Туындылары
ТАҒДЫР БИІ
Таң азанымен қарбалас тіршілік басталады. Жайбарақаттық болмысын жылдамдыққа алмастырып аласұрады. Ұлын балабақшаға жетектеп, қызын мектепке жетелеп, жұмыс орнына асыға жетеді.
Бүгін қарттар үйіне барып қариялармен жүздесуі керек. Алғаш қарттар үйіне бару керектігін ескерткенде аса қатты қарсылық танытпады. Жүрегінің нәзіктігінен аздап сескенсе де, кеудесін мұң кернеген жандармен жүздесуден қашқақтамады.
Айсәуле мінген филормонияға тиесілі көлік қала көшесімен зулай жөнелгенде, ойы балалық шағына жетелеп кетті. Әнші болсам деген арман ең алғаш, иә, ең алғаш анасы дүниеден өткенде оянды. Себебі, күнде анасының әуезді әнімен оянатын қуыршақтай қыз еді. Анасы дүниеден өткесін үйінде әсем әннің айтылмай қалғанына бала жүрегі құлазыды. Құстар әнін сызылтып айтар анасының қимастық пен күрсінісі араласқан үнін құмығып тыңдайтын күндерін сағынды.
Терезе алдына тұрып сызылтып ән айта бастады. Мектеп сахнасына шығып балауса үні дірілдей ән шырқады. Концертке жиналған көпшілік талабына тілектес көңілмен қуана тұрып, «Шіркін, анасына қызының өнерін қызықтау бұйырмапты-ау» деп анасының көзін көргендер көзіне жас алатын.
Әнші атанды. Үлкен сахналардан ән айтатын. Тек құстар әнін айта алмады, айтса ағыл-тегіл жылап қоя беретін.
- Қарттар үйі қайда екен, айтып жіберіңізші ?! -деген шопырдың дауысы ойын бөліп жіберді.
- Қарттар үйі ме?
- Қарттар үйін білмейміз.
Кездескендердің барлығынан сұрап, таба алмағанына қынжылған Бағлан.
- Жол бойына белгі қойып, қарттар үйі деп жазып қойса қайтеді деді шарасыз үнмен.
Айқайлатып жазып қоятындай мақтанатын жер ме Қарттар үйі?
Бетімізге шіреу ғой, балалар үйі, қарттар үйі деп жанындағы кітапхана қызметкері қынжылысын білдірді.
Бәріміз үнсіз қалдық. Шет жақта орналасқан қарттар үйін әупірімдеп жүріп таптық. Бізді күтіп алған орта жастағы әйел біздің үсті-басымызды көзбен тексеріп шықты. Тінткілеген жанарынан қаталдық сезіліп тұрды.
- Ішке құжатпен кіріңіздер, жүріңіздер деп жанымызға қатарласа келе, көп сөйлемеуімізді, суретке түсіруге болмайтынын ескертті.
Үнсіздік. Қарттарды мәжіліс залына отырғызып қойған. Ақ шашты аналар, салмақты, қайғыны көтеруге үйренген байсалды кескіндер жанымды жабырқатып жіберді.
Раушан апай мекеменің қызметкері ретінде бізді таныстырып өтті. Ән шырқағанымда кеудемде бір нәрсе кептеліп тұрды. Иә. Бұл таныс жәйт. Балалық шағында сағынғанымда , жабырқағанымда жанымды бебеу қағатын бейдауа дерт кеудеме кептеліп, кеңістік таба алмағандай аласұратын. Шіркін-ай, бала кезімде анам ауру болса да үйде отырса екен деген арманым болатын.Сол орындалмас арманым шерге айналып бара жатқандай. Арман азам егілді келіп. Ән айтып тұрмын. Жо-жоқ жылап тұрмын. Жәә,мен жыламаймын дегем, жүрегімді қоғамның дерті өксітіп барады.
