Үйде қонақ бар». «Кім?» «Жолдас жігіт, құрылысшы.» «Е, мұндай қонақты күтудің жарасы жеңіл. Оны-мұнымен алдай саласың». «Қызықсың сен, Жаңылсын Сериковна, қонақт ың бәрі бірдей емес пе?» Өміртай елең етті. «Жүсіп келіншегімен шынымен-ақ Жаңылсын Сериковна дейтін болғаны –ау. Мәдениет бөлімінің бастығы өзін солай атағанды ұнатады деуші еді. Сол сыбыс рас болғаны да».
–– Саламатсың ба, қонақ жігіт! –– деді ас үйге өткен бастық келіншек, –– Жүсіп –ау, төргі бөлмеге өтсеңдерші, мұндағы не отырыс, « Мұнысы дұрыс, - деп ойлады Өміртай, –– үйленбесек те келіншектің солай болуын білеміз». Жүсіп пен Өміртай шахмат ойнауға кірісті. Ойын ойын болмады. Үй иесі бастық келіншегінің жұмсауымен орнынан жиі тұрып кете берді. Жүсіп шыдай алмай күңкілдеді. –– Жаңылсын сериковна, ең болмаса бір партияны адам сияқты аяқтайын да.
Болды, бітті. Бастық келіншек қызметкерлеріне айтатын ұтқыр тілімен түйреп кеп берді.
–– Неменеге бұлданасың. Қонақ менікі емес, сенікі. Және дәрежеңе қарасаңшы, Аудандық масштабтағы бастық –– мына мен жай ғана құрылыс мастері саған қызмет істеуім керек пе екен ?!
–– Қойшы енді, Жаңылсын Сериковна. Үндемей қоя салмай бүлдірген Жүсіптің өзі. Сазайын алады енді.
–– Қой дейсің және... Анау тресте шалқайып отырған бастықтарың сендерді қалай тәрбиелейді екен. Сен сияқты этикадан мақрұм, түкті білмес немелер қолыма түссе цирктің атындай шыр көбелек айналдырып, үйретіп қояр едім бәрін. Өміртай шыдай алмады. Сасқалақтап, бөлмеден шығып жылыстай берді. Ас үй жүрген олар мұны байқаған жоқ.

Бұдан кейін де Жүсіп пен Өміртай құрылыс басында жиі кездесіп тұрды. Тілдесті де. Бірақ ойналмаған шахмат партиясы жайлы бір-біріне ләм-мим деспеді. Бірде екеуі ұзақ әңгімелесті. Жүсіп бастық келіншегіне іштей ренжулі екен. Қол байлау болады деп бала табудан да қашқақтаса керек. Соны айтты. Ашынды.
–– не істесем екен? –– деді ол бұдан көмек күткендей.
–– Өтішіш жаз да, –– деді бұл.
Анау бұған таңданып, үрке қарады. Бұл міз бақпады.

Арада төрт –бес ай өтіп кеткен. Өміртайдың өмірінде өзгеріс болғалы жатыр. Үйленбекші. Тойға кімдерді шақыру керек деген сұрақтар төңірегінде ойланғанда алдымен есіне мастер Жүсіп оралды. «Шақыру билетін бірінші соған беремін» Құрылыс мастері қырсыққандай соңғы күндері бұл маңнан бой көрсетпеді. Өміртай алыңдап іздеді. Келер емес. «Бүгін соғу керек екен», -- деп ойлады. Қолындағы кірпішті ырғап-ырғап орнықтырып бола бергенде қасына ентігіп ұзын бойлы Есен келді. Көзі жыпылықтап дегбірсізденіп тұр.
–– Естідің бе, ей! –– деді салған жердан.
–– не болып қалыпты,
–– Біздің мастер трестке бас инженер болыпты... бас инженер.
–– Кім? Жүсіп пе?
–– Одан басқа қандай мастерің бар еді? Соның өзі.
–– Жақсы болған екен,–– деді Өміртай жайбарақат.
–– Несі жақсы, –– деді Есентай, –– оның орнына бір тықылдақ келсе сонда көрерсің жақсы болғанды. Өміртай үнлеген жоқ. Жүрегіне жақын жігіттің қызметі өскеніне қуанды. «Жаңылсын Сериковнамен иығы теңесіпті –ау». Жүсіпке деген ыстық сезім жылт етті. Жақсы болды. Бүгін енді сөзсіз бару керек. Алдымен қызметінің өсуімен құттықтайды. Сонан соң тойға шақырады. Жоқ, тойға әлі бір ай уақыт бар. Айтпай тұрса да болады. Осы ойына бекінген ол. Кешке салып –ұрып таныс үйіне келді. Тағы да көзге таныс баспалдақ, табалдырығын аттаған таныс есік. Қоңыраудың түймесіне бармағын басты. Зың-зың. Кілт шылдырлады. Іле-шала есік ашылды. Әйелдің әдемі жүзі көрінді. Жаңылсын Сериковнаның тап өзі. –– Сен екенсің ғой, қашып кететін қонақ жігіт.
–– Мен едім, Жүсіп үйде ме?
–– Жүсіп Хайдарович жұмыстан әлі келген жоқ. Үйге кіріп күте тұр.
–– Жоқ, рахмет. Мен әншейін бар болса кіре кетейін... қызметімен құттықтап дегендей, ойлап едім.
–– Мұның дұрыс. Кеше Жүсіп Хайдаровичке айтқанмын, досың көрінбей кетті ғой деп.
–– Мен сөзсіз келемін, –– деп Өміртай баспалдақтан төмен қарай жөнеле берді.
Жолда келе жатып жымиып қойды. «Бұрын –– Әй, Жүсіп еді, енді жүсіп Хайдарович. Жаңылсын сериковнв өзгеріпті-ау. Қанша айтқанмен жары емес пе? Ойланған болар».

