Туындылары
КӨЛЕҢКЕ КӨҢІЛ
Қарапайым тіршілігі қарабайырланған кезде, қабағына мұң тұна қалатын. Үйлесімсіз үрей жанын жаныштап тұрса да, бақытты көрінгісі келіп тырмысып бағатындардың қатарында.Ақзере қиялы мен өміріндегі шындықты араластырып, қойыртпағын шығарып, қорытынды шығара алмай қиналатын. Күйеуі екеуінің арасындағы үнсіздік ұзаққа созылмады. Үнсіздікті еркелігімен бұзатын дәнекері болмағасын, онсызда селкеулі сезім сетіней берген. Көп ұзамай жалғыздықтың жабырқау таңы ататынын сезіну үшін аса сезімтал болудың қажеті қанша?!
Сол сәт орнай қалғанда да, бірыңғай өміріне бауыр басқан көңілі құлазып, пнде тірлігіне деген қимастық пен аяушылық қатарласып егілте берген. Жанын шаттыққа көміп тастамаса да, жалғыздық ұғымынан арашалауға ұмтылған күйеуінің де төзімі ұзаққа бармады. өзіне бақыт бұйырмағасын, өзгені бақытты етем деу де адам баласының ізгілігінен туындаған әурешілік екен.
Шайқатылған тағдырының бағытын қайда бұрарын білмей, ұзақ есеңгіреді. Ессіз өмір кешуге еркі жібермейтіндей. Басы бүтін тағдыры аяғын әлтек –шәлтек басады. Сол тағдырының шешімін сәуегей өлшеп берердей, қала орталығында тұратын палшыға асыға басып келген.
Сәуегей әйел темекісін ұзақ тартты. Ақзеренің көңілін әбден ыстап тастауға асыққандай, тағдыр пішіндес палшы отыр. Қобызын күңіренте жөнелді. Қасиетті қобыз әйелдің ысталған саусақтарынан шошынатындай, бебеу қағуда. Қобызын кілт тоқтатты да, қолына жып-жылтыр құмалақ тастарын алып, шайқап-шайқап шашып жіберді.
«Тағдырым палшының шашылған тастарындай» деген бір тіркес ойына орныға алмай, аңырып қалды. өзі сияқты орнын таба алмай есеңгіреп қалатын ойлары көңілінде жеткілікті еді.сәуегей мұның жаутаңкөз әрі сынағыш көз қарасын, жақтырмағандай кіль ете қалды.
- Изучать етіп болдың ба?
– Иә, - деп амалсыз мойындады. адамның ойын оқуға ынтықтығын байқап қалыпты.
- Онда тыңда, тағдыр жолын ғой білгің келгені. Тау жақтың қызы екенсің. Туған жеріңде жалғыз кішкене ғана бұлақ бар. Сенің тағдырың сол бұлақ сияқты. Саған отбасылық бағыт бұйырмаған.Жалғыздықтың азабын тартып өтесің. Иә, әрине саған жар болғысы келетіндер аз болмайды. Сен де өзіңді осы жанмен өмір сүріп кете алармын деп көндіресін, алдарқатасың. Бірақ, пешенеге жазылмаса не шара? Олар небәрі сенің өміріңнің жолаушылары. Келеді, мерзімі біткенде ұзай береді. Тағдырыңның жағалакында жалғыз қала бересің. Бірақ, кез келген жан маңыңа келе береді деп те айта алмаймын. Сенің бойыңда қорғаушың бар. Иә, сен де защитный код та бар. Тағдырыңа тура келген жанның бірі саған махабатты сезіндірсе, бірі сатқындықты ұғындырады. От боп жанып өртеніп, суға да түсерсің, сол азапта өртенесің.Өксисің. Өртенген күйігің сезім болып шертіліп, жыр болып төгіліді. Ақын тағдыры солай, қарағым.
Ақзеренің көңілі жұбаныш тапқандай. Жылаңқы сауалына мардымды жауапты сәуегейдің қырқ құмалағы шашылып барып сөйлеп жатқандай. «Кімнің қарғысына, қай жерден қателестім, неге сүріндім, неге бақыты қара атандым?» - деп жер буырлатған азапты ойына кесімді жауап тапқандай. Тағдыр дей ме ? Тағдырына амалы не, көнбестік таныр да көндігер.
Ақзере құранды Алла, «Жақсылықты өзімнен, адамдар жамандықты пейілінен табар» деген сүресін білетін.
Палшы әйел дәптерін ашып, өлең оқыды. Өлеңдерінің ұғымы қанағат жайында екен. Аян мен келген өлең еді. Сөз түсінержанға ұқсайсың, ойды ашық айтшы, бұл өлең бе, сандырақ па? – деген сауалға күмілжіп қалды.
- Иә, өлең. Өлеңіңізде ой бар да, образ жоқ.
