Зылиха Жантасова

Туындылары


ТАМШЫ ЖАС

Сен жабығып, жабырқағалы қашан. Жалқы мұңнан жалығып та кеткендейсің. Жылы сөзге жадырап жымиған боласың да, сұлбасыз ойдың соқпағына түсіп сансарып шаршайсың. Сенің қапысыз берілгеніңе қуанғандай мұң толы тағдырының қабағы аздап мейірленгендей.
Мұнарлы мұңның құшағында күлімдейсің. «Қатқыл мұңнан нәзіктік тауып алдым» деп жүзіңе ерте түскен қос сызық та күлімдегісі келгендей.
Таңмен таласып қала дүрмегінен қалыспай жұмысқа аттанасың. Таласа тармаса көлікке мінгенде шеткерірек орынды таңдайсың, терезеге телміре қарап дүнияуи ойларға шомасың. Діні мықты емендерге, қабығы қатты қарағашқа қиыла қарайсың. Автобус қала орталығындағы базарды қақ жарып өтеді. Ана қабалақтаған кейуананы көргенде жолыңды тосып жүрген анаңды ойлап күрсінесің. Әне біреу кішкене балақайды көргенде ауылдағы перзентіңді ойлауың мұң жүрегіңді жылы сезімге орайды. Ауылға кетіп бара жатып, есік алдында томпиып тұрып жылағаны есіне түсті.
- Неге жылайсың? -деп сұрасаң.
- Білесің ғой, -деп аузын бұртита қояды.
Иә, айтпақшы біледі екен ғой. Бала жүрек қимастықпен жылап тұр. Ересек адамдардың дәрменсіз күй кешетінін қалай түсіндіруге болады.
Еркіндік дегенің еркелікпен қатар балалықта қалып кететінін ұғындыра алмасы анық. Кейде сағындым деп жылайтын балақанын қызықтап: «Қалай сағындың?» дейді қуыршақтай бейнеге қадалып. Ол кеуде тұсын нұқиды. Сағыныш мекенін көрсеткені ғой. Мұның мұңын еселегендей сыртта үскірік аяз. Тоңса да қол жайып тұрған егде қайыршыға көзі түсті.
- Туу, адамдар не боп кеткен? Азанымен ана бейбақты аязға қаңтарып алып келгені несі? Еркі өзгенің қолына қараған адам тағдырының қауқарсыздығына жаны ауырды. Тағдырына араша тілеп, тағдырымен тілдескісі келгендей, қайтып көз салып еді, қайыршы күлімсіреп отыр екен.
- Неге? -деді ақырын, аң-таң күйде адасып қалғандай. Е-е, ол бақылаушы ғой. Әрекет жоқ, онда бейнелік түр ғана бар,-деді ішкі даусы үн қатып.
Есіңе күлмегеніне көп уақыт өткені оралды. Айқайлап тұрып күлер ме еді.
Жымиғанына жанындағы кісі жақтырмай қарап бақылауына ала бастады. Неге күліп отырғанын сұрар ма екен? Күлкісінің себебін сұрау демекші, өткенде бір қайыршыны көргенде еріксіз кідірген. Қайыр-садақасын ұмсына беріп, көзі кеудесіндегі көзмоншаққа түсті. Көзмоншақ тағып алыпты.
Онысы несі, құдайым-ау, адамдарға телміріп отырған, алақан жайған адамның тағдырына кімнің көзі түсіп, кім қызығар?
- Апай. Кешіріңізші. Бірақ, көзмоншақты неге тағып алғансыз? -деген сұрағына мізбақпай үндемеді.
Кеудесінде көзмоншақты қолымен аялай сыйпап қойған.
Ыстыққа шарпылған терезенің қарауы тамшы боп еріп сырғанап барады. Тура бір көз жасындай...