Туындылары
АҚ ҚАНАТТЫ ПЕРІШТЕМ
Көбелек қуып желіккен,
Қызғалдақ кешіп еліккен.
Қаз жуа теріп әуліккен,
Балалығымның аулына.
Тайқарға мініп тайраңдап,
Ақсүйек ойнар жайраңдап.
Ертегі тыңдар қайран қап,
Балалығымның аулына.
Сақаны атқан шиырып,
Қозы-лақ баққан иіріп.
Құйынды қойған түйініп,
Балалығымның аулына.
Тырнасы ұшар тыраулап,
Сағымы сусыр баяулап.
Ебелек қашар мың аунап,
Балалығымның аулына.
Жұлдызы күлер жымыңдап,
Отырар әжем ыңылдап.
Қолында ұршық зыр ойнап,
Балалығымның аулына.
Шырын қиял алқымдап,
Сағынышым жалқындап.
Барғанымда жарқылдап,
Балалығымның аулына.
Ортасында балдардың,
Өрістен қайтар малдардың.
Алдына шықтық барған күн,
Балалығымның аулына.
Шабады балдар қуанып,
Қой-ешкі өтті шұбалып.
Соңынан шаңы таралып,
Балалығымның аулына.
Азан да қазан төңірек,
Сиырлар жетті мөңіреп.
Тартылды көзге бір сурет,
Балалығымның аулына.
Көңілді өтті мұң іреп,
Құдаға берген мінтің деп.
Сол сиыр барад мөңіреп,
Балалығымның аулына.
Есіме түстің мөлдіреп,
Түнердім мең-зең мәңгіреп.
Сол сиыр барад мөңіреп,
Балалығымның аулына.
1979 ж.