Палшы әйел жайалықтай ернін еркіне жіберіп, ақтарыла күлді.
- Образ деген не? Мен оны түсінбеймін ғой мен өлеңде өмірдің «Неге? » сауалына жауап іздедім. Таппадым. Иә, сенің тірлігіңде де ой бар да, «Неге?» жоқ. Соны таппай журсін,- деп тұйықтады.
Ақзере «Неге ?» мен иесі жоқ табалдырығына оралды. Жетімсіреген көңілінің ескірген естелігін оймен шарлап кетті.
Оқу орнының соңғы курсында көрші қаладағы ағасының үйіне қыдырған. Қоғамда өзгеріс болып, өндіріс орындары жаппай жабылып жатты да, елде жұмыссыздық жайлап, жұрт шетінен көтеріліп көше бастағандықтан, қалада қиранды үйлер мен қаңыраған ғимараттар көбейген. Қызығын ерте ұрлатқанына қысылатындай, базарын ерте тонатып алғанына арланатындай қала сұлқ түсіп жатыр. Көшелеріндегі орындықтар мен сынбай қалған шамдар ғана бұрынғы салтанатынан хабар бергісі келгендей әсерді бастан кешіреді. Қаңыраған үйлердің қазіргі тұрғандары – жабайы иттер мен мысықтары солардың дыбысынан мәңгірген қалада қорқынышты үн үстемдік ететін. Ал, адамдары қаладан кете алмай қалған дәрменсіз күйіне жабырқайтындай, қабақтарында салқын сыз бен көшкен қаланың бәз - баяғы қалпын аңсайтындай бір терең мұң орнап қалған.
Ағасы кешке жұмысына кетіп, қапырық үйден қашып шыққандай Ақзере жеңгесі мен кешке ауада сейілдеп келеді. Кенет қаңырыған бос үйлердің бірінен ұзын бойлы қара кісі шықты да, бұларға өңмеңдей ұмтылды. Жанын арбап, қасына келіп тап-тап бергендей.
- А,а,- деп шыңғырған күйі Ақзере сылқ құлаған.
Көзін ашса, әлде бір жан, жо-жоқ таныс бейне дұға оқып отыр. Мұңлы да сазды, қасиетті Құран аяттары жанын тербеп барады. Түсім екен ғой. Бәсе, өзімен қатар сыныпта оқыған Мырзабай қайдан келсін. Ақзере өзі ұнатқан сол жанның бейнесін көргенде, өң мен түстің арасындағы қалыпта еді. «Мүмкін емес» деп күбірледі.
Мұның есін жинағанын байқаған молда кетуге оқталды. Бір сәт жұмбақ жанарына үңілді де, селк ете қалған сезім таңданысын өзіне біткен салмақтылыққа жеңдіріп, жеңгесімен қоштасып, шығып кетті.
Басынан өткерген оқиғаға таңдана өткенді шарлады. Жеңгесі лқамқор үн мен мұның ойын бөліп:
- Ақзерем-ау, мұндай ауруың жоқ еді ғой. Қатты қорқтым. Есік алдында құлап қалғанында, көршілерге жылап жүгірдім. Көрші Нұргүлдің үйінде қонақтары бар екен . Көмекке барлығы ұмтылды. Әлгі қайнысы молда екен елпілдеп жүгіріп келді, Дем салғасын тәуір болып қалдың ғой. Туу, қорққаным –ай! Ақзере жатақханада қатты құлап, ауруханадан бір-ақ шыққанын жасырды.
Ауырсына дем алдды да:
- Қайнысының аты кім? – деді.
- Аты деймейсің? Оны сұрамаппын – деді жеңгесі таңырқай.
Көзіне ұйқы тығылғанша молда бейнесіндегі Мырзабайды ойлады. Бой түзеп, бұла сезім бүршік жарғанда, сол жанға ғашық еді. Қыз жүрегінде алғашқы сезім ұяң ғана бұйығы қалыпта жұмбақ күй кешті. Арман қуып жан – жаққа аттанып кете барды. Бірақ, алғаш көңілінде оянған сезімі әдемі мұңлы сағынышқа оранды. Есіне түскен сайын: «Бір жоғарға оқу орнында студент шығар. Менің сезімімді аңғармады» деген іштей бір мұңайысты басынан өткеретін. Мылқау да момын мұңың аяйтын да.
Сол Мырзабайдың молда болып, дем салып отырысы ішкі сезімін төңкеріп тастағандай таң ғажайып таңғалысты басынан кешірді. Ішінен әжесіне ұқсап:
- Шебер Құдай – ай! – деді таңданысын жасыра алмастан.
Жеңгесі таңертенмен қою шәйді баппен демдеді. Сызыла отырып, кешегі молда балаға барып, батасын алайық деген ойын жеткізді.
