Момбек Әбдәкімұлы

Өмірдерек


       Момбек Әбдіәкімұлы – 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылында туылған. Көкшетау университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген. Респуликаға танымал жазушы, шежіреші. Шығарған кітаптарының жалпы саны-17. Олардың арасында «Ойсыл шежіресі», «Сіргелі Қарабатыр шежіресі», «Сіргелі Шалдар-Байжігіт шежіресі», «Жаныс шежіресі», «Жаныс Шегір шежіресі», «Сиқым Құлбайымбет шежіресі», «Жаныс Оймауыт шежіресі», «Жаныс Қожабек-Жолан шежіресі», «Жаныс Олжанқұл-Сұлтанқұл шежіресі», «Шымыр шежіресі», «Төлеңгіттер шежіресі» «Зобалаң», «Сүлеймен қарақшы», «Дүрбелең», «Күн тұтылған мезгіл», «Қараман қарақшы», «Естемес би», «Разборщиктің» жан сыры», «Құбыжықтармен алысқан адам», «Самұрық» қазақ мафиясының көсемі», «Қазақстандық» наркобаронның ақыры», «О дүниеден оралғандар» сияқты кітаптар мен хикаялардың, сондай-ақ Қаңлы, Дулат, Шанышқылы, Жалайыр, Арғын, Қоңырат, Ысты, Ошақты, Шапырашты, Найман, Сіргелі, Кіші жүз тайпаларының шығу тегі жайында жазылған бірнеше мақалалардың авторы.
       Ол 1980 жылдан журналистика саласында еңбек еткен, кейіннен үлкен шығармашылықпен айналысып жүрген кәсіпқой қаламгер. «Фосфор үшін», «Қорғасын», «Оңтүстік Қазақстан», «Қызық газет», «Замана» газеттерінде тілші, «Уақыт», «Базар жаңалықтары», «Жаңалық» газеттерінде бас редактор болған. ОҚО аумағында тарихи тақырыпқа қалам тартып жүрген бірден-бір жазушы. Ол әлі күнге дейін қазақ жазушылары мен тарихшылары назар салмаған немесе көңіл қоймаған, көпшілікке беймәлім, тарих сабағы мен оқулықтарынан тыс қалған оңтүстік аймақтың өткен ғасырлардағы тарихын жинақтаумен айналысып қана қойған жоқ, оларды шегіне жеткізе зерттеп, дау тудырмас дәлелді фактілермен жазып жүрген еңбекқор жазушы, сондай-ақ тарихшы. Оның осы тақырыптарға арналған сандаған ғылыми-публицистикалық мақалалары республикалық, һәм жергілікті басылымдарға үздіксіз жарияланды және барған сайын сондай тың дүниелерді қамтыған ондай еңбектері көбейу үстінде. Бұл тұрғыдағы тындырған жұмыстарын айтар болсақ, алдымен 1740 жылы басталып, одан кейін 70-80 жылға созылған қазақ-қырғыз қақтығысы, он сегізінші ғасырда қазақ елінің оңтүстік аймағын, яғни Ташкенттен Ұзынағашқа, Алатаудың ұзына-бойы етегінен Сарысу-Қазалыға дейін түгелдей басып, 55 жыл бойы бұғауда ұстаған Қоқан хандығының бақыншылық әрекеті, бұдан соңғы орыс отаршылдығы, 1917-18 жылдары оңтүстікте төңкерістің қалай орнағаны және сол жылғы «Жылантақыр» жұтының зұлматы туралы жазған зерттеулерін ауызға алар едік. Момбектің аса ыждағат қойып зерттеген нысаны және ол туралы көптеген мақала жазған тақырыбы – 1931-32 жылдардағы ашаршылық. Ол бұл зұлматтың шынайы болмысын ашуға көп еңбек етті.
       Ол республикалық, облыстық газет-журналдар ұйымдастырған бірнеше шығармашылық конкурстардың жүлдегері, Жазушылар және Журналистер одақтарының лауреаты. 2015 жылы Қазақстан Жазушылар одағы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Алаш тарихының ақиқаты» деген атпен ұйымдастырған жабық бәйгеде бірінші орынды иеленген. 2007 жылдың «Ең үздік жазушысы». 1-ші және 2-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы», «Білім шыңы» медальдарының, Ғ. Мүсірепов атындағы сыйлықтың, сондай-ақ бірнеше Алғыс хаттар мен Мақтау қағаздарының иегері. Қазақстан педагогика академиясының профессоры.



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу