Момбек Әбдәкімұлы

Шығармашылығы


ТЫҢ ТАҚЫРЫПТЫ КӨТЕРГЕН ТУЫНДЫ


      Ақиқатында, біз тарихымызды енді ғана шынайы түрде жаза бастадық. Әйтсе де, оның ашылмаған сырлары көп. Қазір тарихи шығарма жазатын жазушылар осы олқылықтың орнын толтыру үстінде. Мәселен, Қазақ хандығы құрылып, кейін оның нығаюы мен өркендеуі жолында маңызды рөл атқарған Оңтүстік Қазақстан өлкесінің соңғы төрт-бес ғасыр ішіндегі тарихын жете зерттеген шымкенттік қаламгер Момбек Әбдәкімұлы соңғы кездері осы бағытта тынымсыз еңбек етіп жүр. Ол бұл бағыттағы зерттеулерін көлемді мақалалармен бірге, қадау-қадау көркем әдебиеттерге де айналдырып, аталмыш тақырып аясында «Естемес би», «Зобалаң», «Дүрбелең» сынды бірқатар тарихи һәм деректі романдар жазды.
      Оңтүстік өлкесінің тарихына арналған оның жуырда ғана жарыққа шыққан кезекті бір романы «Күн тұтылған мезгіл» деп аталыпты. Негізі, ол үш кітаптан тұратын трилогия екен. Жарық көрген бірінші кітабына «Қожамжар би» деген атау қойылыпты. Бірінші кітап ХVIII ғасырдың екінші жартысында Сыр мен Ташкент, Қаратау мен Жетісу аралында өткен оқиғаларды қамтыған. Қазақ тарихында жоғарыда аталған өңірлерде біз атаған кезеңдерде қандай оқиғалар өткені, мұндағы халықтың саяси һәм әлеуметтік жағдайының қандай болғаны туралы деректер тым жұпыны екені хақ. Бар білетініміз – сол уақытта аталмыш аймақтар қалмақтардың қол астында болғаны, кейін қазақ батырларының қол құрап, оларды Жетісу тарабына қуып шыққаны жайындағы жалпылама мәліметтер ғана. Ал манағы трилогияның бірінші кітабында сол уақытта осы өңірлерде болған шынайы оқиғалар көркем әдебиетке тән желілер арқылы баяндалып, қазақ пен қалмақтың іс-әрекеттері нақты тарихи оқиғалармен байланыс¬тырыла көрсетіледі.
      Әлбетте, көзі ашық оқырманға қазақ-қалмақ соғысының барысы таңсық емес. Сөйтсе де, аталмыш кітапта сол соғыстың көпшілікке әлі таныс емес сырлары ашылады.Мәселен, көптеген зерттеушілердің пайымдауларынша, атақты Төле би ХVIII ғасырдың ортаңғы шегіне таман Ташкент билігіне қалмақ қонтайшысы Қалдан Сереннің келісімімен жеткен делінеді. Бірақ қисынға ден қойсақ, қазақ даласын біржолата жаулап, оған мәңгілік тұрақтануды көздеген Қалдан Серен қонтайшы осындай келісімге баруы мүмкін бе? Шындығында, Төле сияқты соңына жұртты ерте алатын қайраткер шаһар билігіне жетіп, жағдайы оңалған соң, тез арада қалың қол құрап, өзіне қарсы тұрарлық күш жинап алатынын пайымдамайтын Қалдан Серен соншалықты ақымақ емес шығар. Негізінде , қалмақтар Ташкент пен оның айналасына алғаш рет 1726 жылы шабуыл жасаған. Бірақ жау¬лап алмаған. Өйткені қазақ даласының шығыс пен оңтүстік һәм Арқа шегінің барлық тарабында майдан жүргізіп жатқан қалмақтардың Ташкентті басып, сонда тұрақтап отыруларына қайылдары болмаған. Олар тек 1735 жылы ғана Ташкентті иеленген. 1739 жылы Төле бидің бастауымен қазақтар оны қайтарып алған. Бірақ бір жылдан соң Сары Мәнжі тайшы бастаған қалмақтың 30 мыңдық қолы қаланы кезекті рет басып алады да, бес жыл бойы емін-еркін билеп-төстейді.
      Қазақтар Ташкентті 1745 жылдың күзінде жаудан түпкілікті тазартады. Содан екі жыл бойына Қазығұрт, Сайрам, Түркістан, Шу-Талас бойындағы қалмақтарды Жетісу жеріне қарай ығыстырады. Кітаптың алғашқы бөлімінде осы оқиғалар рет-ретімен баяндалады және дүрбін-ойраттың оңтүстікке салған ылаңы бір-біріне әдемі жымдасқан желілермен айшықты суреттеледі. Қазақ жазушыларының бұрын жарық көрген шығармаларында Ташкент пен оңтүстік өңірінде өткен қазақ-қалмақ соғысының шын болмысы дәл Момбек жазғандай шынайы жазылмағаны себепті – «Күн тұтылған мезгіл» кітабын ақиқат тұрғысындағы мәліметтермен тізбектелген өзгеше шығарма деп мойындауға болады. Десе де, автордың негізгі көтерген мәселесі, жұртқа жеткізбек болған ой-ниеті – қазақ-қалмақ соғысын көрсету емес. Тіпті кітапта әз атанған Төле би де бас кейіпкер емес. Бірінші бөлімнің өзінде Төле би жауға қарсы барлық іс-қимылдардың басында тұрса да, оқиғалар барысында оның кенже ұлы Қожамжардың бейнесі онымен қатарласа көрініс табады. Әрі кітаптың негізгі тақырыбы да осы Қожамжардың образы арқылы өрбиді. Міне, кітаптың осы Қожамжардың шешендігі мен қайраткерлігі көрсетілген тұсынан «Күн тұтылған мезгілдің» тың тақырыпқа түрткі салған еңбек екені аңғарыла бастайды.