Ақзерені бір сезім билеп барады. Қайтып көргісі, тілдескісі келетіндей. Жүрегі де бұлқынып, өзіне бағынбай бара жатқандай. Жеңгесі екеуі Мырзабайдың үйін адаспай тапты. Есік алдына жиналған көпшілік ауру жанына шипа іздеген жандар екенін ұққан. Сол сәтте үйден сұңғақ бойына ұзын ақ шапаны жарасып Мырзабай шықты. Бұған жылыұшырай қарағанда көзінде «Келетінінді білген едім» деген сөз жазылып тұрды.
Ақзереге кезексіз кіре бер дегенді айтып, бөлмесіне кетті. Өзгелер аңтарыла қарасты. Ақзере сансыз көзқарастан тайсалғандай имене ішке енді. Мырзабай малдас құрып отырды да, әдемі әуезбен дауыс қырағатын келтіре дұға оқыды. Мүлгіген тыныштық.
Кешегі алып - ұшқан жас жігіттің жанарының жарқылын бір сабырлы да салмақты ақылды мұң жұтып жіберіпті. Тағдырына көндіккен сыңайының түкпірінде амалсыздықтың кебі жасырынып жатқандай. Әсем әуез ді өзе жете алмай қалған армандарының тізбекті жолдарындай, соны жасырғысы келіп өзге ттілде айтып отырғандай көріне берді. Ауыруын меңдеген адамдарды аяықтыру үшін, өз жанының ауыруын сездірмеуге бекінгендей ішкі түйсігін сезіп отырды. Аңғарды да бұл да іштей ешқендау әуенсіз күбірлей берді:
- Мырзабай, жүрші, кетейікші. Сен талантты да қайсар едің ғой. Кетейікші, сен оқуға түсесің. Сен анаң мен екі қарындасыңды қимай, кете алмай қалдың ғой. Сенің бойыңда қасиет барын білемін. Қазақтың әр перзенті аруақты. Аруақты екеніңе шек келтіріп отырғаным жоқ. Иманның, Алланың ақ жолын да мойындаймын. Бірақ, ілім жолын игеру үшін де оқуың, арабша, діни сауатты болуың керек, - деп сөйлеп тұрды. Дауыстап айтуға алдене ерік бермейтіндей.
Мырзабай мұның ойын көзінен оқып білді. Қыз жүзіндегі мүсіркеудің жұқалтаң пердесі желпіп өткенін де сезбей қалмады . Соған ыңғайсызданған Ақзере:
- Мырзабай, менің ауруым қандай?- деп жеңіл сұрай салды.
Мырзабай шаршаңқы үнмен;
- Ақзере, сенің бақ жолың байлаулы. Некең де сәтсіз болады. Жалғыз өтуің мүмкін. Сол үшін қазірден бастап намазға жығыл, имандылықты ұстан. Ниет бролса болғаны, намазды үйретейін. Бірге оқиық.
Ақзере өзінің паң қалпына ауыса қалды. Жайнаған жасшағын орамалмен бүркеуге, жығылып намаз оқуға ертерек деп шешті.
- Оқимыз ғой түбінде. Ал, қазір ертерек. Мен ертең кеткелі жатыр едім. Мырзабай, жақсы, сау болып тұр,- дегенді әзер айтты. Бір қимас сезім еркін билеп бара жатқандай.
Ақзере иман мен құран әуезі әуелеген бөлмеден жамалы жасыл дәуреніне асыға аттады. Ұзап барып жалт қарағанда терезеден Мырзабайдың ойкешті қалпын көрді.
- Жап-жас шағында молда болып кетіпті, - деді, таңырқап келе жеңгесіне назар аударып.
Мырзабайдың әкесі ертеректе қайтыс болған. Бәлкім, сол аруақ тербеген шаңырақты ұстап тұрут үшін мойын сұнды ма? Бәлкім, анасы мен екі қарындасын тарықтырмау үшін барды ма бұл қадамға. Бәлкім ойына тазалық, бойына жеңілдік тапты ма ? Қашан ойланса да шешімін таба алмай сансыраған. Көз қарасы да өзгеріп кетіпті, бұл дүниесінен о дүниесін көбірек ойлайтын сияқты.
Иә, ертеңіне асығып жолға шықты. Алдынан әлдене күтіп тұрғандай, алабұрта аттанды. Әлгі күнге шейін сол үлкен жолда жолаушылап келеді.
Тапқан бақыты да баянды болмады. Күндері күтумен өтіп барады. Ал, түнде, түсіне аппақ шапан киген сол жігіт жиі кіріп, мұны аяп, жүзіне барлап:
- Намазға жығылсаңшы, - дейді жаймен.
Ал, бұл үндей алмайды. Баяғыша, «Жаспын, әлі ерте» дей алмай оянады.