Демалыс күні Жүсіп пен Өміртай қаланаң кішкентай паркінде кездесіп қалды.
Қауқылдассын кеп.
–– Көптен көрінбейсің ғой.
–– Қызмет бабымен сендерге соғуға уақыт таппай...
–– солай екен-ау, бас инженер болуыңмен!
–– Рахмет. Өзің қалай? Кірпіштерді қалап жатырсың ба?
–– Қазірше қабырғаны қисайтып көрген жоқпын.
–– Мұныңа сенемін. Менің де жағдайым жақсы. Саған бір қызық айтайын ба? Айтсам, келіншегім мені Жүсіп Хайдарович деп дәрежемді тең қойып сөйлейтін болды. Бүған не дейсің?
–– Не дейтіні бар, енді ажырасудың қажеті жоқ. Екеуі паркті бастарына көтеріп , рақаттана күлсін.
–– Мен асығыстау едім, Өміртай.
–– Онда есінде болсын, алдағы сенбі өтіп, одан кейінгісінде тойға кел. Үйленіп жатырмын.

* * *

Тойға Өміртайдың жора-жолдастары көп жиналды. Бәрі көгершіндей жұптасып, бір-бір келіншектің қолтығынан алыпты. Құрбы-құрдастарының қатарындағы соңғы бойдақ мұның өзі болса керек. Оның да аяғы тұсалғалы отыр. Көпшілік сол қуанышқа жиналып жатты. Жүсіп те келді келіншегімен. Жаңылсын Сериковнаның жүзі сынықтау екн. Байқағаны , күйеуіне бәйек болып жүр. «Жүсіп Хайдарывич, тағамнан алсңшы». «Ау, жақсы қонақтар, Жүсіп Хайдаровичке қымыздан ұзатып жіберіңіздерші!» Той тарқады. Өміртай Жүсіптің келіншегінің мінезінің басқа бір қырына тағы таңданған да қойған. Кейін естіді. Сөйтсе, Жаңылсын Сериковна қызыметінен босапты. Бар болғаны қолына бір кітапхананың кілтін ұстап қалыпты. Арада екі-үш ай өткенде Жүсіп құрылыс жұмысын тексере келді. Өміртай екеуі арқын-жарқын отырып сөйлссін. Бас инженер тағы да үйге шақырды. Өміртайдың бұлтақтағанына қарамай ертіп әкелді. Жүсіптің келіншегі бұлар келмей-ақ ас-суды дайындап қойыпты. «Жаңылсын соңғы кезде көп өзгерді»,––деп Жүсіп мәз.
––Е, Жаңылсын дей бастапсың ғой.
––Қайтейін, солай ата деген өзі. Келіншегімнің көңілін бұрыннан-ақ қимаймын. Өміртай қоштасып кетер жерде Жүсіп мұның құлағына сыбырлады «Қуанышымыз да бар. Жаңылсынның аяғы ауыр».
––Құттықтаймын!
Өміртай бұл сөзді шын көңілмен айтты. Қуанып айтты.