      Ол қандай тың тақырып деңіз? Қазақ өзінің хандық дәуірінде кімдермен жауласпаған деңіз. Бір анығы – қазақ ешкімге де, өз бетімен соғыс ашпаған. Ылғи сырттан соққан дұшпанмен алысып баққан. Солардың ең бір сұрапылы қалмаққа қарсы күрес болса да, қазақ сол шайқасты аяқтамай жатып-ақ, арғы аталас туыс ел – қырғызбен де қақтығысқа түскен. Қолдағы бар құжаттар мен мағлұматтарға сүйенсек, қазақ-қырғыз қақтығысы 1740 жылдары Ташкент төңірегінде басталып, 1779 жылы Меркі жерінде Абылай хан жетекшілік жасаған үш Арыс балаларының қалың қолы қырғыздың айтулы би-батырлары бас болған қосынын талқандап, екі елдің шекарасын айқындалған уақытқа дейін тұп-тура 25 жылға созылған. Бұдан кейін де, ескі кекті қуысқан екі елдің жекелеген батырлары майда-шүйде ұрыстарға түсіп, ұзақ уақытқа дейін тынши қоймаған.
      Осы еңбекті жазар алдында Момбектің ұзақ жылдар ізденіп, көп зерттеулер жүргізгенін көзі ашық азамат кітапты оқи бастағанда-ақ байқайды. Екі елдің араздастығы 1740 жылы Ташкентте қалмақ жағына шығып кеткен қырғыз Көкімге Төленің туыс інісі Бәйтіктің у беріп өлтіргенінен басталады да, қалмақ кеткеннен кейін босап қалған қазақ жерлерін иемденуді мақсат тұтып, соғыс ашқан Садыр манаптың әрекетінен соң мүлде ушыға түседі. Бұл соғыс жайында ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қырғыз шежірешісі Алымбектен бастап, кейінгі Аттакуров, Солтоноев, Асанав секілді ғалымдары әлдеқашан ғылыми айналымға ендіріп, әлденеше кітаптар жазып тастаған.Бұл мәселе бойынша біздің Мағауин, Махаева, Бүркітбаева сынды зерттеушілеріміз біраз ғылыми мақалалар жазғандарымен, осынау қақтығыстың мән-жайы тарихи һәм көркем әдебиеттерде кеңінен көрсетілмегендіктен, көпшілік қауымға әлі беймәлім болып келе жатқан. Енді М.Әбдәкімұлы аталмыш еңбегінде талай жылға ұласқан сол соғыстың не себепті басталып, қалай өршігенін, сондай-ақ қалай аяқталғанын нанымды деректермен кітаби тілде оқырман назарына ұсыныпты. Содан ғой, аталған шығарманы тың тақырыпты көтерген кітап деп отырғаным.
      Енді кітаптың тілі жайында. Момбектің қай кітабын алсаңыз да, ол көркем әдебиетке тән қағидалар мен қалыптарды көп сақтай бермейді. Ол оқиға қуалауға құштар жазушы. Шығармаларында, кейіпкерлердің бейнесі мен жан дүниесін оқиғаларды тізбектей отырып ашуға талпынады. Содан соң ескі заманғы сөз қолданыстарды бүгінгі тілмен араластырғанды жөн көреді. «Күн тұтылған мезгілде» де сондай тәртіпті ұстанған. Ондағы тағы бір ұтымды тәсіл – айтылып отырған уақыттың өлшем-мезгілін бағзы бабаларымыз қолданған хижра жыл санауымен берген. Ай аттарын да, «қауыс», «ақырап» деген сияқты көне қазақша атаулармен береді және оларды біздің жыл, ай тізбемізге аударып, уақыттың нақты есебін кітап беттерінің төменгі жағына келтірген.
      «Бала емшекке тойынардай уақытта», «жебе жетер жер», «қозы көш аумақ», «сүргінді заманның сүрінді шағы», т.б. сияқты теңеулері де, қою оқиғалармен астасқан кітаптағы жазбалардың реңін аша түседі.
      Қалай айтсақ та, «Күн тұтылған мезгілдің» тың тақырыпты қаузаған шығарма екенінде ешкімнің дауы бола қоймас.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
филология ғылымының докторы,
профессор



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу