Есқара Тоқтасынұлы

Туындылары


«СҮЙЕМ СЕНІ, Ш...»

Композитор Әсет Бейсеуовтің рухына арнаймын. Автор.

Қоңыр көйлек, қоңыр шалбарлы ақсары жігіт Төлен купеде жалғыз. Әрегіректе, Түркістанның вокзалында жолықтырған әскерде бірге болған досы Жүсіп вагон жағалаған зағип қайыршының сырнайын тыңдап отыр.
Төлен алабажақ ойдан арылар емес, әнеугіде Алматыдан іздеп келген сары орамалды қара қызбен арадағы махаббат бұдан былай елеңдетпейтін сияқтанса да, қазіргі сапары тағы бұлыңғыр: жөндеп танысып үлгермеген қыздың соңынан бейтаныс елге келеді.
Пойыз Түркістанның базаршыл кербез келіншегіндей көп шайқатылып, жиі демалады. Тоқтаған сайын дорбалы, қапшықты, бала жетектеген жұрт қаптап, лезде гу-гуін ертіп жоқ болады. Үлкен шаһарлар маңындағы жол бойы елінің таксиі – пошташы жүк пойызының сиқы ежелден осы.
– Қай бекет?
– Есігіңді өзім ашамын, саспа! – деді Жүсіп дөңбекшіген өзбек жолсерікке.
Бұлар бекет жарығынан ұзағырақта түсіпті. Пойыз дабысы заматта тынып, қосалқы жолдағы вагондардың меңіреу нобайы қарауытады.
– Бағана сырыңды естігеннен путейіс Айдаболды көздегенмін. – Қоңқақ мұрын, қызыл шырайлы, шымыр да шаққан Жүсіптің төрт жылдан бері алғаш жолығуы. – Түркістаннан Арысқа дейінгі жолда механикпін ғой, бәрі тамыр. Анау-мынау десе шақ еткізіп шәпкесін теріс кигізіп, пақ еткізіп, мұрнына жұдырықтай қан қатырам. Ал, сен іздеген Сара қыздың үйі әріде, мектептің қасында.
Төленнің жүрегі алғаш рет дүрс-дүрс соқты. Олар теміржол жағалық еңселі баракқа тақай, суық тиген құрлы даусы қарлығыңқы күшік риза еместігін ұзақ мәлімдеп, үй айналды. Есік жай тықылға пысқырмаған соң Жүсіп барабанша тоқылдатты.
– Бұл кім? Бейуақта, түнделетіп? – деген әйелдің бәсең даусы мен шылапшынның салдыр-гүлдірі қатар естілді.
– Мен!
– Жөндеп айт?
– Мен!
– Ойбай-ау, сенімен салғыласатын уақытым жоқ. Өйтсең, байымды оятам?!
– Ө, бала-шағаңды...?! – Жүсіп кеңк-кеңк күлді. – Немене, ана дәу қараң тұншықтырып тастаған ба? Бұл – Жүсіп мырза!
Есік ашылып, дәліздің жарығы жағылды, екеуі үйге кіріп диванға жайғасты. Екі қарадомалақтың ыстықтағаннан, иә жайсыз жатады, тепкіштеп ысырған көрпе астынан қара сирақтары, бөкселері жалтырайды. Шеткергі дөңнің отағасы екені даусыз.
– Айдабол, тұр, кісі келді! Айдабол дейм? – Монтиған әйелдің манағы таныс даусы.
Иығынан қаққан соң көрпенің шеті ашылып, отағасының кішігірім картоп сиятындай мұрнының тесігі үңірейіп, соңынан тот басқан темірдей қызылсарғыш, добалдай жүндес аяғын «тамашаға» тастап, қорылын жалғады.
– Ұйқыдан өлген бе, диюың? – деді Жүсіп.
Төлен Айдаболмен таңертеңгі шай үстінде танысты (талтақ аяқтың үстіндегі алпамса дене – қазандай бас, келсап қолдар киноға таптырмайтын кейіпкер). Отыздың екінші жартысындағы жігіт, жуынып кірген Жүсіпке алақандай көзін ашып:
– Еу, тентек, жайша жүрмісің? Жолдасың кім? – деді.
– Бойдақ бос жүре ме? Шақ еткізіп шәпкесін теріс кигізіп, пақ еткізіп мұрнына жұдырықтай қан қатырып, жортқан да...