Аппақ орамал таққан қазақтың ақылды да қамқор аналары байыппен қарайды. Кінәлі сияқтымын. Жұбатуға дәрменсізбін, жақсылық жасауға қорғансыз кейіптемін. Сөйлеп қалсам, абайсызда мұңдарын шертіп алатындай жасқанамын. Қарт кейуана қасыма келді. Әлдене айтқым келді.
- Апа, сізді танитын сияқтымын. Қай жақтансыз?
- Арыстан келдім. Біраз болды балаларым хабарсыз жаутаңдай жүзіме қарады.
- Келіп қалар дедім күмілжіп.
Иман дүниелері кемелденер кез келер. Қамықпаңыздар. Қартарым аман болыңыздар! деп әрқайсының қолын алып, құшақтағым келді.
Қарттармен тым жақын сөйлескенімізді Раушан аса қаламайтынын сездіріп қалды. Әлдене айтып шағымданып кете ме? -деген қауіпі көздерінен байқалып қалды.
- Кәнекей, орындарыңызға отырыңыздар!
Кітапхана қызметкерлері көркем әдебиетпен таныстырып,кітаптарды көрсете бастағаны сол еді, Раушан жиырылып:
- Кітаптың не қажеті бар? Бұлар кітап оқымайды. Ән қойсаңдар болғаны . Көңілді ән болса, қарттарымыз жақсы билейді. Ән айтсаңыздаршы, көңілі көтеріліп қалсын, кәнекей -деп Раушан безектейді.
- Билеңдер,қәне, билейміз деді Раушан. Қарттарды қабағымен жұмсап үйреніп қалғаны байқалып.
Қарттар мен кейуаналар қалбалақтап ортаға шықты. Билеп жүр. Көңілді әнге. Тағдыр биін билеп жүргендей. Қалт-құлт етеді. Қозғалыстары әлдебір сырды айтуға ұмтылатындай. Әр қозғалысы мағына, әр әжімде мұң толы. Теңселіп барып құлайтындай.
Бізді сол ортадан тезірек шығарып жіберуге Раушан жанталасып жүр. Ән де тоқтады. Тағдыр биі қалт етіп тына қалды.
Сахналық қойылым тоқтағандай. Қатпар-қатпар қайғы, қанша селкілдесе де, төгіліп кетпейтіндей. Қариялар қайта мұңайысқа көшті. Ортаға шыққан салиқалы, салмақты жан бата берді.
- Айналайын,ақсақалым. Батаны өз қарашаңырағында беріп, кеңес беріп отырса ғой-деген кексе мұңы тағы да жанын азаптады.
Жанындағы Шапағатқа қараса ол да қыстыға жылап отыр екен. Көз жасын көрсетпеуге тырысады. Қымсынады.
Сыртқа шыққасын көз жасына ерік берді. Ешкімге қарамастан жылдам басып келеді. Көз жасы мұңы сияқты жүзін айғыздап жатыр.Қолымен кеуде тұсын сипады.Көкірек тұсындағы қорғасындай ауыр мұңды қолымен суырып алып тастайтындай жанталасты.
Алдынан шыққан қыз бен жігіт жайбарақаттықтың күйін шертіп келеді. Бейқамдық пен тоқмейілсінген жүздер жан-жағын қаптап кеткендей. Мұның қабағына қарап «Сәлеметсіз бе?» деп сызыла амандасты.
Қолдарында тамақ салынған сөмке, қарттарды жарылқауға келе жатқан жетесіз перзенттердің бірі болар.
Сызылғандарға суық, сыздана қарады. Безбүйрек жандарға танытқан қарсылығы сол-ақ шығар.
Биік қабырғаға жалғасқан есікке жақындағанда бір кейуананың жанары жасаурап.
- Балам, мені іздеп келгендер болса айтшы, -деп күзетшіге жаутаңдады.
Төрде отырар асылдарым, есікті жағалап тосып жүр ғой.
Қашып келеді. Жылап келеді. Көзіне қан толып бара жатқандай. Әлденеге сүйенбесе құлайтындай. Көзіне тек тағдыр биі елестей берді.