Туындылары
ПАРЫЗ БЕН ҚАРЫЗ
Есебін таппай дымның да,
Ішімнен талай тындым да.
Қуғаным ашқа емес-ті,
Әуелден ынты-шынтымда.
Жүрегім менің бар ізгі,
Санайтын биік парызды.
Әманда жолды ашам деп,
Шұбалтып қойдым қарызды.
Жақсының жаны тәрізді,
Көрінер асыл әр ізі.
Адамдық парыз өтелсе,
Өтелер пұлдың қарызы.
Байқасам жолым – тар, ұзақ,
Қалмайын жапа, жалғыз ақ.
Әзірге келем қатарда,
Парызға бола қарыз ап.
***
Судан таза, айдан ақ,
Әділ әкім қайдалап,
Халық біткен талықты,
Заман мынау тайғанақ.
Көк Түрік деп егілген,
Қабырғасы сөгілген.
Ақ тер, көк тер шомылып,
Қызыл қаны төгілген.
Қайда Білге, Күлтегін?!
Ұмытты ма ел тегін.
Топ бастаған мықтылар,
Қазір неткен келте едің?!
Әкімдер жүр майдалап,
Жеке пайда қайдалап.
Қалың халық қамықты,
Заман мынау тайғанақ.
1996 ж.